Бақылау сұрақтары:
1. «Кемелденген социализмнің» Конституциясы қай жылы қабылданды?
2. Не себептен Брежневтік басқару жылдары тарихқа тоқырау жылдары деген атпен енді?
3. Тоқырау жылдары қоғамдық ғылымдардың жағдайы қандай болды?
Дәріс 7 . Кеңестік билік жүйесінің саяси дағдарысы: кеңестік Қазақстанды «қайта құру» әрекеті (1985-1990 жж.)
1.М.С.Горбачевтың демократияшыл, реформаторлық қызметі арасындағы қарама-қайшылық. Экономикалық дағдарыс.
2.Д.А.Қонаевтың Қазақстан Компартиясының Бірінші хатшысы ретіндегі қызметі. Алматыдағы және республиканың басқа қалаларындағы 1986 жылғы Желтоқсан көтерілісі және оның шынайы себептері.
3. Тіл туралы заңның қабылдануы мен оның маңызы. Қазақ КСР-ның мемлекеттік егемендігі туралы Декларация.
4. Кеңестер Одағының ыдырауы және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығының (ТМД) құрылуы.
Дәрістің мақсаты - елді, Отанын сүюге және егемен елімізді сақтауға және оны гүлдендіруге құштар патриоттық күш – қуаты мол жастарды тәрбиелеу.
Түйін сөздер – реформа, қайта құру, жеделдету, желтоқсан, көтеріліс, тіл, заң, декларация, КСРО, ТМД, тәуелсіздік.
1.КСРО құрамындағы барлық одақтас республикаларда 1980 жылдан кейін аса күрделі жағдай басталды. Мұндай жағдай елдің әлеуметтік, экономикалық нышандарының жоқтығынан туып еді. 1985 жылы наурыз айында КОКП Орталық комитетінің Бас хатшысы болып М.С.Горбачев сайланды. Қызметінің алғашқы күнінен бастап елдегі дағдарыс жағдайының себептерін ашу үшін батыл шаралар жүргізіп, күн тәртібіне кадр мәселесін қойды.
КОКП Орталық комитетінің саяси бюросы мен президиумы жасына келген қарт адамдардан құралды. 1982—1985 жылдарда Л. И. Брежнев, М. А. Суслов және У.Черненко қайтыс болды.М. С. Горбачев экономикалық реформаны жүргізуді бастау үшін жас кадрларды тарта отырып, өз «командасын» жинады. Партия жөне мемлекет басшылығына көптеген жаңа адамдар келді. 1985 жылы 23 сәуірде КОКП Орталық комитетінің пленумы болды. Пленумда М. С. Горбачев баяндама жасап, социалистік қоғамды дамытудың жаңа міндеттерін белгіледі. Қоғамды түбегейлі өзгерту жөне өлеуметтік экономиканы дамытуды тездетуді тапсырды.
Қоғамдағы адамдардың рөлін арттыра отырып, өндірісте төртіпті күшейту, еңбекке ынталандыруды жетілдіру көзделді. Өнеркәсіп салаларының құрылымын жаңарту, инвестициялық жүйені дамыту арқылы экономиканы модернизациялауға көп көңіл бөле отырып, машина жасау өнеркәсібін дамытуды 1,7 есеге арттыру міндеттерін белгіледі.1985 жылғы наурызда Н.У.Черненко қайтыс болғаннан кейін КОКП ОК-нің Бас хатшысы қызметіне М.С.Горбачев сайланды. 1985 жылы сәуірде КОКП ОК-тың пленумында әлеуметтік, экономикалық дамуды жеделдету мәселесіне сәйкес экономикалық құрылымды қайта құру бағыты жарияланды. М.С.Горбачев саясатының ұрандары: жариялылық жеделдету, қайта құру. Бұл қайта құру бағыты 1986 жылғы КОКП-ның XXVII съезінде мақұлданды. Сонымен партия елде жаңару бағытына бастауға міндет алды. Қайта құру ешқандай бағдарламасыз, ғылыми айқындамасыз жүргізілді.
Бұл бағыттың қияли болжамдары көп болды. Қайта құру бағыты алғышқы кезден бастап сәтсіздікке ұшырай бастады. Бұған Мәскеуде В.В.Гришин, Ленинградта Г.В.Романов, Қазақстанда Д.А.Қонаев, Әзірбайджанда Г.Әлиев сияқты басшылар кінәлі деп шешілді. Қайта құру бағыты мемлекетті сол кезде алғышарты қалыптасқан аса ірі дағдарыстан құтқара алмады. Қоғамдағы жағдай күннен күнге қиындай берді. Қайта құру бағытының қарама-қайшылығы. 1987 жылы қантар айында болып өткен КОКП ОК-нің Пленумында «Қайта құру және партияның кадр саясаты туралы» мәселе талқыланды. Қаулының кемшіліктері: 1. Дағдарыстың нақты себептерін көрсете алмады.Жаппай өзгерістердің символына айналып, сөз жүзінде ғана салтанат құрды. 1987 жылғы маусым Пленумы басқару ісін түбірлі қайта құру мәселеріне арналды.
Пленум әзірлеген құжаттар негізінде «Мемлекеттік кәсіпорын туралы заң» қабылданды. Бұл заңда тауар-ақша қатынастарының рөлі айқындалды. Мемлекеттік кәсіпорындар дербес тауар өндірушілер ретінде қарастырылды. Шаруашылықты жүргізудің экономикалық әдістерін меңгеруге көшуге негіз жасалды. Ұзақ мерзімді жоспарлау орнына мемлекеттік тапсырыстар жүйесі енгізілді. Алайда, бұл шаралар іске асырылмады. Қоғамның саяси құрылымдарын жаңартпайынша, шаруашылықты жүргізудің жаңа әдістері нәтиже бермейтіндігі айқын болды. Халық шаруашылығындағы жағдай ауырлай түсті. Дүкен сөрелерінен күнделікті тұтынатын тауарлар жоғала бастады, азық-түлік түрлері нашарлады. 1988 жылғы маусым айында болған КОКП XIX Бүкілодақтық конфернцияда қоғамның әлеуметтік экономикалық жүйесіне талдау жасалып мынандай шешімдер қабылдады:
1.Саяси жүйеге реформа жүргізбейінше әлеуметік – экономикалық өзгерістер жасау мүмкін еместігін мойындау.
2.Демократияландыру мен жариялылық.
3.Төрешілдікке қарсы күрес.
4.Халықтық реформа жүргізу.
5.Әлеуметтік әділеттік ұстанымдарын жүзеге асыру.Осыдан кейін қайта құруды жүргізу үшін ең алдымен саяси жүйеге реформа еңгізу керек болды.
2. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына орталықтың өктемдік әрекеттері мен демократиялық принциптері арасындағы қайшылықтар және шовинистік саясат т.б. қалыптасқан жағдайлар нарызылықтың негізгі себептері болды. Наразылықтың сылтауы 1986 жылы 16 желтоқсанда Қазақстан Компартиясы орталық Комитетінің V пленумы болды.
Пленумда Г.П.Разумовский ұсынысымен Қазақстанды көп уақыт бойы басқарған Д.Қонаевты орнынан босатып, мемлекет басшылығына республика халқына бейтаныс Ульяновск облысы партия комитетінің бірінші хатшысы болған Г.В.Колбин тағайындалды. Ел басшылығының ауыстырылуына арналған бұл пленум 18 минутқа ғана созылды. Орталықтың бұл әрекеті барып тұрған саяси қателік және қазақ халқының мүддесін мүлде елемеушілік болды.
1986 жылы 17 желтоқсанда Алматыда жастар толқуы басталды. Кейін бұл толқу республиканың басқа қалаларына тарады. Шеру бейбіт және саяси сипатта болды. Жастар шеруі құқық бұзушылық, ұлтшылдық сипаттан аулақ болды. Наразылықтың басты қозғаушы күші студенттер, жастар болды. Бюрократиялық жүйеге үйренген республика басшылары жастар пікірін тыңдағылары келмей, олардың тез таралуын талап етті. Шеруді тарқату мақсатында республика басшылары Алматы Гарнизоны, басқа да әскери күштер көмегімен жастар жиналған Брежнев алаңын қоршады. Демонстрацияны тоқтату мақсатында КСРО-ның кейбір өңірлерінен ішкі әскер бөлімдері әкелінді. Осыншама ірі күштер сапер күрегі, үйретілген иттер, су шашатын машиналар, сойындар т.б. қарулар көмегімен демонстрацияны тоқтатты.
Қоғамдық тәртіп сақшылары өрескел қатыгездікке барып, көп адамдардың қаза табуына жол берілді. Республика басшылары бұл жағдайға көз жұма қарады. Шеруге қатысқандарды тергеу ісі өте қатал, заңсыз жүргізілді. Тергеу камераларына, қаланың сыртына әкетілгендерінің саны 8,5 мың болды. Көптеген жастар оқу орындарынан, комсомолдан шығарылды. Желтоқсан оқиғасына қатысқандарының ішінен Қайрат Рысқұлбеков, Ербол Сыпатаев, Ляззат Асанова, Сәбира Мұхамеджанова сияқты жастар жақсыз өктем биліктің құрбандары болды. Біраз уақыттан кейін сол кезде айыпталған 99 адамның 46-ы ақталды, 83 адам 1,5 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айырылды, 52 адам партия қатарынан, 787 адам комсомол қатарынан шығырылды.
1138 адам комсомолдық сөғіс алды, жоғары оқу орындарының 12 ректоры қызметінен алынды, 271 студент оқудан шығаралды, ішкі істер министрлігінен 1200 адам, денсаулық сақтау және көлік министрлігінен 309 адам жұмыстан шығарылды. Желтоқсан құрбаны Қайрат Рысқұлбеков 1988 жылы мамырда қайтыс болды. 1996 жылы 9 желтоқсанда оған «Халық каһарманы» атағы берілді.
1987 жылғы КОКП ОК-ті Алматыдағы 1986 жылғы желтоқсан оқиғасын «Қазақ ұлтшылдығының көрінісі» деп бағалады. Желтоқсан оқиғасы КСРО-ның ыдырауын тездетті. Кейіннен партия желтоқсан оқиғасында жіберілген қателерді мойындады. КСРО халық депутаттарының 1 съезінде ақын, қоғам қайраткері М.Шаханов желтоқсандағы орталықтың жүргізген іс-әрекетін қатты сынап, тұңғыш рет мінбеде сөз сөйледі. Бұл желтоқсан шындығын ашудағы алғашқы қадам болды.
3. Бүгінгі таңда мемлекеттік тілдің қолданыс аясы бірте-бірте кеңейіп келе жатқанымен, әлі де болсын өз тұғырына қонып болмағанын мойындауымыз керек. Еліміз тәуелсіздік алған жылдардан бастап мемлекеттік тілдің құқықтық саладағы негіздері біршама қалыптасты деп айтуымызға болады. Алайда оның нақты қоғамдық өмірге кірігуі толыққанды жүзеге аспай келе жатқаны шындық.
Тарихқа көз салатын болсақ, қазақ тілі мемлекеттік мәртебеге 1989 жылы ие болды. 1995 жылы қабылданған Ата Заңның 7-бабында «Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп тайға таңба басқандай айқын жазылды. Кейін «Тіл туралы» Заң қабылданды. Үкімет осы Заңның жүзеге асуы жөнінде көптеген қаулы-қарарлар алды. Тілдердің қолданыс аясын кеңейту бағытында арнайы мемлекеттік бағдарламалар жасалды.
Сөйтіп, сан жыл теперіш көріп келген ана тілдік кеңістікте қозғалыс басталып, ол қоғамдық өмірде еркін қолдануға бағыт алды. Мемлекеттік ұйымдар мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарында іс-қағаздары мемлекеттік тілге көшіріле бастады. Қазақ тілінде шығатын бұқаралық ақпарат құралдарының саны арта түсті.
Бірақ өкінішке орай, осындай оң өзгерістермен қатар қазақ тілі қоғамның көптеген салаларында әлі аударма тіл дәрежесінен аса алмай келеді. Бұл орайда бірқатар саяси және құқықтық мәселелерді айта кетуге тиіспіз.
Соңғы үш ғасырдай уақытта қазақ қоғамы өз алдына толыққанды мемлекет болып, өз билігіне өзі ие бола алмағаны белгілі. Қазақтардың ұлт ретінде қалыптасуы оңайға түскен жоқ.
Кеңес Одағындағы социализмнің жеңісі ұлттық мүдделер мен сұраныстарды социалистік интернационализм көлеңкесінде қалдырды. Түр мен мазмұнның бірлігі бұзылып, мазмұны социалистік, түрі ұлттық мәдениет насихатталды. 1938 жылғы 5-сәуірде «Қазақ мектептерінде орыс тілін мәжбүрлі оқыту туралы» арнайы Қаулы шықты. Бұл шаралар қазақ тілінің қолданыс аясын күрт өзгертуге алып келді. Осындай іс-әрекеттердің салдарынан Қазақстанда 700 қазақ мектебі жабылды. Салдарынан аралас мектептер көбейді.
«Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңның қабылданған кезі де елдегі күрделі демографиялық ахуал жағдаймен тұспа-тұс келді. Ол кезде қазақ өз жерінде 40 пайыздан аса қоймаса, орыстар, украиндықтар мен белорустар 7 миллионнан асып, бүкіл халықтың 40 пайызынан жоғары болды. Мұндай фактормен санаспауға болмайтын еді. Өйткені сонау бостандықты жария еткен алғашқы құжат – Қазақ Советтік Социалистік Республикасының мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияда атап көрсетілгендей, елімізде тұратын халықтарды топтастыру мен олардың достығын нығайтуды бірінші дәрежелі міндет деп саналған болатын.
Тәуелсіздік жылдары қоғамның саяси-әлеуметтік саласында елеулі өзгерістер жүзеге асты.
Нарықтық қатынастар өмірге етене еніп, экономикамыз белгілі деңгейде қалыптасты. Демографиялық жағдай осыдан он жыл бұрынғымен салыстыруға келмейді. Қазір қазақ ұлтының саны еліміздегі халықтың 63 пайызын құрап отыр. Мемлекеттік тіл баяу болса да, Қазақстанды туған елім, өз жерім дейтін барлық этнос өкілдері мен диаспоралар үшін қажеттілікке айналып келеді.
Алайда осыдан жиырма жыл бұрын мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тілі әлі іс жүзінде өзінің осы шынайы мәртебесіне толық жете алмай келеді. Қазақ тілінде оқытып, тәрбие беретін мектептер республикадағы жалпы білім беретін 8 мыңдай орта мектептің жартысына да жетпейді. Бұл орта арнаулы және жоғары оқу орындары жүйесінде де әсер етіп отыр. Бұқаралық ақпарат құралдарының қазақ тіліндегі қазіргі көрсеткіші де мемлекет құраушы ұлтты қанағаттандырып отырған жоқ.
Осындай ғасырлар бойы қордаланған аса күрделі қиыншылықтан тек мемлекеттік тіл туралы арнайы заң ғана шығарады деген мақсатпен 2008 жылы Астанадағы Қазақ гуманитарлық заң университетінің бір топ ғалымдары «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік тілі туралы» Заң жобасын дайындаған болатынбыз. Ол республикалық «Ана тілі» газетінің 2008 жылғы №14 (903) санында басылды. Бірақ бұл Үкіметке жол таба алмай тұр. Атқарушы билік қолданыстағы «Тіл туралы» Заңмен жағдайдан шығуға болады деп есептейді.
Мұндай заң қабылдаудың өзіндік қиындықтары жоқ емес. Бірақ басым көпшіліктің мүддесімен санасу өркениетті елдердің барлығына тән. Ең негізгісі ниет болып жатса, ұсынылған заң жобасын көп болып ақылдасып, қайта-қайта кеңесіп, жан-жақты қарастырып, оңтайлы нұсқаны ойластыруға болар еді. Бұған бүгін маман тілшілер де, тіл саясатының басы-қасында жүрген белгілі азаматтар да, нағыз тіл жанашырлары да, Парламенттегі депутаттардың да білім деңгейі мен рухани қуаты толық жетеді.
«Мемлекеттік тіл туралы» Заңның қабылдануы қоғамда жаңаша тілдік қатынас туғызып, Қазақстанда тұратын барлық халықтардың топтасуының маңызды факторы ретіндегі оның рөлі арта түсер еді. Кешегі кеңестік елдердің барлығында дерлік қазір «Мемлекеттік тіл туралы» Заңдар жұмыс істеуде.
Көптеген тіл мамандарының пікірінше, «Мемлекеттік тіл туралы» арнайы Заң қабылданбай бүгінгі қалыптасқан тығырықтан шығу мүмкін емес. Мұндай заң қабылдауға Негізгі заңымыздың 93-бабындағы «Конституцияның 7-бабын жүзеге асыру мақсатында Үкімет, жергілікті өкілді және атқарушы органдар арнаулы заңға сәйкес Қазақстан Республикасының барлық азаматтары мемлекеттік тілді еркін әрі тегін меңгеруі үшін қажетті ұйымдастырушылық және техникалық жағдайдың бәрін жасауға міндетті» деген қағида құқықтық негіз бола алады.
Сонан соң қолданыстағы «Қазақстан Республикасындағы Тіл туралы» Заңның мақсаты мен тұжырымдамасы бөлек болғаннан кейін ол қоғамда мемлекеттік тілдің еркін дамуына қажетті орта жасай алмады, жасай алмайды. Шындығын айтқанда, Заңда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі» деген жалғыз ғана 4-бап бар.
Қалған баптарда тіпті қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесіне қайшы нормалар аз емес. Заңның «Тілді құқықтық қорғау» деген 23-баптың бірінші бөлігінде «Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіл және барлық басқа тілдер мемлекеттің қорғауында болады» деп айтыла салған. Осы баптың үшінші бөлігіндегі «Мемлекеттік тілді белгілі бір көлемде және біліктілік талаптарына сәйкес білуі қажет кәсіптердің, мамандықтардың және лауазымдардың тізбесі Қазақстан Республикасы заңдарымен белгіленеді» деген маңызды норманың орындалуы бір министрліктен екіншісіне ауысып жүріп ұмыт болды.
Бұл айтылғандар мемлекеттік мәртебеге ие болған, бірақ ол мәртебесі толыққанды жүзеге аспай отырған қазақ тілінің қазіргі құқықтық аспектілері. Мұның адами, әлеуметтік жағы да жетерлік. Ең бастысы, ұлттық тіл – ұлттық сананың, ұлттық намыстың жоғарылығына, оның қажеттілік деңгейіне байланысты екенін де ескермеуге болмайды.
Сонымен мемлекеттік тілдің тағдыры жанашырлықпен қарауымызды қажет етіп, бұған қатысты ұлттық санамыздың оянуын қажет етіп отыр. Шынтуайтына келгенде, мәселеге тереңірек үңілсек, істің тетігі, яғни қазақ тілінің тағдыры қазақтың өзінің қолында. Өркениетті елдерде тіл тағдыры көбіне-көп бұқараның белсенділігімен, биліктегі қазақ азаматтарының ұлтжандылық қасиеттерінің биіктігімен шешіледі. Біздің ең басты жолымыз да осы болуға тиісті. Бұған жиырма жылдық жаңа өміріміз де, алдыңғы қатарлы елдердің тарихи тәжірибелері де толық дәлел бола алады.
«Мемлекеттік тіл туралы» Заң қабылданып, халқымыз тәуелсіздіктің рухани қуатын толық сезінгенде ғана Елбасының «Қазақстанның болашағы – қазақ тілінде» деп қойып отырған қазіргі стратегиялық мақсаты күнделікті шындыққа айналары сөзсіз.
4.Кеңестер Одағының ыдырауы ХХ ғасырдың соңындағы ең елеулі оқиғалардың бірі. Ол жаңа тарих беттерінің бастамсына алып келген оқиға десек шатаспаймыз деп ойлаймын. Әр түннің артынан күн келеді демекші бұл одақтың ыдырауы жаңа тәуелсіз мемлекеттердің пайда болуына алып келді. Әрине, оның кері салдарлары болды. Орныққан экономикалық, саяси, мәдени қатынастарды қайта орнату жаңа тәжірибесіз мемлекеттер үшін оңайға соқпады. Бірақ оның оң жақтары да болды. Ол 70 жыл бойы отарда болған, мәжбүрлі интеграция үрдісіне түскен мемлекеттер үшін, әлемдік қауымдастыққа өздерін жаңа, тәуелсіз, демократиялы, зайырлы мемлекеттер ретінде көрсетуге мүмкіндік туды. Алыс-жақын шет елдермен қатынас орнатуға мүмкіншілік туды. Көпшілікті қызықтырған, дүниенің бір бөлігін өз уысында ұстаған одақтың ыдырау себебіне тоқталар болсақ.
КСРО-ның ыдырауына алып келген басты себеп-биліктің күшті орталықтандырылуынан. Екіншіден, КСРО-ның орталық билігі бұқаралық көпшіліктің сана-сезімінің әсіресе, ұлттың қайта өрлеп дамуы мен өсуінің заңдылығын мойындамағандығынан. Үшіншіден, өзінің дұрыс екендігіне сенген басқарушы элита әлеуметтік төмен адамдардың мәселелрін тыңдаудан және түсінуден қалды. Орталықпен одақ республикаларының мүдделері көп нәрселерде сәйкес келе бермейтін болды. Бұлардың бәрі әлеуметтік наразылықтар тудырып, қоғамның деформациясына алып келді.
Қайта құру кезіндегі «реформаторлар» қоғамды жаңаша басқаруға қабілетсіз болып шықты. Қоғам саяси және мемлекеттік жетекшілерден түбегейлі өзгерістер күтті. Бірақ ол бітпейтін саяси талқыламаларға түсіп, нәтижесіз қалып жатты. КСРО ыдырауының тағы бір себебі ол оның құрылымдық бөлімдерінің иерархиялығында. Бөлек этникалық қауымдастаықтар әр түрлі бағыныштылы, тәуелділік сатысына қойылды.
Қоғамның көп бөлігінде осы тәртіпке деген наразылығы күшейе түсті. Дәл осы үрдіс КСРО өмірінің соңғы 5 жылының әлеуметтік саяси динамикасын анықтайды. 1986-1987 жылдардағы жариялылық жетекші элитаның артықшылығы мен өмір жағдайын ашқан кезде жай қарапайым адамдардың оларға қарсы ашу-ыза сезімі күшейді. Бұлардың барлығы ұйымдастырылған және жүйелі қоғамдық қарсылық қозғалыстарына алып келді. Ортаға шыққан ұлттық мәселелер орыс «отаршылдары» мен «жергілікті» ұлт өкілдерінің арасындағы немесе көршілес ұлттардың арасындағы қақтығысқа алып келді.
Достарыңызбен бөлісу: |