Заки валидов



бет2/4
Дата11.07.2016
өлшемі0.59 Mb.
#190644
1   2   3   4

«Алашорда» үкіметі өкілдерінің әкелген хабары. Олардың қатарында Ғазымбек Бірімжанов пен жазушы Мұхтар Әуезов болды. Колчак пен оның одақтастары: ұлттық әскер мен ұлттық үкімет құруға қарсы жазалау әрекетіне көшкендіктен де, олар да еріксіз кеңес үкіметімен келісуге мәжбүр болыпты. Кейіннен Ғазымбек Германияға келіп, сонда білім алды, ал отанына қайтып оралғаннан кейін зауалға ұшырады. Мұхтар Әуезов көрнекті кеңес жазушысы болды, алпыс жасқа толған мерейтойы кеңінен аталып өтті, Қазақстан ғылым академиясының академиктігіне сайланды. Ол 1961 жылы дүниеден қайтты» – деп (277-бет) деп көрсетілген.

Мұхтар Әуезовтің өміріндегі бір құпия оқиға осы. «Алашорданың» атынан кеңес үкіметі жағына шығу туралы өкілдікке баруы Заки Валидовтың «Қатираларыннан» басқа құжаттарда расталмайды. Сол тұста «Алашорданың» Семейдегі Шығыс бөлімі оқшау қалып, қызылдар мен ақ гвардияшылардың, казак атамандарының және жергілікті орыс, қазақ большевиктерінің қыспағында қалып, бірде астыртын, бірде ашық әрекет етіп жүрген болатын. Бұл оқиғалар «Алашорданың» шығыс бөлімінің төрағасы ХалелҒаббасовтың, Әлімхан Ермековтің көрсетінділерінде қамтылған. Мұхтар Әуезовтің Колчак пен қызыл әскердің жазалауынан бой тасалап елге шығып кеткені туралы досы Балтақай Толғанбаевтың естелігі бар. Ал оның Башқұрт үкіметінің бас штабы орналасқан Ермолаевка селосына құпия баруы алашордашыл жастардың Омбыдағы жиналысына қатысқан тұстарындағы жанама мәліметтермен ғана қосымша расталады. («Талқыда» бар) Егерде әскери жағдай кезінде жол жүрудің өзі өте қауіпті екенін ескерсек, М.Әуезовтің қандай қатерге бас тіккені өз-өзінен түсінікті.

Сонымен:«Қазақстанның өкілдері қатысқан құпия келіссөзде кеңестер жағына шығудың шарттары тиянақты түрде талқыланды және ортақ мәмілеген келдік. Егерде Орынбор қызылдардың қолына көшсе, қазақ үкіметінің мүшелері қалада қалады, содан кейін бізбен бірге Москваға баратын болып шешілді. «Алашордалықтарға» біз Юрматы кантонының (ауданының Т.Ж.) төрағасы Ғабдолла Ильясты жібердік. Біздің жоспарымызды Түркістарндық ұйымдарға жеткізу үшін Ташкентке өзіміздің құпия өкіліміз Әбділхамит Ариповты жібердік. Кейіннен ол Бұқара үкіметінің әскери министрі болды. 15 желтоқсан күні Уфадағы кеңес мекемесіне үкімет мүшесі Маулен Халықов пен Хайредтин Сейітовты аттандырдық. Кеңес армиясының қолбасылары біздің өкілдерімізбен келіссөз жүргізуге асықпады. 1919 жылғы 23-қаңтардағы хабар бойынша ... Түркия кеңес үкіметін мойындап, большевиктердің ішкі ісіне араласпайтындығын, 15 ақпаннан Стамболдың маңындағы Ханзада аралында келіссөз бастауға дайын екенін жариялапты. Уфа кеңесінің төрағысы Эльцин біздің шартымызды қабылдамады. Онда Башқұртстан: «... ішкі және экономикалық мәселелерді толық тәуелсіз шешеді, башқұрт әскері тек кеңес командованиесіне ғана бағынады, ішкі өмір сүру амалын өзі таңдайды, республикада коммунизм құрлысын орнату міндетті емес» - делінген. Алайда Ленин мен Сталин башқұрт армиясынан сескенгені сондай Келіссөздің аталған шарттарына қол қою туралы телефон арқылы бұйрық берді» деп (278-79 бет) жазды.

Келісім уақыты 2 айға созылған. Осы арада З.Валидов тағы да бір тосын дерек келтіреді:



«1919 жылыдың ақпан айының басында Құлғын ауылына Қазақстанның екі өкілі, аттарын ұмытып қаладым, келді. Жаңылмасам, оның біреуі Мағжан ақын болуы керек., ол мұнда бұрын да келген. Тек оның «Урал» атты өлеңінде башқұрттардың орыс шапқыншыларына қарсы күресі баяндалғаны есімде. Ол екеуі Торғайдағы Ахмет Байтұрсыноавтан хат әкелді. Онда: кеңес үкіметі жағына шығуымыздың қалай жүріп жатқанын сұрапты және олардың пікірінше: тек үкіметтің батыс бөлімінің ғана кеңес үкіметі жағына шығатынын, ал Шығыс Қазақстан бөлімі Колчак армиясының генералы Беловтың қармағында қалуға мәжбүр болып отырғандығын жазыпты. Мен Ахмет Байтұрсынов пен Әлихан Бөкейхановқа арнап хат жаздым. Мазмұнын өзім де ұмытып қалған бұл хат «Алашорданың» архивінде сақталып қалыпты, кейін қызылдар оны жариялады... Сөйтіп біздің қызылдар жағына шығуымыз қазақтармен келісілді. Бұл қазақтар үшін де өте маңызды болатын: өйткені әскердің кеңес жағына өтуі нашар ұйымдастырылса, онда олардың қырылып қалу қаупі бар еді. Сонымен қатар, егерде Москваға қазақтар мен бірге барсақ, біздің позицияларымызда мықты әрі келіссөздің табысты өтуіне де ықпал жасайтын» - деп (279,81 беттер) жазды.

«Алашорда» үкіметінің кеңес өкіметімен келіссөзге барып, оны мойындауы туралы құжаттар біршама бар және онда үш үкіметтің де (Кеңес, Колчак, Алашорда) көзқарасы қамтылады. Ол туралы Әліби Жанкелдин: «...» - деп жазды. Сондай-ақ оның себептері А.Байтұрсыновтың ашық хатында барынша қамтылды. М.Дулатов пен М.Испуловтың, Ғ.Бірімжановтың түрмедегі жауаптарында да бұл оқиғалар нақтылы сыпат алады. Өзінің «Қатираларында» Зәки Валидов «Алаш» партиясы мен «Алашорда» үкіметінің тарихындағы белгісіз, бірақ 1921-22 жылдары қайтадан қозғалған бір мәселені еске алады. Ол – барлық түркі тектес халықтарға ортақ жаңа саяси партия құру мәселесі. Бұл идея кейін түркістандық қайраткерлер тұрғысынан да қолдау тапты, бірақ олардың идеясы да, мақсаты мен міндеті де, құрылымдық жүйесі де заман ағымына қарай өзгерген еді. Тергеу барысында осы партия төңірегінде сұрақ қойылады. Алайда ол оқиғадан хабары бар Х.Досмұхамедов пен М.Тынышбаевтан басқа адамдар жауап қайыра алмайды. Және Ташкенттік ұйым бұл саяси партияны кеңес өкіметі саяси көзқарасқа еркіндік берген жағдайда ғана ұйымдастыру ниеті болғанын айтады. Ал оның алғашқы негізі, З.Валидовтің естелігі бойынша, 1918-19 жылдары қаланған екен:



«Кеңес өкіметі жағына шықпас бұрын саяси күштерді біріктіру мақсатында коммунистік партиядан өзге, социалистік партия құру мәселесімен айналыстық. Бастапқыда оның теориялық тұғырнамасын жазумен Ильяс Алкин айналысты. Ол азат социалистік партия аталуы тиіс еді. Бұл туралы қазақ жетекшілеріне хабарлай отырып, оларға: «Алаштың» неосоциалистік қоғамдық-экономикалық платформасының негізінде Қазақ социалистік партиясын құруды ұсындық. Бағдарламаны біз әзірледік. Оның бір данасын қазақтарға бердік. Кейіннен бұл бағдарлама (1926) Прагада жарық көрді... Біз партия мәселесімен шұғылданып жатқанда майдандағы оқиғалар да тез өзгере бастады. 21-қаңтар күні Орынбордан шетіндегі мекендер де, Ор қаласы да қызылдардың қолына өтті. Біз толықтай қоршауда қалдық...» (282 бет) – дейді З.Валидов.

Демек, кеңес өкіметінде саяси еркіндік берген жағдайда онда ұлттық партия құру мәселесі 1919 жылы талқыланған екен. Ташкенттік ұйым Бұқарадағы З.Валидовпен байланыс жасауға ұмтылғанда осы жобаны жүзеге асыруды ойластырған. Ал оның платформасының 1926 жылы шетелде жариялануы тергеудегілердің алдынан шыққан. Голщекиннің: «Алашордашылардың» шетелмен байланысы бар. Валидов пен большевиктерге қарсы партия құрған астыртын ұйым әшкереленіп отыр» деуіне себепкерлік еткен. Иә, астыртын күрестің өз заңы бар. Оның әр іс-әрекеті де астыртын болуға тиіс. Ал саяси бедел жинау үшін дұшпаныңның қол астында қалған әріптестерін әшкерелейтін құжатты жариялау – оларға өлім жазасын кесумен бірдей еді.

Ал «Алашорда» жасағының Орынбор мен Ор өңірінен шегінуі жөніндегі құжаттар ғылыми айналымда бар. Тек олардың барлығына бір бағытта ғана, тек кеңестік идеология тұрғысынан түсінік беріліп келді. Тәуелсіз Қазақстан тарихшылары бұған тереңдеп бара алған жоқ. Соның басты себебінің бірі, дәлелге жүгінетін құжаттардың жария етілмеуі. З.Валидовтың «Қатирасы» мен «Түркістанның қазіргі (таяу) тарихы» атты монографиясы бұл оқиғаларға өзгеше көзқараспен баға беруге негіз қалайды. Біздің де барынша іріктей отырып, тергеу ісіне сыналай кіргізуіміздің басты мақсаты – сол тылсымның орнын толтыру. 1919 жылы 18 ақпан күні таңғы сағат 10-да башқұрт әскері майдан шебін қарусыз аттап, «өз еркімен» беріліп, соңғы рет әскери шерумен қызыл командирлердің алдынан өтті. 20-ақпан күні қызыл жұлдыз қадап, бірден майданға аттанды. Ұлты үшін басын шаһиттікке атаған ұландар енді «коммунизм үшін» өлімге бет бұрды. Ал бұл кезде «Алашорда» жасағы алғы шепте соғысып жатыр еді...

Байтұсынов пен Қаралдин Орынборда Бірінші армияның командармы Гайдың алдында Заки Валидовпен жолығыды. Москвада Сталинмен күнбе-күн кездесіп, ең соңында Лениннің қабылдауына пұрсат беріледі. Алған әсері: «Ленин – диктотар еді, бірақ тиран емес» екен. ВЦИК пен РСФСР халық комиссарлары кеңесінің жанынан Түркістан комиссиясы құрылды. Радио арқылы үндеу жолданып, қазақ Тұрар Рысқұловты, өзбек Низам Қожаевті, татар Мирсаит Сұлтанғалиевті қызметке тартуға үндейді. Лениннің ол ұсынысын жергілікті орысшыл большевиктер барынша аяқасты етіп, соңында сес көрсеткен жеделхат жолдауымен аяқталды. Бұған Лениннің өзі:



«Міне, радиобұйрықты орындауға түрлі кедергілер пайда болды. Бұл бұйрық сіздің ықпалыңызбен жазылып еді, бірақ та жергілікті жерде оны жүзеге асыратын қабілетті адам табылмады. Орыс империализмін орыстардың өзінің қолымен де, олардың еркінен тыс мұсылмандардың қарулы күшімен де жою мүмкін емес. Тоболин жолдас коммунизм идеясын Түркістанда таратып жүрген біздің достарымыздың бірі. Біздің мемлекеттегі – орыс колонизаторларының күшіне сүйенбей Кеңес өкіметін орнатуға ұмтылуымызды Тоболин де түсінбейді, өзгелер де түсінбейді. Енді бізде «Түрккомиссия» бар. Қандай да болмасын, түбінде бұл іс те бірте-бірте жүзеге асады» - дейді (300-бет).

Мұның астарында Смағұл Сәдуақасов сол жылдары, яғни, 1921 жылғы өлкелік кеңесте дәл тауып айтқан «коммунистік - колонизаторлық» жатқан еді. Міне, осы көзқарас алшақтығы барған сайын ушыға берді. Алғашында бейтараптық танытқан қоныс аударушыларды кеңес өкіметі бірте-бірте қаруландырды. Сөйтіп, оларды бодан ұлттардың ішіндегі «төртінші колоннаға», яғни, бейресми армияға айналдырды. Ешқандай шығынсыз, «қаражүзді ұлтшылдықпен, отаршыл өктемдікпен, жергілікті халыққа деген жеккөрінішпен қаруланған бұл күш қандай да болсын мемлекетті ойран-топыр ете алатын. Сол күшті Ленин де екіжүзділікпен пайдаланды». Ал түркі тектес халықтардың автономиялық тәуелсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған «Түрккомиссия», керісінше, жоспарлы түрде оларды бөлшектеуге кірісті. Саяси ойдың орталығы болып табылатын Орынбор қаласы Башқұрт-қазақ автономиясының астанасы мәртебесінен алынып, қазақ, башқұрт, татар, өзбек, түрікмен, әзірбайжан, қырым ноғайлары сияқты тұтасып жатқан, бір-бірімен іргелес бауыр ұлттардың бауырын тіліп, Орынбор өлкесі Ресейдің құрамына енгізілді. Кремльде құрылған «Башқұрт-қазақ комиссиясы» Еділ мен Жайық бойындағы елді ұлы Түркістаннан бөліп тастады. Сол арқылы кеңес өкіметі өзінің түпкі пиғылын жария етті.

Міне, сол кезде Заки Валидовке Түркістан өлкесіндегі қозғалысқа қосылу туралы ой келеді. Украина мен Петроград майданында қанын төккен башқұрт боздақтарын Түркістан майданына жіберуге күш салып, Лениннің рұқсатын алады. Бірақ Сталин:

«Валидовтің Орта Азия буржуазиялық республикаларын бір федерацияның құрамына біріктіріп, кейін оны революциялық Россиядан бөліп әкетуді көздеп жүр» – деп күдіктеніп, Лениннің нұсқауын жүзеге асыртпайды.

Бұл – кеңес өкіметінің мүддесі тұрғысынан дұрыс, ал ұлт республикаларының мақсаты-мүддесіне қайшы шара болатын. Заки Валидовтің «Естеліктеріндегі» ой жүйесі мен оқиға желісіне қарасақ, ол саяси әрі ғылыми іс-әрекеттерінің барлығында да эмиграцияға кетуге деген жасырын дайындық байқалады. Катановтың кітапханасын Түркияға өткізіп жіберуінен бастап, өзі жиған сирек қолжазбалар мен мұрағат құжаттарын Еуразия кеңістігіндегі реті келген шекара кедендерінен шетке жолдап отыруы сондай ойға жетелейді. Мұнда аумалы-төкпелі замандағы құжаттар мен қолжазбаларды сақтауға деген құндылық та бар. Сондай-ақ ертеңгі күннің қам-харакеті де жоқ емес. «Қызылдардың қайраткері» ретінде Заки Валидов уақытша Башқұртстанға жіберіледі.



«Сол аралықта «Алашорданың» Семейдегі күншығыс бөлімі де таратылады. Оның екі мүшесі Мырзағазы (Сеидазым-?- Т.Ж.) Қадырбаев пен Мұхтар Әуезов март айында Башқұртстанға келді. Кейіннен профессор және Қазақстан ғылым академиясының мүшесі (1961 жылы 27 шілде күні дүниеден қайтты) болған (Мұхтар Әуезов – Т.Ж.) бұдан бұрын, 1918 жылы да Башқұртстанға келген болатын. Бұл жолы оның көңіл-күйі өте түсіңкі екен. Мен оған өзімнің кейбір ойларымды айттым. Иркабаевтің Қиыр Шығысқа баратынын жеткіздім. Өзінің сабырлы және қоңыржай (пассивный) табиғатына қарамастан Әуезов күрестің Түркістанда жалғасын табатынын қызу қолдады, тек қана: «Мұнда сіздерде барлық жағдай бар екен, жақсы қамтамасыз етіліпсіздер. Мұны қалай қиып тастап кетесіздер?» - деп абыржушылық білдірді. 1959 жылы кеңес өкілдерінің құрамында Нью-Иоркке келген кезінде оған жолыққан қазақ эмигрантының біреуіне: «Сол кездегі қапаспен салыстырғанда Башқұртстан бізге солтүстік шұғыласындай болып көрінді»-(345 бет)-депті.»

Бұл –1920 жылдың көктемінде, М.Әуезов Семей губкомының бұратана ұлт (қазақ) тұрғындарымен жұмыс істейтін бөлімнің меңгерушісі боп тағайындалғанына үш-ақ ай болған кезде өткен оқиға. Сол тұста жазушы қоғамдық өмірге белсене араласты, оның ұлттың өзегін өртеген мәселелер туралы публицистикалық мақалалары «Абай» журналы мен «Сарыарқа» газетінде үзбей жарияланып тұрды. Осы сапарында ол Омбыдағы жастардың Жалпықазақтық жиналысына қатысып, сөз сөйледі. Жиналыс мамыр айында өтті. Демек М.Әуезов Семейден бірден Уфаға барып, қайтар жолда Омбыға аялдаған. Қандай мақсатпен, тапсырмамен барды? Бұл З.Валидовтің «Естелігінде» де, С.Қадырбаевтің де, өзінің де көрсетінділерінде айтылмаған. Әрине, бұл кездесулерді жасырын ұстағаны түсінікті. Керісінше: басмашылармен және Заки Валидовпен ешқандай байланыс жасамағанын, ол адаммен мүлдем бейтаныс екенін мәлімдеген.

Башқұрттардың қару –жарағы сайлы, қаржылық мүмкіндігі қамтамасыз етілген ұлттық армиясының болуы және олардың майдандағы жауынгерлігі кеңес өкіметі көсемдерін олардың пікірімен санасуға мәжбүр еткен.. Мысалы:

«1919 жылдың алғашқы төрт айында, әсіресе Башқұртстанның орталық және оңтүстік аудандарын аяусыз қарақшылықпен тонаған қызыл армияның келтірген зиянын Башқұрт үкіметі тізімдеп: мәлімет бойынша 5377 үйдің өртелгенін, азық-түлігін қызыл армия тартып алғандықтан 50 мың адамның аштыққа ұшырағанын, 13354 ат, 6242 сиыр, 20 000 мың қой, 100 000 пұт астық, 20 000 пұт ет пен май, 400 000 пұт жем мен тұқымдық бидай, бұдан басқа да киім-кешек, алаша, кілем, аяқ киім, әйелдердің қымбат әшекейлері тартып алынғанын-хаттап-шоттап Лениннің тікелей өз қолына тапсырады. Соның нәтижесінде «Қызылгвардияшылардан зардап шеккен Башқұрттарға көмек көрсету комиссиясы құрылып, 150 миллион сом қаржы бөледі» (250-бет).

Ал ақ пен қызылдың, атамандар мен қазақ ақжүректерінің жолына қасап пен һасам болып төселген қазақ даласындағы 1917-1922 жылдар аралығындағы ойран мен талан-таражға өтем төлемек түгілі, қызыл әскерді кәдімгі әскери тәртіпке шақыру ешкімнің қаперіне келмеді. 1921-1922 жылы Қазақстанда тура сондай жағдайда ашаршылыққа ұшырап, 2,5 миллион адам аштан өлгенде, «еурополық коммунист-колонизаторларды» былай қойып, С.Меңдешев бастаған большевик қазақтардың өздері: «Ашаршылық жоқ» – деп жасырып, оған тиісті шара қолдануға қарсы болған. Тек «Алашорда» үкіметінің бұрынғы мүшелері жанталаса күресіп, үкіметтің емес, халықтың атынан қаржы, мал жиған. Сол үшінде «буржуазияшыл-ұлтшыл» атанып жауапқа тартылған. З.Валидовтің «Қатираларында» қамтылған тарихи қиын жағдай туралы Т.Рысқұлов «Түркістан республикасының өкілетті өкілдерінің В.И.Ленинге баянхатында» барынша тиянақты және ашына отырып жазған. «Алашорда» қайраткерлерінің жаны күйген жайларды большевиктік көзқараспен баяндалған пікір арқылы нақты түсіне аламыз. А.Байтұрсынов, М.Дулатов, М.Тынышбаев, Х.Ғаббасов, Х.Досмұхамедов «қызыл тонаушылар, қызыл қарақшылар» деп атаған қызыл армияның жергілікті жерлердегі әскерлері:



«Отаршыл кулактар революция тұсында байып қана кеткен жоқ, сонымен қатар өкіметті де жаулап алды, тіпті партияны да өз қолдарына алды, өздерінің мүдделерін одан әрі нығайту үшін негізінен әр түрлі төтенше мамандар, солшыл эсэрлер, миссионерлер басқарған қызыл армияның құрамына ұйымдасқан түрде кіріп алуға да қолдары жетті, сөйтіп, осы күнге дейін кулактардың мүдделерін қорғап, кеңес өкіметінің әрбір шарасын қарумен тоқтатып келеді. Жергілікті европалық жұмысшылардың көпшілігі осы ережені қолдап отыр, өйткені олардың өзі қыр қазақтарын қара жұмысқа жегіп жүрген ұсақ меншік иелері болып табылады» деп (сонда, 176-бет) ашына жазды.

Бірақ З.Валидовтің де, Т.Рысқұловтың да пікірін Ленин құлағына қыстырмады. Бұған шамырқана отырып түсінік берген З.Валидовтің өзін «ұсақ буржуазияның» қатарына қосты. Жоғарыдағыдай себептермен Алматыда бүлік шығарған, Қарақол қаласында қырғыз коммунистерін қырып салған «жоғарыдағы қызыл әскерлердің» қарақшылығын дәлел ете келіп, Т.Рысқұлов 1920 жылы 25 мамырда Ленинге:



«1.Мұсылман еңбекшілеріне және олардың қызметкерлеріне сенім көрсету керек, ішкі мәселелерді және Шығыстағы мақсаттарды шешу үшін Түркістанда қуаты күшті мұсылман қызыл армиясын құру аса қажет деп есептеймін, болашақта Түркістанда құрылатын мұсылман армиясының алғашқы кезеңдегі ұйытқысы және құрама негізі ретінде ержүрек және сенімді командирлер басқаратын жақсы жасақталған татар және башқұрт бригадаларын Түркістан республикасынң әскери комиссариятының қарамағына, ал шекар шебінде ұстау үшін тура сондай екі бригаданы Түркістан майданының қарамағына жіберілуі тиіс. Башкирияда, Татарстанда, Түркістанда жасақталған бөлімдер сыртқы күштермен күресу үшін шұғыл түрде шекаралық әскерді толықтыруға аттануы керек. Сөйтіп шұғыл түрде жергілікті колонизатор кулактардан жасақталған қызыл армия бөлімдерін қарусыздандырып тарату қажет не басқа майданға ауыстырылуы тиіс» деген (сонда, 180-бет) ұсыныс жасады.

Оған Т.Рысқұлов, Низамеддин Хожаев, Г.Бех-Иванов қол қойды. Әрине бұл ұсынысты Ленин кекесінмен, Сталин күдікпен қабылдады. Оған жауап ретінде башқұрт әскерін қасақана шақыртып алып, оңтүстік Украина майданына ауыстырды.Бұл мәліметте саяси сабақ аларлық тәсілім жеткілікті. Тергеу барысындағы жинақталған деректің өзі соған толық дәлел.

1920 жылы 19-мамыр күні «Башқұртстан – Ресейдің автономиялық губерниясы дәргейіндегі құрлым» деп жарияланады. 1919 жылы наурыз айында «автономиялы үкімет» ретінде мойындалып, Ленин мен Сталиннің өзі қолын қойған құжаттан 14 айдан кейін айнып кетуінің мәнін сұраған З.Валидовке Ленин:

«Сіз мұндай адамгершілік мәселесін неге негіздеп айтып отырсыз? Сіз өзі қандай революционерсіз? Сол келісімге неғып жабысып қалдыңыз? Сіз бен біздің келісім шартымыз – бір жапырақ қағаз ғана, ол ештеңені міндет етпейді» - деп (365-бет) жауап береді.

Міне, осы арада үлкени саяси мүдделер тоғысы мен саяси айла-амал басталады. Дүние тарихының астан-кестені шығып, күн сайын өзгеріп жатты. Бірінші дүниежүзілік соғыстан екпін алған майдан шебіндегі жеңіс пен жеңілістер Түркістаннның да, Қазақстанның да, Башқұртстанның да тәуелсіздікке деген үмітін бір жандырып, бір өшіріп жатты. Ресейдегі түркі тектес ұлттар, сыртқы күште – Түркияға ерекше бауырмалдықпен қарады. Ататүрік мемлекеті де сыртта – ағылшындармен, іште – азаматтық күштермен екі майданда соғысып жатты. Түріктер өз тәуелсіздігін сақтап қалу үшін кеңес өкіметімен келісімге барып, оны дос деп танып, Түркістан ұлттары түбінде Ресей Отарынан құтқарады деп сеніп отырған Әзірбайжаннан бас тартты. Бұл кеңестің кеңістігін кеңейтті, түркі бодан жұртының тынысын тарылтты. Большевиктердің Орта Азия мен Қазақстанды алаңсыз билеуіне жол ашты. Түркия мемлекеті: Түркістан халқы ресейге қарсы шықпасын, кеңес өкіметін қолдаңдар – деген ұстанымда болды. Керсінше, түркі дүниесін біріктіруге ұмтылған Әнуар паша сияқты қайраткерлер: жалпытүркі жамиғатының ортақ әскерін жасақтап, Еділ-Жайық бойына дейін азат етіп, Үлкен Түркістан мемлекетін құруға ұмтылды.

Кеңес өкіметінің «Ұлттар декларациясына» сүйене отырып, ортақ Федеративтік Түркістан мемлекетін орнату – қалыптасқан саяси жағдайда нақты шындыққа жақын, аса мүдделі мүмкіндік болатын. 1918-1922 жылғы азаматтық соғыс тұсында мұндай қауіпті серпіп тастайтындай тегеуірінді күш Лениннің қарамағында болмады. Сондықтан да бар айла-амалды қолданып, түркі жұртын шырғада ұстады.

«Алашорда» үкіметімен де жасалған келісім шарттың тағдырын дәл осындай опасыздық күтіп тұр еді.

Сол жылы қазан айында – Қазақстан Ресейдің құрамындағы автономиялық республика болып жарияланды. Бұл «Алашорданың» толықтай тарих бетінен ысырылуы еді. А.Байтұрсыновтың өлкелік революциялық комитеттің мүшелігінен және партия мүшелігінен шығарылуы Ленин қол қойған «бір жапырақ қағаздың» отқа өртелуі еді. Қазақ зиялыларының ой-еркі кеңес өкіметінен сырттап, оқшаулана бастады. Бар үміт жібі – Қазақстанның териториясы мен халқының үштен бір бөлігін қамтитын Түркістан республикасына қарай тартылды. Ұлт қайраткерлері Түркістанға –Ташкентке бет бұрып, бар қуат-қайратын мәдениет, оқу-ағарту, ғылым саласына жұмсады.

Мұнда да үш түрлі саяси бағытта: 1) Түркістан республикасын құру (Т.Рысқұлов т.б.), 2) Түркістан-Қазақ автономиялы республикасын құру (С.Қожанов), 3) Россия құрамындағы Түркістан автономиясын құру (еуропалықтар) – туралы күрес жүріп жатты. Ал Қоқан, Бұқара республикалары Тәуелсіз мұсылман мемлекетін құру мақсатында «мұхарамдық» (революциялық, орыс басылымдарында – басмашылар қозғалысы) майдан ашты. Тура сондай қоғамдық буырқаныс тұсында Сталин мен Лениннің қабылдауында жиі болып, олар үнемі назарында ұстаған Башқұртстан үкіметінің төрағасы Заки Валидов Түркістанда астыртын ұйым құрып, кеңес үкіметіне қарсы күресуге шешім қабылдайды. Ол өзінің бұл ойын Кремль бауырына басып жүрген шығыс қайраткерлерінің бәріне айтады. Соның ішінде: Лениннің шығыс ұлттарымен арадағы келісім шартты «жыртып тастайытын бір жапырақ қағаз» деп қарайтынын: «... Шығыс түркі өкілдеріне, соның ішінде Тұрар Рысқұловқа айттым. Ол бұл туралы Бөкей ордасындағы өзінің жақтас коммунисінің біріне хат жазды» - дейді З.Валидов.

З.Валидовтің «Қатираларындағы» бұл пікірлердің растығына Т.Рысқұловтың 1924 жылдың 18-29 сәуір аралығында И.Сталиннің тікелей өзіне дайындаған «Бірлік туы» мен «Ақ жол» газеттері туралы ұзақ баянхатындағы, сондай-ақ И.Сталин мен Л.Кагановичке жолдаған «Партия ұйымдарындағы тазалау кезіндегі Орта Азиядағы асыра сілтеушілік туралы» хатындағы деректер дәлел болады. Т.Рысқұлов өзінің ойын Ленинге:

«Шовинизм мен жергілікті ұлтшылдыққа қарай бұрылған бүйректі қарапайым жолмен жоя алмайсың. Оны сол тұрғындардың арасындағы экономикалық және басқа да қайшылықтарды жою арқылы ғана жүзеге асырасың. Жетісудағы кедей қазақтарға жер берілмесе, кулактары 125, кедейлері 15 десятина жерге ие орыстардың жұдырығы желкесінен төніп тұрғанда, қазақтарға: интернационализм деген өте жақсы нәрсе, кеңес өкіметі жағына шығыңдар деп қалай түсіндірсең де, ол мұны қабылдамайды, және кеңес өкіметін түйілген жұдырық деп есептейді. Сол ортадан шыққан коммунист мұны ашық айтса, оны ұлтшыл деп шығарады. Егерде мұндай теңдік сақталмаса, онда осы ортадан шыққан қазақ коммунисі қазаққа сөз айтудан қалады, өйткені оған бәрібір» деп (сонда, 220 бет) түсіндірді.

Шындығына көшкенде, қазақ жерге иелік ете ме, жоқ па, Ленинге «бәрібір» еді. Тек орыс пролетариаты билеп-төстесе болды, ал кеңес өкіметінің атынан бүкіл қазақты қырып тастаса тағы да оған «бәрібір» болатын. Әлемдік пролетариат санатында азиялықтар, оның ішінде «молла билеген орта азиялықтар» мәңгілік европалық пролетариаттың протекциясында өмір сүруі тиіс болатын.



Әрине, мұндағы пікірлер партиялық тазалау тұсындағы парткомиссияның құжаттарына негізделген, Голощекиннің тапсырысымен «Алашорда» ісін Т.Рысқұловпен байланыстыра тергеу барысында жинақталған ОГПУ-дің қызметкерлерінің көрсетінділеріне жауап ретінде жазылған. Сондықтан да әшкерелеушілік сарыны басым. Әсіресе, «Алашорда» мен Қожановқа, «Ақ жол» мен «Бірлік туына» қарсы пікірлерді пайымды тұлғаның байсалды пікірі ретінде қабылдауға болмайды. Одан көрі уақыттың төтенше құйыны тұсындағы саяси сауға тілеген жанның қысас пікірі десе де болады. «Алашорда» ісіне тікелей қатысы болғандықтан да және З.Валидовтің естеліктеріндегі тарихи оқиғалардың ішкі ырғағын түсінуге мүмкіндік беретіндіктен де, Т.Рысқұловтың хатынан үзінділер келтіруді жөн көрдік. Өйткені, тарихи шындықтың беті сонда ғана ашылады. Сонымен қатар осынау бір аласапыранды, арпалысты тұстағы оқиғалардың біразы қазір теріс тұжырымдалып, «шындықтың беті боялып» (Абай) кетіп жүр.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет