Аңызақ жел. Жазда соғатын, өте құрғақ және аптап ыстық желдерді аңызақ деп атайды. Аңызақ желдер ауа температурасын жоғарлатып, ылғалдылықты кемітеді. Оның температурасының жоғары болуы, тек ыстық аймақтардан соғуына байланысты емес, құрамында шаң-тозаңның көп болуымен де байланысты. Сондықтан аңызақ жел соққанда, топырақ беті кеуіп, жарылып кетеді. Аңызақ өсімдік жамылғысы үшін өте зиян. Булану күшті жүргендіктен, топырақтағы ылғалды бойына тартып, үлгермейді. Аңызақ жер шарының көп бөлігінде соғады, сондықтан оның сол жерге тән жергілікті атаулары бар. Мысалы, Аравияда – самум, Мысырда – Хамсин, Алжирде – Сирокко деп атайды.
Қазақстанның жергілікті желдері. Географиялық орналасуы жағынан Қазақстанның жел энергетикалық әлеуеті де жоғары, жылына 0,929-дан 1,82 млрд кВт/с-қа жетеді. БҰҰ-ның Жел энергетикасының даму бағдарламасы аясында жүргізілген зерттеулер Қазақстанның бірқатар өңірлерінде, яғни 50 мың м² тарта аумақта желдің жылдамдығы 6 м/с-тан асатынын дәлелдеп берді.
Қазіргі кезде энергияны ысырап етпеудің ең тиімді жолы – жел қуатын тиімді әрі ұтымды пайдалана білу. Қазақстанда жел күшімен алынатын электр энергиясы қуатын кеңінен және еркін өндіруге болады. Республикамыздың барлық өңірлерінде жел қуаты жеткілікті. Жел энергиясының отын энергия көздерінен экологиялық және экономикалық артықшылықтары басым. Жел энергетикасы қондырғыларының технологиясын жетілдіру арқылы оның тиімділігін арттыруға болады. Жел энергиясын тұрақты пайдалану үшін, жел энергетикасы қондырғыларын басқа энергия көздерімен кешенді түрде ұштастыру бүгінгі күнгі өзекті мәселенің бірі саналады. Әсіресе, еліміздің шығыс, оңтүстік-шығыс және оңтүстік аймақтарында су мен жел электр станцияларын кіріктіре отырып, арзан әрі зкологиялық таза электр энергиясын өндіру өте тиімді. Бұл энергияның маңызды қайнар көзі, әрі көмір мен мұнайды, газды үнемдеп, қоршаған ортаны ластанудан қорғайды
Қазақстан метеорологтері аумағы шартарапқа созылған еліміздің әр аймағына тән, әрі тұрақты соғатын көптеген жергілікті желдерді есепке алған. Атап айтқанда, олар: Абай облысындағы Жаңғызтөбе, Алматы облысындағы Ебі, Сайқан, Шелек желдері мен Жамбыл облысындағы Қордай, Ақтөбе облысындағы Мұғалжар және Түркістан облысындағы Арыстанды-Қарабас желдері.
Жаңғызтөбе желі – Абай облысы Жаңғызтөбе кентінің маңында оңтүстік - шығыстан соғатын дауылды жел. Ол Қара Ертіс өзені аңғарында түзіледі де, Көкпекті өзенінің ағысына қарсы бойлай, Қаражал тауының Семей - Зайсан автомобиль жолы өтетін асудан асқаннан кейін күшейе түседі, Жарма мен Жаңғызтөбе темір жол стансаларының аралығында тым екпінді соғады. Көп жылдық бақылау нәтижесінде жел Жаңғызтөбе кенті төңірегінде қыс бойы орта есеппен 68 күн, ал тек қаңтар айында 16 күн соғып тұратыны анықталды. Қыста желдің орташа жылдамдығы 40 м/с-тан 70 м/с-қа дейін (қаңтарда ) жетеді.
Ебі желі – Жетісу (Жоңғар) Алатауының солтүстік-шығысындағы Ебінұр кентінен Жоңғар қақпасы арқылы соғатын сұрапыл, дауылды жел. Ебі желі Борохоро жотасы және Майлы жоталары аралығындағы жатқан Ебі жазығында жоғары қысымды антициклон мен төмен қысымды циклонның тоғысуынан пайда болады. Желдің жылдамдығы 60-80 м/с-қа жетеді. Негізінен, қазан-ақпан аралығында жиі болады, жазда саябырлайды. Жетісу облысының Қытаймен шекаралас аймағындағы 40°ендікте Еуразия мегабассейніндегі орасан зор ауа массасының көлемі ауысатын, Орталық Азиядағы “жел полюсі” деп аталатын Жетісу қақпасындағы желдің қуаты мол. Ол екі таудың ең тар жеріндегі (ені 10 -12 км, ұзындығы 80 км) табиғи “аэродинамикалық құбыр” болып табылады. Қақпа Қазақстанның Балқаш - Алакөл ойпатын Қытайдың Ебінұр ойпатымен жалғастырады. Осы жердегі жел ерекшеліктерін зерттеу нәтижесінде, оның электр энергиясын өндіруге өте тиімді екені анықталды. Қыс кезінде желдің соғатын бағыты оңтүстік, оңтүстік-шығыстан болса, жаз айларында солтүстік, солтүстік-батыстан соғады. Желдің орташа жылдамдығы 6,8 - 7,8 м/с, ал жел электр станциялары 4 - 5 м/с-тан бастап энергия бере бастайды. Желдің қарама-қарсы бағытқа өзгеруі сирек болуына байланысты, мұнда турбиналы ротор типті жел қондырғысын орнату тиімді. Желдің жалпы қуаты 5000 МВт-тан астам деп болжануда. Ебі желі ауыл шаруашылығы мен жол қатынасына, балық аулауға үлкен нұсқан келтіреді, кейде құрылыстар мен ғимараттарды қиратып кетеді. Ебі желі туралы тұңғыш ғылыми деректі Ш.Уәлиханов жазған.
Сайқан желі – Ебі желіне кері бағытта Жоңғар қақпасы арқылы Орталық Азияға қарай соғып тұратын жел. Алакөл үстінде жоғары қысым орнағанда, антициклон тұрақтап күшіне енген кезде, Сайқан желі солтүстік-батыстан оңтүстік -шығысқа қарай соғады. Желдің жылдамдығы 50-60 м/с. Алакөл ойысында температура 30-37° С-қа дейін төмендейді. Сайқан жоталарын қуалай соғатын жел болғандықтан, Сайқан желі деп аталады. Жел қыркүйек пен көкек айлары аралығында күшті соғады. Қатты соққан кезде Алакөлдің су деңгейі 1 м-ге дейін көтеріледі. Қоршаған ортаға тигізер зияны орасан зор. Сайқан желінің соғу мерзімі 2-3 тәулікке созылуы мүмкін. Жауған қарды ұшырып, жол қатынасын қиындатады, балық аулауға зиянын тигізеді.
Қордай желі – Жетіжол мен Кіндіктас жоталары аралығындағы Қордай асуынан соғады. Солтүстіктен суық ауа массасының тау аңғарына енуінен пайда болады. Асудың орналасуына байланысты күшті желдің 93%-ы солтүстік-шығыстан соғады. Әр айда 2-4 күн, кей жылдары 10-15 күнге созылатын желден бұрқасын борайды. Мұзбел аңғарындағы (бұрынғы Қордай кенті) метеостанса маңында ақпандағы желдің орташа жылдамдығы 5- 7 м/с, кейбір деректер бойынша Қордай желінің ең жоғарғы жылдамдығы жазда 28 м/с-қа, көктем және күзде 34, қыста 40 м/с-қа жетеді. Бір жыл ішінде орта есеппен 55 күн күшті жел соғатыны анықталған.
Мұғалжар желі – батыстан немесе солтүстік-батыстан келген ауа массасы түгелдей Орал тауынан әрі асып өте алмай, бір бөлігі оңтүстіктегі Мұғалжар тауы етегінің үстімен өтеді. Бұл желдің пайда болуы, жер бедеріне және атмосфералық циркуляцияға байланысты. Мұғалжар желінің жылдамдығы секундына 50 м-ге жететін қатты жерінде байқалады.
Арыстанды-Қарабас желі – Түркістан облысының Бәйдібек, Ордабасы аудандары аумағында соғатын жел. Қаратаудан бастау алатын Арыстанды өзенінің аңғарын бойлай соғады. Қаратаудың батысы мен шығыс биік жоталары аралығындағы тар асудың әсерінен үдеп, атмосфераның өзімен бағыттас ауа ағынымен қосылған кезде күшейе түседі. Жылдамдығы 35 м/с-ке жетеді. Жел солтүстіктегі құмды өңірден соққан кезде қара құйынды болып басталады. «Қарабас желі» деп аталуы да сол құбылысқа байланысты. Жел Арыстанды өзені алабының климатына әсерін тигізеді, қыста ауа райы күрт суиды, жазда аңызақты қуаңшылық қалыптасып, жел апталап соғады.
Жел тек табиғат құбылысы ғана емес, адамзат баласы жел энергиясын ерте заманнан-ақ күнделікті тұрмыстық қажетіне пайдаланып келеді. Оған алғашқы жел диірмендерін атауға болады. Ғылым мен техниканың үздіксіз дамуы нәтижесінде, желді пайдаланатын электр двигательдері пайда болды. Еліміздегі барлық табиғи энергия көздері ішінде жел энергиясының мүмкіндігі жоғары.
Қазақстан Еуразия құрлығының орталық бөлігінде орналасып, еліміз аумағы арқылы шамамен 50°с.е бойымен жоғары қысымды Воейков белдеуі өтеді. Бұл белдеу республиканың жазық бөлігіндегі негізгі жел айырық болып есептеледі.
Жалпы, қалпына келетін дәстүрлі емес жел энергиясының келешегі зор, экологиялық таза, қоры ешуақытта сарқылмайды, әрі арзан, тиімді. Оларды пайдалану табиғат баланстарын бұзбайды.
Циклон мен антициклон желдері. Циклон – жер бетінің атмосфералық қысым орталығына қарай төмендейтін аймағы. Сондықтан жел орталыққа қарай соғу керек, бірақ жердің өз білігінен айналуына байланысты, жел солтүстік жарты шарда сағат тіліне қарсы, оңтүстік жарты шарда, сағат тілі қозғалысымен бағыттас соғады. Циклон кезінде бұлт түзіліп, жауын-шашын жауады.
Антициклон – жер бетінің атмосфералық қысымы жоғары облыс, қысым орталықтан, шетіне қарай төмендей береді. Соған байланысты, жел антициклонның орталығынан, шетіне қарай және жердің өз білігінен айналуының әсерінен, солтүстік жарты шарда оңға, оңтүстік жарты шарда солға қарай бұрылады, ені мыңдаған шақырымға барады. Орталық бөлігінде ауа, жоғарыдан төмен қарай құлдырайды да, барған сайын, құрғай береді. Сондықтан антициклон өткенде ашық, қыста суық, жазда жылы ауа райы орнайды (10-сурет).
Достарыңызбен бөлісу: |