1- такырып. Әкімшілік мәжбүрлеу


-тақырып. Азаматтық іс жүргізудегі құқықтық қатынастар



бет5/5
Дата14.06.2016
өлшемі374.5 Kb.
#135134
1   2   3   4   5

13-тақырып. Азаматтық іс жүргізудегі құқықтық қатынастар

1. Азаматтық іс жүргізудегі құқықтық қатынасының ұғымы және элементтері

2. Азаматтық іс жүргізудегі құқықтық қатынастарының объектісі мен мазмұны

3. Азаматтық іс жүргізудегі құқықтық қатынасының субъектілері және оларды топтастыру



1-сұрақ. Азаматтық іс жүргізудегі құқықтық қатынастың ұғымы және элементтері Құқықтық қатынас - құқық нормаларымен реттелген, құрамында өзара алмасылып отыратын құқықтар және міндеттермен айшықталған құқық субъектілері арасында заңдық байланысы бар қоғамдық қатынастар. Азаматтық іс жүргізу қатынасы құқық қорғау қатынастарына жатады. Олардың пайда болуы, өзгертілуі және тоқтатылуы заңдық жағдаяттармен, заңдық маңызы бар нақтылы мән-жайлармен байланысты, олармен құқық нормасы азаматтық іс жүргізу құқық субъектілерінің іс жүргізу құқықтары мен іс жүргізу міндеттерінің пайда болуы, өзгертілуі және тоқтатылуын байланыстырады. Бұл қатынастардың ерекшеліктері мыналар: олар азаматтық іс жүргізу құқықтың нормаларымен тікелей белгіленген; ерекше субъективтік құрамы, яғни іске қатысушылардың құрамы; бірлігі мен біріктік; ара-қатынасында. Азаматтық іс жүргізу қатынастары сотқа талап арыз, арыз және шағым берген кезде пайда болады. Азаматтық іс жүргізу құқықтары мен азаматтық іс жүргізу міндеттері азаматтық іс жүргізу қатынастарының мазмұнын құрайды. Азаматтық істерді қарап шешуде азаматтық іс жүргізу құқық қатынастарының мынандай түрлерін байқауға болады: негізгі, қосымша және қызметтік-көмек көрсетушілік. Негізгі іс жүргізу құқық қатынастары талап қоюмен іс жүргізу, ерекше талап қоюмен іс жүргізуде сот пен тараптар (талап қоюшы және жауапкер) арасында және ерекше іс жүргізуде сот пен арыз беруші арасында болады. Қосымша іс жүргізу құқық қатынастары іс бойынша қорытынды беру үшін прокурордың, мемлекеттік органның немесе жергілікті өзін-өзі басқару органның қатысуымен өткенде (АІЖК-тің 55, 57 баптары), сондай-ақ үшінші тұлғалардың қатысуымен өткенде (АІЖК-нің 52, 53 баптары) туындайды. Қызметтік-көмек көрсетушілік іс жүргізу құқық қатынастары іс бойынша өз қызмет бабы бойынша көмек көрсету үшін аудармашының, сарапшының, куәлардың, қоғамдық өкілдердің қатысуымен өткенде туындайды. Азаматтық іс жүргізу құқық қатынастарының ерекшелігі оның биліктік сипатында, яғни биліктік қатынастылығында. Азаматтық іс жүргізу құқық қатынастарының субъектілері – сот және өзге сот ісін жүргізуге қатысушысы – билік және бағынушылық қатынаста болады. Оған дәлел ҚР Конституциясының сот билігін бекітуі. Жоғарыда айтылғанның бәрі азаматтық іс жүргізу құқық қатынасының түсінігіне анықтама беруге болатынын білдіреді. Сонымен азаматтық іс жүргізу құқық қатынасы – бұл субъективтік құқықтармен заңмен қорғалатын мүддені қорғау үшін сот пен өзге азаматтық процестің қатысушылары арасындағы азаматтық іс жүргізу құқық нормаларымен реттелген қоғамдық қатынастар.

2-сұрақ. Азаматтық іс жүргізу құқық қатынастарының объектісі мен мазмұны Азаматтық іс жүргізу құқық қатынастарының объектісін 2 түрге бөліп қарастыруға болады: жалпы және арнайы. Жалпы объект – сотпен қаралып, шешілуге немесе қорғалуға жататын материалдық-құқықтық дау немесе заңмен қорғалатын мүдде. Арнайы объект – нақты, белгілі құқық қатынасын жүзеге асыруда жасалатын қорытынды (мысалы, сот пен сарапшы арасында азаматтық іс жүргізу құқық қатынасының объектісі болып осы сарапшының өзінің арнайы білімі негізінде іс үшін мәні бар фактілер туралы қорытындысы). Азаматтық іс жүргізу құқықтық қатынастың мазмұны – азаматтық процестегі субъектілерінің іс жүргізу құқықтары мен міндеттері, ал кейбір процессуалистердің пікірінше (А.А.Мельников) субъектілердің мінез-құлқы, яғни өз құқықтары мен міндеттерін жүзеге асырудағы әрекеттері.

3-сұрақ. Азаматтық іс жүргізу қатынастың субъектілері және оларды топтастыру Азаматтық іс жүргізу қатынастарының субъектілері азаматтар мен заңды тұлғалар бола алады. Соның қатарына азаматтық іс жүргізу қатынастарына шетел азаматтары, азаматтығы жоқ адамдар және шетелдік заңды тұлғалар қатыса алады. Процеске қатысушылардың бәрін, олардың іске қатынастығына орай, белгіленген топтарға бөлінеді: сот, іске қатысушылар және сот төрелігін жүзеге асыруына жәрдемдесушілер. Сот азаматтық іс жүргізу қатынасының міндетті субъектісі ретінде қаралады. Республикада азаматтық, төрелік, қылмыстық және басқа да істерді қарайтын, соттардан тыс ешқандай орган жоқ. Сот азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін қорғайтын, ол бұзылған жағдайда оны қалпына келтіретін барынша ықпалды нысан болып табылады. Соттар қайсыбіреулердің еркіне қарамастан тек Конституция мен Республика заңдарына сәйкес, өздеріне Республика атынан берілген билікті жүзеге асырады, іс жүргізу нысанында заңмен белгіленген сот ісін қарауға процесс мүшелерінің барлығының да белсенді түрде қатысу мүмкіндігін қамтамасыз етеді, істің ақиқатын ашады және ол бойынша заңды және негізделген шешім шығарады. Соттарға мемлекеттік мәжбүрлеуді қолдану құқығы берілген. Сот азаматтық және шаруашылық істер жөніндегі шешімдерімен кінәлі тараптарды (талап қоюшыны немесе жауапкерді) тиісті тәртіпке шақырады, оларды міндеттері мен жауапкершілігін орындауға, оның ішінде жауапкердің есеп шотынан талап қоюшының пайдасына ақшалай қаражат өндіртуге не мүліктерін өндіруге мәжбүрлейді. Істі сот отырыстарында қарау мен шешу ҚР Конституцияның 77-бабында және ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексінің жалпы бөлімінің 2-ші тарауында аталған принциптерге негізделеді. Іске қатысушыларды азаматтық іс жүргізу құқықтық қатынастардың субъектері ретінде танимыз. Олардың құрамына ҚР Азаматтық іс жүргізу кодексінің 44-бабына сәйкес: тараптарды (талап қоюшы мен жауапкерді); үшінші тұлғаларды (даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдейтін және даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін); прокурор; мемлекеттік органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдар; ҚР АІЖК 56,57-баптарымен көрсетілген негіздер бойынша процеске қатысатын ұйымдар немесе жеке адамдар; арыз берушілер және басқа да мүдделі тұлғаларды (ҚР АІЖК 289-бабы) жатқызамыз. Сот төрелігін жүзеге асыруына жәрдемдесушілер - азаматтық іс жүргізу құқықтық қатынастарының субъектілері. Олар қатарына: аудармашы, куә, маман, сот приставы, сот хатшысы, сот орындаушысы, өкіл және т.б. жатқызылады.

14-тақырып. Азаматтық іс жүргізудегі (процестегі) тараптар

1. Азаматтық процестегі тараптар түсінігі

2. Тараптардың азаматтық іс жүргізу құқықтары мен міндеттері.

3. Іс жүргізуге тең қатысушылық және оның түрлері

4. Іс жүргізу құқық мирасқорлығы

5. Азаматтық процесте тиісті және тиісті емес тараптар


1-сұрақ. Азаматтық процестегі тараптар ұғымы Азаматтық іс жүргізудегі тараптар іске қатысушы тұлғалар қатарына жатады (АІЖК-нің 44 бабы). Жеке тұлға болсын, заңды тұлға болсын (кәсіпорын, мекеме, ұйымдар) өздеріне келтірілген зиянды сот арқылы өндіріп алуға хақысы бар. Тараптар – сотта субъективтік құқықтары немесе заңмен қорғалатын жеке мүддесі туралы даулары қаралып және шешілуге тиіс іске қатысушы тұлғалар. Тараптар деп талап қоюшы мен жауапкерді атайды. Талап қоюшы мен жауапкер ретінде жеке тұлғалар (ҚР-ның азаматы, шетел азаматы және азаматтығы жоқ адам) мен заңды тұлғалар (мекемелер, ұйымдар және кәсіпорындар) болып табылады. Талап қоюшы – сотқа талап арыз беру арқылы өзінің субъективтік құқықтары мен заңмен қорғалатын мүддесін қорғаушы тұлға. Қазіргі азаматтық іс жүргізу заңында талап қоюшының азаматтық процеске қатысуының 2 негізі көрсетіледі: 1-ден, талап қоюшы өз мүдделері және құқықтарын көздеп талап қою арқылы қатысады; 2-ден, басқа тұлғалардың құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін қорғау үшін сотқа жүгінеді. Бірінші жағдайда талап қоюшы іс жүргізуін өзі бастайды, ал екінші жағдайда ол іске қатысуға соттан рұқсат сұрайды. Жауапкер – талап қоюшының талабы бойынша сот алдында жауап беретін тұлға. Талап қоюшының айтуынша жауапкер оның субъективтік құқығын немесе заңмен қорғалатын мүддесін бұзып не дауға салып отыр. Талап қоюшы мен жауапкер – сотта қаралуға жататын даулы құқық қатынасының немесе заңмен қорғалатын мүдденің субъектілері. Азаматтық іс жүргізуде тараптар ретінде қатысушы үшін азаматтық іс жүргізу құқық қабілеттігі (АІЖК-нің 45 бабы) болуы тиіс, ал сотта өзінің іс жүргізу құқықтарын жүзеге асыру үшін азаматтық іс жүргізу әрекет қабілеттігі (АІЖК-нің 46 бабы) қажет. Азаматтық іс жүргізу құқық қабілеттігі – азаматтық іс жүргізу құқықтары мен міндеттеріне ие болу қабілеттілігі, материалдық құқық субъектілері болып табылатын барлық азаматтар мен ұйымдар үшін бірдей дәрежеде танылады. Азаматтарға азаматтық іс жүргізу құқық қабілеттері туғаннан беріліп, өлгенде ғана тоқтатылады. Азаматтық іс жүргізу әрекет қабілеттігі – сотта құқықтарын өз іс-әрекетімен жүзеге асыру және міндеттерін орындау, іс жүргізуді өкілге тапсыру қабілеттігі. Заңды тұлғаның азаматтық іс жүргізу құқық қабілеттігі мен әрекет қабілеттігі мемлекеттік тіркеуден өткен кезде және оны куәландыратын сәйкесті құжат болғанда басталады. Азаматтардың іс жүргізу әрекет қабілеттілігі толық көлемде 18 жасқа толғаннан кейін ғана басталады. 16 жасқа толған ата-анасының рұқсатымен үйленген немесе шарт бойынша кәсіпкерлік іс-әрекетпен айналасатын болса оны толық азаматтық іс жүргізу әрекет қабілеті бар деп танимыз. 14-18 жасқа дейінгі кәмелетке толмағандардың, сондай-ақ әрекет қабілеті шектеулі деп танылған азаматтардың құқықтарын, бостандықтарын және заңмен қорғалатын мүдделерін сотта олардың ата-аналары немесе өзге де заңды өкілдері қорғайды, алайда сот мұндай істерге кәмелетке толмағандардың немесе әрекет қабілеті шектеулі деп танылған азаматтардың өздерін тартуға міндетті.

2-сұрақ. Тараптардың азаматтық іс жүргізу құқықтары мен міндеттері ҚР АІЖК 48-бабының 5 бөлігіне сәйкес: тараптар іс жүргізу құқықтарын тең пайдаланады және бірдей іс жүргізу міндетін мойнына алады деген. Тараптардың азаматтық іс жүргізу құқықтарын: жалпы және арнайы деп бөліп қарастырса болады. Жалпы – бұл тараптардан басқа да іске қатысушы тұлғаларға тән құқықтар: іс материалдарымен танысуға, олардан үзінділер жазып алуға және көшірмелер түсіруге, қарсылықтарын мәлімдеуге, дәлелдеме табыс етуге және оларды зерттеуге қатысуға және т.б. (ҚР АІЖК 47-бабы). Арнайы - ҚР АІЖК 32, 49, 50, 156, 158 және т.б. баптарында көзделген. Мысалы, талап қоюшы талаптың негіздемесін немесе нысанасын өзгертуге, талап қою талабының мөлшерін ұлғайтуға не азайтуға немесе талап қоюдан бас тартуға құқылы. Жауапкер талап қоюды толық не жартылай тануға, немесе талаптан бас тартуға құқылы. Тараптардың азаматтық іс жүргізу міндеттерін: жалпы және арнайы деп бөліп қарастырса болады. Жалпы – тараптар өздеріне берілген барлық іс жүргізу құқықтарын адал пайдалануға, сот отырысындағы тәртіпті сақтау, сотта төрағалық етушінің қаулыларына бағынуға тиіс. Арнайы – ол азаматтық іс жүргізудің сатыларына және нақты іс жүргізу әрекеттердің мінезіне байланысты. Осылай, талап қоюшы сотқа өзі ұсынған талап арызында міндетті түрде заңда көрсетілген мәліметтер бар болу керек (ҚР АІЖК 150-бабы); әр тарап (талап қоюшы мен жауапкер) өзінің талаптарының және қарсылықтарының негізі ретінде сілтеме жасайтын мән-жайларды дәлелдеуі тиіс (ҚР АІЖК 65-бабы).

3-сұрақ. Іс жүргізуге тең қатысушылық және оның түрлері Іс жүргізуге тең қатысушылық - бұл бірден азаматтық процесте талап қоюшы не жауапкер жағында немесе екі тараптар (талап қоюшы мен жауапкер) жағынан бір-біріне мүдделері қайшы келмейтін бірнеше тұлғалар қатысуы. ҚР АІЖК 50-бабында: "Талапты бірнеше талап қоюшы бірлесіп қоюы немесе оның бірнеше жауапкерге қойылуы мүмкін. Талап қоюшылардың немесе жауапкердің әрқайсысы екінші тарапқа қатысты процесте дербес болады. Тараптар (талап қоюшы мен жауапкер) іс жүргізуді тиісінше тең талап қоюшылардың немесе тең жауапкерлердің біреуіне тапсыра алады". Егер іске бірнеше талап қоюшының қатысуы болса, онда олар тең талап қоюшылар деп аталады. Егер іске бірнеше жауапкердің қатысуы болса, онда олар тең жауапкерлер деп аталады. Теория жүзінде бірігіп қатысушылықты екі мағынада қарастырады: процессуалдық-құқықтық мағынада; материалдық-құқықтық мағынада. Процессуалдық-құқықтық мағынада ол 3 түрге бөлініп қаралуы мүмкін: 1-ші түрі – белсенді бірігіп қатысуы – сотта талап қоюшы ретінде бірнеше тұлғаның қатысуы (екеу және одан көп қатысуы), мысалы 3 талап қоюшы мен 1 жауапкердің қатысуы; 2-ші түрі – еңжар бірігіп қатысуы – сотта жауапкер жағынан бірнеше тұлғаның қатысуы (екеу және одан көп қатысуы), мысалы 1 талап қоюшы мен 3 жауапкердің қатысуы; 3-ші түрі – аралас бірігіп қатысуы – бірден сотта талап қоюшы мен жауапкер жағынан бірнеше тұлғаның қатысуы, мысалы 3 талап қоюшы мен 3 жауапкердің қатысуы. Материалдық-құқықтық мағынада 2 түрде қарастырылуы мүмкін: 1-ші түрі – қажетті (міндетті) – заң бойынша іске барлық қатысушылардың (талап қоюшы не жауапкер ретінде) қатысуын міндетті түрде тілейді, мысалы ортақ мүлік бөлуде өз ұпайын белгілеу; 2-ші түрі – факультативті (міндетті емес) – бірігіп қатысуын міндетті түрде тілемейді, яғни іс бойынша бірнеше талап қоюшылардың немесе бір ғана талап қоюшының бірнеше жауапкерлерге жеке және бір-біріне байланыстырмай қаралуын білдіреді. Бірнеше талап қоюшы талаптар қойған немесе талаптар бірнеше жауапкерге қойылған кезде сот, егер талаптарды ажыратып қарауды неғұрлым дұрыс деп тапса, бір немес бірнеше талапты жеке іс жүргізуге бөлуге құқылы (АІЖК-нің 171 б. 2-ші бөлігі). Судья осы соттың іс жүргізуінде дәл сол тараптар қатысатын біртектес, не бір талап қоюшының әр түрлі жауапкерге немесе әр түрлі талап қоюшылардың бір жауапкерге қойған талабы бойынша бірнеше іс бар екенін белгілеп, егер мұндай біріктіруді дұрыс деп тапса, бұл істерді біріктіріп қарау үшін бір іске біріктіруге құқылы (АІЖК-нің 171 б. 3-ші бөлігі). Басқа тең қатысушылардың тапсырмасы бойынша тең қатысушылардың біреуі сотта өкіл бола алады (АІЖК-нің 59 б. 6-шы бөлігі).

4-сұрақ. Іс жүргізу құқық мирасқорлығы Іс жүргізу құқық мирасқорлығы – бұл даулы не сот шешімімен анықталатын құқықтық қатынасының іс жүргізуінен жақтардың біреуінің шығуына байланысты істе тарап немесе үшінші тұлға болып танылатын тұлғаны ауыстыру. Іс жүргізу құқық мирасқорлығы материалдық құқық бойынша келесі жағдайларда болады: Жалпы (универсалды) мирасқорлық (мұрагерлік, заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуы); Сингулярлы мирасқорлық, яғни жеке субъективтік құқық мирасқорлығы (талапқа жол беру немесе басқа тұлғаның қарызын өзіне аудару). Материалдық құқық бойынша мирасқорлыққа жол берілмейтін жағдайда онда іс жүргізу құқық мирасқорлығы да болмайды, мәселен талап ету құқық талап қоюшы немесе жауапкер тұлғаларымен тығыз байланыста болса (неке бұзу, алименттер өндіріп алу, жұмыс орнына қайта тұрғызу туралы талаптар бойынша), сондай-ақ мирасқорлық заңға не шартқа қайшы болса (ҚР АК 190 б.). Құқық мирасқорлығы процестің кез келген сатысында мүмкін болады. Құқық мирасқордың процеске кіруі соттың ұйғарым шығарумен белгіленеді. Құқық мирасқоры процеске кіру кезінде өзінің мирасқорлығын негіздеуге тиіс, мысалы мұрагерлікте мұрагерлік құқы туралы куәлік, заңды тұлғаның қайта ұйымдастырылуында сол туралы құжат, талапқа жол беру немесе борышты ауыстыру туралы сәйкесті шарттар. Құқық мирасқоры процеске кіргенге дейін жасалған барлық әрекеттер құқық мирасқоры үшін бұл әрекеттер құқық мирасқоры ауыстырған тұлғаға қаншалықты міндетті болса, сондай шамада міндетті.

5-сұрақ. Азаматтық процесте тиісті және тиісті емес тараптар Тиісті тараптар (талап қоюшы мен жауапкер) – нақты азаматтық іс бойынша азаматтық іс жүргізудің нағызғы қатысушылары, яғни тарапты іс материалдары бойынша даулы құқық қатынасының субъектісі болуы мүмкін деген болжау. Тиісті емес тараптар (талап қоюшы мен жауапкер) – нақты азаматтық іс бойынша азаматтық іс жүргізудің нағызғы қатысушысы емес, яғни даулы құқық қатынасының субъектісі болуы мүмкін деген болжау іс материалдары бойынша жоққа шығарылған тарап. Тиісті емес тарап болып тиісті емес талап қоюшы немесе жауапкер танылуы мүмкін. Тиісті емес тарап – азаматтық іс жүргізу құқық қабілеттігі бар тұлға. Ол тараптың барлық іс жүргізу құқықтары мен міндеттеріне ие болады, яғни іс бойынша тарап болып танылады. Сондықтан сот тиісті емес талап қоюшымен немесе тиісті емес жауапкерге талап қоюда талап арыз қабылдаудан бас тартуға болмайды. Тиісті емес жауапкер тиістімен мына жағдайда ауыстырылуы мүмкін: сотпен - өз ықыласы бойынша (ҚР АІЖК 170 б. 3 б.) талап қоюшының өтініші бойынша (ҚР АІЖК 51 б. 1 б.) Барлық жағдайда диспозитивтік принципке сәйкес тиісті емес жауапкерді тиістімен орын ауыстыруда талап қоюшының келісімі керек (ҚР АІЖК 51 б. 2 б.), ал тиісті емес жауапкердің тиістімен орын ауыстыруда келісімнің қажеті жоқ. Сот істі дайындау үстінде немесе бірінші сатыдағы сотта оны қарау кезінде талап бойынша жауап беруге тиісті емес адамға талап қойылып отырғанын анықтаса, істі тоқтатпай талап қоюшының өтініші бойынша тиісті емес жауапкерді тиісті жауапкермен ауыстыра алады. Тиісті емес тарапты тиістімен орын ауыстырған жағдайда сот сәйкесті ұйғарымын шығарады. Тиісті емес жауапкерді тиісті жауапкермен орын ауыстыру Оның екі жолы болады: Жолдары Оның көрінісі (қортындысы) 1. талап қоюшы тиісті емес жауапкерді тиісті жауапкермен орын ауыстыруға келісім берсе Сот тиісті емес жауапкерді тиісті жауапкермен орын ауыстырады 2. талап қоюшы тиісті емес жауапкерді тиісті жауапкермен орын ауыстыруға келісім бермесе Сот тиісті емес жауапкерді екінші жауапкер ретінде іс бойынша тартады және тиісті емес жауапкер азаматтық процесте болады. Тиісті емес жауапкерді ауыстырғаннан кейін істі дайындау және қарау басынан бастап жүргізіледі. Егер талап қоюшы тиісті емес жауапкерді басқа тұлғамен ауыстыруға келіспесе, сот істі ұсынылған талап қою бойынша қарайды. Бұған қоса азаматтық процесте керісінше болу мүмкін, яғни тиісті емес талап қоюшы. Себебі жоғарыда тиісті емес тараптар деп атаған едік, ал тараптар ретінде біз талап қоюшы мен жауапкерді танимыз, сондықтан бұнда тиісті емес талап қоюшы туралы айтқан орынды. Сот азаматтық процесте тиісті емес талап қоюшыны тиісті талап қоюшымен орын ауыстыра алады. Тиісті емес талап қоюшыны тиісті талап қоюшымен орын ауыстыру Оның төрт жолы болу мүмкін: Жолдары Тиісті емес талап қоюшы Тиісті талап қоюшы Оның қортындысы 1 басқа тұлғамен орын ауыстыруға келіспейді Азаматтық процеске кіруге (қатысуға) келіседі Тиісті емес талап қоюшы азаматтық процеске дербес талаптарымен үшінші тұлға ретінде кіреді (қатысады) 2 басқа тұлғамен орын ауыстыруға келіспейді Азаматтық процеске кіруге (қатысуға) келіспейді сот азаматтық істі қарайды және талап арызды қанағаттандырмайды 3 басқа тұлғамен орын ауыстыруға келіседі Азаматтық процеске кіруге (қатысуға) келіседі Сот тиісті емес талап қоюшыны тиісті талап қоюшымен орын ауыстырады 4 басқа тұлғамен орын ауыстыруға келіседі Азаматтық процеске кіруге (қатысуға) келіспейді Сот іс бойынша өндірісті қысқартады

15-тақырып. Азаматтық іс жүргізудегі (процестегі) үшінші тұлғалар

Іске қатысқан тұлғалар ішінде үшінші тұлғалар ең түсініксіз тұлғалар. Үшінші тұлғалар - өздерінің субъективті құқықтары мен мүдделерін қорғау үшін басталып кеткен азаматтық процеске қатысатын және тараптардың (талап қоюшы мен жауапкердің) құқықтары мен мүдделерімен сәйкес келмейтін тұлғалар. Үшінші тұлғалардың азаматтық процеске қатысудың негізгі себебі – олардың қаралып жатқан азаматтық істе өздерінің жеке мүдделері бар. Іс бойынша сот шешімі олардың материалдық құқықтары мен міндеттеріне әсер етуі мүмкін. Бұған қоса үшінші тұлғалар институты нақты бір іс бойынша бірнеше әртүрлі талаптарды біріктіруге мүмкіндік етеді, істің бүкіл мән-жайларын сотпен толық зерттеуді қамтамасыз етеді және негізсіз сот шешімдерін шығарудан сақтайды деуге болады. Үшінші тұлғалардың іс бойынша мүдделерінің деңгейі әр түрлі болуы мүмкін, сондықтан олардың 2 (екі) түрі болады: 1-мәлімдейтін; 2-мәлімдемейтін. 1) Даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдейтін үшінші тұлғалар – бұл талап қоюшы мен жауапкер арасында басталып кеткен процеске даудың нысанасына өздерінің дербес құқықтарын қорғау үшін қатысатын тұлғалар. Бұл тұлғалардың қатысу себебі, олар құқық жөнінде дау талап қоюшы мен жауапкерге емес өзіне берілген деп ойлайды. Олар жалпы тәртіп бойынша (ҚР АІЖК 14 тарауы) бірінші сатыдағы сот шешімін шығарғанша талап қою арқылы қатыса алады (мысалы: Екі жас некеге тұрған соң олар 120000 мың теңге тұратын жеке пәтер алмақшы болады, ал пәтерді сатып алу үшін 80000 мың теңге ақша соманы ер жігіт өзінің туған анасынан алады, ал 40000 мың теңге ақшаны үйленер алдында өзі жұмыс істеп тапқанынан қосады. Бір жыл бірге сол пәтерде тұрған соң жастар некелерін сот арқылы қияды, себебі ортақ мүлік бөлуде араларында дау болған. Сотта іс қарағанда ер жігіттің туған анасы өзінің дербес талабын қоюы мүмкін, яғни ол осы іс бойынша дербес талаптарын мәлімдейтін үшінші тұлға болып танылады). Бұл үшінші тұлғалар өз талаптарын тараптың біреуіне не екеуіне бірден қоюы мүмкін. Іс бойынша үшінші тұлғаларды қатыстыру мәселесі, соттың сәйкесті ұйғарым шығаруымен белгіленеді. Осы үшінші тұлғаның талап қоюшыдан бір ғана айырмашылығы бар – бұл процеске кіру кезеңі. Даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдейтін үшінші тұлғалар сипаттамасы: процеске талап қою арқылы қатысады, талап қоюшының барлық құқықтарын пайдаланады және оның барлық міндеттерін атқарады; үшінші тұлғалардың талап қою пәні талап қоюшының талап қою пәнімен толық көлемде немесе жарым-жартылай толық сәйкес келу керек, сондықтан талап қоюшының талабын қанағаттандырса әлбетте, үшінші тұлғаның талап арызын қабылдаудан бас тартады (толық немесе жарым-жартылай). Іске қатыса алмаған дербес талаптарын мәлімдейтін үшінші тұлғалар жеке талап қоюға хақы бар. іске қатысу ықылас көбінесе үшінші тұлғалардың өздерінен болады. 2) Даудың нысанасына дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлғалар – бұл бірінші сатыдағы қаралатын іс бойынша қабылданатын шешім тараптардың біреуіне қатысы өздерінің құқықтары мен міндеттеріне әсер етуі мүмкін болғанда, талап қоюшы не жауапкер жағында іске қатысатын тұлғалар (ҚР АІЖК 53 б.). Олардың сипаттамасы: егер іс тараптардың біреуіне қатысы өздерінің құқықтарына немесе міндеттеріне әсер етуі мүмкін болса, іс бойынша бірінші сатыдағы соттың шешімі шыққанға дейін талап қоюшы немесе жауапкер жағында іске кірісе алады; олар сондай-ақ тараптардың және іске қатысушы басқа адамдардың өтінімімен немесе соттың бастамасымен іске қатысуға тартылуы мүмкін; дербес талаптарын мәлімдемейтін үшінші тұлғалар тараптардың талап қоюдың негіздемесі мен нысанасын өзгерту, талап қою талабының мөлшерін ұлғайту немесе азайту, сондай-ақ талап қоюдан бас тарту, талап қоюды мойындау не бітімгершілік келісімін жасау, қарсы талап қою, соттың шешімін мәжбүрлеп орындатуды талап ету құқықтарынан басқа іс жүргізу құқықтарын пайдаланады және іс жүргізу міндетін мойнына алады (ҚР АІЖК 47 б.). Даудың нысанасына дербес талаптарды мәлімдемейтін үшінші тұлғалар іске келесі жағдайларда кірісе алады: өз бастамасы бойынша; тараптардың өтініші бойынша; іске қатысушы басқа тұлғалардың (прокурордың, мемлекеттік және өзін-өзі басқару органдардың) өтініші бойынша; соттың бастамасы бойынша. Бұлар іске соттың бірінші сатысындағы шешімі қабылданғанға дейін кірісе алады және ол соттың ұйғарымымен белгіленеді. Даудың нысанасына дербес талаптарды мәлімдемейтін үшінші тұлғалардың азаматтық процеске қатысу жөнінде мысал келтірейк. Мысалы: Қыста жолдың тайғақтығынан екі автокөлік жүргізуші, біреуі – қала автопаркінің автобус жүргізушісі, ал екіншісі – жеке меншік автокөлік жүргізушісі, аварияға ұшырайды. Егер автопарк автобусының жүргізушісі кінәлі болса, онда жеке меншік автокөлік жүргізуші сотқа талап арыз беру арқылы (талап қоюшы ретінде) келтірілген материалдық зиянды автобус жүргізушіден емес ол жұмыс істеп жүрген автопарк әкімшілігінен (жауапкер ретінде) өндіріп алады. Сонда кейіннен материалдық зиян өтеу үшін төленген ақша сомасын автопарк әкімшілігі өз қызметкерінің жалақысынан ұстап қалып отырады, яғни сонымен даудың нысанасына дербес талаптарды мәлімдемейтін үшінші тұлға болып автобус жүргізушісі танылады

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет