Көз алмасы шар пішінді. Оның алдыңғы және артқы полюстерін ажыратады. Көз алмасының орталық бөлігін - ядро деп атайды, оның сыртын 3 түрлі қабық қаптап тұрады.
Көз аламасының сыртқы қабығын - фиброзды қабық деп атайды. Оның алдыңғы дөңестеліп келген бөлігі – қасаң қабық, артқы көп бөлігі – склера деп аталады. Бұл қабықта қантамырлар болмайды. Көз алмасының ортаңғы қабығы – қантамырлар қабығы деп аталады. Оның алдыңғы бөлігі – нұрлы қабық, ортаңғы бөлігі - кірпікті дене, ал артқы бөлігі – нағыз тамырлы қабық деп аталады. Нұрлы қабықтың ортасындағы тесік көз қарашығы деп аталады.
Көз алмасының ішкі қабығы – торлы қабық деп аталады. Онда колба тәрізді және таяқша пішінді жарық сезгіш клеткалар орналасқан. Таяқша пішінді клеткалар қараңғылықты сезеді, ал колба тәрізді клеткалар күндізгі жарықты сезіп, заттың түсін ажыратады.
Есту анализаторы - үш бөлімнен (сыртқы, ортаңғы және ішкі құлақтан) тұрады.
Сыртқы құлаққа– эластикалық шеміршектен тұратын құлақ қалқаны мен сыртқы дыбыс жолы жатады. Сыртқы дыбыс жолының ұзындығы 2,5 см-ге жуық. Ол самай сүйегінің пирамида бөлігінде орналасады. Сыртқы дыбыс жолының ішкі жағында түрі өзгерген тер бездерінен сарғыш түсті құлық бөлінеді. Олар дабыл жарғағын сыртқы ортаның түрлі қолайсыз жағдайларынан қорғап тұрады.
Ортаңғы құлақ – дабыл қуысынан, есту сүйекшелерінен (балғашық, төс, үзеңгі) және есту түтікшесінен (евстахиев түтігі) тұрады. Ортаңғы құлақтың артқы жағында 2 тесік (кіреберіс және ұлулы дене) бар. Бұл тесіктер ортаңғы құлақ пен ішкі құлақты бір-бірімен байланыстырып тұрады. Ортаңғы құлақтағы үш сүйек (төс, балғашық, үзеңгі) бір-бірімен буын арқылы байланысқан және олар дабыл жарғағын ішкі құлақпен байланыстырып тұрады. Ортаңғы құлақтағы дыбыс түтігінің ұзындығы 3,5 см және ол жұтқыншақпен байланысып жатады. Сондықтан да, ортаңғы құлақ қуысында үнемі атмосфералық ауа болады.
Ішкі құлақтың немесе шытырманның (лабиринт) құрылысы күрделі болып келеді. Оның ішкі жағында орналасқан жарғақты түтікшелердің ішінде эндолимфа сұйықтығы болады, оны кейде жарғақты шытырман деп те атайды. Оның сыртын сүйекті шытырман қоршап тұрады. Жарғақты шытырман мен сүйекті шытырманның арасын перилимфа сұйықтығы толтырып жатады.
Сүйекті шытырман үш бөліктен (кіреберіс, ұлулы дене және үш жарты иірім өзекшелер) тұрады.
Достарыңызбен бөлісу: |