Қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіне, әдет-салтына байланысты туған айтыс өлеңдерінің тағы бір түрі – жұмбақ айтысы. Бұл айтыс та ойын-сауық үстінде, көпшіліктің жиналған жерінде айтылатын болған. “Жұмбақ айтысы” бүкіл айтыс өлеңдерінің ішіндегі ең қиыны секілді. Өйткені ол тапқырлық пен білгірлікке құрылады. Сондықтан мұндай айтысқа түсу үшін ақынның өлеңді суырып салып айтуы жеткіліксіз. Бұған қоса ақын тапқыр, білгір және тез ойлап, шапшаң жауап беретін болуға тиіс. Сонда ғана ол өзімен айтысқа түсіп отырған ақынның сынау мақсатымен оқыстан берген жұмбағын дұрыс шеше алатын болады. Бұл үшін жұмбақты берушінің де, оны шешушінің де әр нәрседен хабары, көп мәліметі болуы шарт.
Мысалға Рысжан мен Әсеттің айтысын алайық. Олар бір-бірін сырттай білгенімен де, жүздесіп айтыспаған екен. Бір жылы көп елдің жиналған жерінде (бір деректерге қарағанда, олар бұрынғы Қоянды жәрмеңкесінде кездескен секілді) Рысжан мен Әсеттің қызу айтысы болады. Оны ел адамдары ұйымдастырған деседі. Осы айтыста атақты екі ақын бір-бірінен ақындық өнер асырамыз деп зор тартысқа түседі. Бірақ жеңісе алмайды. Сонда Әсеттің білгірлік шама-шарқын сынамақ болып, Рысжан бірнеше жұмбақ айтады. Оқыстан берілген жұмбақтарды Әсет іркілместен табан аузында шешіп береді. Әсет Рысжанның бірінші жұмбағын шеше отырып, сол замандағы әкімдерді, болыс-билерді мейлінше жамандайды: “Елубасы – құзғын, старшин – қанға тояттаған қаршыға, онбасылар – күйкентай” деп көрсетеді. Рысжанның екінші жұмбағы – адамның дене мүшелері. Мұны да Әсет әдемілеп шешіп береді. Ал үшінші жұмбағында:
Арықтап бір түйе өлді жетіп ажал,
Алты батпан бұлы бар безбенге сал.
Сүйегі жерден, көктен табылмайды,
Білдің бе, мұның өзі қайда өлген мал? –
дейді Рысжан. Бұл жұмбақты Әсет:
Домбыра саған ерген бұлбұл екен,
Рысжан сөйлер сөзге қырғын екен.
Арықтап оттай алмай өлген түйең, -
деп шешеді және “алты батпан бұлы бар” дегені бір жылдағы алты ай жаз дейді. Сөйтіп, ол қыздың барлық жұмбағын табан аузында шешіп шығады, тез ойлап, шапшаң жауап қайырады. Өз кезінде жұмбақ айтыстарының мәні зор болған. Ол ақынның көп ізденуіне, білмегенді білуіне талпындырған. Олай етпесе, айтыста жеңіліп қалатындығын білген. Мұның өзі кейінде жастардың білімге ұмтылуына әсер еткен деуге болады. Бұл кезге дейін бізде айтыс поэзиясы импровизацияның басы, ол ерте замандарда, тіпті эпостық жырлардан да бұрын туған дейтін пікір үстем болды. Енді біреулер айтысты ертедегі жар-жар өлеңдерінен, әдет-салт, тотемдік үлгілерден (бәдік) бастайды. Үшіншілері поэзия, фольклор атаулының басы ақын, аяғы ақын, барлық импровизация өнері айтыс ақындарынан тараған десті. Анығында алғашқы коллективтік салт өлеңдері тұсында ақын, шайыр атаулары жоқ еді. Импровизацияның үш түрлі мектебі болған: 1) жай айтушылар, 2) профессионал айтушылар (бақсы, жыраулар), 3) айтыс ақындары. Бұл негізгі үш мектептің үшеуінде де импровизация өнері басым болған. Өйткені олар жазу-сызудың жоқ кезінде туған еді.
Импровизация өнерінде синкреттік белгі бар. Оның мәнісі, ең алғаш сөз, ән-күй, би бөлінбей бірге жүрген. Профессионал айтушылардың басы бақсылар (ҮІІІ-ІХ ғғ.) мен жыраулар (Х-ХҮ ғғ.) болған десек, оларда төрт түрлі өнер бірлескен. Олар: сөз импровизациясы, ән-күй импровизациясы (қобыз, домбыра), биік орындаушылық шеберлік (сахна өнері) және ел қамын жейтін үлкен ойшылдық сана.
Осы импровизация өнері кейін айтыс ақындарына өткен. Бірақ айтыс поэзиясы салт жырларынан туған лирикалық форма болғандықтан, ол жыр емес, 11 буындық қара өлең өлшеуімен айтылған. Айтыс эпостан гөрі күнделікті өмір құбылыстарына жақындау болды.
Ежелгі сақ, ғұн, Түрік қағанаты дәуірлерінде айтыс поэзиясы туа қойған жоқ еді. Жыр маржаны – айтыс қазақ хандықтары ыдырап, ел арасында рубасылар билігі күшейген кезде, атап айтқанда Есен, Еспембет, Кеңгірбайлар кезінде туа бастаған. Ру намысында жүрген билер мен батырлар бұл кезде жер, жесір дауына салынып, ұсақтайды. Жеке рулар бұрынғы үлкен тайпаларға өз билерінің атын қосады. ХҮ ғасырда Ақсақ Темір империясы ұсақтап, әрбір қала сайын бір-бір хандық туған кезде, Самарқанды Шейбани хан басып алады. ХІХ ғасырда қазақ даласында туған феодалдық тозғындаудың табиғаты да сондай болды. Бір рудың аты немесе ақыны бәйге алса, құсы қасқырға түссе, ауыл ақсақалдары қайғырып, қуанысқан. Бұл мінезді Абай орынды сынаған. Міне, айтыс поэзиясының туған заманы – осы. Дәл кешегі күнге дейін көптеген айтыс ақындары ру атынан сөйлеген. Айтыс, бәйге сияқты халықтық дәстүрлерге феодалдар мен билер рулық арқау беруге тырысқан. Ал түркі тайпалары заманында өткізілген той-топыр, найза сайыстарының мазмұнында ұлыстық болып, әрбір ойын, сайыс ұлыс бірлігін сақтау, нығайту, елді брлікке баулу түрінде жүргізілген еді. Сол себепті эпостық жырлармен салыстырғанда ХІХ ғасырда туған айтыс поэзиясының тақырыбы мен мазмұны ықшамдау болды. Бірақ ежелгі импровизация өнерінің халықтық дәстүрін біздің заманымызға жеткізген – осы айтыс поэзиясы. Айтыста эпизм сарыны жоқ, бола қалса, ол бөлек-бөлек кестелер ғана. Айтыс – лирикалық форма, оның бір жағы – мадақ, бір жағы – сатира болып келеді. Кейбір ақындар өз руын, оның жуан қарын байларын мадақтаса, екінші біреулері өздерінің ақындық арынын, әйелдің бас бостандығын сөз еткен. Сатира – айтыстың феодализм сынынан туған ең мәнді жері. Бізге мадақ пен сынның ақын өнеріне құрылған, адам еркіндігін жақтаған, феодалдық салт, өмір қайшылығын көрсететін буындары аса мәнді. Фольклордан үйрену – айтыстың өзінде де бар. Мысалы, жұмбақ ауыз әдебиетінде болған. Бірақ Мұса мен Манат, Бұдабай мен Қарлығаш айтыстары сияқты, кейінгі Сапарғали мен Нұржан айтыстары да жеке ақындардан қалған өрнек. Ақындар айтысының формасы өте көп болған. Фольклорға тән бір нәрсе – ондағы батырлар мен қыздар коллектив санасын білдіреді. Осы сарыннан айтыс та құр емес.
Достарыңызбен бөлісу: |