Эпизоотологиясы. Тейлериоз шет елдерде Балкан түбегі мемлекет-терінде, Италияда, Кипр аралында, Турцияда, Израильде, Иракта, Сирияда, Ливанда, Ауғанстанда, Индияда, Солтүстік Африкада жəне Орта Азияда. Орта Азия мемлекеттерімен қатар Қазақстанның оңтүстік аймақтарында кездеседі. Əсіресе Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда жəне Жамбыл облыстарында тейлериоз кең етек алып, шаруашылықтарда энзоотия түрінде байқалады. Себебі бұл аймақтарда ауру қоздврғышын тасымалдайтын Hyalomma туысына жататын кене түрлері көп тараған. Жас мал тейлериозбен асқынып ауырады. Сондай ақ сырттан əкелінген малдар да өте қатты ауырып, тейлериоздан өлім?жітімге көп шалдығады.
Аурубелгілері. Аурудың жасырын кезеңі 11-15 күн. Тейлериоз жіті жəне жітілеу түрінде байқалады. Аурудың жіті түрі басқа жерден əкелінген жануарларда болады. Алғашқы күндері ауру малдың бір жақ шабындағы, желіні мен мойнындағы, жаурын алдындағы бездері қабынып, “безі шошып”, ісіп кетеді. Оларды сипап көргенде өте қатты екендігі жəне мал ауырсынатыны байқалады. Сонан соң дене ыстығы 40-41,1 ал кейде 41,8 дейін көтеріледі, малдың жемге тəбеті тартпайды, сүті азаяды, жүні үрпиіп, қатты күйзеледі. Тамыр соғуы минутына 80- 130-ға дейін жиілейді, тыныс алуы минутына 50-60 дейін шапшаңдап, мал демігеді. Ол аяқтарын талтайтып, басын төмен салбыратып тұрады. Асқазан жолдарының қызметі бұзылады. Малдың қиы сұйық, оған шырыш, ал кейде қан қосылады. Кейін ішек перистальтикасы мүлде əлсіреп, тұрақты атония дамиды. Қандағы эритроцит саны мен гемоглобин мөлшері 2-3 есе кемиді. Несеп шығару қиындайды. Ауру мал жемнен бас тартады, суды сүйсінбей ішеді, күйіс қайыру жəне сүт шығару мүлде тоқтайды, 6-8 күннен соң дене қызуы шұғыл төмендеп, мал тез арада шығынға ұшырайды. Аурудың жітілеу түрінде де сөл бездері шошып, дене қызуы 40-410 - қа дейін көтеріліп, осы деңгейде 2-3 күн тұрады, сонан соң қалпына келеді. Бұдан 2-3 күн өткен соң, дене ыстығы қайта көтеріліп, өзгермелі қызба аурудың аяғына дейін байқалады. Көз бен мұрынның кілегей қабықтары алғашқыда қызарыңқы. Олардың бозаруы баяу дамиды. Анемия қызба басталған соң 5 күннен кейін біліне бастайды. Ауру малдың жалпы күйі нашарлайды, тəбеті азаяды не мүлде болмайды. Аш бүйірі мен қабырғалары айқын білініп тұрады. Күйіс қайыру бірте-бірте тоқтап қалады. Ішек қозғалуы алғашқыда жиілегенмен кейін мүлде тоқтайды. Сүті азаяды. Ауру мал арып, 2-3 аптадан соң көтеремге айналады, əлсірейді, жүргенде тəлтіректейді. Ол мойнын бір жағына бұрып, ыңыранып жатып алады. Жүрек қызметінің бірте-бірте əлсіреуінен 3-4 аптадан соң мал шығынға ұшырайды. Тейлериоздың жітілеу түрінде лейкоциттердің саны 9 мыңға дейін көбейеді. Қан құрамында нормобластар, базофильді түйіршіктері бар эритроциттер жəне денешіктер, анизоцитоз, пойкилоцитоз жəне полихроматофилия құбылыстары байқалады.
Достарыңызбен бөлісу: |