90.Торлы құрылым және атқаратын қызметі.
Жұлын мен ми сабағының ортаңғы бөліктерінде орналасқан өсінділері қиылысып тор тәрізді құрылым түзетін нейрондар жиынтығын торлы құрылым немесе ретикулярлы формация дейді. Торлы құрылым нейрондары топтасып, көптеген ядролар құрайды. Тек сопақша ми деңгейінде ғана 90 ядро анықталған.
Торлы құрылым өрлеу және төмендеу жүйелерінен құралады. Өрлеу жүйесі арқылы импульстер торлы құрылымнан ми қыртысына шашырай тарайды да, оның белсенділігін күшейтеді. Сол себепті өрлеу жүйесін белсендіруші жүйе деп атайды.
Торлы құрылым нейрондары дененің белгілі бір бөліктерімен нақтылы байланыс түзбейді. Олар әр түрлі рецепторлардың көру, есту, жанасу, дәм сезу т.б., тітіркенуі нәтижесінде қозады. Кез келген рецептор тітіркенгенде тітіркеніс орталыққа тепкіш жол арқылы ми қыртысына бағытталады да, тітіркенген рецептор табиғатына байланысты ми қыртысының нақтылы бір бөлігінде козу пайда болады. Сондықтан бұл жолды арнаулы өткізу жолы деп атайды. Арнаулы өткізгіш жол арқылы тітіркеніс шапшаң, өзіндік сипатын сақтай отырып таралады, ми қыртысының нақтылы бөлігіне бағытталады да, шоғырланған қозу процесін тудырады. Қозған торлы құрылым торшаларынан да импульс ми қыртысына бағытталады, бірақ ол шашырай, жайыла таралады да, қыртыс торшаларының жалпы белсенділігін арттырады. Торлы құрылым арқылы импульстер баяу тарайды және өзіндік сипатын жоғалтып, сигналдық маңызынан айырылады. Осымен байланысты торлы құрылымның өрлеу жолын жалпылама афференттік жол, немесе белсендіруші жүйе деп атайды. Торлы құрылымның афференттік жолын толығымен қиып тастаса организм терең ұйқыға кетеді де (кома), соңынан өліп қалады. Ал бұл жол жарым-жартылай қиылса, ұйқышылдық, селқосты байқалады.
Торлы құрылым ми қыртысымен қос жақты байланыста болады. Ми қыртысы торлы қүрылымнан импульстер қабылдап кана қоймай, оның афференттік жүйесінің қызметін не жандандырып, не тежеп отырады. Демек, оның өзі торлы құрылым қызметін басқарып, бағыттайды.
Торлы құрылымның томендеу жүйесі арқылы жұлынның мотонейрондарына бұлшық ет қызметін күшейтетін немесе тежейтін импульстер жіберіледі. Сондықтан оның төмендеу жолдары белсендіруші және тежеуші болып екіге бөлінеді. Торлы құрылымның төмендеу жүйесі вегетативтік жүйке жүйесінің нейрондары арқылы ішкі ағзалардың қызметіне де әсер етеді. Торлы құрылым жүрек пен қан тамырларының, тыныс алу ағзаларының, ас қорыту жолдарының, бөлу мүшелерінің қызметін реттеуге қатысады, ішкі секреция бездерінің қызметіне әсер етеді.
Ми сабағы деңгейінде торлы құрылымның өрлеу және төмендеу жүйелері бірін-бірі жауып, бүркеп жатады. Осымен байланысты өрлеу жүйесі төмендеу жүйесінің белсендіруші немесе тежеуші бөлімдерімен бір мезгілде қозуы мүмкін. Бірінші жағдайда ми қыртысының талдау және жинақтау (анализдік және синтездік) қызметі артады да, рефлекстер күшейеді, бірден әрекет туындайды. Екінші жағдайда жұлынның қимылды реттейтін қызметі тежеледі, сақтық артады, орта жағдайы бағдарланған соң ғана әрекет басталады.
Торлы құрылыммен түрлі эмоциялар үрей, рахаттану, ызалану т.с.с., байланысты, сондықтан гипоталамус аймағындағы торлы құрылым ядроларын дәлдеп тітіркендіру арқылы үрейлену, ызалану, рахаттану эмоцияларын тудыруға болады.
Достарыңызбен бөлісу: |