«Кәсіби құзырлылық» және «кәсіби-педагогикалық құзырлылық» ұғымдарының түсініктік аппараты.
К.Д.Ушинский: «... халық мұғалімінен ең алдымен өз іс-әрекетіне ықыласы, қабілеті, үндеуі талап етіледі, өзі дұрыс педагогикалық тәрбие алған адам ғана жақсы педагог бола алады», - дейді. Сондықтан бүгінгі болашақ педагогтың өз-өзін ұдайы жетілдіруі, бала тұлғасын дамыту ғана емес, өзін тұлғалық дамытуда да ізденісте болуы аса маңызды. А.С.Макаренко мұғалімдерді даярлаудағы кәсіби жұмыстың сапасын көтеру үшін педагогикалық жоғары оқу орындары мен техникумдардың бағдарламасын қайта қарау керектігін мәлімдеген. Педагогикалық жоғары оқу орындарын бітіруші білімдердің кең ауқымын игеруге тиіс. Оның пікірінше; жоғары оқу орындарында оқу барысында студент тек арнайы білім игеріп қоймай, сонымен бірге арнайы тәрбиеленуі керек, яғни мәдениетті, зиялы, ұйымдастыру қабілеті жоғары дамыған, өзін-өзі басқара білетін және өз ісіне баға бере алатын маман болып шығуы тиіс. Ал, зерттеуші ғалым П.Ф.Каптерев: "оқыту жағдайында мұғалім тұлғасы бірінші орында тұрады, оның сол немесе басқа ерекшеліктері оқытудың тәрбиелік әсерін арттырады немесе төмендетеді", - деген тұжырым жасайды. Сонымен бірге, ғалым педагогтың ең негізгі маңызды сапаларына: оның ғылыми дайындығы мен жеке мұғалімдік дарынын жатқызады. Автор болашақ педагогтың теориялық дайындығына қоса, оның объективтілігі, байқампаздығы мен сезімталдығы, жауапкершілігі және шыдамдылығы, ұстамдылығы, өз-өзіне сыни көзқарасы, балаларды шынайы жақсы көруі секілді маңызды тұлғалық сапалары болуының қажеттілігін ерекше атап көрсетеді. Педагогтың тұлғалық сапалары бір уақыттың өзінде осы мамандыққа қойылатын екі талапқа жауап беруі тиіс деп санайды. Біріншіден, маман иелерінің барлығына тиісті болып, олар қоғамның жағдайларына, қоғам формацияларына, білім беру мекемесіне, оқыту пәніне қарамай жаппай барлығына қатысты. Мұндай талаптарға осы мәселені зерттеуші ғалымдар өзін-өзі бағалаудың сәйкестігі, педагогтың ақылой белсенділігін, табандылықтың, мақсатқа бағытталуын, еңбек сүйгіштігін, сыпайылығын, байқағыштығын қамтамасыз ететін уайымдаудың белгілі дәрежесі болуының қажеттілігін айтады. Әсіресе, болашақ педагог оқушының психикалық жағдайларын түсінуге дайындығы, яғни, эмпатия, әлеуметтік өзара іс-әрекетке деген қажеттілігінің болуын ең маңызды сапалар ретінде атайды. Кейбір зерттеушілер педагогтың кәсіби даярлығының құрылымына тек қана білімдерді ғана емес, сонымен қоса практикалық іскерліктерді де енгізіп қарастырады. Мысалы, Н.В.Кузьмина педагогикалық іскерліктер жүйесіне: жобалау, ұйымдастыру, гностикалық, конструктивтік және коммуникативтік сияқты сапаларды жатқызады.
Достарыңызбен бөлісу: |