Қолданбалы климатология – қоғамдық өмірдің алуан түрлі саласына қызмет көрсетеді. Мысалы, ауыл шарушылығына агроклиматология, әуе транспортына – әуе метерологиясы және климатологиясы. Сондай-ақ бұл сала туристік базалар мен шипажайларға да қызмет етеді. Қолданбалы климатология метеорологиямен тығыз байланыста дамиды.
Метеорология (гр: meteora - атмосфера, аспан құбылыстары, logos-ілім) – жер атмосфераның құрамы мен құрлысын және онда күнделікті толассыз жүріп жатқан түрлі физикалық құбылыстарды зерттейтін ғылым.
Жердің гидросфера қабығын гидрология (гр: hydor - су және logos - ілім) ғылымы зерттейді. Гидрология ғылымы негізінен табиғаттағы су түрлері, олардағы жүріп жатқан әр алуан физикалық үдерістер мен олардың таралу заңдылықтарын зерттейді. Гидросфера атмосфера, ландшафт қабығы және биосферамен тығыз байланысты. Жер шары бойынша су объектілерінің алуан түрлілігіне қарай гидрология екі салаға: құрлық гидрологиясы мен теңіздер гидрологиясына (мұхиттану) бөлінеді.
Құрлық гидрологиясының өзі зерттеу саласына қарай: өзен гидрологиясы (потамология), көл гидрологиясы (лимиология), батпақ гидрологиясы, мұздықтар гидрологиясы (гляциология) және жер асты суларының гидрологиясына бөлінеді.
Құрлық гидрологиясы зерттеу сипатына қарай: іргелі және қолданбалы бағыттарға бөлінеді. Жалпы іргелі ғылым саласы табиғаттағы су айналымы, жердің жалпы су балансы мен түрлі гидрологиялық үдерістерді зерттеумен шұғылданса, қолданбалы саласының басты бағыты – гидротехника болып табылады.
Мұхиттану жер шарындағы алып жатқан кең көлемімен және оның табиғаттағы маңызымен ерекшеленеді. Мұхиттану – мұхит суларының физикалық, химиялық, термикалық және биологиялық ерекшеліктерін зерттейді. Сондай-ақ мұхит суының жеке қасиеттерін (тұздылығы, температуралық режимін), ағыстарды, толқындарды және толысу құбылыстарын зерттейді. Мұхит суларын аудандастырумен де шұғылданады. Мұхиттану қазіргі кезде мұхит түбі бедерін зерттейтін геоморфологиямен, климаттық ерекшелігін зерттеумен айналысатын климатология және тіршілігін зерттейтін биологиямен тығыз байланысты үлкен ғылыми кешен болып табылады.
Мұхиттар географиялық қабық тіршілігіне үлкен әсер етеді. Теңіз ағыстары негізгі ылғал мен жылуды тасымалдаушы болып табылады, сондықтан мұхиттану жалпы физикалық географияның географиялық қабық туралы тұжырымдамасында маңызды роль атқарады. Мұхиттанудың қолданбалы маңызы ерекше. Әсіресе, теңізде жүзу, пайдалы қазбаларды игеру мен ауа райын болжауда.
Топырақтану – жаратылыстану-ғылыми блоктың маңызды саласы болып табылады. Топырақ – географиялық қабықтың, оның ішінде, ландшафт сферасының ерекше құрамбөлігі болып табылады, ол органикалық және анорганикалық заттардан тұратын күрделі кешен, онда бір мезгілде, өсімдіктер қалдықтарының шіруімен химиялық реакциялар жүріп жатады. Топырақ бірнеше факторлар әрекетінен қалыптасады, атап айтқанда: өсімдік жамылғысы, аналық тау жыныстары, жер бедері, климат және т.б. Бұл топырақтанудың физико-географиялық ғылымның басқа да салаларымен байланысын көрсетеді. Топырақтанудың өзі топырақ химиясы, топырақ физикасы, топырақ биологиясы сияқты тармақтарға жіктеледі. Топырақтану әсіресе, жер беті топырақ жамылғысының таралу ерекшелігі мен оны аудандастыруда ландшафттанумен тығыз байланысты.
Биогеография – жер бетінің өсімдік жамылғысы мен жануарлар дүниесінің таралу заңдылықтары мен биоценоздарының қалыптасуын зерттейтін ғылым.
Биоценоз – (гр: bіos және koіos-шалы ) – белгілі бір аймақта өзара тиімді қарым-қатынаста тіршілік етіп, қоршаған орта жағдайларына бейімделген өсімдік, жануарлар мен микроорганизмдердің жиынтығы. Мысалы, орман. Биогеография зерттеу нысанына қарай: ботаникалық және зоологиялық география деген екі салаға бөлінеді.
Ботаникалық география – жер беті бойынша өсімдік жамылғысының таралу ерекшелігі мен заңдылықтарын және оларды аудандастырумен шұғылданады. Ол ландшафтанумен тығыз байланысты. Ботаникалық география – физикалық география мен ботаника арасындағы аралық ғылым.
Достарыңызбен бөлісу: |