Vii бүкіләлемдік Ислам экономикалық форумында сөйлеген сөзі. Құрметті форумға қатысушылар!



Дата08.07.2016
өлшемі107.43 Kb.
#184419
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың

VII Бүкіләлемдік Ислам экономикалық форумында

сөйлеген сөзі.
Құрметті форумға қатысушылар!

Қадірлі қонақтар,

Ханымдар мен мырзалар!
Әлемнің әр қиырынан келген мәртебелі меймандарды Қазақ жерінде қарсы алғаныма өте қуаныштымын.

Мұсылман әлемінің саяси және іскер жетекшілерінің Астанадағы алқалы басқосуы еліміздің Ислам Конференциясы Ұйымына төрағалығы қарсаңына орайлас өтуде.

Жетінші форумды Астанада өткізуге шешім қабылдағаны үшін Бүкіләлемдік ислам экономикалық форумы Қорына, оның төрағасы Тун Муса Хитам мырзаға шын жүректен алғысымызды айтамыз.

Міне, Еуразия төріндегі әсем Астана әлемдік қауымдастықтың іргелі орталығына айналып келеді.

Өткен бір айдың өзінде Астана он мыңнан астам қадірлі қонақты қабылдады.

Елордамызда IV Астана экономикалық форумы мен Еуропа қайта құру және даму банкін басқарушылардың 20-шы жылсайынғы мәжілісі өтті.


Құрметті қонақтар!
Қазақ халқының ислам әлемімен қарым-қатынасы қадым замандардан тамыр тартады.

Біздің байтақ даламызға Ислам діні бұдан мың жылдан астам уақыт бұрын келді.

Жаратқан Иеміз Қазақстанға аса бір жомарттықпен тағылымды тарих, қолайлы географиялық мекен берген.

Осылайша, елімізге ислам мен батыс өркениеттері арасында достық диалогқа дәнекер болудың тамаша мүмкіндігі берілген.

Баршаңыз білесіздер, ХХІ ғасырдың жаңа онжылдығы мұсылман үмбеті үшін ауыр сынақтармен басталуда.

Әлемдік қаржы дағдарысы, азық-түлік импортына тәуелділік, жастар мәселесі және басқа да түйткілді жайттар Солтүстік Африка мен Таяу Шығыс елдерінде бұрын-соңды болып көрмеген дүрбелең туғызды.

Тунис пен Мысырдағы саяси режімнің ауысуы, Ливия ұшыраған гуманитарлық зауал жүздеген мың босқындардың пайда болуына әкеліп соқтырды.

Әлемнің өзге өңірлері қарқынды дамып жатқанда, көптеген мұсылман елдерінің көштің соңында қалуы анық байқалды.

Бір жарым миллиардқа жуық адамды құрайтын ислам дүниесі бүгінде мызғымас тұтастық құрай алмай отыр.

Ислам дінінің діңгегі біртұтас екені бәрімізге ақиқат.

Бірақ ислам әлемі даму үлгілерінің анағұрлым қайшылығы бар әр түрлі аймақты қамтиды.

Сол үшін, ислам әлемі туралы пікір айтпас бұрын, мұсылман қоғамының қазіргі даму жолдарын түсініп алу керек деп санаймыз.

Ислам дүниесіндегі үш стратегиялық бағытты бөліп айтуға болады.

Бірінші стратегия - инерциялы даму стратегиясы.

Өкінішке орай, соңғы кездегі оқиғалар консервацияның ерте ме, кеш пе, апатқа ұрындыратынын көрсетті.

Екінші стратегия қазіргі қоғамның құрылымдарын жоққа шығарып, өткенге түбегейлі қайта оралу үрдісіне негізделген.

Бұл нұсқа тіпті кейде осы заманғы саяси және экономикалық ахуалдың нормаларын да толық жоққа шығарады.

Ал, үшінші стратегия ислам әлемін модернизациялауға бағытталған.

Бірақ оны өзге үлгілерді талғамай көшіретін қарабайырлық тұрғысынан түсінуге болмайды.

Исламда «Кез-келген істің мұстақым – орта тұсы ең тәуірі болып саналады» деген тағылымды қағида бар.

Қазіргі дүниедегі модернизацияланған ислам стратегиясы — міне, орта тұс дегеніміз осы.

Исламның өзі дін ретінде ешқандай дағдарысқа түспейді.

Бұл — қазіргі дүниедегі ең қарқынды тарап келе жатқан дін.

Ислам дүниесінің бірнеше аймақтары дағдарысты бастан кешіруде.

Қоғамды модернизациялау исламның өзінің негіздерін бұрмалау деген сөз емес.

Ислам қоғамын модернизациялау қажеттігі айқын байқалып отыр.

Бұл алдымен технологиялық, ғылыми және экономикалық дамуға байланысты.

Мұны тек ақиқатқа көз жұма қарайтындар ғана жоққа шығара алады.

Әлем тұрғындарының бестен бір бөлігін құрайтын мұсылман әлемі өзінің экономика саласындағы әлеуетіне мүлдем сай келмейді.

Мысалы, үлкен сегіздіктің ішінде мұсылман үмбетінен бірде-бір ел жоқ.

Бұл — ислам экономикасының әлемдік ауқымдағы нақты салмағының айқын көрінісі.

Үздік жоғары оқу орындарының алғашқы жүздігінде қанша ислам мемлекеттерінің университеттері бар?

Ислам дүниесінің ішінен соңғы жиырма жылда жаратылыстану және техника ғылымдары саласы бойынша Нобель сыйлығының қанша лауреаты шықты?

Ислам әлемінде қанша жаһандық технологиялық инновация өмірге жол ашты?

Біз бұл сауалдарды алдымен өзімізге қойып, таяу болашақта лайықты жауабын беруіміз қажет деп санаймын.

Исламның кейбір сыншылары ислам дүниесінің көп бөлігінің басқа аймақтардан артта қалуы діннің өзімен байланысты деп санайды.

Бұл — ақиқаттан мүлде алыс тұжырым.

Антикалық және осы заманғы батыс мәдениетінің арасындағы сабақтастықты мұсылман дүниесінің қамтамасыз еткенін тарихтан ұмытпауымыз керек.

Исламның мәдени өрлеуінің арқасында орта ғасырларда әлемде математика, химия, астрономия, медицина, архитектура, философия және поэзия салалары бойынша ұлы жетістіктерге қол жеткізілді.

Ілім мен білімнің жаңа үлгілері ғасырлар бойы мұсылмандық Шығыстан христиандық Батысқа қарай жылжыған.

Нақ осы ислам сан ғасырлар бедерінде діни тұрғыдан төзімділік, толеранттық көрсетіп келді. Оғаш ой-тұжырымдарға да асқан сабырлылық танытты.

Қазір ислам әлемі өз дамуындағы күрделі кезеңді бастан өткізіп отыр.

Ислам саяси шиеленістермен, әлеуметтік-экономикалық және демографиялық қиындықтармен бетпе-бет келуде.

Мысалы, 60-70 жыл ішінде әлемдегі мұсылмандар саны ауыр және тоқтаусыз азық-түлік дағдарысы жағдайында 5 есе өсті.

Көптеген мұсылман мемлекеттері «шикізат елдерінің масылдығы» қамытын киіп келеді.

Баршамызға ортақ тағы да бір күрделі мәселеге тоқтала кеткім келеді.

Жаһандық бұқаралық ақпарат құралдарының көпшілігі исламды өздерінің ұлттық қауіпсіздігіне, мәдени және діни ұстанымына қауіп төндіруші ретінде көрсетіп жүр.

Осылайша исламды саяси күш қолдануға, экстремизм мен терроризмге жол беретін дін деп  ұқтырады.

Мұндай жағдаймен ешқашан келісуге болмайды.

Егер тарихқа жүгінсек, экстремизм мен терроризм ХХ ғасырда көптеген индустриалды дамыған мемлекеттердің саяси өмірінің ажырамас бөлігі болғанына көз жеткізе аламыз.

Ол үшін 1960-шы және 1970-ші жылдары Еуропада саяси терроризмнің бетімен кеткенін еске алсақ та жетіп жатыр.

Біз терроризм мен экстремизмнің қаншалықты ашық бағыт ұстанғанына және қандайда бір діни ұранды жамылғанына қарамастан әлемнің іргелі діндерімен  ешқандай ортақтығы жоқ екені жөніндегі сенімге сүйенеміз.

Мен мына мәселе жөнінде ойлануға шақырамын.

Жаһандық терроризмнің көздеген басты нысанасы мұсылмандар әлемі болып отырған жоқ па?

Нақ осы ислам елдерінде жыл сайын мыңдаған жазықсыз жандар, соның ішінде қарттар, әйелдер мен балалар қаза тауып жатыр.

Ислам мен терроризмді шендестіру әділетті ме?

Соңғы жылдардағы тәжірибелер терроризм – нақты мақсатты көздеген белгілі бір күштердің әрекеті екенін дәлелдей түседі.

Қазіргі терроризмнің саяси және экономикалық себептерден туындайтынын тарихтың өзі көрсетіп отыр.

Ол ұлтаралық қылмыспен ғана емес, есірткі айналымымен де, қару-жарақ контрабандасымен де тығыз байланысты болып отыр.

Өкінішке орай, ол геосаяси бастауларға да ие болып отыр.

Исламның болмысын бейбітшілік пен мейірімділіктің, төзімділік пен әділеттіліктің діні ретінде қалыптастыруға баршамыз бірге күш салуға тиіспіз.

Ислам елдерінің ұлы ілімнің беделін түсіруге жаһандық және аймақтық деңгейде қарсы тұра алатын  ортақ медиалық жобалар жөнінде ойланатын кез келді.

Көптеген сарапшылар ХХІ ғасырда ислам жер жүзі бойынша басымдығы бар дінге айналады деп санайды.

Тек болжамның мерзімінде ғана алшақтық бар.

Алайда, біз мәселенің сан мен мерзімде емес екенін, ХХІ ғасырда ислам елдерінің қоғамы қандай болуы керек екендігі жөнінде сөз болып отырғанын түсінуге тиіспіз.

Сөз жоқ, қазіргі әлемнің экономикалық, саяси, қаржылық және ақпараттық жүйесі өзгере беретін болады.

Алайда, оның бірқатар жүйелі сипаттары сақталып қана қоймайды, керісінше, күшейе түседі.

Ең алдымен, бұл мәдени құндылықтың, «білім экономикасының», «ақыл-ой күшінің» мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігінің нақты көрсеткіштері ретіндегі маңызының арта түсуімен байланысты.

Бүгінде мына бір жайт айқын: таяу болашақтың қоғамы – ақпараттық қоғам.

Бұл технологияға, басқару тәсілдеріне, мәдени дамудың үлгілеріне де қатысты.

Біз бүгінгі әлемде уақыт талабына толықтай жауап бере алатын мұсылман елдерін де көріп отырмыз.

Ақпараттық қоғамның, өнеркәсіптік және қаржылық саладағы техологияның жетілген үлгілері баршылық.

Ислам әлемінде бәсекеге қабілеттіліктің жоғары үлгісін көрсетіп отырған елдер де бар.

Бұл ислам әлемінің өткен кезеңде ғана емес, болашақта да қарқынды және жедел дамумен тамаша үйлесім таныта алатындығының жарқын айғағы.

Мұсылман елдері айтарлықтай модернизациядан өтуге тиіс.

Мұны қолға алмасақ, тарихи тұрғыдан артта қалу тағы да жүз жылға созылып кетуі мүмкін.

Осындай модернизацияның дәл әрі теңгермелі үлгісін таңдау – бір жарым миллиард мұсылман үмбетінің дамуына қосқан ортақ үлесіміз болар еді.

Осыған орай Қазақстан бірлесіп жүзеге асыруды көздейтін бірқатар бастамаларды сіздерге ұсынады.

Бірінші. Ислам әлемі елдерінің экономикалық ынтымақтастығы шеңберінде жаңа бағыт қалыптастыру қажет.

Бұл үшін Дүниежүзілік Ислам Экономикалық Қоры негізінде он жетекші мұсылман қауымдастығы елдері экономикасы тобына арналған сұхбат алаңын жасауды ұсынамыз.

Мұсылман үмбетінің ресурстары инвестициялық ынтымақтастық үшін  қуатты қаржы көздерін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Екінші. Ислам әлемі елдерінің жетекші ғылыми-технологиялық үрдістерден қалып келе жатқанын ескере отырып, Ислам Конференциясы Ұйымының мүдделі елдері қатысуымен Халықаралық инновация орталығын құруды ұсынамын.

Үшінші. Шағын және орта бизнеске қолдау көрсету мақсатында Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумының арнайы жұмыс тобын құруды ұсынамын.

Бұл ретте, Ислам Даму Банкі жанынан шағын және орта бизнестің арнайы қорын құру мәселесін осы форумда талқылаған жөн болар еді.

Біз исламдық қаржыландыру тетіктерін тарту тұрғысынан мұсылман елдерімен ынтымақтастық жасауға мүдделіміз.

Сарапшылардың бағалауынша, Қазақстандағы ислам инвестициясының таяу жылдардағы өсу мүмкіндігі ондаған миллиард долларға дейін жетеді.

Төртінші. Біздің елдеріміздің сауда-экономикалық ынтымақтастығын кеңейтудің маңызды шарты – көлік-коммуникациялық және логистикалық желінің болуы.

Бүгінде Қазақстан «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізін кеңейте отырып, өзінің геоэкономикалық жағдайын белсенді түрде пайдалануда.

Біз Қытай мен Парсы шығанағындағы жүк тасымалдау ағынын ұлғайту үшін жаңа темір жолдар салудамыз.

Мен Қазақстан-Түрікменстан-Иран, Парсы шығанағы темір жол құрылысын қаржыландыруға Ислам Даму Банкінің белсенді түрде қатысуын ұсынамын.

Жалпы құны бір жарым миллиард долларды құрайтын бұл ұзындығы 963 шақырым темір жол біздің елдердің арасындағы қарым-қатынас, экономикалық саудаға өте әсерін тигізетін болады деп есептейміз.

Бесінші. Азық-түлік қауіпсіздігін нығайту мақсатында Ислам Конференциясы Ұйымы аясында азық-түлік көмегін көрсету жүйесін әзірлеуді ұсынамын.

Бұған Ислам Даму Банкі және ұйымға мүше елдердің азық-түлік қоры  топтары жүйесінде FАО үлгісіндегі аймақтық қордың құрылуы негіз болар еді.

Оның штаб-пәтерін азық-түліктің экспорттық әлеуетін белсенді дамытушы ел ретінде Қазақстанда орналастыруды ұсынамын.




Құрметті қонақтар, форумға қатысушылар!

Сіздердің көпшілігіңіз Қазақстанға алғаш рет келіп отырсыздар.

Бүгінгі Форумның негізгі мақсатының бірі – ислам бизнесі өкілдерін еліміздің іскерлік және инвестициялық мүмкіндіктерімен таныстыру.

Баршаңыз білесіздер, Қазақстан – қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттің бірі.

Біздің Тәуелсіз ел атанғанымызға бар болғаны 20 жыл толады.

Осындай, тарих үшін тым қысқа мерзім ішінде біз бірқатар аймақтық және соңғы жылдардағы жаһандық дағдарыстарды еңсердік.

Бүгінде әлемде дамудың бірегей және өнегелі үлгісі ретінде «қазақстандық жол» туралы жиі айтылуда.

Бар-жоғы 10 жыл ішінде әсем елордамыз — Астана қаласын салдық.

Бұл Қазақстанның зор мүмкіншіліктерін әлемге танытты.

Біздің табыстарымыздың кепілі – ішкі саяси тұрақтылық, ұлтаралық келісім және дұрыс таңдалған экономикалық стратегия.

Әлемдегі дін атаулы бір-бірімен ортақ тіл табыса алады және солай етуге тиіс.

140 этнос пен 46 діни конфессияның өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан Қазақстанның тәжірибесі – осының айшықты айғағы.

Бұл – қазақ еліндегі мұсылман жамағатының орнықты ағартушылық ислам үлгісін ұстануының мәуелі жемісі болып табылады.

Біз алдымызға биік мақсаттар қойдық және оған қысқа мерзімде қол жеткіздік.

Атап айтқанда, халықтың жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнімі 12 есеге өсіп, 9 мың доллардан асты.

Келесі бес жылдықта біз оны 15 мың доллардан асыруды мақсат етіп отырмыз.

Өткен жылы біз үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың арнайы мемлекеттік бағдарламасын қабылдадық.

Таяу жылдарда біз құны 55 миллиард доллардан асатын 300-дей жобаны жүзеге асырамыз.

Елімізде адам капиталы деңгейін арттыру және экономика білімінің негізін құру үшін біз Астанада Жаңа халықаралық университет  аштық. Жыл сайын үш мың студентті шетелге жіберіп, ең озық университеттерде оқытамыз.

Әлемнің белді университеттері Астанада ашылған бұл оқу орнының серіктестері болып саналады.

Инвестициялық салада да айтарлықтай табысқа жеттік.

Қазақстан тәуелсіздік жылдарында шетелдерден 120 миллиард доллардан астам тікелей инвестиция тартты. Ішкі инвестиция бұдан да көп болды.

Еліміз алдағы уақытта да инвестиция тарту бағытындағы байланыстарын кеңейте түсетін болады.

Бұл Ресей және Беларусь елімен бірге Кедендік одақты құру, соның негізінде Біртұтас экономикалық кеңістікті қалыптастыру арқылы жүзеге асырылады.

Осы арқылы 170 миллион адамды қамтитын ірі нарыққа жол ашылды.

Дүниежүзілік банктің бизнеске жағдай туғызу жөніндегі рейтингінде Қазақстан реформа жасаудың лидері болып танылды.

Қазақстанның аймақта интеллектуалдық және инновациялық кластер болуына мүмкіндігі мол.

Біздің еліміз бұрынғы Кеңес елдері ішінде алғашқы болып ислам банк жүйесін енгізуге қажетті заңнамаларды қабылдады.

Осылайша елімізде былтыр тұңғыш ислам банкі ашылды.

Қазақстан қауіпсіздік, экономикалық және мәдени ықпалдастық мәселелері бойынша әлемдік қауымдастықтың күш біріктіруіне де белсенді түрде ат салысып келеді.

Еліміздің ТМД елдері арасынан тұңғыш рет Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі  —  соның айқын мысалы.

Біздің бастамамызбен бұл ұйымның 11 жылдан бері үзіліп қалған ауқымды Саммиті өтті.

Орталық Азия мәселелеріне әлемдік қауымдастықтың назарын аудару біздің төрағалығымыз кезіндегі басымдықтың бірі болды.

Қазақстан ислам өркениетінің ажырамас бөлігі саналатын Орталық Азияның қарқынды әрі орнықты дамуындағы өзінің жауапкершілігін айқын сезінеді.

Бүгінгі Қазақстан әлемге мұсылманы басым елдің де әлеуметтік-экономикалық жаңғыру мен демократиялық реформаларды табысты жүргізе алатынын дәлелдеуге ұмтылып  отыр.

Сөз соңында, Астанадағы Жетінші Бүкіләлемдік ислам экономикалық форумы біздің елдеріміз арасындағы ынтымақтастық пен диалогты кеңейтуге жаңа серпін береді деген сенім білдіремін.


Құрметті қонақтар, форумға қатысушылар!

Сіздерге зор табыс тілеймін.

Елордамыздағы қадамдарыңыз құтты болсын!

Назарларыңызға рахмет!


08.06.2011 ж.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет