1. АҒЫЛШЫН ТІЛІНДЕГІ ЖАҢА ТУЫНДЫЛАРДЫҢ ҚАЗАҚ ТІЛІНЕ АУДАРМА ЖАСАУДЫҢ ТЕОРИЯЛЫҚ НЕГІЗДЕМЕСІ
\
1.1 Ағылшын тілінен қазақ тіліне аударудың трансформациялық үлгісі
Көркем аударманың негізгі функцияларының бірі – халықтар арасындағы мәдениет, әдебиет жағынан бір-біріне әсері туралы екені бәрімізге де белгілі. Салыстырмалы әдебиеттану және аударматану сияқты екі саланың белсенді байланысының нәтижесі әдебиеттердің бір-біріне әсер ету процесінде маңызды шекара болып есептеледі.
Әрбір халықтың және бүкіл адамзаттың асыл мұратының ең бастысы - ел мен елдің, ұлт пен ұлттың достығы екендігі анық. Осы достықтың дәнекері, әрі халықтар арасын жалғастыратын берік көпірлердің бірі - көркем әдебиет екендігі белгілі жайт. Ал, әдебиеттің өзара байланысы, бір-біріне әсер етіп, дамуы қай заманда да көркем аудармасыз жүзеге асқан емес [1, 5-7-б]. Адамзат дамуының әрқилы кезеңінде, әлемнің әр түпкірінде өмір сүрген сөз өнері зергерлерінің ақыл-ойынан туып, әртүрлі тілде жарық көрсе де бүгінгі таңда дүние жүзінің күллі халқы сусындар рухани бастауға айналған көркем туындыларды ана тілімізде оқуымыз да, қазақ топырағында дүниеге келген қазақ ақындары мен жазушыларының өз тілімізде сөйлетуі көркем аударма құдіреті екені ақиқат.
Ұлттық мәдениеттің, тілдердің бірін-бірі байытуында, рухани қазыналардың барлық халыққа да ортақ байлыққа айналуына аударма өнерінің үлесі мол.
Көркем аударма теориясы мен практикасына байланысты қазақ филологиясы ғылымында біраз зерттеу еңбектер жазылды. Сын мақалалар мен монографиялар, теориялық пайымдаулар мен топшылаулар өмірге келді. Алайда бұл – біздің елде көркем аудармаға байланысты мәселелер толық зерттеліп, болды деген сөз емес. Халықтар арасындағы рухани байланысы бар жерде көркем аударма өнер болса, ол өнер жыл санап дами түссе, онда оны зерттеу мәселесі де замана көшіне ілесе береді [2, 12 б].
Тәржіманың қалыптасу, даму барысын сапалық тұрғыдан бағамдау, оның негізгі методикалық қағидаларын саралау қолға алына бастағалы одан да аз уақыт өтті. Соңғы жарты ғасырда аударма теориясына қатысты біршама жаңа қағидалар пайда болды. Аударматанудың өз алдына арнайы ғылыми сала болып орнығуы да осы кезеңге сәйкес, тәржіма ісін тарихи, мәдени, әдеби, тілдік психологиялық тұрғыдан зерттеу де осы уақытта ерекше дамығаны анық. [1, 17 б]. Оның құрамдас бөліктерінің бірі болып саналатын көркем аударма теориясының жағдайы ойлантарлық, бұл орайда біраз басты мәселелердің орнықты шешім таба алмағанын айту керек. Мұның өзіндік себептері бар. Ең алдымен көркем аудамашының еңбегін өнердің ерекше түрі деп бағалау белең алып отыр, оған аудармашылардың өздері де ден қойған, өйткені ережелер мен қисындылар шығармашылық еркіндікке нұқсан келтіреді-мыс. Көркем тәржімашылар қатарына көз салсақ, олардың дені - ақын-жазушылар, арнайы маманданғандар - саусақпен санарлықтай. Ал, аудармашы еркіндігі деген мәселе көп айтылғанмен, оның болмысы мен мәні, мүмкіндігі мен шегі айқындала қоймаған. Оған қоса қазақ әдебиеттануы мен тіл білімі аударма мәселесін қажеттеріне орай жалпы салалық тұрғыдан ғана қарастырып келеді, бұл тұста талдауға тұрарлық біршама іс тындырылғанын атап көрсеткен орынды. Дегенмен, тәржіма тақырыбына арналған зерттеулердің өзінен әдебиет немесе тіл мәселелеріне баса көңіл бөлінгенін көруге болады. Демек, аударматанудың әлі күнге дейін өз нысанын анықтай алмай отырғаны шындық. Аударма теориясын қалыптастыру және дамыту үшін көптеген еңбектердегі орнықты пікірлер мен өнімді көзқарастарды тарихи-жүйелі тұрғыда ғылыми айналымға енгізудің қажеттілігі сөзсіз.
Аударматану атты ұғымның астарына үңілсек, белгілі анықтамалар оны тәржіманың әртүрлі қырларын зерттейтін ғылыми пәндердің жиынтығы деп санайтын сияқты. Оның құрамын анықтауда, жалпы мен жалқы сипаттардың арақатынасын белгілеуде қарама-қайшылық аз емес. Дегенмен, жинақтап айтқанда, аударманың жалпы теориясы, лингвистикалық теориясы, арнайы салалық теориясы сияқты өз алдына жеке зерттеу объектілері анықталған. Бұлардың ішінде көркем аударма теориясы өзінің күнделілігімен, көп мағыналылығымен ерекшеленеді.
Көркем тәржіманың негізгі нысандарын айқындауда басын ашып алатын мәселелер жетерлік. Алғашқы кезекте аударманың творчестволық процесін қамтитын мәні мен мазмұнын және тәржіманың ғылыми пән ретіндегі мақсаты мен маңызының арасын ажыратып алу қажет. Өйткені аударманы белгілі бір процесс деп қабылдау мен тәржімаланған туындыны осы процестің нәтижесі деп екі бөліп қарастыру мұндай мәселелерді тереңірек тануға септігін тигізеді.
Көркем аударманың жалпы заңдылықтарын тәржіманың арнайы теориясы зерттейді, ал машинамен аудару, қолма-қол аудару т.б. жалпы теорияның зерттеу нысанасына енгізілген.
Көркем аударма теориясының зерттеу арнасы да талай-талай талас тудырып жүр. Айтылған пікірлер мен қалыптасқан көзқарастардың артық-кемін тиянақтап айтқанда төменгідей тұжырымдарға келуге болатындай:
Көркем аударманың теориясы әдеби шығармаларды тану мен талдаудың методологиялық қағидаларын есепке алуы қажет-ақ, яғни түпнұсқа мен аударма мәтінінің мазмұны мен пішінінің арасындағы байланысты анықтаудың маңызы көп.
Әлемдік тәжірибеде салыстырмалы әдебиеттанудың аударма жөніндегі салттарын үйрену баяғыда анықталған болатын. Негізінде көркем аударма өнері кең салалы, ол филология әлеміне көптеген жолдармен танылған. Аударма өнерінің кейбір жекелеген мәселелері тіл ғылымының стилистика, лексикология, фразеология, лингвоелтану, әдеби социология, рецептік эстетика сияқты т.б. жақтарынан қарастырылуы мүмкін. Дегенмен, көркем аударманың компаративистикамен тығыз байланысы теориялық, методологиялық және концептуалдық мәселелерді зерттеу барысында жалпылама сипатқа иеленсе де, жоғарыда айтылған тәсілдердің барлығы мәтін аудармасының біршама мәселелерін шешуге ғана бағытталған.
Шетел зерттеушілерінің көркем аударма теориясы салыстырмалы әдебиеттанудан бөлініп кеткені туралы тезисті ортаға салып жүргеніне көп болды. Олар: “Аударма теориясы дүниеге келді және өзінің бастапқы фазасында империкалық салыстырмалы әдіс сипатында дәстүрлі әдеби компаративистика кешенінде жетілді” – деп көрсетуде.
Көркем аударма саласындағы белгілі маман А. Попович: “Көркем аударма теориясы салыстырмалы лингвистика, салыстырмалы стилистика, әдеби компаративистиканың теориясы, әдебиет теориясы сияқты төрт түрлі пәннің қиысуынан құралған” [3, 25 б], - деп атап өткен.
Әрине пәнаралық зерттеу дәстүрімен айналысу көркем аударма өнерінің жеке теориясы және тәжірибесіне кері әсерін тигізбеуі керек. Компаративистика сияқты аударма өнері бүгінгі таңда өз-өзін дәлелдеуде қиын кезеңді бастан кешіруде. Ол бай тәжірибеге ие бола тұра теориялық әулетін белсенді түрде жүзеге асыруда.
Дегенмен, батыс еуропалық мектептердің тәжірибесіне жүгіну өте тиімді болады. Онда көркем аударма ертеден бері дербес түрде де, салыстырмалы әдебиеттану шеңберінде де қарастырылып келеді. Басқа ғылымдардағы секілді қызықты құбылыстар қазіргі таңда зерттеудің пәнаралық деңгейінде көрініс табады.
Ғылымның даму тарихы мынаны дәлелдеді: “Аударма теориясының статусы жөніндегі дау – компаративистік пән болып табыла ма жоқ па деген мәселе нәтижесіз болып шықты, өйткені тәжірибенің өзі көрсеткендей аударма теориясын компаративистикаға кіргізеді” [4, 33-б]. Осыған орай, көркем аударма бойынша мамандар ғана аударма теоретигі мен компаративист екеуінің бір тұлғаға үйлесуін компаративистиканың екі: нақты және жалпы деңгейі үшін өте жемісті боларын анықтағаны туралы айту біз үшін жетістік болары сөзсіз.
Осыған байланысты отандық ғылымда көркем аударманың теориясы мен әдеби компаративистика жетістіктерінің органикалық үйлесімділігінің қажеттілігі туындайды. Міне, осы жаңа ресурс көркем аударманың бірқатар мәселелерін зерттеуге жоғары масштаб, тереңдік пен нәтижелілікті көрсетуді қамтамасыз етеді.
Көркем аударма теориясының аясындағы танымал әлемдік беделдің бірі Дьердь Радо өзінің “Аудармашының көзқарасы тұрғысынан аударма теориясы” деген еңбегінде “Аударма теоретиктерінің көптеген еңбектері компаративистика мен лингвистика үшін маңызды және пайдалы”, [5, 7 б] - деп атап көрсетеді.
Адамзат тарихында әрбір ұлт, әрбір қоғам алмасуы, ауысуы, араласуы нәтижесінде өмір ағымы алға жылжиды, өседі, өркендейді, яғни өзінде жоқты өзгеден алады, білмейтінін үйренеді, білгенін басқаға үйретеді. Осындай ауысудың тірегі – аударма. Осыған орай А.С.Пушкин “Аудармашылар –мәдениетті бір елден екінші елге тасымалдап, жеткізетін почта аттары” деген болатын [6, 36-б].
Аударма - әдебиеттің кең арналы мол салаларының бірі. Аударма арқылы қалың бұқара туысқан халықтар әдебиетінің таңдаулы үлгілерімен танысады. Орыс халқының ұлы сыншысы Белинский аударма өнерін жоғары бағалай келіп, былай деген болатын: “Халықтардың бірін-бірі білуі, идеялардың өзара алмасып таралуы, осыған байланысты әдебиеттерінің гүлденіп өсуі мен ақыл-ойдың дамуы аудармаға негізделеді” [7, 8-б].
Г.Гачечеладзенің пікірі бойынша: “Аударма – тұпнұсқаның бейнесі. Осыған орай түпнұсқа – болмыстың бейнеленуі, әдебиет-ақиқат өмірдің сырлы суреті, халықтың көркем тарихы; шығарманың арқауы-шындық” [8, 3-б].
Көркем аударма жасау – тек оны оқитын халықтардың тілегін қанағаттандыру ғана емес, сонымен қатар әдеби тілдің баюына жағдай жасауы керек. Өйткені көркем аударма жайы біздің проза-поэзиямыздың жағдайынан хабар беруі сөзсіз.
Аударма жұмысы бүгінгі таңдағы адамзат қоғамының аса маңызды, шартты құбылысы болып табылады. Аударма – ұшан-теңіз өмір ағымының бүкіл процесін ұштастыруға себеп болған елеулі күштердің бірі.
Аудармашы жасалғанды жаңадан қайта жасау, өз әдебиетінде, ана тілінде жаңа қорлар ашу және тың салаларды игеру арқылы автормен күш сынасады.
Аударма туынды – көркем әдебиеттің егіз туған сыңары, бұлар екі ел сөз өнерінің рухани қазынасына айналады. Аударма мәселелері, соның ішінде көркем аударма проблемасы тамырын тереңге жайып жатыр. Оның бастауы ежелгі Римнен басталады. Сол дәуірде аударманың түпнұсқаға адалдығы туралы аса маңызды мәселелері төңірегінде Цицерон: “Аудару кезінде сөзді санамау керек, керісінше сөзді салмақтау керек” [9, 41б] - деген еді.
Аударма өнері ұлттық ерекшеліктермен қатар жүретін үрдіс. Мәселен, сонау ерте заманның өзінде-ақ басқа ұлттың тілін түсіну үшін арнайы тілмаш ұстап жүрген.
Аударма – жазылған туынды, сондықтан оның ойлау-психологиялық әрекетті жүзеге асыратын негізгі құралы – тіл. Аудармада екі тілдің – түпнұсқаның тілі мен аударылатын тілдің қызметі ерекше. Аударматану ғылымы үшін маңыздысы – бір тілдегі таңбалар жүйесін екінші тілге формальды түрде көшірудің жолдарын, айтылған ойды беру үшін екінші тілдің тілдік құралдарының қалай орналасқандығын, қалай ұжымдасқанын айқындау емес. Түпнұсқаның коммуникативтік-функционалдық белгілерінің қандай тәсілдермен, қалай жеткізілетіндігін зерттеу, жүйелеу, ортақ заңдылықтарын белгілеу.
Аударма – бір-біріне функционалды түрде балама бола алатын, яғни коммуникативтік теңбе-тең қызмет атқара алатын мәтін, туынды жасау. Аударманың негізгі единицасы – минимальды мәтін (сөйлем, сөйлем құрылымындағы ой тиянақталатын синтаксистік тұтастық). Минимальды мәтінді талдау үшін түпнұсқаның коммуникативті функционалды белгілері назарда болады. Түпнұсқаның коммуникативті-функционалды белгілері – мәтіннің, туындының жанрлық, стильдік ерекшеліктері, тақырыбы; көркем шығарма болған жағдайда – идеясы, мазмұны, тарихи дамудың қай кезеңінде жазылғандығы, автордың стильдік даралығы және түпнұсқаның лексикалық, грамматикалық құрылымы.
Зерттеу жұмысында аударманың дәлдігі мақсатында пайдаланылатын трансформациялық әдістің тиімділігі дәріптеледі. Аудару әдістерінің теориясы мен практикасын ұштастыру арқылы аударманың трансформациялық үлгісі талданады. Аударма барысында кездесетін көп варианттылық, эквиваленттілік мәселелері қарастырылады. Аударманың трансформациялық үлгісі мен аудару сатыларын анықтайды.
Аудару дәлдігі мәселесін филологтар бұрыннан бері қарастырып келе жатыр. Қазіргі кезде бұл мәселе әр түрлі аудармалық бағытта зерттелуде (Қазақстан мектебі: Г. И. Исина, А. Алдашева және т.б., Рессей мектебі: А. Т. Алексеева, В. Н. Комиссаров, Н. Р. Ткачев және т.б., Германия мектебі: Г. Егер, К. Райс, Е. Штойберг және т.б.). Жоғарыда аталған лингвисттердің зерттеулерінде назар эквиваленттілік терминіне аударылады [1, 134]. «Эквиваленттілік» термині қазіргі аударма теориясында аз уақыттан бері қолданылып келе жатыр (1938 жылдан бастап Лейпциг аударма мектебінде). П. М. Топер пікірлердің көп қырлылығын белгілеп, аудару теориясына «эквивалент» терминінің қашан және қайдан кіргенін анықтайды. «Алғаш рет «эквивалент» терминін «Аударманың лингвистикалық аспектілері» туралы мақаласында Р. Якобсон ұсынған еді» («О лингвистических аспектах перевода») [5, 176].
Достарыңызбен бөлісу: |