Әлемнің тілдік бейнесі – көрсетілген тілдік ұжымның күнделікті санасында тарихи түрде қалыптасқан және тілде бейнеленген әлем туралы түсініктердің жиынтығы, шындықты концептуализациялаудың белгілі бір тәсілі. Әлемнің тілдік бейнесі туралы ұғым В. Фон Гумбольдт және жаңа гумбольдтшылдықтың (Вайсгербер т.б.) тілдің ішкі формасы туралы айтылған ойларына қатысты және американдық этнолингвистиканың идеяларына, негізінен Сепир-Уорфтың лингвистикалық салыстырмалылық гипотезасына қатысты.
Э.Сепир мен Б.Уорф «адамзат әлемді өз ана тілінің призмасы арқылы көреді» деген гипотезаны ұсынады. Олар тілдер өз «әлемдік тілдік бейнесі» арқылы өзгешеленетінін көрсетеді. Олардың пайымдауынша түрлі тілдерде сөйлейтін адамдардың ойлау типі әр түрлі және де осының бәрі жай ғана тілмен байланысты ғана емес, оған себепті болады.
Б.А.Серебринников Сепир- Уорф гипотезасын сынап, әлемнің тілдік бейнесін қалыптастыруда тіл өзіндік қысымы бар күшке иелене алмайтындығын айтады. Түрлі тілдер өз иелерінде түрлі әлемнің тілдік бейнесін құрайды деп айтуға болмайды, олар тек халықтың ұлттық мәдениеті мен өмір сүру салты, қызметінің ерекшелігімен анықталатын заттар, құбылыстар, процестердің мәнділігі себеп болатын ерекше «реңкті» үстейді деп көрсетеді.
В.Фон Гумбольдттың тілдік философиясы мен лингвистикалық теориясы – ХІХ ғасырдағы беделді лингвофилософиялық концепциялардың бірі екені сөзсіз. Гумбольдт тілді «рухтың тоқтаусыз жұмысы» деп сипаттады. Мұнда ол өз заманының философиялық терминологиясына сай, рух (Giest) деп бір мистикалық болмысты емес (көптеген оның интерпретаторлары көрсеткендей), қазіргі күнгі түсінік бойынша «когнитивті қабілеттілік» деп аталатынды түсінген болар.
Тіл мен ойлаудың бірлігі туралы ұстанымнан (положение) бірте-бірте әлем моделін қалыптастырудағы нақты тілдердің актив рөлі немесе «тілдік әлемді қабылдау» (языковое мировидение) деп Гумбольдт атаған ұстаным шығады. Егер тіл о бастан-ақ ойдың қалыптасуына қатысса, онда ой осыған сай тілдік сипаттан еркін бола алмайды. Әр тіл әлемді өзінше ерекше қайталанбас түрде концептуализациялағандықтан, әр тілде қалыптасқан, жасалған ойлар толықтай тепе-тең болмауы мүмкін. Бірақ осы ұстанымнан түрлі тілдерде сөйлейтін, ойлайтын адамдар арасында түсінбестік болады немесе олардың ойлары бір тілден екінші тілге аударылмайды деген түсінік туындамауы керек.
Нақты тілдерде бекітілген түрлі әлем модельдері – бұл түрлі болмыстан гөрі, «әлемнің ойға айналуының» жүзеге асыратын түрлі тәсілдер мен жолдар деу дұрысырақ. Гумбольдтың әйгілі ойын: «Язык народа есть его дух, и дух народа есть его язык, и трудно представить себе что-либо более тождественное» – деп айтқанын да осы тұрғыдан түсіну қажет [15, 89]. Яғни белгілі бір халықтың барлық болмысы, танымы, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, ішкі әлемі, қоршаған ортамен қарым-қатынасы тіл арқылы ғана толықтай қою түрінде таныла алады.
Гумбольдтың «тілдік әлемді қабылдау» концептісін Вайсгербер екіге ажыратып қарастырады:
1. Аралық әлем
2. Әлемнің бейнесі.
Аралық әлем Вайсгербер бойынша, адамды шындықтың қабылдануын анықтайтын тілдік әрекеттің статистік (сандық) өнімін көрсетеді. Ол әлемді танушы субъект пен шынайы объект аралығында тұрғандықтан «аралық әлем» деп аталады. Ол концептуалды табиғатқа ие.
Көрсетілген аралық әлем категориясы когнитивтік ғылым мен жасанды интеллектінің маңызды ұғымы «әлем моделі» немесе «когнитивтік модельмен»тікелей қатысты болып табылады. Әлем моделі концептуалды табиғатқа ие. Оған осы не өзге формада (ойдағы бейнелер, фреймдер, сценарийлер немесе концепт-скрупттар, инсайттар, кестелер, семантикалық жад және тезаурус т.б.) субъектінің шындық туралы түсініктері, нақты деректер, оқиғалар туралы білімі тіркелетіндігі туралы А.Н.Баранов пен Д.О.Добровольский айтады [16, 457б].
Н.Н.Аитова әлем бейнесі, әлемнің тілдік бейнесі және адам санасының ара қатынас моделін былай көрсетеді:
А – объективті шындық – ғаламы;
В – адам санасы не аралық әлем (ғалам моделі), концептуалды ғалам бейнесі;
С – ғаламның тілдік бейнесі, концептуалды ғалам бейнесін белгілеуші және түсіндіруші;
Оның көрсетуінше, толықтай АВС қатынасы мүмкін дүниенің сана арқылы мүмкін болатын тілдік бейнесі ара қатынасын бейнелейді [7, 186б].
Әлемнің ұлттық тілдік бейнесі – әр ұлттың өз тілі арқылы әлемді танудағы, оны қабылдаудағы ерекшелігі болып табылады.
Достарыңызбен бөлісу: |