Эпизоотологиясы. Жылқы пироплазмозы Қазақстанның Оңтүстік, Батыс облыстарында, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл, Қызылорда, Атырау жəне Алматы облысының Оңтүстік аудандарында көктемде, əсіресе мамыр айында кездеседі. Ауру əдетте жылқы тұқымдарының барлығында, оның ішінде асыл тұқымдыларында жиірек, ал есек пен қашырда сирегірек кездеседі.
Ауру белгілері. Жасырын кезеңі 9-11 күнге созылады. Жылқы пироплазмозы жіті ауру. Ол малдың дене ыстығы 40-410С -қа дейін көтерілуден басталады. Жылқы басын салбыратып, жүргенде тəлтіректейді. Ауыздың, танаудың кілегей қабықтары сарғыш тартады. Тыныс алысы мен жүрек соғуы жиілейді, іші кебеді. Буаз биелер іш тастауы мүмкін, ал сауын биелер мүлде суалады. Ауру жылқының жүні үрпиіп, танауларынан су ағады. Дене ыстығы көтерілгеннен 2-3 күннен соң жылқының несебі қызарады. Несепке гемоглобин, яғни қанның бояуыш заты араласып, гемоглобинурия байқалады. Қандағы эритроциттер саны 2-3 есе азаяды.Ауру жылқы қан аздыққа шалдығып, организмге оттегі жетіспейді. Улы заттар ішкі мүшелерге жиналып, бауырдың бейтараптау қызметі нашарлайды. Осының салдарынан ұлпаларда сары түске бояйтын билирубин пигменті жиналып, кілегей қабықтарды сары түске бояйды, ауру малдың өкпесі қабынады. Кəрі жылқылар мен жұмыс малының жақ астына, сауырына, аяқ буындарына сарысу жиналады, ісінеді. Егер малдың дене ыстығы қалыптағыдан төмендеп кетсе, оны өміріне төнген қауіп деп есептеуге болады. Мұндай жағдайда ауру мал орнынан тұра алмай жатып қалуы мүмкін.
Диагнозы. Жылқының жіті пироплазмозын анықтау қиынға соқпайды. Дене қызуының көтерілуі сыртқы кілегей қабықтарының сарғаюы, тыныс алуының жəне жүрек соғуының шапшаңдауы, 2-3 күннен кейін гемоглобинурия белгілерінің байқалуы, жем-судан қалуы, терлеп қиналуы пироплазмозға дəлел бола алады.
Емі. Ауру малдың күтімін жақсартып, оны көлеңкелі жерде ұстайды. Жылқының үстін, əсіресе жал, кекіл, құлақ жəне құйрық түптерін мұқият қарап, жабысқан кенелерден тазарту шарт. Ауру жылқыға көк шөп жəне мол етіп су беру керек, ал аурудың беті қайтқан соң жем қоспаларын беруге болады. Пироплазмозға қарсы арнайы дəрілерден диамидин немесе азидин қолданылады. Диамидинді бұлшық ет ішіне тереңірек егеді. Ол 0,002 г/кг мөлшерінде 10 % ертітінді түрінде қолданылады. Дəріні зарарсыздандырылған дистилденген немесе қайнаған жылылығы 25-30 0С суға ерітеді. Егер жылқының ден саулығы түзелмесе, дəріні 24 сағаттан кейін қайта қолдану шарт
Достарыңызбен бөлісу: |