Зонд (французша: sonde) – медициналық құрал. Зондты қолдану арқылы іш қуысын, қуыс органдарды, ішкі жараны т.б. зерттеп, емдейді. Зонд қай органға қолданылуына қарай металдан (күміс, болат) не жұмсақ серпімді заттан, әр түрлі пішінде жасалады. Зондтың өңешке, асқазанға қолданылатын түрі– диаметрі 10 – 12 мм, ұзындығы 60 – 70 см, резинадан жасалған түтік. Оны ауыз арқылы қарынға жеткенше жұтып, одан қарын сөлін алып зерттейді. Сондай-ақ, асқазанды жуып-шаюға да қолданады. Ұлтабарға қолданылатын зондтың 1 – 1,5 м резина түтігінің ұшында металдан жасалған сорғышы болады. Зондпен жараның тереңдігін, көлемін, т.б. анықтап, қарын сөлін алады. Диагностикалық және емдік дәрілерді жібереді.