Телеконференциялар. Көптеген желілер алғашқы ретте ғылыми, конструкторлық және оқу орындарын байланыстыратын жүйе ретінде жасалған болатын. Сондықтан ұжымдық пікір-талас жүргізуге арналған желі мүмкіндігі телеконференция деп аталып, ол белгілі бір салада ғана қолдануға негізделген еді. Бірақ кейіннен желілер практикада кең пайдаланылып, оның алғашқы ғылыми семинар, конференцияға арналған мүмкіндігі біршама шетте қала бастады.
Телеконференция ұйымдастыру кәдімгі кітапхана немесе архив жұмысына ұқсас жүргізіледі. Мұнда да көпсатылы тақырыптық каталогтар мен олардағы мәліметтерді сақтау ісі ұйымдастырылады. Телеконференцияларда әртүрлі орындардан алынған мақала түріндегі мәліметтер қарастырылады, олардың біразы электрондық пошта арқылы жинастырылады. Сол себепті мұндағы хаттар, мәліметтер мақалалар деп аталады. Нақты тақырыпқа бағытталған конференция мәліметтері каталогтар сатылары арқылы көрсетіліп тұрады десе де болады. Мысалы, relkom. commerce. food. drinks (байланыс, коммерция, тамақ, сусын) деген телеконференция атауы қарастырылатын мәселені біртіндеп отырып айқындайды: RELKOM телеконференциясы, коммерцияға арналған, тамақ өнімдері, оның ішінде сусындар туралы өткізіледі.
Әрбір телеконференцияның өзіне сәйкес “Қоймалар” бөлігінде жиналған мақалалар каталогы болады. Осындай каталогтың әрбір позициясы мынадай информация сақтай алады:
мақаланың инвентарлық нөміріне сәйкес саны (аналогы);
мақала авторы (тақырыптағы мәліметтен алынады);
мақала көлемі (байт/килобайтпен өлшенеді);
мақала тақырыбы (тақырып көшірмесіне сәйкес алынады).
Телеконференциялардың электрондық пошта арқылы хат алуға қарағанда екі өзгешелігі бар, олар:
бірінші – белгілі бір мерзім ішінде қабылданған мақалалар жинақталып сақталып отырады да, олар өте ескіріп кетсе өшіріледі;
екінші – кейбір телеконференциялар басқарылып отырады, яғни мұндай конференцияға әрбір абонент тікелей мақаласын жібере алмайды. Ол мақаласын электрондық поштамен сол конференцияның жетекшісіне жөнелтеді, ал жетекші мақаланы көріп шығып, оны жалпы көпшілік оқу үшін тіркеуге алатынын немесе алмайтынын өзі шешеді.
Телеконференция жұмысы сервер деп аталатын арнайы программамен жүргізіледі. Ал сервер телеконференцияға қатысушы әрбір адамды оған керекті барлық мәліметтермен қамтамасыз етуге тырысады: оларды әртүрлі тақырыптағы конференцияларға міндетті түрде қатысатын етіп тіркейді, оларға анықтамалық информация жібереді немесе талап етулер бойынша болып өткен телеконференция мәліметтерін электрондық пошта арқылы жеткізіп береді.
Соңғы кездерде желіаралық статусы бар телеконференциялар өткізілетін болды, олар әртүрлі желілерге байланысқан жандарды түгел қатыстыра алады. Қазіргі кезде әңгімеге тиек қыларлық барлық салалар жөнінде телеконференцияларға қатысу электрондық поштаны пайдалана алатын әрбір адам үшін өте қызғылықты, әрі қажетті іс болып табылады.
Бейнелік конференция — жергілікті желілерді пайдаланудың жаңа түрі. Бейнелерін көрсетіп, конференцияға қатысу үшін, әрбір компьютер иесі бейнекамера жене дыбыстық адаптермен жабдықталуы тиіс. Арнаулы бағдарламалар, адам бейнесімен дыбысты жұмыс станциялары арасында таратады. Компьютерлік бейне, конференциялар арқылы алыста отырып мәжіліске қатысу мүмкіндігін береді.
Достарыңызбен бөлісу: |