З. С. Күзекова Қазақ тілін оқытудағы лингвистикалық бағдар



Дата15.06.2016
өлшемі43 Kb.
#138187
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, ф.ғ.д.
З.С. Күзекова
ҚАЗАҚ ТІЛІН ОҚЫТУДАҒЫ ЛИНГВИСТИКАЛЫҚ БАҒДАР
Тілді оқытып-үйрету бағдарламаларында кез-келген деңгейге (қарапайым, базалық, орта деңгей, ортадан жоғары, жоғары деңгей) қойылатын талаптардың мазмұнын қарап шығатын болсақ, коммуникативтік құзірет мазмұны, тілдік құзірет мазмұны берілген. Ал тілдік құзірет мазмұнында қазақ тілінің фонетикасы, морфологиясы, сөздік құрамы, зат есім, есімдік, сын есім, сан есім, етістік, үстеу, демеуліктер, жалғаулықтар, септеуліктер, синтаксис, лексика – түгел қамтылған. Аталған тілдік материалдар оқу құралдарында негізінен құрылымдық деңгейде ғана беріліп жүр. Бұл мәселелер қай деңгейде болсын функционалдық аспектіде сипатталып, функционалдық бағытпен жазылуы тиіс. Барлық грамматикалық тұлғалар және конструкциялар жеке-жеке емес, синтаксистік негізде және сөйлем түрінде ұсынылғаны жөн. Тілдік материалды осылайша ұйымдастыру ұстанымы:

• коммуникативтік бағытты жүзеге асыруға;

• сөйленім мазмұны үшін маңызды лингвистикалық факторларды біріктіруге мүмкіндік береді.

Грамматикалық материалдар сөйлеу үлгілері түрінде беріледі, яғни мұндай сөйлемдер модель ретінде қолданылады. Сөйлеу үлгілерін қолданудың мынадай кезеңдерін атауға болады:

1. Сөйлеу үлгілері түріндегі грамматикалық материал презентациясы;

2. Микромәтін деңгейінде сөйлеу үлгілері қызметінің презентациясы;

3. Сөйлеу үлгілерін қолдану дағдысын қалыптастыру;

4. Сөйлеу үлгілерін лексикалық жағынан толықтыру дағдысын бекіту;

5. Сөйлеу дағдыларын шынай қатысым ситуацияларына ауыстыру;

6. Өз бетінше сөйлеу шығармашылығы (коммуникативтік деңгей).

Қазақ тілін өзге тілділерге оқыту әдістемесінде функция, функционалдық бағыт көп айтылып жүргенімен, іс-жүзінде бұл ұстаным көрінбейді. Функция дегенімізді – грамматикалық бірліктің коммуникация үдерісіндегі орындайтын рөлі ретінде қарастырғанымыз дұрыс. Функционалдық бағыт – оқып үйреніп жүрген тілдің ішкі жүйесіндегі басты және перифериялық құбылыстарды, қарама-қарсы және ұқсас құбылыстарды ерекше топтастыруға құрылады. Тілдік жүйені жалпылама түрде көрсету үшін функционалдық – семантикалық бағыттың қажеттілігі туындайды. Әсіресе бұл – тілді оқып үйренудің жалғастыру кезеңінде байқалады. Білімді жүйелеу – тілдегі жалпы заңдылықтарды түсінуге тірек бола отырып, сөйленімді өз бетінше рәсімдеуге, моделдеуге мүмкіндік береді. Оның қажетті болу себебі грамматикалық материалды функционалдық тұрғыдан ұсынған кезде тілдегі бір семантикалық құбылысты бірнеше рет қарастыруға тура келеді, әрбір қараған сайын оның мағынасын әлде бір жаңа реңкін аша отырып, синтаксистік мағынасының да, лексикалық толығуын да байқауға болады.

Коммуникативтік-функционалды бағыт бойынша грамматикалық компетенция өз бетінше қалыптасады деген пікірлер бар екені байқалады, сондай-ақ, тілді оқытып-үйретуде грамматикалық дағдының негізін құрайтын күшті құрылымдық база қалыптастыру қажет деп санайтындар да бар. Бірінші жағдайда жылдам сөйлеуге артықшылық берсе, екінші жағдайда сөйленімнің нақтылығына, дұрыстығына мән береді. Грамматикалық құралдардың базалық минимумы концентрлік тұрғыда оқытылады, сонда ғана нәтиже жоғары болады. Тілдік материалды концентрлікпен ұйымдастыру – шеберлікті, еңбекті талап етеді. Концентрлік ұйымдастыру дегеніміз - тақырып жағынан бірыңғай тілдік материалдарға кеңейту,нақтылау,күрделендіру мақсатында бірнеше рет оралуды қарастырады.

Кез-келген тілді үйрену барысында грамматиканың ерекше рөлі бар, сондай-ақ грамматика тілді толық мәнде пайдаланудың қажетті базасы болып табылады. Алайда, үйреніп жүрген тілдің грамматикалық жүйесін, ережелерін білу – тілді меңгеру болып табылмайды, яғни оны шынайы коммуникацияда пайдалана алу біліктілігі қалыптасуы қажет. Тілдік құзіреттің маңызы жоғары, екінші тілді үйрену барысында бұл роль – функционалды, қолданбалы. функционалды роль – сол тілдегі қатысым құралы ретіндегі грамматикалық жүйені меңгеру. Грамматиканы оқу – коммуникативтік тұрғыда толыққанды сөйлеуді меңгерту үшін оқытушының әдістемелік құралы болып табылады.

Өзге тілді аудиторияға қазақ тілінің грамматикасын оқыту дегеніміз – коммуникативтік факторды ескеру. Бұл дегеніңіз – функционалдық коммуникативтілікке тәуелді деген сөз. Оқыту барысындағы басты міндет – тілдік тұлғамен емес, мағынамен жұмыс істеу, тұлға мен мазмұнның арасындағы байланысты оқу, яғни сөйлем мен сөйленімнің семантикалық құрылымындағы тұлғаның (қосымша, жалғау, жұрнақтардың, сөйлем түрлерінің) орындайтын функциясын анықтау.

Сондай-ақ, грамматиканы оқытудағы функционалдық бағыт оқытушы әрекетін тек үстемелеу емес, ол тілге деген көзқарасты қайта ұйымдастырады, нәтижесі – өзге тілді аудиторияда пайдаланылатын әдістемелік амал болып табылады. Тіл үйренуші мен оқытушының күші семантиканы анықтауға бағытталуы керек. Грамматиканы оқытудағы функционалдық бағыт негізінде тіл үйренушіде тіл құралдарымен сөз сөйлеу (речь) мазмұнында байланыс орнайды. Оқытудың функционалдылық ұстанымы – оқыту материалының кешенді синтаксистік негізде берілуінде. Ал синтаксистік негізде ұсынылуы – тілдік факт қана емес, оның коммуникативтік мағынасы да қоса ұсынылады. Негізгі коммуникативтік бірлік – сөйленім. Сөйленімнің негізгі бірлігі дейтін болсақ, сөйлем -сөйленімді құраудың ең кіші бірлігі. Тек қана сөйлемде тілдік бірлік коммуникативтік мағыналы, мазмұнды болады.

Өзге тілді аудиторияда грамматиканы оқыту мақсаты – тіл үйренушінің тілдік бірлікті коммуникацияда қолдана білуі. Мазмұндық, тілдік жағынан толықтырылып немесе кеңеюі оқыту мақсаты, мерзімі, контингентке байланысты.

Грамматикалық құралдарды жүйелеу – негізгі коммуникативтік-функционалдық белгілерді ескере отырып жүргізіледі. Тіл үйренушілердің грамматикалық дағдылары – тілдік және сөйлеу болып бөлінеді. Олар бір-бірімен өзара байланысты. Тілдік дағды – коммуникациядан тыс, ал сөйлеу дағдысы – грамматикалық құбылысты сөйлеуде қолдана алуы.

Жалғастырушы кезеңде грамматикалық материалды семантикалық блоктар негізінде оқыту тиімді:

Предикативтік қатынас;

• анықтауыштық қатынас;

• субъектілік-объектілік қатынас;

• мезгілдік қатынас;

• кеңістіктік қатынас;

• себеп-салдарлық қатынас;

• шарт мәнді қатынас;

• қарсылықты мәнді қатынас;

• мүмкіндік пен қажеттілік модальділігі;

• болымсыздық құрылымы және т.б.

Мұнда әр түрлі грамматикалық құбылыстар кең тұрғыда бірлестікте қарау бағытында ұйымдастырылады. Мысалы, бір ғана анықтауыштық қатынасты меңгерту барысында қаншама жаттығу, сабақ жазуға болады, себебі мұнда анықтауыштық қатынас құрылымдарының бәрі топтастырылған. Атап өтетін болсақ:

• тұлғаның немесе заттың меншіктік сипатын анықтау;

• заттың қызметі бойынша сипаты;

• заттың сапасы, салыстырмалы және сандық көрсеткіші бойынша сипаты;

• заттың мазмұны бойынша сипаты;

• заттың, тұлғаның әр түрлі байланыстарын көрсететін сипаты;

• заттың неден істелінгені бойынша сипаты;

• заттың бір нәрсеге арналғаны бойынша сипаты;

• заттың сыртқы түрі, формасы бойынша сипаты;

• заттың бір белгілерінің бар-жоғы бойынша сипаты;

• анықтауыштың есімше арқылы берілуі;

• анықтауыштың уақыт-мезгілге қатысы бойынша берілуі;

• мекенге, аймаққа қатысы бойынша анықтауыштық қатынас;

• анықтауыштық қатынастың заттың мақсаттық міндетін білдіруі;

• анықтауыштық қатынастың ақпараттық мазмұнды нақтылауы;

• анықтауыштық қатынастың адамның мамандығын, кәсібін білдіруі т.б.



Берілген мысал жалғастырушы топтарда яғни орта деңгей, ортадан жоғары деңгей, жоғары деңгейлерде нағыз өзге тілділерде грамматикалық материалдың белгілі бір семантикалық блокқа топтастырылуы болып табылады, яғни бұл – грамматикалық материалдың жүйелі берілуі. Бұл оқытуда оңтайлы. Тілді үйретудің лингвистикалық негізі – құрылымдық грамматиканы емес, тілдік құралдардың қызметін семантикалық жағынан топтастыра отырып, функционалды синтаксис негізінде меңгерту болып табылады.

Тілдік құзірет тіл білімі бойынша лекция тындап, әдебиеттерін оқу нәтижесінде қалыптасып, ғылыми білім болып саналатын лингвистикалық құзіретпен бірдей емес. Практикалық оқытудың міндеті тілдің сипаттамасы емес, қатысым процесінде-тыңдауда, сөйлеуде, оқуда, жазуда қолданылатын тілдің өзі, яғни сөз,сөз тіркесі,сөйлем құрылымдары. Тілдік материалдарды таңдауды, ұйымдастыруды әртүрлі тілдік деңгейдің бірлігін өзара байланыстыратын және оларды берудің, ұсынудың бірізділігін, сөйлеуде бекітудің,жандандырудың әдісін анықтайтын екінші тілді оқытудың коммунитативтік бағыты басты фактор болып саналады.

Достарыңызбен бөлісу:




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет