1.3 Тікелей аударма тарихы
Аударма өнері адам өмір сүре бастаған дәуірден басталған десек қателеспеген боламыз. Адам б аласының тарихында тілдік айырмашылықтар пайда болған кезден бастап-ақ аудармашы қызметі қажет бола бастаған. Екі және одан да көп тілдерді немесе диалектілерді білген алғашқы ауызша аудармашылар көп тілді халықтардың бір-бірімен тіл табысуына көмектескен. Сондықтан да ол аудармашылар халық арасында айрықша сый-құрметке ие болған. Жазу өнерінің пайда болуымен жазбаша аударма өнері дүниеге келді. Жазбаша аударма өнері бүкіл әлем халықтарының мәдени және рухани дамуында ерекше орын алады. Жазбаша аударма арқылы әлем халықтары Шекспир, Байрон, Гете, Шиллер шығармаларымен танысқан болса, Чехов, Достоевский, Пушкин, Толстой, Абай, Әуезов, Жабаев шығармалары ондаған мемлекеттердің тілдеріне аударылып, бүкіл халықтық мирасқа айналды.
Дегенмен, бұл өнер саласына ғылыми жақтан көңіл бөлінбей, яғни аударма әдебиеті –өз алдына зерттеуге мән берілмей келеді.
Бұл мәселеге XX ғасырдың екінші жартысында ғана көңіл аударыла бастады. Сөздің шындығына келсек, оған дейін шетел тілдерінен орыс тіліне аударылған еңбектерді пайдаланып отырдық.
Түпнұсқа мен аударма мәтінінің танымдық, тағылымдық, көркемдік, эстетикалық жағынан сәйкестігін сақтау аударманың өзекті мәселесі болуы керек. Бұл сөзбе-сөз, жолма-жол тәржімалаудан гөрі интегративті аудару түрлеріне көбірек бет бұруға ықпал ететіні даусыз. Түпнұсқа туындыларды қазақ тіліне тікелей аударуда дәлдік, нанымдылық, қисындылық сәт пен эпизод, деталь мен жағдайдың бейнеленуі сияқты мәселелерге баса назар аудару қажет.
Қазақ аудармасы тарихының соңғы кезеңі 1930 жылдардан бастау алды. Енді Кеңес Одағы деп аталған алып ағзаның бір бөлшегі ретінде оған кіретін елдердің әдебиетімен байланыстар қызу дамыды. Әр ұлттың бас ақындарының мерейтойлары аясында да аудармалар молынан жасала бастады. Шетел әдебиетімен танысу ерекше қарқынмен жүргізілді. Бірақ қазақ тіліне аударылған бар шығармалар орыс тілі арқылы сатылы түрде ғана жүзеге асып отырды. Бұл бір жағынан әдебиетті сүзгіден өткізіп, тек идеологияға қайшылықсыз әдеби туындыларды аударуға іріктеп отыруға мүмкіндік беретін.
1930 жылдардан бастап, қазақ оқырманы ағылшынтілді әдебиетпен, жалпы Батыс еуропалық әдебиетпен жүйелі түрде таныс болды. Олардың ішінде Дж.Лондон, Г.Мопассан, Р.Киплинг А.Конан-Дойл, Гейне, Байрон, Гете мен Гюго Бальзак, Ремарк, Ж.Верн, М.Твен, Р.Стивенсон, Шекспир, Сервантес, Дж.Свифт, Р.Роллан т.б. бар. Осыған орай тұрақты аудармашылар да қалыптаса бастады. Олардың қатарына Ғ.Орманов, М.Дәулетбаев, Ә.Тәжібаев, Қ.Бекхожин, Қ.Тайшықов, Х.Өзденбаев, М.Жанғалин, Ғ.Оспанов және т.б. айтуға болады. Аталған авторлардың шығармашылығы негізінен аудармамен байланысты болды.
Аудармамен шұғылданатындар координативті қостілді болғаны дұрыс, қазақ аудармашыларының дені субординативті, яғни тек ана тілін жақсы білетін аудармашылар. Ағылшын туындыларын қазақ тіліне негізінен субординативті тәржімашылар аударған. Ағылшынның ұлттық болмыс лексикасын аударғанда көптеген сөздер қалып қойған, кейбіреуінің фразеологиялық ерекшеліктері сақталмаған, біразы қазақыландырылған. Сайып келгенде түпнұсқадағы номинатив лексиканың тілдік, көркемдік, стильдік қызметімен қатар ұлттық мәдениеттен ақпар беретін өнімді дерек көзі екендігін есте ұстау қажет. Яғни, аудармада эквиваленттілік сақталынғаны дұрыс.
Эквиаленттілік дегеніміз аударма теориясында түпнұсқадағы мазмұнның, семантикалық, стилистикалық және функционалды - коммуникативтік ақпараттың аудармада дұрыс берілуі айтылады. Аударманың қай-қайсысында да мазмұнның толыққанды, дұрыс, негізгі ойдан ауытқымай, дәл берілуі жатады.
Ағылшын тілінен тікелей қазақшаға аудару 1960 жылдары басталды, Тікелей аударма - бұл мәтін түпнұсқа тілінен аударылатын тілге арасында дәнекер тілсіз аударылады. Әрине жалпы аударма мәселесі өз алдында бөлек әңгіме. Бүгін біз соның ішіндегі “ағылшын тіліндегі шығармалардың қазақ тіліне тікелей аударылуының тарихи - әдеби мәселелері” – жайында толығырақ тоқтағанды мақсат еттік. Біздер, яғни болашақ аудармашылар үшін төл әдебиеттердің жанашыры ретінде мұның маңызы зор екені белгілі. Сонымен қатар, жалпы қазақ – ағылшын әдеби байланыстарының тарихы бай. Бұл құбылысты ғылыми зерттеу ХХ ғасырда басталған. Оған А.Байтұрсынов, М.О.Әуезов, А.Х. Марғұлан, Ш.К.Сатпаева сияқты ғалымдар мол үлес қосты. Қазақ – ағылшын әдеби байланысына бірінші болып қазақ ғалымы Ш. Уәлиханов, одан кейін ақын – ойшыл А.Құнанбаев және Ы.Алтынсариндер назар аударған. Ұлы ақын және ойшыл Абай ағылшын философтары Дж.Г.Байронның шығармаларын Пушкин, Лермонтов аудармаларынан білген және кейбір жекелеген аудармаларынан қазақ тіліне аударып, өз халқының игілігіне айналдырды. Олардың ішінде Байронның 1814 – 1813 жылдары Библия мотивтері бойынша шығарылған “Еврей әуендері” – сарындары бар. Абай өз отандастары шығыс, орыс, және еуропа әдебиетінің үздік үлгілерімен таныстырып, қана қойған жоқ. Дарынды, әдебиетке құмар жастарға жазуға шығармалар тақырыптарын ойға салды. Осылайша, Абайдың тұңғыш ұлы Ақылбай Құнанбаевтың “Зұлұс” поэмасы пайда болды. Оның негізінде Генри Райдер Хаггардың “Сүлеймен патшаның кеніші” – атты қызық оқиғалы романының басы болған. Бұл тек ғана көмескілеп жеткен деректер ғана. Қазақ әдебиетінде жиырмасыншы жылдардың өзінде ағылшын әдебиетіне көңіл аударылып, оның ішінде Шекспир драмалары алғаш болып аударыла басталды. Қазақшаға 1927 жылы Д.Лойдонның, Р.Киплингтің әңгімелері, 1932 жылы Әлкей Марғұланның аударған Ч.Диккенстің “Бастелле тұтқыны”, Шекспир трагедиялары, Д.Свифттің “Гулливер лилипуттар арасында” – атты шығармалары аударылды. Қазақ және орыс әдебиетін зерттеу арқылы ең алғаш Шекспир “Гамлетін” қазақшаға аударған М.Дәулетбаевтың негізінен соңғы рет 1837 жылы жасалған. Н.А.Полевойдың еркін поэтикалық аудармасын пайдаланғанын көруге болады. Қазақ аудамашыларының қысқартулары, аудармай кеткен жерлері аударманың бірінші батыс еуропалық пьесаны қабылдауға толық дайын емес, көрермен мен оқырманның түсінуіне бейімделгендігінен шығады. Шекспир трагедиясы “Гамлетті” қазақ халқының батыс еуропалық драмамен танысуының басы деп санаса болады. Қазақстандағы аударма өнерінің өркендеу кезеңі әдебиет классигі, қазақ ұлттық драмасының негізін салушы, ғалым - әдебиеттанушы және аудармашы М.О.Әуезов есімімен тығыз байланысты.
Ол былай деген: “Аудармашы өзі аударатын шығармасын фабулды дамуында ғана емес, автордың жеке стилистикалық ерекшеліктерін де тану үшін оны түбегейлі ойлап, терең сезіну керек”
Барлық шет ел жазушылары шығармаларының қазақша аудармалары жанама аудармаға жатады. Ал, жанама аудармалар тікелей аударманың аудармасы болып табылады. Кесте ретінде оны былай көрсетуге болады:
Т ► ТА ► ЖА Т - түпнұсқасы, ТА - тікелей аударма, ЖА – жанама аударма;
Бұндай жанама аудармаларға 40 – 50 жылдардағы жасалған Гоу Джеймс және А.Дэюсео пьесасы “Терең тамырлар”, Д.Лондонның “Ақ азу”, Хәмингуэйдің “Көпір аузында”, О.Ренридің “Сырлы нан”, “Екі сыйлық”, Куин Майктың “Ляп –ляп аралының алтын кенейлері” – сынды әңгімелер, Гаирет Бичер Стоудың “Робинзон Крузо” шығарма оқиғалары және басқа да шығармалардың аудармалары жатады.
Ағылшын тілінен тікелей қазақшаға аудару алпысыншы жылдары басталды. Отыздан аса прозалық шығармалар, соның ішінде мыналар тікелей аударма болып саналады. Ж.Қалиев аудармасындағы К.Мэнфильдтің ”Алтын перс”, Гарто Бреттің “Гүрілдеген қостың бақыты”, Куин Майктың “Ырыққа көнбеген адам” әңгімелері, Д.Лондонның “Мартин Идені”, М.Мағауин ағылшын және орыс тілдерінен қатар аударған С.Моэмнің “Хат” новелласы және балаларға арналған әңгімелер. Осы жылдары алғашқы болып поэзияның туындылары, оның ішінде Д.Г.Байрон, Р.Берис, Шелли Перси Биши, Хитмен Уолт өлеңдері және В.Шекспир “Сонеттері” аударыла бастады.
Жетпісінші жылдары Ф.Купердің “”Могиканның соңғы тұяғы”, Артур Конан Дойлдың “Тар көпірдегі оқиға” т.б. көптеген айтулы туындылары және Э.Сетон Тампсон, Агата Кристи, Брэдберри Рэй, С.Моэм, Эгдар По әңгімелерін ана тілінде оқу мүмкіндігіне ие болдық.
Әлем әдебиеті көлеміндегі М.Твеннің “Том Сойерінен” бастап, А.Миндгеннің “Карлсонына” дейінгі туындылар туған әдебиеттің рухани қорына өзіндік өрнек қосты.
Тікелей аудармаға мол үлес қосқан негізінен А.Кристи шығармаларын аударған Әділ Ахметов болды. Сол сияқты тікелей аудармаларға А.Ақжүнісов, С.Сүлейменов, А. Тәжитовтар да өз үлесін қосты. Ал, негізгі міндет - сол мол мұралық көркемдік құнын жоймай оқырман жүрегіне жеткізу, халық күткен бейнелі белестен көріну. Оның ішінде отыздан астам прозалық туынды бар. К.Мэнфильдтің “Алтын перс”, Куин Майктың “Ырыққа көнбеген адам” әңгімелерін Ж. Қалиев аударған.
ХХ ғасырдың 70-80 жылдары Ф.Купер, М.Рид, В.Скотт, Н.Флетчер, А.Кристи, О.Генри, С.Моэм, Э.По сияқты жазушылардың туындылары қазақ оқырмандарына тікелей аударма арқылы жетті. Тәржімашылар қатары Ә.Ахметов, А.Ақжігітов, С.Сүлейменов, А.Тәжитов сияқты билингвист аудармашылармен толықты. Соңғы жылдары ағылшын тіліндегі көркем әдебиеттегі қазақша сөйлеуге деген ұмтылыс саябырсып қалғаны ойлантады.
Шетел көркем әдебиетін қазақ тіліне аудару өнері кештеу қолға алынды. Оны жүйелеу, жоспарлау, жарыққа шығару ісінде де қиындықтар жетіп жатты. Өйткені көркем аударма принциптері жөнінде тағлым аларлық теориялық тұжырымдар да жасалған жоқ. Қай шығарманың болсын түпнұсқадан аударылғаны жөн.
Мысалы, осы кезге дейін ағылшын әдеби шығармаларының жалпы саны – 200-ге жуық болса (мұның ішінде ағылшын тілінен орыс тіліне аударылып, орыс тілінен қазақ тіліне аударылған шығармалар басымдау), оның ішінде жиырма шақтысы – поэзиялық туындылар. Ал бұлардың арасында қазақ тіліне аударылған детективтердің саны бар болғаны – 20-ға жуық.
Жазушылар арасында мықты жазушы болу үшін көркем аудармамен шұғылдану керек деген сөз бар. Ұшқарылау айтылғандай көрінгенімен, жаны бар сөз. Бір тілдегі үздік шығарманы аудару үстінде жазушының ой жүйесін, тілдік және стильдік ерекшеліктерін, образ жасау шеберліктерін терең сезініп, үйренуге болады. Бұл мәселенің бірінші жағы. Екіншіден, белгілі бір халықтың тілінде жазылған озық дүниені туған тіліңе аудару арқылы өз халқыңның әдебиет қазынасын байыта түсесің, ұлт оқырмандарының да өрісін ұзартасың. Сондықтан да аударма – айналысуға да, зерттеуге де тұратын өзекті мәселе. Біз зерттеу объектісі етіп алып отырған ағылшын шығармаларын қазақ тіліне аударудың өзекті мәселелері тақырыбының маңыздылығы мен зәрулігі жоғарыда аталған жайттардан туындайды.
Ешбір жазушы шығармаларының таралымы және олардың басқа шет тілдерге аударылуы жағынан Агата Кристимен теңесе алмай отыр. Оның кітаптары 103 тілге аударылып, 2 миллиардтан астам данасы сатылған. Жазушы шығармашылығына деген сұраныс әлі күнге дейін толастамай отыр. Еуропаның көптеген елдерінде детективті туындылар мектептің оқу бағдарламасына енгізілген. ТМД елдерінде де детективтік әдебиеттің ерекше дами бастағаны байқалады.
Бұрынғы кезеңде детективтік жанр тек қана қылмыстық хроника ретінде есептелген болса, бүгінгі күнде ол көркемдік-эстетикалық сапасы жоғарылай бастаған әдебиеттің бір саласына айналды.
Детектив – ағылшынның “Detect” сөзінен шыққан, қылмысты ашу үрдісін бейнелейтін жанр.
Детективтік әдебиет – фактілерді логикалық талдау арқылы құпия қылмыстарды ашуға арналған көркем шығармалар қатарына жататын әдебиет түрі. Негізге алатын даудың басы әділдіктің заңсыздықпен бетпе-бет келіп, оқиғаның соңы әділдікпен аяқталуына әкеп соғады.
Бүгінгі таңда оқырман қауымның детективтік шығармаларға деген сұранысы артып отыр. Бізге жеткен мәліметтерге қарағанда Америкадағы жарық көретін әрбір төртінші кітап қызықты хикаялар, шытырман оқиғалы шығармалар болып келеді екен. Осы мақсатқа орай аталған жанр шығармаларын шетел тілдерінен аударып, қазақ оқырмандарына жеткізу-үлкен мәселеге айналуда. Аудармада сол жанрдың өзіне тән ерекшелектерін анықтап, оны аударма барысында сақтай білу өте маңызды.
Детектив толыққанды әдебиет жанры ретінде қалыптаспастан бұрын-ақ оның бастау көзі адамзат тарихымен тығыз байланыста болған. Әу баста адамзат табиғатының түсініксіз тылсым, жұмбақ та, қорқынышты нәрсеге деген қызығушылығы болғаны белгілі. Осыдан келіп, ол жұмбақтарды шешіп, шытырман нәрсенің шатысқан иірімдерін тарқатуға деген басқа бір сапалы құлшынысқа ұласты. Адам мінез-құлқының осындай ерекшеліктері мен ұмтылыстары бірге тоңысып, детектив арнасына “құяды”. Қылмыс тақырыбы әдеби шығармалар бетінен ерте кезден-ақ орын алған. Детектив табиғатын түсінуге талпынған ғалымдардың арасында жанрдың генеологиясын ерте дәуірдегі әр халықтың әдеби ескерткіштері мен библиялық миф-аңыздарынан табылатын протоэлементермен байланысты деген концепция қалыптасқан. Оның тамыры трояндықтардың Еленаны ұрлап алып кеткен оқиғасында жатыр дейтін пікір де кең тараған. Детективтің түпкі тамыры тым әріде жатса да, ол нағыз жанр ретінде өзін мойындата білгенге дейін әр қилы қалыптасу сатылары мен даму жолдарынан өткен.
Детектив жанры – жүрдек, тартымды жанр. Сонау Эдгар По, Артур Конан Дойл, Уилки Коллинз тәрізді атақты қаламгерлер шығармашылығынан бастау алған бұл жанрдың дамыған елдердегі көзқарастың сәл басқашалау екендігін, оның қоғамдық-әлеуметтік рөлі біздегіге қарағанда жоғары бағаланатынын американ сыншысы Роберт Уинкстің “Детективтік әдебиет қоғамның айнасына айналды”, немесе Джордж Грелльдің “Өзге жанрларға қарағанда детектив кейіпкердің интеллектуалдық қабілетін жоғары қояды” - деген пікірлерінен-ақ байқауымызға болады.
Детектив өз алдына белгілі шарттары бар дербес жанр екендігі сөзсіз. Байқап қарасаңыз, детектив кейіпкері қашанда қағылез, байқампаз болып келеді. Логиканың индукция мен дедукция іспетті басты ойлау тәсілдері із кесушінің негізгі қаруына айналуы керек. Бұл детективтен оқырман қауымының алар негізгі ләззаты - детектив кейіпкерінің қиыннан жол тауып, тар жолда тайғақ кешу үстіндегі айласының ұтымды болуы арқылы оқырман көңілінен шығуы.
Детектив жазу екінің бірінің қолынан келе бермейтін іс екені аян. Оның авторы үлкен психолог, логикасы мен математикалық стратегиясы күшті адам болуы керек. Ал бұл детектившіден ғылыми тұрғыдан жоғары деңгейде дайын болуды талап етеді. Осындай ұшқыр логика мен ғылыми негізге құрылған детектив қана шын мәнісіндегі детектив бола алса керек. Сонымен қатар детектив жанры арқылы саяси-әлеуметтік ірі мәселелерді көтеруге болатынын, оқырманды эстетикалық-адамгершілік үрдісіне тәрбиелейтінін де естен шығармаған жөн. Мысалы, Эдгар Аллан По, Артур Конан Дойл, Уилки Коллинз, Агата Кристи осы детективтің басты қаһармандары десек те болады. Детективті жазудың оңай еместігін Эдгар По көптеген еңбектерінде атап көрсеткен. Ол өзінің детективтік әңгімелерін жазу барысында оқырманды қызықтыру үшін осыншама әсершілдікке салынып, әдемі сөз оралымдарын пайдалануға бармайды және де оның керегі де жоқ еді. Себебі, детективке әсершілдік қажет емес, оқиғаның соңына математикалық теңдеуді шатаспай дұрыс шығарып шықса ғана болғаны. Бұл сол кездегі яғни Эдгар Поның детективті шығармаларды баяндау тәсілі. Детектив жазатын адам өз қоғамында болып жатқан қандай да қылмыстық іс түрлерімен қанық болуға тиіс. Оның үстіне өзінің логикалық ойын ұштап, ғылыми негізде детектив жазса, қазіргі қылмыс заңнан да басым болып тұрған заманда аталмыш жанрды жандандыра түсер еді деп ойлаймыз.
Детективтік әдебиет белгілі бір құпиялық сыры бар көркем шығармалар, себебі ол оқиғаның шиелінісіп келіп бір шешуін іздейтін үрдістен тұрады.
Ұзақ уақыт бойы әдебиетшілеріміз детективтің тууына біздің қоғамда негіз жоқ деп санады, өйткені ол “таза буржуазиялық жанр” болып есептелетін. 1935 жылы бұл туралы С.Динамов былай деп жазды: “Детективтік жанр – тұтасымен буржуазиялық қоғамның аясында қалыптасқан және осы қоғамның әдебиетке енгізген әдебиет жанрларының бірден бірі. Жеке меншікті қорғаушыны – із кесушіні дәріптеу – мұнда барынша көрінеді; бұл ретте екі жақты да жан салып әрекет етуге жеке меншік ынталандырады. Сол секілді заңның заңсыздықтан, тәртіптің тәртіпсіздіктен, күзетушінің тәртіп бұзушыдан сөзсіз үстем болуы және жеке меншіктің және меншік иесінің жеңуі үнемі көрініс табады. Детективтік жанр өз табиғаты бойынша толықтай буржуазиялық жанр” [10, 25].
Осы көзқарас ұзақ жылдар бойы басымдық танытып келді. Мысалы ҮСЭ-де: “...авантюрлік-шытырман оқиғалы шығарма әдебиеттің бір түрі. Детективтік әдебиеттің кейіпкері әдетте “қайырымды” із кесуші (детектив) болып келеді. Ол қылмыскердің ізіне түсіп, көптеген шым-шытырық оқиғаларды бастан кешкеннен кейін табысқа жетеді, ақыр соңында буржуазиялық құқықтың салтанат құруын көрсетеді... Детективтік әдебиетке тән үрейлі оқиғалармен, қауіп-қатермен, жан түршігерлік өліммен, сексуалды теріс қылықтармен көмкерілген ол әдетте, дөрекі әдебиет болып табылады....” [11, 346] делінген.
Осындай көзқарастың детективтік жанрдың өрісін ұзартпайтыны айдан анық еді. Кейіннен біраз жыл өткеннен кейін, 1973 жылы жарық көрген Қазақ Совет Энциклопедиясында: “Детективтік әдебиет (ағыл. detective - әйгілеу, әшкерелеу) - әдебиеттің бір түрі, шытырман оқиғалы шығарма. Детективтік әдебиет сюжеті жұмбақ қылмыс салдарын логикалық пайымдаулар арқылы ашып көрсетуге арналады. Шығарманың басты кейіпкері, әдетте қауіпті қылмыскер болады да, оны ұстаушы алуан түрлі оқиғаны басынан өткізіп, дегеніне жететін тапқыш болып келеді. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін, Батыста қылмысты ашудың емес, неше алуан қылмыстарды: өлім, төбелес, қинау сияқтыларды суреттейтін “Қара роман” етек алды. Мұнда адамның жауыздығы, рақымсыз қаталдығы, кісіні азаптау, өлтіру, зинақорлық мадақталады. Ал, кеңестік детективтік әдебиетте адамның ұлылығы, ерлігі, патриоттығы дәріптеледі” [12, 543-544-б] - деген анықтама берілген.
80 жылдар ең көп аударылған шығармалар санымен ғана емес, шет ел әдебиетінен тікелей аудармашылар санының өсуімен ерекшеленеді. Сол жылдары қазақшаға аударылған елу шақты әдеби туындылырының ішінен он шақты әңгіме, поэма, романдар тікелей аударма нәтижесінде жарық көрді. Тікелей аудармаға мол үлес қосқан негізінен Агата Кристи еңбектерін аударған Әділ Ахметов болды. Сол сияқты түпнұсқадан тікелей аудармаға А.Ақжігітов, С.Сүлейменов, А.Тәжитовтер да үлес қосты.
Ағылшындар қашанда тұрақтылықты талап ететін, менталитеті жоғары халықтардың бірі. Олардың психологиялық деңгейі мен ойлау, көз жеткізу деңгейін анықтау оңай шаруа емес. Англиядағы халық тынысын, өмір тіршілігін, әлеуметтік жағдайын, бүгінгі проблемасын, ертеңгі болашағын басқа халық оқырманына жеткізу қиынның қиыны. Оның үстіне, Англия басқа елдерге қарағанда дамыған, өркениетті елдердің бірі. Алайда, халықтарының ар-ұяты бетінде тұрса да, алдау, қиянат жасау, байлыққа қызығу, қатыгездікке бару басымдау. Осындай әлеуметтік ортаның тынысын, басты-басты проблемасын детектив жазушылар өз шығармаларында өзек етеді. Ал енді ол екінші халыққа қалай жетеді, сол мәселеге көңіл аударайық. Шығарманы түпнұсқадан аудару қашанда отандық әдебиетке баға жетпес үлес қосатыны сөзсіз. Ал ағылшын тілінен тікелей аудару үлкен қырағылықты, сауаттылықты, парасаттылықты, жан-жақтылықты талап етеді.
Қазақ тілінде ағылшын тілінен тікелей аударудың табиғатын, көркемдік сипаты мен құрылымдық ерекшеліктерін, қалыптасу, даму тарихын жан-жақты зерттеген монографиялық еңбектер жоқ. Көркем әдебиеттің бір саласы ретінде тікелей аударылған детективті туындылардың өзіндік айырым-белгілерін даралап, жіліктеп зерттеп-зерделеу мәселесі де қазіргі кезде толғағы жеткен тақырып. Көпшілік оқырманның айрықша қызығушылығын туғызып отырған осынау жанрдың адам санасына саяси, мәдени, әлеуметтік ықпал ету күшінің орасан зор мүмкіндіктерін ескергенде, мұндай қуатты қарудың Батыстан, Ресейден тоғытылып келіп жатқан арзанқол, атыс-шабыс пен қырып-жоюды ғана уағыздауға құрылған детективтік шығармалардың қолына беріліп отырғанын ашып айтатын кез келді. Сондықтан да олардың асылы мен жасығын саралап, даралап алатын уақыт жетті. Мұндай үрдісті “өткінші құбылыс” деп көңіл жұбатқанымызбен, “батпандап кірген дерттің мысқалдап шығатынын” да ескергеніміз жөн.
Сөз жоқ, оқырман Батыстан, Ресейден келіп жатқан осы сарындас кітаптардан жалығады, рухани азық алар, жан құмарын басар басқа көздер іздестіре бастайды. Сол кезде оған еліміздегі қазіргі өзі өмір сүріп жатқан заманның қыр-сырын, алуан түрлі кейіпкерлерін көркем бейнелеген туындылар көп қажет болады. Сондықтан да детективтік жанрда жазуға машық қалыптастырып жүрген жазушыларымызға да, осы саланы зерттеуге бет бұрған әдебиеттанушы ғалымдарымызға да детективтік жанрдың туу, қалыптасу және даму жолдарын жүйелеп, кеңінен шолып ұсыну да толғағы жеткен мәнді іс деп есептейміз. Сондай-ақ, детективтік жанр белгілерін ұлттық әдебиетіміздің сан ғасырлық тарихындағы елеулі әдеби үлгілерінен де іздеп тауып, ғылыми жұртшылық алдына тарту да кезегін күткен көп тақырыптың бірі.
Аударма жалпы адамзат атаулының танымдық-рухани алмасуы нәтижесiнде мәдениет пен өркениеттiң дамуына, адам баласының эстетикалық көркемдiкке қол жеткiзуiне, санамыздың өсуiне апаратын жол секiлдi [13, 62 б]. Көркем шығарманың әлем әдебиетiне енуi аудармасыз мүмкiн емес болса, аударма да түпнұсқасыз болмайды. Ендеше бұл екi әдеби құбылыс тек қатынаста тұруы тиiс. Егiз көркем туындының қайсысы маңызды деген сұрақтан гөрi, керiсiнше, көркем шығарманың қай түрiнде болмасын, ол адамзат болмысына қалай әсер етедi, адамзаттың даму жолында қандай рөл атқарады деген мәселе ойландырғаны жөн секiлдi.
Қазiргi әдебиеттану ғылымында көркем аударма проблемасы аса өзектi мәселенiң бiрi екенi дау туғызбаса керек.
Ұлттық әдебиеттің сан алуан байланыстарын, ұлттық және әлемдік мәдениеттен нәр алу проблемалары мен процестері, олардың гуманистік үрдістері мен әлеуметтік мұратын анықтау әрқашанда әдебиеттану ғылымының назарында. Осы ретте аударманың түрлі ғылым салаларымен тоғысып та, ерекшеленіп те жататын әмбебап сипаты туындайды. Оны белгілі бір ғылым саласының жеке нысанасы етіп, жекешелендіріп алғысы келетіндер де, әмбебаптық сипатын ескеріп, аралық ғылымдар тоғысының аясында қарағысы келетіндер де жетіп артылады. Сондықтан осы тақырыптың басын нақты талдаулар негізінде ашу да әбден пісіп жетілген мәселе болып табылады. Әрі осы мәселені түпкілікті зерттеуге арналған монографиялық еңбек қазақ тілінде жоқ деуге болады. Міне, осында көтерілген мәселелердің өзі дипломдық жұмыстың өзектілігін анық көрсетсе керек.
Қазіргі кезде ағылшыннан қазақ тіліне тікелей аударылып жүрген шығармалар бар. Солардың ішінде аударма мен арнайы айналысып жүрген ақын екі тілді жетік білетін Дәурен Берікқажыұлын атауға болады. Қолымызға тиген аудармалары бойынша төмендегі кестеде берілді:
Түпнұсқа авторы
|
Шығарма атауы
|
Ағылшыннан тікелей аударған
|
Э. Диккенсон (1830-1886)
|
“Бәрі, бәрі шағылысқан айнаға”
|
Дәурен Берікқажыұлы
|
Р. Ходжсон (1871-1962)
|
“Есалаңдар көшесінде”
|
Дәурен Берікқажыұлы
|
К. Сэндберг (1878-1967)
|
“Құрыштың дұғасы”
“Көк майса”
|
Дәурен Берікқажыұлы
|
У. Блейк (1757-1827)
|
“Күміс”
“Қызыл алма”
|
Дәурен Берікқажыұлы
|
У. Мар (1873-1956)
|
“Қойшы”
“Жолбарыс”
|
Дәурен Берікқажыұлы
|
Э. Коллингс (1896-1962
|
“Нөсер жаусын”
|
Дәурен Берікқажыұлы
|
Л. Хьюз (1902-1967)
|
“Түкіргіштер тазалансын, күтуші”
|
Дәурен Берікқажыұлы
|
Ч. Козли (1917- 2003)
|
“Джонни”
|
Дәурен Берікқажыұлы
|
Э. Мастерс (1868-1950)
|
“Редактор Уэдон”
|
Дәурен Берікқажыұлы
|
Г. Лонгфелло (1807-1887)
|
“Жыр мен жебе”
|
Дәурен Берікқажыұлы
|
Аудармашы бір автордың шығармасын тәржімалағанда өзінің стиліне жақын өмірін, творчестволық еңбегін жете ұғатын авторды таңдағаны дұрыс. Кейбір аудармашылар түпнұсқаны өңдеуге, дәлірек айтсақ, өз бетінше жаңаша жазып шығуға құқығымыз бар деп ойлайды. Мұның бір ұшығы сол аудармашының қауқарсыздығында немесе өз ісіне жауапсыз қарайтындығында жатыр.
Достарыңызбен бөлісу: |