«050205 Филология. Қазақ филологиясы» (мамандықтың/мамандандырудың шифры және атауы)


Дәріс бойынша әдістемелік нұсқама



бет25/43
Дата22.02.2022
өлшемі0.8 Mb.
#455637
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   43
Айтыс-УМК

Дәріс бойынша әдістемелік нұсқама
Студент айтыс өнеріндегі әдіс пен стиль, ақындық стиль категорияларын зерделеп, Ертіс бойы, Сыр, Торғай, Оңтүстік өңірі ақындарының айтыстарын талдай білуі қажет.
Пайдаланылған әдебиеттер:
1. Ахметов З. Өлең сөздің теориясы. А., 1973.
2. Жармұхамедов М. Айтыстың даму жолдары. А., «Ғылым», 1976.
3. Ысмайылов Е. Ақындар. А., ҚМКӘБ, 1956.
4. Көкейкесті әдебиеттану. 3-кітап. Ас., «Күлтегін», 2003.


8-дәріс. АЙТЫС ӨНЕРІНДЕГІ СӨЗ БЕН ӘРЕКЕТ
/Жамбылдың айтыстары/
Мақсаты: Айтыс өнеріндегі эмоция мен сезім, дарындылық және шабыт, Жамбылдың айтыстары туралы мағлұмат беру.
Сұрақтар:

  1. Айтыс өнеріндегі сөз бен іс-әрекет.

  2. Тапқыр, ұтқыр өлең – шешендіктің басты құралы және оның өмір сүруінің негізгі пішіні.

  3. Жамбылдың айтыстары.

  4. Қазіргі айтыстардан мысал келтіру.

Тақырып бойынша негізгі ұғымдар тізбесі: сюжет, композиция, театр, финал, поэзия, сын.


Дәріс мәтіні (тезис)
Айтыс адамзат тарихындағы өнердің ең көне түрі. Сондықтан қазақ әдебиетінде ежелгі айтыстар сақталмаса да, айтыс атты өнерге ие болып қалуымыздың өзі қазақ халқының тарихтың тым арғы тұсынан бері өмір сүріп келе жатқан, тамырын тереңнен алған халық екенін танытса керек. Айтыс байырғы өнер болумен бірге, тіршілікке біте қайнасқан өнер түрі. Өйткені оның арғы тегі, бастау көзі өзара сөйлесуден, біреуге біреудің өз ойын ұғындыруынан туындайтын адамзаттың өзара ақпарат алмасуында жатыр. Сондықтан ол жалпы халықтық сипат алған. Айтыстың өміршеңдігі де сонда “...айтыс жанры, батырлар дастаны немесе ғашықтық жыры сияқты некен-саяқ, дастаншы, жыршылар айтатын түр емес. Көпшілік: кәрі-жас, еркек, әйел, ойын – сауық үстінде түгел қолданатын жалпылық жанр”. Айтыс ең алғашқы қалыптасу, даму барысында дүниедегі барлық халықтарда болған болуы керек. Философия тарихындағы көне гректердегі софистік даудың өзі айтыстың логикалық шарттарын орындайды. Ал, айтыстың арабтар мен фарсыларда болғанын М.Әуезов өз зерттеуінде айтқан екен.
Қазақ халқының өмірінде айтыстың орны ерекше. Дауын шешсе шешендерін айтыстырған, ойын той да, ұлы жиын топтарда ақындарын айтыстырған, құрбы-құрдастар өзара айтысып (әзілдесіп) бір-бірінің бағасын асырып, артықшылықтарын дәріптеп, кемшіліктерін бетіне айтып сынап отырған. Бала туса айтыс, отау көтерсе айтыс, қыз ұзатса айтыс, өлік жөнелтсе айтыс. Қазақтың туғанынан өлгенге дейінгі тұтас өмірі айтыстан айырылмайды.
Айтыста сен қаншалықты ауыр соққы берсең де оған қарсы жақ бірден мерт болмасы анық, егер ол аса талантты ақын болса сенің соққыңа өзінен әлде неше есе ауыр тойтарыс беруі де мүмкін. Сол кезде сенің лақтырған тасың өзінен артық қарсы күшке ұшырап соның екпінімен бағытын өзгертіп, әуелгі жылдамдығынан әлденеше есе артық жылдамдықпен, әуелгі салмағынан әлденеше есе артық салмақпен қайта келіп өзіңе тигендей болады. Таланттың да, шабыттың да, суырып салмалықтың да тереңдіктің де қажет жері міне, осы ара. Айтыстың шарты бойынша сен қарсыласың құрған тұзақты баспауың керек, әрі ол тұзақты елеусіз тастауыңа да болмайды ептеп тартып көріп, не үзіп кетуі керек, не түйіншектеп кетуің керек. Ал ол қақпан құрған болса, оны түсіп тұрып шығып кетуің керек. Онсыз біріншіден, айтыс қызықты болмайды, екіншіден сенің ақындық талантың көрінбейді. Бұл шарттарды орындау үшін қарсыластың ойлау жүйесін бірден аңғаратын психолог болу, көрегендік керек. Оның күрделі пікірлеріне ойланбай тез жауап беретін ұшқыр қиял, күшті суырыпсалмалық қасиет керек. Себебі ол дайындап келген күрделі ойға сен бірер ауыз сөзбен жеңіл жауап берсең тыңдарман тұшынбайды. Соққы қанша күшті болған сайын соншалық күшті тойтарысты қажет етеді. Бұған да күшті талант, ұшқыр шабыт, терең ой керек. Сондықтан сүре айтыста тереңдік пен тапқырлық бірдей керек.
М.Әуезов айтыста театрдың белгілері болатындығын айтқан болатын. Бұл әрине, айтыстың жай ғана бір белгісі емес, айтыс табиғатын тануда ескермей кетуге болмайтын басты ерекшеліктің бірі. Керекті кезінде ол айтысты айтыс қылып тұратын ең негізгі мәнді қасиетке де айнала алады. Айтыскер ақын болумен бірге ол-актер. Ол сахнада сөз тауып, өлең шығарып, айтып қана қоймайды. Сонымен бірге сол сөзін тыңдарманға жеткізіп беруімен де бағаланады. Мұның өзі бейнелеп айтар болсақ мынадай айтыста айтылатын әрбір шумақ өлең айтыскердің қолындағы сойылға немесе тасқа ұқсайды, егер қолыңдағың тас болғанмен сен оны қарсыласыңа тигізе алмасаң, оның қолындағы мақта болса да ол саған тигізе алса, ол бәрібір сені қорқытады. Егер сенің қолыңдағы сойыл болғанымен оны қарсыласыңа дарытып ұра алмасаң, ол қызыл қолымен ұрса да жанды жеріңе тигізіп ұрған екен, ол сені жеңеді. Сондықтан айтыскер үшін әрі қолына тас ұстап тұру керек әрі сол тасты дәл тигізіп лақтыра білу керек. Өз пікірін өткізудің жолын әр ақын әр түрлі тәсілмен іске асырады. Біреулер мұқым сөзін сықақ, юморлы етіп қарсыласының мысын басуды ойласа, біреулер түрлі түсті әрекет шығарып ерекше қимылымен жұртты өзіне қаратуды ойлайды. Сондықтан ақынның жұрт алдындағы жүріс-тұрысы, домбыра тартысы, дауыс бояуынан тартып әрбір әрекеті, тіпті оның бет-пішініндегі болмашы өзгеріске дейін айтыста белгілі роль ойнайды. Айтыстың өзіндік табиғатын танытатын айтыскердің айтыс үстіндегі икемділігіне де мән беру керек. Онда көбінше мынадай үш түйін көзде ұсталады: Бірінші, сөздің немесе ойдың салмағы (ақынның тапқырлығы); Екінші, айтқыштығы (дауысы, әуені, сүйемелі ойын жеткізе білуі); Үшінші, баурағыштығы (актерлық қасиеті).
Айтыста ақындардан тыс тыңдарман жұрт та айтысқа іштей қатысып отырады. Айтыс үстінде айтысушы болсын, тыңдарман болсын, бейтарап қалатыны болмайды.
Айтыс демократияға құрылған өнер, сондықтан айтысты сынаушылар, тыңдаушылар болады. Алайда, айтыскерге тыйым салатын жұрт болмайды және айтыс үстіндегі ақынның пікірі ешқандай топтың, ешқандай жеке адамның ырқына бағынбайды, қажет болса ақынның өзінің де ырқына бағынбай кететін кездері болады.
Айтысқа тән демократия көбінше мына жақтардан көрініс табады: бірінші, қазақ айтыстарында айтыскерлердің жас шамасы шектелмеген, атақты қарт ақындар мен жас балалар айтыса беретін болған. Бұған Сабырбай мен Жанақтың, Нүрила мен Таңжарықтың айтысы, Әсетпен Кәрібайдың айтысы т. б. мысал бола алады. Екінші, айтыскердің қоғамдық орны қаралмаған. Бұған да көптеп мысал келтіруге болады. Жұртқа таныс Тезек төре мен Түбектің, Сүйінбай мен Тезектің айтыстарын айтсақ та жеткілікті. Ең қызығы орны жоғары мәртебелі адамдар өзінен дәрежесі төмен халық ішінен шыққан ақынның не бір ауыр сөздерін естісе де оларға кектенбеген. Үшінші, айтыста мекендік шектеу де болмаған. Өлік жоқтап отырған әйелдер өз ара сөз таластырып кетсе, босанғалы толғатып жатқан әйелдің үстіне кіріп келіп онымен айтыса кету де сөкет саналмаған. Мысалы Ақмолла деген өзі ақын, өзі би адам болыпты. Ол өз ауылындағы бір қызбен көп айтысып жеңісе алмаған екен. Сөйтіп жүргенде әлгі қыз басқа бір елге ұзатылып кетіпті. Күндердің бірінде аң аулап жүрген Ақмолла жолдастарымен бірге боранды күні адасып кетіпті. Олар адасып жүріп бір ауылдың үстінен түседі. Ауыл шетінен кездескен бір адамнан ауыл жайын сұраса, әлгі ұзатылған қыздың барған ауылы екен. Осы ауылда біздің елдің бір қызы бар еді оны білесіз бе деп сұрай кетеді. Анау осы ауылдың иесі сол күйеу балаларың, бірақ үйінде өзі жоқ еді, қыздарыңыз толғатып жатыр дейді. Бұл хабарды естіген Ақмолла қызды бір жеңетін кезім келген екен деп ауылға тура тартады да әйел толғатып жатқан үйге кіріп барады. Есіктен Ақмолла кірген кезде-ақ, оның өзін іздеп айтысуға келгенін біле қойған әйел одан бұрынырақ :
“Дүниеге сәби келді ту дейін деп,
Мирасын ата ананың қу дейін деп.
Ақмолла бұл арада қайдан жүрсің,
Келдің бе әдейі іздеп шу жейін деп”, -
деп Ақмолланы сөйлетпей жеңген екен дейді.
Төртінші, айтыстың өзіне тән тағы бір ерекшелігі айтыста орнын тауып айтқан өтірік шектелмейді. Өйткені айтысты өнер ретінде бағалаған халқымыз қысылған жерде құтқаратын өтірік тауып айтуды, не қажетті жерінде қарсыласты мұқатып еңсеріп кететін өтірік тауып айтуды тапқырлықтың бір түрі деп бағалаған, ондайда “сөз тапқанға қолқа жоқ” ұстанымына жүгінген. Мысалы: Сәрінжіп деген ақын бір тойда бір әйелмен айтысып қалыпты. Бірін –бірі жеңе алмаған екі ақын ақыры ру мақтасуға көшеді. Әйелдің тілеп отырғаны да сол болса керек. Сәрінжіпке еліңізде бай көп екен, солардың қаншасы хажыға барды деп сұрап қалыпты. Ауылында хажға барғандар көп болмаса да Сәрінжіп сөзге сыйдырып “Біздің елден бір жылда барған екен сексен хажы” деп басып қалса керек. Бұл өтірікті жазбай танып, біліп отырған арасы жақын ауылдың әйелі Сәрінжіпті сүріндірудің жолын табады. Әрине, мұның өтірік мен білмейтін қайдағы хажы деп өңешін тоздырмай-ақ, “Сол сексен хажының есімін жаңылмай атап берсең мен жеңілейін” дейді. Сол –ақ екен Сәрінжіп ауылындағы өзі әзілдесетін жезделерін, әпенді шалыс жұртқа танымал адамдарды, жарлы-жықбайларды хажының санатына қосып сыпырта жөнеледі.
Сәрінжіптің ауылында Отыкей деген момын адам бар екен үнемі қолын қақшып отыратын әдеті бар осы адам Сәрінжіпке жезде болса керек хажының бірі сол Отыкей туралы:
“Отыкей қаршығанда қандай,
Бұлтқа қолы жеткен жандай еді.
Құдайдың үйін көрген жарықтығым,
Хажының өзі теңдес маңдайы еді”, -
деп жырлапты.
Бұл өтірікті жұрттың бәрі біліп отырса да сексен адамның атын бір жаңылмай бәрінің өзіне тән ерекше белгілерімен хажы ретінде атап шыққан да, жұртта разы болады, әйелде сөзінде тұрып жеңіліп жолын береді.
Айтыстың демократиясы сондай айтысып отырған екі ақынның артында ауыл аймағы, руы, ең кемінде дос-жаран таныс білісі дегендей өз адамдары тұрады. Олар өз ақындарының жеңуін тілейді, және соған мүдделі. Алайда, айтыс барысында олар өз ақынының сөзін ғана бағалап, қарсылас ақынның сөзіне көз жұмбайлық жасамаған, керісінше, қарсы жақтың ақынының тапқыр сөзін, ұтымды ойын да бағалай білген. Оны кейде ашық түрде мойындаса (Сүйінбай мен Қатағанның айтысындағыдай) , кейді сол майданда сыр бермегенмен іштей мойындап, ол ақынға құрмет етіп отыратын болған. Сондықтан қазақ өмірінде ақындар қайда барса да сыйлы құрметті болған.
Айтыс табиғатына тән тағы бір нәрсе жеңіс пен жеңілістің кілті не - де деген мәселеде. Мақтасып айтысқан айтыстарда екі ақынның қайсысы қарсыласы туралы тың ой айта алса, артық мақтай алса, қарсыласынан асыра мақтай алса сол жеңген болады. Жамандасумен басталған айтыстарда бұл екі түрлі сипат алады. Бірі жамандап басталған айтысқа жамандасып жауап қайтаратын болса, онда қарсыласынан асырып жер-жебіріне жетіп, бетін қайтара жауап айта алмастай етіп істен шығара айтқан ақын жеңеді. Мұндай айтысқа Кәрібай мен Әсеттің айтысы мысал бола алады. Айтыстың бір жерінде Әсет:
“Арғынның ерке болдым еліменен,
Шыңғыстың ат жүгірттім төріменен.
Кәрібай ауданыңды алдым байқап,
Қой жолдас болмайды екен бөріменен,
Далада құс қонбайтын бір шалшықсың,
Мұқиттың тең келмейсің көліменен”, -
дейді сонда.
Кәрібай:
“Мың қойды бастар суда серке болсаң,
Жайылған жүз кісілік көрпе болсаң.
Қаз мойын қазы шайнап , сұлу жайлап,
Арғында жүрмес пе едің ерке босаң”, -
деп жауап береді немесе
Әсет:
“Кәрібай оқымаған сен бір надан,
Наданның хат білмеген күні қараң
Перімнің ғайыптағы әбден жидым,
Менімен айтысасың қайсы арадан”, - дегеніне
Кәрібай:
“Бол алман әзір молла сенен оқып,
Жайғармын өз білгенім жатқа тоқып,
Бар болса моллалығың әкеңе қыл,
Кеудесін зар қағып жүр, кене шоқып” (Әсет пен Кәрібай), -
деп жауап береді.
Екінші жағдай жамандасып басталған айтысқа, керісінше, мақтап жауап берілетін болса, міндетті түрде сол жеңеді. Өйткені өзі сөзді жамандасып бастап алған ақын өз пікіріне қарсы келіп, қайтадан мақтасуға көше алмайды. Сондықтан ол тыңдарман жұрттың көзіне де сүйкімсіз, білімсіз, ибасыз болып көрінеді. Мейлі түре айтыс, мейлі сүре айтыс болсын бәрінде де ақынға қойылатын бір ғана талап бар. Бұл айтыстың басты шарты болып есептелді. Ол шарт айтыскер өз кезегінде өлеңді аз айтуды немесе көп айтуды өзі біледі. Дегенмен ол өз сөзінде екі түйінді қатар ұстау керек, бірі, қарсылас ақынның айтқан жауабына уәж айту яки оның пікіріне тойтарыс беру, екіншісі оған қарсы өз ойында толық жеткізу мысалы Құлманбетпен Жамбылдың айтысында Құлманбеттің Батырың сауырық Сұраншы жаудан өлген, - деген табалауына Жамбыл әуелі Сұраншы мен Сауырықтың жаудан өлгенін ол ездік емес, ерлік екенін айтып тойтарыс береді, сонан соң Құлманбеттің елінің мықтыларының қалай өлгенін айтып ажуалайды. Ақынның өзін сөйлетсек:
“Батыр Сауырық, Сұраншы жаудан өлген,
Халқы үшін шаһит болып жанын берген.
Елді қорғап өлгеннің арманы не,
Хажылық қып кетті ме Мақсұт ағаң,
Ағайынмен ұрысып даудан өлген.
Шапырашты Дулаттың бәрі куә,
Шытыр жеген өгіздей аунап өлген.
Мақтаған байларыңның оңғаны жоқ,
Төрт бұрышын төңіректің жалмап өлген”(Жамбыл мен Құлманбет), - дейді.
Айтыстың табиғатын тануда назар аударуды талап ететін түйіннің бірі жауаптасу тәсілі. Ақындар айтысында жауап қайырудың да үш түрлі жолы бар: бірі, тікелей жауап беру, екіншісі, жанама жауап беру; үшіншісі, тайсатпай жауап беру. Шарпыспа айтыстарда, сұрақ айтыстарда, жұмбақ айтыстарда, дін айтыстарында тікелей жауап беру көбірек қолданылады. Шалқып айтысқан сүре айтыстарда, әзіл айтыстарда, тайсатпай жауап пен жанама жауап беру көбірек ұшырайды. Жамбыл ақындардың айтысына араласқан кезде қазақ ақындарының айтыс традициясы кең дамып, белгілі бір Жамбылдың өз айтыстарында енді бір жаңа ақындық өнер жолына ұмтылудың беті бар еді. Жамбыл айтыстарының ішінде аяқталған шығарма – Құлмамбетпен, Сарбаспен, Досмағамбетпен айтыстары. Бұл айтыстарда көрінетін жаңа бет алыс алдымен ақынның өмір шындығын суреттеуге жақын отыруы, екіншіден жеке айтысты желілі шығарма дәрежесіне жеткізуі.
Жамбыл мен Нұрпейіс бастаған халық ақындары бас қосып отырғанда екеуіне де мынадай сұрау берілді: - Жәке, сіздің Сарбаспен айтысыңыз, Нүке, сіздің Қазақбаймен айтысыңыз қазақтың бұрынғы айтыстарына ұқсаңқырамайды, екі ақын да ұзақ жырлап, бір-бір қайырып тоқтап отырады, мұның мәні қалай, дегенімізде, Жамбыл отырып: - мұны желілі айтыс дейміз. Аты айтыс болғанымен, дастан ғой деді. Нұрпейіс отырып: - біздің елде айтыстың екі түрі болды – бірі түре айтыс, онымыз бұрыннан келе жатқан екі ақынның алма кезек, бірін-бірі ауыз өлеңмен қолма-қол қағысып, айтысу жолы.
Ал екінші: сүре айтыс – бұл Жәкең айтқандай желілі айтыс, мұны екі ақын кезектесіп, өзінің айтайын дегенін кеңінен толғап, ел тарихынан, бүгінгі күннен ұзақ жырлап кетеді. Сол ұзақ жыр тыңдаушыға қалай ұнаса, сол ақын жеңіп шығады. Шынында сүре айтыста ақын болмашы сөзден жаңылса, балуанның байқаусызда аяғынан шалып құлатқаны сияқты, оп-оңай жеңіліп қалады. Ал, сүре айтысында ақын көсіліп айтып, өзінің ақындық өнерін, білімін сарапқа салады, - деді. Жамбыл мен Нұрпейістің бұл айтқандары өздерінің тұсында туған айтыс түрлерін айыруға анықтама сияқты болды.
Біз әрбір айтыс аяқталған тұтас бір шығарма дедік. Бірақ ол қандай шығарма, лирикалы ма, эпикалы ма, әлде драмалы шығарма ма? Бұл мәселе осы күнге дейін әдебиетшілеріміздің арасында толық зерттеліп, анықталған емес. Рас, таза бір жанрда шығарма болмайды, эпикалы шығармада лирика араласып келеді, драмалы шығармада эпикалы сарын болуы мүмкін. Сондай-ақ кейбір лирикалы шығармалар сюжетті болып айтылады. Ал айтысты алатын болсақ онда лирикалық кезеңдер де, драмалық элементтер де бар. Сонымен бірге, ең ірі айтыстарда сюжетті эпикалы шығарманың желісі болады. Мәселен: Біржан мен Сара айтысын, Ақсұлу мен Кеншінбай, Дәме қыз бен Мансур, Шөже мен Орынбай айтыстарын аяқталған сюжетті поэмалар деуге болады. Бұл айтыстарда әуелі тойдың, жиынның болғаны, екі ақынның қалай кездесіп айтыса бастағаны суреттеледі, онан кейін айтысушы ақындардың жеке басындағы оқиғалардың баяндалуы, айтыстың қызып, драмалық тартысқа, ерегіске айналып барып, бір жағының жеңуімен оқиға түйінінің шешілуі, айтыстың қорытындысында екі ақынның бір-біріне беретін сыны-бағасы – айтыс жанрының сюжетті шығарма екенін көрсетеді.
Жамбылдың айтыстары да осындай сюжетті шығармалар түрінде жатады. Құлмамбетпен айтысында жиынды суреттеуі, екі ақынның егесі, екеуінің ел өмірінен алған фактісі, айтыс үстіндегі шиеленісуі де бар. Ал Сарбаспен, Досмағамбетпен айтыстары жоғарғы аталған айтыстардан да сюжеттік мотиві кең. Бұл сүре айтыс. Мұнда жеке батырлардың жорығы да, ел тарихының шежіресі де, тарихи аңыз, оқиғалар да, қоғамдық өмірдің шындық бейнесі де зор алуан адамдардың образы да таратылып, айқын жырланған. Сондықтан, Жамбыл айтыстарын әрі айтыс ретінде, әрі сюжетті дастан ретінде тану қажет.
Жамбыл мен Құлмамбет айтысы: Үлкен жиында Құлмамбет тоғыз ақынды бірдей жеңіп, өзіне тең келетін ақын жоқтығын айтып, тасып отырады. Осы елде Жамбыл деген ақын бар дейді, маған шақырып келтір деп тілек білдіреді. Жамбылды Құдайберген деген той иесі шақырып алдырады. Жамбыл келгеннен кейін Құлмамбет Албан, Дулаттың байлығын, салтанатын айтып мақтанады. Шапырашты кедей, Сұраншы, Саурық дегендері4 ажалынан өлмей, жаудан өлген. Өзің кескінсіз екенсің деп сөгеді. Жамбыл оған қарсы Шапырашты елінің байлығын, Алматының салтанатын мақтай келіп, Сұраншы, Саурықтың өлімі ерлік өлім екенін, ол ерлердің жорық тарихын зор мақтан етіп жырлап, байлыққа батырлықты қарсы қояды. Шапыраштының адамдары елді жаудан қорғап өлетін болса, сенің ағаң Мақсұт ағайынымен ұрысып, аяқ-асты даудан өлді, сен мақтаған байлардың көк есектей ақмақ, елге тигізген түк пайдасы жоқ, айналасын жалмап жеумен келе жатқандар, олардың бірде-бірін Сұраншы, Саурықтың ширегіне алмаймын, мені қара күңнің баласы деп кемітсең, сен өзің қашып келген ақтабан ұрысың, басыңда бір тал қыл жоқ, деп кемітіп жырлайды. Жамбылдың дәлелі басым болып Құлмамбет жеңіледі.
Тарихи ерлерді жырлау идеясы Сарбаспен айтысында тереңдей түседі. Бұл айтыстағы Жамбылдың жыры жеке адамдарды, не елін мақтау көлеміндегі жыр емес, Ұлы жүздегі қазақ тарихының басынан кешкен, азаттық, тәуелсіздік жолындағы күрестерді, сол күрестерді бастаған елдің батыр басшыларының образын суреттеген дастан. Ел, Отан мақсаты дегенді Жамбыл енді кең түсініп жырлайды:
“Жетісуда қазақтың
Көрген күні кем еді.
Жан-жағынан күнде жау
Елге тыныштық бермеді.
Бір жағынан қырғыздың
Орман ханы ойқастап,
Күнде мазаны алады.
Үшінші жақтан Қоқанның
Беклербегі қоқаңдап,
Әскерімен топырлап
Ауыр салмақ салады”.
Бұл суреттеуінде ақын айнала жаудың, дамылсыз шабуылына ұшыраған Жетісудағы қалың қазақ елінің басынан кешкен ауыр халін айқын елестетеді. Елдің мұндай қорлықта, талауда болуы – үнемі тәуелсіздік, азаттық жолындағы күресті тудырып отырады. Қоқан үстемдігі, оған қарсы Ұлы жүз қазақтарының азаттық күресі, Сүйімбайға, онан кейін Жамбылға негізгі тақырып болды.
Айтыста үш түрлі тарихи және аңызды оқиға алынады, жағымды үш адамның образы дараланып жырланады: бірі – Бәйдібектің аулының шабуылы, балалары жау қолынан өлуі, сол қиын жағдайда ері менсінбеген, күндес бәйбішенің қорлығына ұшыраған, бірақ елінің намысын жоқтай білетін ақылды Домалақ ананың образы жырланады. Домалақ, онан туған Жарықшақ бала, одан тараған рулар ел аузындағы аңызды ертегі ғана. Аңыз, әңгіме, ертегі сарыны Жамбылдың айтыстарының бәрінен де кездеседі. Қазіргі айтыс өнерінің өресін биіктетіп жүрген ақындардың қатарында бірқатар есімдерді сенімді түрде атауға болады. Сөз өнерінің қадірін ұғып, қасиетін түсінетін айтыскерлердің көмейінен төгілген жыр жолдарының көркемдігіне, үйлесімділігіне назар салғанда, әрине поэзиядан кездесетін қуаттылықты, сұлулықты іздейміз. Осы тұрғыдан келгенде қазіргі айтыс өнерінің барынша дамып, жазба поэзияның бар табиғатын бойына сіңіргенін аңғаруға болады. Негізінен, айтысқа керегі – тапқырлық, суырыпсалмалық, дәлдік, шапшаңдық. Осы қасиеттерді қуатты өлең сөзбен, үйлесімді ұйқаспен өрнектеп жеткізу көп шеберлікті қажет етеді. Айтысты фольклортанушы ғалымдар дербес шығармашылыққа негізделген аралық поэтикалық жанрға жатқызады. Яғни, оның бойына әрі фольклорға, әрі жазба әдебиетке тән белгілер жинақталған. Жанрлық табиғаты күрделі айтыс өнерінің дамуы, жетілуі, өсіп-өркендеуі заңды құбылыс. Бұл жерде айтыскер ақындардың шеберлігі мен дағдысына, әдіс-тәсіліне, дарын деңгейі мен талғамына ерекше салмақ түседі. Қазіргі айтыстың жалауын желбіретіп жүрген барлық өнер иелеріне, әрине, халықтың алғысы шексіз. “Бақ шаба ма, бап шаба ма” дегендей өнер додаларында алдан көрініп жүрген саңлақ айтыскерлер, айтыстың туын құлатпай келе жатқан ардагер айтыскерлердің сөз сайысын сараптағанда қадау-қадау ерекшеліктерді айтып өткен жөн.
Ең әуелі, арғы ғасырлардан келе жатқан дәстүрлі сөз өрнектерін жаңғырта, жаңарта қолдану, ұлттық қасиетті бойына мол сіңірген қанатты сөздерді құбылта жеткізуді айтуға болады. Бұдан соң заманның үлкен-үлкен мәселелерін толғайтын жүйелі тақырыптық толғау түріндегі айтыстарды айтамыз. Және жарасымды әзіл, орайлы шенеу де айтысты қызықты етер бір ерекшелік. Сонымен қатар, қарсыласының қапысын аңдыр қырағылық, көңіл-күйіне әсер етер сезімталдық, өзіне қойылар сауалға жауап бере алар тапқырлық, осылардың бәрін үйлестіре білер шапшаңдық әр ақында өзінше бөлек көрінеді. Қазіргі айтыстың көркемдік сипаты туралы айтқанда Мэлс Қосымбаевтың кең құлашты эпикалық тынысын, Бекарыс Шойбековтің қарсыласының осал жерін қапысыз аңғарар қырағылығы мен тапқырлығын, Мұхаметжан Тазабековтің мағынасы зор, мазмұны терең поэтикасын, Жібек Болтанованың батылдығы мен алғырлығын, Ақмарал Ілеубаеваның жарасымды назы мен сезімталдығын, Әбілқайыр Сыздықовтың екпінді қарқынын, Айнұр Тұрсынбаеваның уытты да тапқыр сөздерін, Балғынбек Имашевтың орайын келтіріп, жүйесін тауып айтар өткір әзілін, Дәулеткерей Кәпұлының қазақтың көне сөздерін әрлендіре толғайтын тіл байлығын, Лена Әбіхалықованың салмақты да сара сөзін, сол сияқты басқа да әрбір ақынның өзіндік даралықтарын талдап айтуға болады. Бұл аталғандар айтыс өнеріне 90-жылдары келген буын. Бұл буынның былайша қуатты, тегеурінді болып келуіне, әрине, айтыстың алдыңғы буын өкілдерінің ұстаздық, өнеге берушілік қызметтері зор екенін баса айту керек. Айтар жерін жеткізе, тіліп айтар ащы тілді, әзіл-қалжыңы қалмай жүретін Есенқұл Жақыпбеков пен Шорабек Айдаров айтыс өнерін дамытуда өзіндік үлестерін қоса білді. Сол сияқты Абаш Кәкенов, Айтақын Бұлғақов, Әсия Беркенова, Әселхан Қалыбекова, Қонысбай Әбілевтердің, Серік Құсанбаевтің, Баянғали Әлімжановтың айтыста өзіндік орындары болғаны ақиқат. Осы буынның алдында Манап Көкенов, Тәушен Әбуова, Көкен Шәкеев, Қатимолда Бердіғалиев сияқты айтыс саңлақтары тұлға болып тұрды.
Айтыс өнерінің көркемдік сипатын саралағанда ең басты назар аударар нәрсе - әр ақынның өз даралығы, ерекше бітімі. Дәстүрлі өнерге қойылар осы эстетикалық талап еш уақытта да ескірмейді. Әр түрлі сахналық сөз сайыстарында ақындар тілімен өрілген шумақтардың адам жанын қуанышқа бөлер әсерлілігі көрерменнің жүрегінде сақталады. Сондай әдемі сөз өрнектерінен көптеп мысалдар келтіруге болады.
Мәселен, Мэлс Қосымбаевтың Мұхаметжан Тазабековпен сөз қағысындағы:
Байқасаңыз, халайық,
Айтыс деген – асқардай.
Асқарды қарап тұратын
Бұл халықтың көңілі
Биіктегі аспандай –
деген сөзі айтысқа қойылар биік талапты түсіне білетіндігін, өнерді жоғары бағалайтын ақын ниетін аңғартады. Мэлс айтысында сонау ғасырлардағы жыраулар дәстүрі, ұлттық мінез, салт молынан көрініс беретінін айтқан жөн. Мысалдар келтірсек:
Алдыңа сар желдіріп мен де келдім,
Желдіртіп сағыныштың сары атанын.
Немесе:
Қашаған - өлең қаз болып,
Қаңқылдап маған қайта кел,
Сүйінбай - өлең саз болып,
Сұңқылдап маған қайта кел,
Құдайдың берген бақыты.
Жанданып жатса қайта өнер,
Тірісі – тілге тоқталған
Айтысым – алмас, мәрт өнер...
Бекарыс Шойбеков айтысына назар аударғанда ең әуелі аңғарарымыз – қарсыласының өнері мен дарынына ілтипат білдіре келіп, осал жерінен оңдырмай ұстар қырағылықты, шалып айтар шапшаңдықты айрықша айтамыз. Бекарыс пен Оразалының сөз қағысуынан мысалдар келтірер болсақ, Бекарыс:
Арының болып бүгін селден бетер,
Арыстан – Қарабастай желден бетер.
Беліңді бес ақынға будым дейсің.
Қалайша бүгін намыс ерден кетер.
Белбеуіңді бекемдеп бір байлашы
Не бел кетер, немесе белбеу кетер, -
десе, Оразалы:
Бел кетпес, кетпесе егер белбеу еріп,
Ал енді өлең-жырдан теңге беріп
Қолға алып домбыраны шыққаннан соң
Қанжығаға көкпарды өңгерелік,
Өрмекші торындағы шыбындай ғып
Тұрқыңды тастайын ба сөзбен өріп, -
деп жауап қайырады. Одан әрі Бекарыс:
Демеймін сенен мықты атанармын,
Өлкеден әулиелі бата алармын
Өртіңмен өртеймін деп өлерменім,
Алдыма көлденеңдеп жата қалдың,
Сүйінбайды жеңем деп мұрттай ұшқан
Күйін кешіп жүрмеші Қатағанның, -
деп, оңтайлы да орайлы тосқауыл қояды. Айтыс өнерінде өз ерекшелігімен дараланып жүрген Дәулеткерей айтысының табиғатына үңілсек, ішкі және сыртқы ұйқастардың соншалықты үйлесіммен құйылып түскеніне риза боласың. Айталық:
Жұртымды бөлеп жырдың құндағына
Салиқалы сөз айттым сындарыңа.
Махаббатпен жыр сыйлап мәуелі елге,
Шапағатпен үн қаттым шыңдарыңа
Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Сол сияқты Балғынбек Имашевтің әзіл сөздері бүгінгі айтыс өнерінің әрі деуге болады. Замандасына, үлкен мен кішіге қарата айтылған әзілдерінің соншалықты ұтқырлығы Балғынбекті ерекшелеп тұрар даралық. Қазақ халқының жиі айтылатын қанатты сөздерін айтыстағы өз мақсатына орай өңдендіре, түрлендіре қолдануға шебер ақынның бүгінгі айтыстың дамуына қосып жүрген өзіндік үлесі бар екенін атап айтқан жөн. Әзілі жарасқан замандас қыз-келіншектермен айтысына назар салғанда соншалықты үйлесімді айтылған жолдарға кез боласың. Мәселен:
Тиісіп өзі тұрғанда
Шалғынға Балғын шалғы сал,
Қыздардан қарғыс алғанша
Келіншектен алғыс ал.
Бұл сияқты мысалдарды көптеп келтіруге болады.
Дегенмен, “әттеген-ай” дегізетін тұстарды да сөзімізден қалдырмағанымыз жөн. Бұл айтыстың өресі биік болуы үшін қажет.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   21   22   23   24   25   26   27   28   ...   43




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет