Ғылыми танымдағы философияның әдіснамалық қызметі.
Философия өмірде дұрыс жол сілтейтін ақиқаттың шыңын, әдісін көрсетуге тырысады. Әдіс туралы философиялық ілімді, демек, әдіснаманың немен айналысатынын қарастырайық. "Әдіс" ұғымы (гректің методос сөзінен аударғанда — бірдеңеге бастайтын жол) белгілі бір теориялық немесе практикалық міндетті орындау үгіттің таңдап алынған жол, амал, шешім дегенді білдіреді. Белгілі бір міндетті орындауға кіріспестен бұрын адам өзінің әрекетін жоспарлайды, мақсатына жету үшін қажетті амалдарды қарастырады. Әр әдіс ақиқатты іздеу ретін айқындайды, (егер ол дұрыс болса) күш пен уақытты үнемдеуге, мақсатқа жеткізетін тура жолды таңдап алуға мүмкіндік береді. Жюль Верннің "Капитан Гранттың балалары" романында Жак Паганель жолсеріктеріне жұмыртқаны дайындаудың жүзге жуық әдісі бар екенін айтатыны естеріңде болар. Әрине, бірнеше, кейде жүз түрлі амалмен бір нәтижеге қол жеткізу үнемі бола қоймас. Солай болса да, кәдімгі өмірде, өнеркәсіп өндірісінде немесе ғылыми тәжірибе жүргізгенде, белгілі бір міндетті түрлі жолдармен, әрекеттермен, операциялармен, демек, түрлі әдістермен шешуге болады. Олардың ең жақсысын таңдап алу кейде экономикалық жағынан тиімділігін ескере отырып, кейде техникалық мүмкіндіктерге сай, кейде мәселені тез шешу қажеттігіне орай таңдалып алынады. Содан бері әдістерді зерттеумен арнайы айналысатын әдіснама (грекше методология, методос — әдіс, логос — ілім) деп аталатын философиялық білімдердің тұтас бір саласы пайда болып, дамып келеді. Сөзбе-сөз әдіснама "әдіс туралы ілім" дегенді білдіреді. Адамдар кез келген қызметті атқарар алдында белгілі мақсаттарды басшылыққа алумен қатар жалпы ережелер мен нұсқауларға, шектеулерге сүйенеді. Кең мағынасында олар әдіснаманы құрайды. Егер мұндай әдіснама адамдардың санасында бола тұра жеткілікті қабылданбаса, былайша айтқанда, көзге көрінбесе, олар қоғамдық қызметтің негізгі түрлерінің сипаттарын айқындайтын мәнді рөл атқарады. ''Философиялық әдіс'' дегеніміз — нағыздықты игерудің теориялық және практикалық мейлінше жалпылама әдістерінің жүйесі, сонымен қоса философиялық білімдердің жүйе құру әдісі болып табылады. Философияның әдіснамалық қызметі Философияның әдіснамалық қызметі (латынша функция — орындау деген сөз) танымның және адамның нағыздықты игеруінің мейлінше жалпылама әдістерінің жиынтығынан болғандықтан да көрінеді. Өзге ғылымдардың әдістері сияқты, философиялық әдістер де адам қызметінің практикасынан бастау алады және де объективті дүниенің даму заңдары мен логикасының шағылуы болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |