11. Дене тәрбиесі жаттығулары.
Арнайы дене тәрбиесі міндеттерін орындауға арналған, көп рет қайталанған адамның қимылын, әрекетін дене тәрбиесі жаттығулары дейміз. Қимылдың бәрі емес, тек дене тәрбиесі міндеттерін шешуге бағытталып, педагогикалық заңдылықтарға бағынған қимыл-қозғалыстар ғана дене тәрбиесі жаттығулары деп аталады. Дене тәрбиесі міндеттері – жаттығуды орындауды үйрену, жетілдіру, күшті, жылдамдықты дамыту т.с.с. Кейбір ұқсастықтары болса да дене тәрбиесі жаттығуларын еңбек, тұрмыс-қозғалыстарынан бөліп қарау керек. Еңбек ету кезіндегі қимыл-қозғалыстар материалдың бағалы заттар шығаруға бағытталған, өнеркәсіп заңдылықтарына бағынады. Кейбір қимыл-қозғалыстар (мысалы, отырып-тұру) дене тәрбиесі жаттығулары емес, оның бір ғана негізгі элементі. Дене тәрбиесі жаттығулары – көп рет қайталанатын күрделі құбылыс. Қазір пайдаланып жүрген дене тәрбиесі жаттығулары өте көп. Олардың мазмұны да әр түрлі. Дене тәрбиесі жаттығуы негізіне қимыл-қозғалыстармен бірге, адам ағзасында жаттығу жасалып жатқан кезде жүретін өзгерістер, жаттығудың адамға қандай әсер еткенін көрсететін үрдістер де кіреді.
Бұл әр түрлі күрделі үрдісті біз мынадай тұрғыда қарастырамыз: психологиялық (сезім, ойлау, әрекетінің өзгерістері); физиологиялық (ағзаның белсенді жұмыс істеу деңгейі, өсуі, қан айналымы, тыныс алу жүйесінің жақсаруы); биохимиялық (қимылды энергиямен қамтамасыз ету, шөгінділер шығару); педагогикалық (білім беру, тәрбиелеу міндеттерінің орындалуы т.б.).
Дене тәрбиесі жаттығуларының түрі олардың сыртқы және ішкі құрылысын көрсетеді (құрылымы, ұйымдастырылуы). Дене тәрбиесі жаттығуларының ішкі құрылысын қарасақ, жаттығу кезінде ағзаның әр түрлі жұмыс істеу үрдістері бір-бірімен бірігіп, ұйымдаса қимылдап жатады (моторлық және вегетативтік қызмет). Мысалы, жүгіру кезінде штанга көтеруге қарағанда ағзадағы вегетативтік жүйе басқадай болып өзгереді.
Жаттығулардың сыртқы түрі – ол көрініп тұрған жағы, адамның кеңістіктегі қозғалысын, уақытын, қозғалыс шамасын көрсетеді. Жаттығулардың түрі мен құрылымы бір-біріне байланысты. Белгілі бір жаттығуды дұрыс орындау үшін құрылысын өзгертсек, оның формасы, түр қозғалысы да өзгереді (мысалы, жүгіргенде артатын күш пен шыдамдылық қозғалыс амплитудасына да әсерін тигізеді т.б.).
Жаттығулардың жаттықтыратын әсері күш кезеңі арқылы орындалады.
Тез әсер етуі. Жаттығу жасап жатқан кезде ағзаның функционалдық жұмыс істеу өзгерістері айқын көріне бастайды. Бұлшық еттердің көлемі үлкейді, жүрек соғу, тыныс алу жиіленеді, ағза қызынады, қызарады, терлейді т.с.с.
Із қалдыруы. Жаттығу орындалып біткен соң қимыл-әрекетімен пайда болған құбылыс іздері ағзада жоғалмайды, бірталай уақыт сақталып қалады, шамамен бір, бір жарым тәуліктен артық. Адамның денесі қызып, қимыл-қозғалысы ширақ болады, асқа тәбеті жақсарады және т.б. Бұрын жаттықпаған адамдардың бұлшық еттері ауырып, дел-сал болып жүреді.
Достарыңызбен бөлісу: |