ҚОРЫТЫНДЫ
Бүкіл әлемдегі аса ауқымды құбылыстардың бірі – жаһандану дәуірінің білім жүйесіне қарымды ықпалын тигізіп жатқан кезеңінде – осы рухани интеллектуалды ұлт құрауға қатысты құндылықтарымызды қастерлеп, болашақ ұрпақтың басқа елдермен терезесі тең, парасаты деңгейлес, тағылымы мол құрал екенін ескерсек, ертеңгі қазақ халқының тағдырына деген сеніміміз нығая түсері сөзсіз.
Сонымен зерттеу барысында қол жеткен нәтижелер мынандай қорытындылар мен ұсыныстар жасауға мүмкіндік берді:
1) Қазақстан Республикасының тәуелсіздігі арқасында жемісті де табысты еңбектер атқарылып келеді. Келесі мақсат бүкіләлемдік өркениетті мемлекеттер қатарына тепе-тең, паритетті тұрғыда қосылу мақсатында Ел Президентінің халқына Жолдауындағы интеллектуалды ұлт құрауға мүмкіндік берер жоғары оқу орны студенттердің парасатты ойлау өнерін қалыптастырудың педагогикалық негіздерін құруға мүмкіндік туғызатыны анықталды.
2) Студенттердің парасатты ойлау өнерін қалыптастырудың басымдық мәні – олардың сан ғасырлар бойы тырнақтап жиналған «парасатты ойлау» ұғымына қатысты еңбектеріндегі кәусар да гауһар тұжырымдары трансформацияланды. Соның ішінде, әр студенттің жинаған интеллектуалды әлеуетінің әртүрлі екендігі ескеріліп, олардың интериоризациясының деңгейліктерін анықтау мақсатында алдымен парасатты ойлау өнерінің заңдылықтары мен қағидалары ұсынылды:
- жоғары оқу орнында студенттердің парасатты ойлау өнерін қалыптастырудың бірінші заңдылығы – білім мен ғылыми негізді тұтастықта алу. Бұл жағдайда, мәтіндердің де тұтастық жүйесін сақтау керектігі анықталды;
- отандық білім мен ғылымды тұтастықта алып, оны жаһандасу кеңістігіне жуықтату – жоғары оқу студенттерінің парасатты ойлау өнерін қалыптастырудың екінші заңдылығы;
- студенттердің жинаған гносеологиялық (таным теориясы), аксиологиялық (рухани құндылық), онтологиялық (адамның болмысын зерттеу) парасатты ой-пікірлерінің тұжырымдық түйіндерін диагностикадан өткізіп, студенттерге жеке мүмкіндіктеріне сәйкес тапсырмалар беру арқылы олардың белгісіз парасатты ойлау өнерінің деңгейлігін анықтайтыны – үшінші заңдылық;
- үзіліссіз білім меңгеру жағдайын бернелеп, студенттердің курстан курсқа өту кезеңдеріндегі парасатты ойлау өнерінің өсуі, өрлеуі динамикасын, траекториясын олардың тұжырымдамалық тұрғыдағы түйіндеу іскерлігімен бағалануы, олардың ішкі интеллектілі ұстанымының шегарасын ішкі пайымымен есептей алуы – төртінші заңдылық;
- бүгінгі таңда бүкіләлемдік білім беру тұрғысында «көрсеткішке» тек белгі беруді есептеу деген пікір беріліп, «индикатор» ұғымы оның орнын басуда. «Индикатор» іс-әрекеттің нұсқаулығы ретінде қызмет атқарады. Міне, осындай сүбелі жаңалықты ескергендіктен, студенттердің ойлау өнерінің қалыптасуына қажеттілік ретінде индикаторлардың жүйесі қабілеттілік мән, амал-тәсілдер жиынының сапасын зерделейтініне көз жеткізді. Нәтижесінде, бұл – студенттердің ойлау өнерінің қажеттілігіне сәйкес жүйе құру – парасатты ойлау өнерінің бесінші заңдылығы;
- білім мазмұнынан жаттығу арқылы студенттердің парасатты ойлау өнерінің қалыптасу қарқынын есептеуге қолайлы деп, модульге жіктеліп, оның блоктар түзіліміндегі ұғымдық сабақтастықтар жүйесін сақтауға мән берілді. Өкінішке орай, қанша оқулықтар жарық көріп жатқанымен, модульге шақталған оқулықтар кемсін болып отырғандықтан, оқытушыларға бұл қиындық келтіріп отырғаны анықталды. Сол себепті осындай көкейкестінің өткірлігін ескеріп, модульдік жүйенің блоктарын құрау – студенттердің парасатты ойлау өнерін қалыптастырудың алтыншы заңдылығы.
3) Студенттердің парасатты ойлау өнерін қалыптастыру үдерісінің деңгейліктері міндетті түрде мемлекеттік тапсырыс шеңберінде болуы қадағаланып, бірақ білім мазмұнын орынды, орынсыз саясаттандыру секілді өткен ғасырдың қателігін қайталамау жағы қамтылды. Өйткені жоғарыдан берілген белгілі бір межеден, «қоршаудан» шыға алмаса, студенттің білім мазмұнынан парасатты ойлау өнерін қалыптастыру іс-әрекеті тежелетіні зерттеу барысында байқалды.
Білім мазмұнынан ізгілікті ұстанымды студенттердің негіз ретінде алуы мақсатында «инновациялық білім» меңгерудің қағидалары түзілді.
Бұл қағидалар – студенттердің деңгейліктерін шығарып алуға педагогикалық негіз. Негізгі білім мен демеуші білім ерекшеліктері айқындалды. Танымдық ізденімпаздық таным теориясын қалайтынына қызмет ететіні ескеріліп, оның парасатты пайым, бағам, тұжырым, түйін жасауға атқарар рөлі айқындалды. Парасатты ойлау студенттердің өздігінен бейімделуінің сапалық көрінісі ретінде уәж және ізденімпаздық бөліміне алынды. Оның ішкі белсенділіктен әр студенттің интериоризациясының өрлеу, не тежелу сипатын анықтайтын рөлі ашылды. Деңгейліктерге жіктеуде А. Құнанбайұлының (хайуандық, ессіздік, жарым ес, адами, қалыптанған, толық, кемелденген адам). Абай Құнанбайұлының жіктеген деңгейліктеріне талдау жасалып, оған үндес келер ғалым-зерттеушілердің тұжырымдары сараланды. Парасатты ойлау өнерінің қалыптасуы суггестивті және ассоциативті ой қорыту іскерлігіне бағынатыны анықталды.
Жоғарыдағы тұжырымдар ескеріліп, жеткілікті және креативтік деңгейліктерге мән беріліп, бұл деңгейліктер парасатты ойлау өнерін қалыптастырудың нысандық белгілері тұрғысында алынды.
4) Жоғары оқу орнында студенттердің парасатты ойлау өнерін қалыптастырудың жүйесі құрылды. Білім мазмұнынан парасатты ойлауға қажетті нысанды саралауда алдымен тағылымды тәжірибеге педагогикалық негіз ретінде алу арқылы олардың прагматикалық іскерлігін қалыптастыруға басымдық берілді. Прагматикалық іскерлікті оңтайлы бағамда өркендетудің тірегі – оқытуға, білім мазмұнынан парадигмалық мәндегі көзқарас қалыптастыру. Осы мақсатты жүзеге асыратын үш парадигма (стохастикалық, алгоритмдік, эмпирикалық) білім мазмұнын авторлық ұстанымда талдауға дұрыс жол ашатыны айқындалды.
5) Жоғары оқу орнында студенттердің парасатты ойлау өнерін қалыптастырудың мүмкіндігі сараланды. «Оқыту» іс-әрекетінің білім мазмұнының құрылым-жүйесіне, оның ішкі заңдылықтары мен ережелеріне, қағидаларына құлақ түру, ыждаһатты ырықтану арқылы парасат-бағаммен талдау қарастырылды. Жоғары оқу орны мен мектеп арасындағы айырмашылықтар жіктелді. Интерактив технологияның парасатты ойлау өнерін қалыптастыруға тигізер пайдасы сараланды. Вербальді және вербальді емес әдістер жайлы тұжырымдар ұсынылды.
Элективті курс Ж. Баласағұнның «Құтты білік» бәйітін меңгеру мақсатына құрылды. Ондағы басымдық парасатты болудың 4-тік жүйесін бағамдау. 24 сағатқа шақталған арнаулы курс студенттердің құтты, бақытты өмір сүрулеріне парасатты ойлау өнерінің қажеттілігін түсінуіне бағытталды. Элективті курс студенттердің парасатты ойлау өнерін қалыптастыру деңгейліктері эксперименттік-тәжірибе жұмысын өткізу арқылы қорытылды.
Біздің зерттеу жұмысымыздың талабына сәйкес студенттердің парасатты ойлау өнерін қалыптастыру мақсатында жүргізілетін оқыту, білім игеру үдерісінде жоғары оқу орындарында оқытушы-профессорларына және мектеп ұстаздарына көмекші құрал ретінде ұсынуға болады.
Дегенмен, қарастырылып отырған мәселе толығымен шешімін тапты деуге болмайды. Сан ғасырлар бойы халық педагогикасы ауқымында жинақталған даналар мен ойшылдардың еңбектеріндегі парасатты ойлау өнерін қалыптастыруға көмегін тигізер біліми-ғылыми негіздерді іздестіру және осы мәселеге қатысты зерттеу келешектің ісі болып табылады. Аталған бағыттағы оқу-тәрбие жұмыстарын зерттеу мынадай ұсыныстар туындатады:
- ойшыл-кемеңгерлердің арабша, латынша жазылған архатипті материалдарын рухани құндылық ретінде бүгінгі алфавит деңгейінде аударуға бағдарлау;
- Шығыс елдері және Еуропа, АҚШ секілді мемлекеттердің рухани құндылықтарын саралау мақсатында ол еңбектердің қазақшаға аударылуын қарқындылықпен іске асыру – орыс тілінен кірген ұғымдардың қазақ тіліндегі ортақ, ресми, мемлекеттік тұрғыдағы қазақша нұсқасын ұсыну;
- студенттер арасында парасатты ойлау өнерін қалыптастыру тұрғысында семинар-тренингтер ұйымдастыру – парасатты ойлау өнеріне қатысы бар еңбектер жинағын шығару.
Достарыңызбен бөлісу: |