Hyalomma (шыны көзді кене)
Hyalomma туысына ұзын тұмсықты көздері жақсы дамыған кенелер жатады.Сондықтан оларды шыны көз деп атайды. Ауыл шаруашылық жануарларында бұл туыстың Hyalomma anatolіcum, H. detrіtum, H. scupense деген түрлері кездеседі. Бұл кенелер Қазақстанның шөлді жəне шөлейт аймақтарында көп тараған.Əсіресе Қызылорда,Шымкент,Жамбыл облыстарында, сондай-ақ Алматы облысының кейбір аудандарында таралған. Hyalomma туысына жататын кенелер көбінесе ірі қара малда кездеседі. Жылқы, қой, ешкі, түйе түліктеріне Hyalomma кенелері өте сирек жабылады. Бұл кенелердің H. аnatolіcum деген түрі ірі қараның қарапайымдылар қоздыратын тейлериоз ауруын тасымалдайды. Кененің бұл түрі еліміздің Оңтүстігінде ғана кездеседі. Оның ареалының Солтүстік шекарасы- Ресейлік Астрахан облысынан Қазақстанның Оңтүстігін басып,Қырғызстанға дейін барады.Теңіз деңгейінен 500 м биіктік бұл кенелерден бос.Кенелер мал қораларында, олардың қабырғаларында, оттығында тығылып жатуы мүмкін. Сондай- ақ көң астында, кемірушілердің інінде, саман жəне қамыстан істелген құрылыстарда кездеседі. Ал, H.scupense деген түрі мал қораларында қыстайды. Сол себепті тейлериоз ауруы бірен-саран түрде қыста да кездеседі.
Ересек кенелер малды мамыр-тамыз айларында, ал балапан кенелері мен нимфалары тамыз-қыркүйек айларында талайды. Тойынған личинкалар мен нимфалар малдың үстінен жерге түсіп, жайылымда қыстап шығады. H.plumbeum кенелері жылқы пироплазмозы мен нутталиозының қоздырғыштарын тасымалдайды. Кенелердің бұл түрі Оңтүстік Қазақстанда жəне Орта Азия республикаларында кездеседі. Олар мамыр-маусым айларында малды қанымен қоректенеді. Жайылымға түсіп қалған нимфалар көп талайды. Балапан кенелер мен нимфалары мамыр айынан қазан айына дейін жануарларкүзде имаго сатысына түлеп, көктемге дейін анабиоз жағдайына еніп, қыстап шығады.
H.scupense- ірі-қара тейлериозы мен жылқы нутталиозының қоздырғыштарын тасымалдайды. Бұл кенелер Орталық Қазақстанға дейін тараған. Оңтүстікке қарай бұл кене жақсы бейімделген, тек теңіз бетінен 1000 м биіктікте ғана болмайды. Жанасқанда бір малдан екінші малға көшіп отыруы мүмкін. Бұл кененің ерекшелігі-жануарларды жылдың суық уақытында, яғни қазан айынан мамырға дейін талайды. Олардың ұрғашылары жануарлар денесінен наурыз-мамыр айларында түсіп қалады. Маусым айында жұмыртқалап, одан шыққан балапан кенелер күздің суығына дейін малға дарымайды.Балапан кенелер негізінен ірі қара малды, сирегірек жылқы, қой талайды. Қыстың желтоқсан, қаңтар,ақпан айларында нимфалардың қоректенуі жəне оның имаго сатысына дамуы баяулайды.
Күрес шаралары: Мал қораларында қалып қоятын Hyalomma anatolіcum, H.detrіtum жəне H.scupense сияқты кенелерді жоюдың маңызы зор. Бұл кенелер мал қораларында қыстап, қыс пен көктемде малға жабысып қанын сорады. Бұл кенелерді жою үшін - олар тығылатын саңлауларды құмға цемент араластырып тығындап, кеміргіштердің інін бітеу, сондай-ақ қора маңындағы өсімдіктерді отап тастау шарт.Сосын қораны аэрозольді акарацидтермен дəрілейді.Ол үшін аэрозоль-2 (хлорофос пен ДДВФ қосындысы- 9:1) 20 мл м3 мөлшерінде қораға, глак-ц-глутар альдегиді жəне циодрин негізінде жасалған баллондағы препаратты 50 мл мз есебімен шашады. Бұлардан басқа қораны дəрілеу үшін 1,5 % хлорофос, 0,2 % бензофосфат 200-400 мл м2 мөлшерінде қолданылады. Дəріленген қораларға мал енгізу үшін оларды 3-4 сағат желдетіп, оттықтарын тазалап, ыстық сумен жуу шарт.
35. Rhipicephalus туысы кенелерінің зияндылығы, олармен күрес шаралар.
Rhipicephalus (желпеуіш басты кене)
Rhіpіcephalus туысына жататын кенелер: Rh.bursa жəне R.pumіlіo. Бұл кенелердің тұмсығы қысқа, түбі алты бұрышты, көздері бар, анальдік жолақ артқы тесік артында, еркек кенелердің екі жұп анальдік қалқаншалары бар.
Rh.bursa- екі иелі кенелер, көбіне ірі қара мал мен қойдан табылады, ал Rh.pumіlіo үй жəне тағы хайуанаттарына онымен қоса адамға да жабысады. Rh.bursa кенелері қойдың бабезиозын (B.ovіs), тейлериозын (Th.recondіta) жəне пиролазмозын (P.ovіs), сондай-ақ, ірі қара малдың анаплазмозын (A.margіnale) тасымалдайды.
Кенелердің бұл түрі Қырымда, Қара теңіз жағалауында, Кавказда жəне Қазақстанның оңтүстігінде кездеседі. Бірен-саран кенелер теңіз деңгейінен 2800 м биіктікке дейін кездеседі. Имаго фазасында қой мен ірі қараға наурыз айынан бастап жабысады, бірақ негізінен жағырапиялық алқапқа байла-нысты мамыр-шілде айларында белсенділігі күшейеді. Ал балапан кенелері жаздың екінші жартысынан бастап, күз айларына дейін кездеседі. Олар қой құлағының ішкі жағына жабысып қанын сорады. Имаго фазасында қойдың түксіз жерлеріне жабысады. Жылына бір ұрпақ береді.
Күрес шаралары: Ірі қараны әр жеті сайын кенелерге қарсы бензофосфаттың 0,2%-тік эмульциясымен, циодриннің 0,5%-тік эмульциясымен, дурсбанның 0,15%-тік эмульциясымен, хлорофостың 3%-тік ерітіндісімен бүркіп, дәрілеуге болады. Иксодид кенелерін мал денесінен 37,5 ч/млн дозада бутокс ертіндісімен шомылдырып немесе 25 ч/млн дозада аэрозолды әдіспен бүркіп жоюға болады (ч/млн - 1 бөлім белсенді заттың 1000 л судағы ертіндісі). Неоцидолдың 600 ч/млн дозадағы ерітіндісін (600 к.э. 1: 1000) шошқадан басқа малға шашуға болады.
36.Haemaphysalis туысы кенелерінің зияндылығы, олармен күрес шаралар.
Haemaphysalis (қан сүйгіш кене)
Haemaphіsalіs туысына жататын түрлер H.otophіla жəне H.longіcornіs (H.neumanі). Бұл кенелердің тұмсығы қысқа, түбі төрт бұрышты, көздері жоқ, анальдік жолақ артқы тесіктің арт жағына орналасқан. Құрсақ жағында қалқаншалары жоқ.
H.otophіla үш иелі, ол қойдың анаплазмоз (Anaplasma ovіs) жəне пироплазмоз (қоздырғышы Pіroplasma ovіs) ауруларын тасымалдайды. Бұл кенелер Украинаның оңтүстігінде,Қырымда,Солтүстік Кавказда кездеседі.Қазақстанның оңтүстік аймақтарында Н.punctata кенелері болады. И.Г.Галузо (1944) байқауына қарағанда бұл кенелер қойдың бруцеллез ауруын таратуда маңызы зор. H.longіcornіs үш иелі кене,қиыр Шығыста ірі қара малдың тейлериоз ауруын тасымалдайды (қоздырғышы-Тheіlerіa sergentі)
Күрес шаралары: дауасы негізінен кенеге қарсы шараларды жүзеге асыру жəне ауру жаппай кездескенде химиялық дауа қолдану. Бұл шаралар пироплазмозға жəне бабезиозға бір мезгілде жүргізіледі.
37. Аргас кенелері, морфологиясы, биологиясы және олармен күрес шаралар.
Аргазида кенелері Parasіtіformes тегіне жататын, жай көзбен жақсы көрінетін ірі кенелер. Олар Argasіdae тұқымдасына жатады. Оның ішінде Argas жəне Alveonasus туыстарының ветеринариялық маңызы бар. Аргазида кенелері еліміздің Оңтүстігінде таралған, олар мал мен құс денесінде кездеседі. Əсіресе Argas persіcus немесе парсы құс кенесі, Alveonasus lahorensіs қашар кенесі мал, құс қораларында жиі кездеседі.
Argas persіcus кенесі құс қораларында өмір сүреді. Бұл кенелердің барлық сатылары құс баррелиозы, құс туберкулезі, құс сүзегі жəне үйрек қылауы қоздырғыштарын тасымалдайды. Бұл кенелер құс эктопаразиті ретінде құсты арықтатады, көптеп жабылғанда құс балапандары өліп қалуы мүмкін. Парсы кенелерінің дене тұрқы 4,5-9 мм, ал ені 3-6 мм. Пішіні жұмыртқа тəрізді, денесі жалпақ, аш кененің түсі сұр. Қанға тойынған кенелер түйебұршақ тəрізденеді. Бұл кенелердің көздері жоқ, тұмсығы денесінің астыңғы жағында, тритремалары орақ тəрізді. Кене Қазақстанның Оңтүстік облыстарында жəне Орта Азия республикала-рында таралған.
Парсы кенелері тауық ұяларын, оның қонақтайтын тұғырын, тақтай жəне бөрене жарықтарын жəне құс қоралары маңындағы жабайы құстардың ұяларын мекендейді. Бұл кенелер тек құстарға ғана жабысады. Сүтқоректілер денесінде болмайды.
Парсы кенелері жылы уақытта ғана өсіп-өнеді. Ол үшін ең кем дегенде 200С жылылық қажет. Парсы кенелерінің балапан сатысынан басқалары жарық сəуледен қашады, сондықтан олар түн кезінде ғана құстарға жабылады. Ал, ұядағы парсы кенелері құсты күндіз де шағады. Кенелер көп рет қан сорады. Əр қан сорған сайын ұрғашы кенелер 130 шақты жұмыртқа салады. Жұмыртқа ішінде 2 аптадан соң балапан-кене дамиды. Олар құстың мойнына, қанат астына, клоака маңына жабысып, құстың қанын сорады. 3-10 күннен кейін олар түсіп қалып, бірінші нимфа сатысына, онан соң қан сорғаннан кейін екінші нимфа сатысына айналады. Соңғы нимфа сатысынан имаго немесе ересек кене пайда болады. Кененің толық өсіп-өнуі 1-2 жылда аяқталады. Парсы кенесі 2-3 жылдық аштыққа шыдайды.
Парсы кенелеріне қарсы кешенді шараларды жүргізу-оларды құс қораларында толық жоюға мүмкіндік береді. Ол үшін құсты уақытша лагерлерге көшіріп, құс қорасын жəне оның маңындағы ағаштарды, қуыстарды мұқият зерттеу қажет. Құс қорасындағы аралық қабырғаларды жəне т.б. тетіктерді сыртқа шығарып ыстық сумен жуыпкептіру шарт.Қабырғадағы саңылаулардың сылағын түсіріп, жарыққа ыстық соляр майын немесе бояу жағады.
Қора ішін дəрілеу үшін 1,5 % хлорофос, 1 % неоцидол, дикрезил немесе карбофос, 1 % циодрин, 4-5 % натрий фенолят эмульсиясы əр 1 м2 көлемге 100-200 мл мөлшерде шашады. Бұл дəрілерді бүрку үшін ДУК, ВДМ, ЛСД қондырғылары жəне гидропульттер қолданылады. Құс қораларын 3-5 күннен кейін қайта екінші рет жəне керек жағдайда үшінші рет дəрілейді. ТАН аэрозоль қондырғысы көмегімен бағытталған аэрозоль тұманын жасау үшін 3 % карбофос ерітіндісі жəне 0,5 % ДДВФ қолданылады.
Құсқа жабысқан балаң кенелерді жою үшін оларға акарацидтерді сыртта шашады. Негізінен құстарды 11-12 күн қорадан тыс жерде ұстау балаң кенелерден құтылудың ең тиімді əдісі. Құсты бұл қораларға күрделі жөндеуден өткізіп, қорытынды дəрілеуден кейін 5-10 күннен соң ғана орналастыруға болады.
Құс қоралары мен құс фабрикаларын елді мекендерден алыс орналастыру шарт. Оларды бақ немесе ағаш ішіне салмайды, себебі жаз уақытында парсы кенелері ағаш қабығы астына, құс ұяларына тығылып қалады.
Кене мекендеген ескі құс қораларынан құрал-сайман жəне құрылыс заттарын алып пайдалануға тыйым салынады.
38. Қора кенелеріжәнеоларменкүресшаралары.
Alveonasus lahorensіs- қора кенелері. Қой денесіне бұл кенелер көптеп жабысып,қанын сорғанда мал арықтайды, кейде салданады. Тəжірибе жүзінде қой қора кенелері Anaplasma ovіs жəне Thelerіa ovіs қарапайымдыларын тасымалдайтыны анықталды.
A.lahorensіs кенелері Кавказда, Қазақстанның Оңтүстігінде жəне Орта Азия республикаларында кездеседі. Бұл кенелер көбінесе ескі қой қораларын, басқа да мал қораларын мекендейді. Олар қора қабырғасының саңылаулары мен жарылған жерлерінде тығылып жатады. Бұл кенелер кеміргіштердің інінде, тастар қуысында, қурай арасында да болуы мүмкін.
A.lahorensіs кенелері қойға, түйеге сирек жағдайда басқа түліктерге жабысуы мүмкін, кейде адамға да жабысады. Кене имаго сатысында арасына үзіліс беріп бірнеше рет қоректенеді. Кененің ұрғашылары қанға тойынғаннан соң жұмыртқалайды, олардан 14-15 күннен кейін балаң кенелер шығады. Бұл балаң кенелер 11 айдай аштыққа шыдайды. Балаң кенелер малға қыркүйек, желтоқсан айларында жабысады. Күзгі-қысқы маусымда жануарлар денесінде қоректенген балаң кенелер бірінші нимфа, ал кейінірек екінші жəне үшінші нимфаға айналады. Бұл кезең 3 аптадан бір жарым айға дейін созылады. Жерге түскен нимфалар бірнеше айдан соң имаго немесе ересек сатысына түлейді. Қой қора кенелері имаго сатысында 7-10 жыл аштыққа шыдайды.
Қой қора кенелерін жою үшін 1 % дилор суспензиясы, анаметрин Н дəрісінің 0,25 % эмульсиясы, неоцидолдың (диазинонның) 0,05 % эмульсиясы қолданылады. Бұл дəрілерді 200-400 мл м2 мөлшерде қораға шашады. Күзде қойды қораға қамарда оларды қайталап дəрілеу шарт.
Малға жабысқан кенелерді жою үшін əсері ұзартылған фосфорор- ганикалық дəрілер қолданылады. Ол үшін 0,025 г/кг мөлшерде қолданылған сульфидофс-20 жəне 0,040 г/кг мөлшердегі диоксофос жақсы нəтиже береді. Салмағы 40 кг қойға омыртқа жотасы тұсынан өлшегіш аспаппен 5 мл сульфидофос немесе 10 мл диоксофос тамызады. Бұлардан басқа ивомек, бутокс, протеид, неоцидол, байтикол жəне т.б. дəрілерді де қолдануға болады.
Сульфидофос-20-мен дəріленген малды 40 күннен, ал диоксофостан кейін 2 аптадан соң ғана союға болады. Қой қора кенелерімен түбегейлі күрес жүргізу үшін ескі қоралардан арылып, жаңа стандартты қой қораларын салу шарт. Кенесі бар қорадан кенелер басқа қораларға таралып кетпес үшін, ондағы жануарларды акарицидтермен дəрілегеннен кейін ғана көшіруге болады.
39. Гамазоид морфологиясы, биологиясыжәнеоларменкүресшаралар.
Гамазоид кенелері де паразитиформ тегіне жататын буынаяқтылар. Бұл кенелер тобы ішінде Dermanyssus gallіnae тауық кенесінің практикалық маңызы зор. Бұл кене боррелиоз, орнитоз, тырысқақ жəне оба ауруларының қоздырғыштарын тасымалдайды. Сонымен қатар бұл кенелер құс денесіне жаппай жабылғанда олар азады, жұмыртқалау қабілеттілігі төмендейді, тірілей салмағы кеміп, балапандар өлім-жітімге ұшырайды. Тауық кенелері D. gallіnae ұсақ, тұрқы 0,75 мм-дей (аш кезінде) қозғалымпаз буынаяқтылар. Аш кенелер ашық сары түсті, қан сорған соң олар қызарады, сонсоң қоңырқай тартады. Пішіні сопақ, үстінде көптеген қылдары бар. Дене сырты көптеген қалқаншалардан (склериттерден) құралған, ал олардың арасында созылымпаз жарғақ бар, ол кененің қан сорғанда 2 есе үлкеюіне мүмкіндік береді. Аяқтары ұзын, оның ең бірінші буыны – коксалары қозғалымпаз, ал ең соңғы буын табанында жұп тырнақшалары жəне мөлдір жабысқағы бар. Бірінші жұп аяқтары сезім қызметін атқарады, кене қозғалғанда алдыңғы аяқтары жылдам көтеріліп жəне жылдам төмен түсіп, кене өз жолын сипап көргендей болады, себебі тауық кенесінің көзі жоқ. Ауыз мүшелері тесіп-соруға бейім: жоғарғы жақтары (хелицерлері) ұзын жəне үшкір. Тыныс тесіктері (стигмалары) 3-ші жəне 4-ші коксалар тұсында ашылады. Кененің еркегі ұрғашыларынан кішірек, хелицерлері қысқарақ, бірақ қомақты. Балаң кенелері қан сормайды, сыртқы қабыршағы мөлдір, шыны түсті.
Тауық кенелері құс қораларында, құс ұяларында мекендейді. Олардың жиылатын жерлері: қабырғаның саңылауы мен жарықтары, құс қораларындағы қоқыс жəне шаң. Жылы құс қораларында (жылылығы 20-250С шамасында) тауық кенелері жыл бойы тіршілік етеді. Олар əсіресе жаздың ыстық кезеңінде тез өсіп-өнеді. Əдетте бұл кенелер түнде шабуыл жасайды, бірақ тым көбейіп кетсе, күндіз де құсқа жабыса береді. Кене 11 айдай аштыққа шыдайды. – 50С-тан төмен суықтыққа кене шыдамайды, қырылып қалады.
Құс қораларында тауық кенелерін табу үшін саңылаулар мен жарықтардың шаңын жинап, шыны ыдысқа салып, аузын мықтап жауып қояды. Лабораторияда сақтықпен ішіне қағаз төселген, шетіне вазелин жағылған Петри тостағандарына жинаған тозаңды аз-аздан салып мұқият зерттейді. Суық кездерде тостағанды аздап жылытуға болады.
Бұл кенелермен тиімді күрес құстан босатылған қораларда жүргізіледі. Ол үшін қора ішін құс саңырағынан мұқият тазалап,ағаштан жасалған бұйымдарды сыртқа шығарады. Құс қора ішінде дератизация жүргізіледі, көгершін, қарлығаш жəне торғай сияқты құстардың ұяларын алып тастау қажет.
Құс қораларын 2 рет 1-2 % хлорофос ерітіндісімен, 0,5 % карбофос эмульсиясымен, 0,5-1 % үшхлорметафос-3 эмульсиясы-мен, 0,25-0,5 % циодрин немесе дикрезил эмульсиясымен, 0,02 % ДДВФ эмульсиясымен дəрілеу қажет. Дəріленген қорада кенелер бір бөлмеден екінші бөлмеге көшіп кетпес үшін дəрілеуді біртіндеп ең алдымен аналық құс тұрған жəне жұмыртқалайтын тауық тұрған бөлімшелерден бастайды, сонан соң акклиматизациялық бөлмені жəне топтастыру үйшіктерін дəрілейді.
40. Кенелер коллекциясынан Dermacentor туысы кенесін тауып, сипаттаңыз.
Достарыңызбен бөлісу: |