Бақылау сұрақтары:
1. Қазіргі қоғамдық қозғалыстар мен саяси партиялардың еліміздегі рөлі қандай?
2. Толеранттылық туралы не білеміз?
3. ҚР жастар саясатының негізгі бағыттары қандай?
4.Тәуелсіз Қазақстандағы экономикалық дамудың қазақстандық үлгісітуралы не білесіз?
5. Қазақстан Республикасындағы ұлтаралық және дінаралық қатынастардағы үйлесімділігі қандай?
Дәріс 10 . Ұлы Дала халқының жаңа тарихи санасының жәнедүниетанымының қалыптастыру саясаты
1.Н.Ә.Назарбаев – тарихтағы дара тұлға.
2. Қазақстан – Ұлы Дала елінің мұрагері.
3. «Мәңгілік Ел» ұлттық идеясы. Оның жеті басты құндылығы.
Дәрістің мақсаты – тәуелсіз Қазақстан мемлекетттілігінің қалыптасуы мен дамуы және «Мәңгілік ел» ұлттық идеясына тоқталу.
Түйін сөздер - тұлға, Елбасы, қазақ тарихы,
1. Қазақ халқы тарихи этнос ретінде қалыптасқан уақыттан бастап еңселі ел болуды қашанда армандап, мақсат тұтқан халық. Осы мақсат жолында қазақтың талай арыстары өздерінің өмірін арман жолына сарп еткенін тарихтан білеміз. Біз тарихтан дарынды жеке тұлғалардың елдің тарихын түбегейлі өзгертудегі рөлін жақсы білеміз. Мысалы, Америка штаттарының негізін қа-лаушы Джордж Вашингтон, Ресей империясның негізін қалаған Ұлы Петр, қазіргі Туркия мемлекетінің негізін қалаған Кемаль Ататүрік т.б. Осындай тұлғалардың қатарына Қазақстан Республикасының негізін қалаушы Н.Ә. Назарбаевты да жатқызуға болады. Н.Ә. Назарбаев тарихи тұрғыдан алғанда аз уақыттың ішінде Қазақстан Республикасының егемендігін жариялап, оны дұрыс даму жолына түсіре білді. Нәтижесінде, Қазақстан Республикасы өзін бүкіл әлемге танытты, дамыған мемлекеттер қатарына қосылды. Бұл құбылысты тарихшылар «Назарбаев феномені» деп атап кетті. «Назарбаев феномені» Еуропа мен Азияның, екі құрлықтың, екі өркениеттің, екі саяси жүйе - тоталитаризм мен демократия түйіскен ортада туды. Осы екі түрлілікті синтездеп, демократиялық құндлықтарды құр-меттеген еуропалық реформизм мен күретамыры сан ғасырлардан тартылған азиялық дәстүрді сабақ-тастыра отыра жүргізді. Сол себепті де халықаралық қауымдастық Қазақстан көшбасшысының ішкі және сыртқы саясаттағы сарабдал жолын жоғары бағалап, оның есімін стартегиялық ойлау қабілетін иеленген мемлекет қайраткері деп даңқты тарихи тұлғалармен қатар қояды. «Назарбаев феномені» қалай жасалды, оның алғы шарттары қалай еді? 1990 жылдардың басын-да ҚСРО-ның саяси-экономикалық жүйесінің кешенді дағдарысқа ұшырауы Қазақстан жағдайында айқын көрініс тапты. Саяси жүйенің дағдарысқа ұшырағанын Алматыда болған 1986 жылғы желтоқсан оқи-ғасы көрсетті. Желтоқсан оқиғасы кезінде алаңға шыққан қазақ жаста- ры елдің жүргізіп отырған саясатына өздерінің наразы екендерін көрсетті, ал саяси жүйенің басында отырған коммунистік партия, бұл оқиғадан тиісті қорытынды шығарудың орнына, алаңға шыққан жастарды бұзақыларға теңеп, бүкіл қазақ халқын ұлтшыл деп айып тақты. Елдің экономикасы әдеттен тыс қиындықтарға тап болып, шын мәнінде құрдымға кетудің сәл-ақ алдында тұрды. Өнеркәсіп өндірісі екі есе, ауыл шаруашалығы үш есе қысқарды. Кәсіпорындар тоқтап, жұмыссыздардың саны күрт өсіп кетті. Осылардың бәріне қоса, Қазақстан Орталыққа шикізат беруші ғана болатын, өйткені, қазақстандық экономиканың 93 пайызы Одаққа тікелей бағынып, тек 7 пайызы ғана өз қажеттіліктерімізге жауап берген еді. Осындай аса күрделі жағдайда ел тізгінін ұстаған Н.Ә. Назарбаев өзінің көреген саясаткер, елін елдікке бастаған аса дарынды реформатор,елін шын сүйетін тарихи тұлға екендігін көрсете білді. Оған Қазақстан Республикасның тәуелсіздік алған жылдарда жүріп өткен жолы, жеткен жетістіктері дәлел болады. Қазіргі Қазақстанның тарихынан білетініміздей 1991 жылдың 1 желтоқсан күні алғаш рет тіке-лей бүкілхалықтық президенттік сайлау болып, сайлау қортындысы бойынша Н.Ә. Назарбаев президент болып сайланды, оны бүкіл Қазақстан халқы сайлағандықтан ол елді түбегейлі реформалауда, мемлекеттің негізін қалауда ерекше уәкілеттікке ие болды. Қазақстанда президенттік институт 24 сәуір 1990 жылы құрылды, бұл күні Қазақ ССР-інің Жоғары Кеңесі Н.Ә. Назарбаевты республика Президенті етіп сайлаған болатын. Бұл қадам, сол кездегі елді жаппай қамтыған дағдарыс кезінде бірден-бір дұрыс қадам еді, президенттік билік дағдарыс жағдайында елдің одан әрі то-қырауына жол бермеді. Алайда, президенттік билік шектеулі болды, заң шығарушы билік тармағының мысы президенттік билікке түбегейлі шешімдер қабылдауына шектеулер қойды. Бұндай жағдайда Президент елді түбегейлі реформалауға қауқарсыз болды. Елді жаппай жалмаған дағдарыстан алып шығып, елді дамудың дұрыс жолына түсіру үшін өз нәтижесін бір жылда бермейтін, халықтың арасында наразылықтар туғызатын мемлекеттік меншіктегі тиімсіз кәсіпорындарды жабу, оларды жекешелендіру, экономиканы нарықтық жолға салу т.б. іс-шараларды атқару керек болды. Жағдайды түсінген Н.Ә. Назарбаев президент ретінде бұл шараларды тек бүкілхалықтың мандатын алған жағдайда ғана іске асыруға болатындығын болжап білді. Н.Ә. Назарбаев өз өкілеттілігінің аяқталуына үш жылдан астам уақыт қалғанына қармастан, 1991 жылдың көктемінде жалпыхалықтық тікелей президеттік сайлау өткізу мәселесін көтере бастады. 1991 жылдың 28 маусымында Н.Ә. Назарбаев Жоғарғы кеңестің сессиясында депутаттарға тікелей презденттік сайлау өткізу туралы мәселені қарауды ұсынды, алайда Жоғарғы кеңестің мүшелері мен депутаттары бұл ұсынысты қолда-май тастады. Н.Ә.Назарбаевтың президентті тікелей бүкілхалықтық сайлау ұсынысының тез арада жүзеге асуына КСРО-да болған «тамыз төңкерісі» өзінің оң ықпалын тигізді. Елдегі саяси және әлеуметтік-экномикалық дағдарыстың одан әрі шиеленісіп, тереңдеуі, шұғыл түрде саяси шешімдер қабылдауды талап етті. 1991 жылы 16 қазанда Жоғарғы Кеңес тікелей президенттік сайлау мәселесіне қайта оралып, нәтижесінде бұл мәселе оң шешімін тапты, 1991 жылы 16 қазанда «Қазақ КСРПрезидентін сайлау туралы» Қазақ КСР-інің Заңы мен «Қазақ КСРПрезидентін сайлауды тағайындау туралы» Қазақ КСРЖоғарғы Кеңесінің қаулысы қабылданып, 1991 жылдың 1 желтоқсанын сайлау күні деп белгіледі. Президенттік сайлау баламалы түрде болды, президентікке Н.Ә. Назарбаевтан басқа өз кандидатураларын белгілі ақын О. Сүлейменов пен қоғам қайраткері Х. Қожа-Ахмет ұсынды. Елде қызу сайлау алды үгіт-насихат жұмыстары басталап кетті. Н.Ә. Назарбаев 1991 жылдың күз айаларында Қазақстанның бүкіл аумағын аралып шықты, онда өзінің сайлау алды тұжырымдамасын жариялады. Тұжырымдамада мы-надай негізгі мәселелер қамтылды: мемлекеттік егемендікті іске асыру, бәсекелестікке негізделген нарық-тық экономиканы қалыптастыру, елді терең реформалау, демок-ратияландыру, ұлт аралық қа-тынастарды дамыту, оларды бір күш-ке топтастыру, халықтың әлеумет-тік әл-аухатын көтеру бағытындағы жұмыстарды жүргізу, экономиканы түбірінен құрылымдық қайта құру, экологиялық жағдайды жақсарту, саяси жүйе мен мемлекеттік құрылымдарды реформалау, Семей полигонын жабу, ядролық қарудан бас тартып, барлық елдермен бейбіт сыртқы саясат орнату. 1991 жылы 1 желтоқсанда елімізде тікелей президенттік сайлау болып оның қортындысы бойынша халық бірауыздан Н.Ә. Назарбаевты президентікке лайықты адам деп таныды. Н.Ә. Назарбаев халқына антын берді. Осы күннен бастап тарихта жаңадан пайда болған Қазақстан Республикасының даму кезеңі басталды. Бұл тарихи таңдаудың бір-ден-бір дұрыс екендігін уақыт көрсетті. Осы тарихи тұрғыдан аз уақыт ішінде Қазақстан адам баласы танымайтындай өзгерді. Экономикасы қарқындап дамып, халықтың әл-аухаты күшейіп, Қазақстанды дүниежүзі мойында-ды. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаев пен қазіргі дамыған Қазақстан Рес-публикасы бір ұғымға айналды. Расында да, Қазақстан Респуб-ликасы өз тәуелсіздігін алған жыл-дарда толағай табыстарға қол жет-кізді. 1997 жылы ҚРПрезиденті Н.Ә. Назарбаев Қазақстан дамуының 2030 жылға дейінгі стратегиясын қабылдады. Өткен 15 жыл ішінде біз Қазақстанның негізін қаладық, билік тармақтарының бөлуіне негізделген заманауи мемлекеттік басқару жүйесін құрдық, елдің жаңа елордасы - Астананы көтердік. Астана заманауи қала ретінде дүниежүзілік форумдар өткізу орталығына айналды, ол арқылы Қазақстан дүниежүзіне танылды. Біз «алдымен экономика – содан соң саясат» деген формуланы басшылыққа алып елді демократияландыру мен ырықтандырудың процесін қарқынды жүргізіп келеміз. Қазақстан көп ұлтты мемлекет болғандықтан, біз осы уақыт аралығында азаматтық татулық пен ұлтаралық келісім қағидасын назарда ұстаудамыз. 140 этнос пен 17 конфессия өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. Осы жылдар аралығында Қазақстан Республикасы бейбіт-шілікке, ядролық қарудан бас тартуға, оны таратпауға негізделген сыртқы саясатын жүргізіп, бұл салада да үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Қазақстан тәуелсіздігін алған алғашқы жылдарда әлемдегі ең ірі ядролық держава бола тұра, одан өз еркімен бас тартты, Семей ядролық сынақ алаңын жапты, Ресеймен, Қытаймен және басқа көршілес елдермен шекарасын айқындады. Біз – бірлігі жарасқан Қазақстан халқы Елбасымыз Н.Ә. Назарбаевтың стратегиялық жоспарлары іске асатындығына хақ сенеміз.
2.Тарихы терең қойнаулардан бастау алатын қазақ жұртының мемлекеттілігінің тарихы қазақтың тұңғыш хандары Керей мен Жәнібектің 1465 жылы «Қазақ хандығын» құруынан басталады. Қазақстандық тарихшы-профессорлар, зерттеушілер осы Қазақ хандығының құрылуына байланысты көптеген пікірлерді алға тартады. Осы тарихи құбылысты зерттеумен айналысатын белгілі ғалым т.ғ.д., профессор Б.Б. Кәрібаев өзінің еңбектерінде былай деп атап көрсетеді: XV ғасырдың ортасынан бері қарай бір ғана мемлекет атауы - Қазақ хандығы түпкілікті қалыптасады. Қазіргі кездегі еліміздің ресми атауы - Қазақстан Республикасы, кешегі Кеңес дәуіріндегі - Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы деген атаулардың негізінде XV ғасырдың ортасына пайда болған «қазақ» атауы тұр». Негізінен Қазақ хандығының құрылуы туралы ежелден келе жатқан жалғыз құнды дерек Мұхаммед Хайдар Мырза Дулаттың «Тарих-и Рашиди» еңбегіндегі мәліметтер. Моғолстан тарихына арналған бұл шығармада осы елмен бірге бүкіл Орталық Азиядағы елдер мен халықтардың тарихына қатысты құнды мәліметтер баяндалады. Профессор Б.Б.Кәрібаев өз еңбектерінде Қазақ хандығының құрылуының алғышарттарын көрсеткен болатын. Олар: 1) Қазақ хандығының құрылуы - ең алдымен Қазақстан аумағында қола дәуірінен бері үздіксіз жалғасып келе жатқан этникалық процестердің заңды қортындысы болып табылады.
2) Қазақ хандығының құрылуы - XIV-XV ғасырлардағы Қазақстан аумағында болған мемлекеттік құрылымдар мен көршілес аймақтардағы мемлекеттердің ішкі және сыртқы саяси қатынастарының нәтижесінде жүзеге асады.
3) Қазақ хандығының құрылуы - Қазақстан аумағында бері дегенде сақтар заманынан бері үзбей дамып келе жатқан, этникалық процестермен қатар жүрген мемлекеттілік дамуының да нәтижесі болып есептеледі. Осылайша Қазақ хандығының құрылуы мемлекеттік тұрғыдан алғанда ұлттық сипатқа жол ашқан, қазіргі кезеңдегі этникалық ұғымдардың бастауы болған, сондай- ақ XV ғасырға дейінгі тарихтың қортындысы және XV ғасырдан кейінгі тарихтың жаңа кезеңінің бастауы болған күрделі оқиға деп есептейміз. Ал Батыстық зерттеулерде көбінесе қазақ халқының қалай құрылғандығы туралы бірізді пікірдің жоқтығы айтылады және де көптеген мәліметтерде орыстардың күштеп жаулап алған тұсында қазақтармен араласқан орыс эмиссарлары мен ресми адамдардың қалдырған шолулары мен баяндамаларынан тұрады деп мәлімделген. Мысалы, Колгейт университетінің профессоры (АҚШ) М.Б.Олкотт өзінің еңбектерінде былай деген: «Шынтуайтында қазақ халқы немесе қазақ ұлты моңғол империясына бағынып келген Ақ Орда ханы Барақтың ұлдары Жәнібек пен Керей өзбек ханы Әбілқайырдан бөлініп шыққан кезде - он бесінші ғасырдың ортасында қалыптасты. Яғни, «қазақ» атауын ерте дегенде он бесінші ғасырдың аяғына, дәлірек айтқанда, он алтыншы ғасырдың ортасында осынау аймақтың тұрғындары пайдалана бастады. Он тоғызыншы ғасырдағы тағы бір түсініктеме бойынша «қазақ» сөзі түріктің «ақ» және «қаз» сөздерінен шыққан, өз кезегінде қазақ атауын дүниеге келтірген даланың патшайымға айналған ақ қазы туралы қазақтың кең тараған аңызы да бар».
Мұхамед Хайдар Дулати шығармасындағы дерекке сүйене отырып2015 жылдыҚазақ хандығының 550 жылдығы деп атап өту ұйғарылды. Атаулы күнді тойлау идеясын Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев ұсынды.Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» атты Жолдауында айтылған Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын, Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өтетіндігімізді, ал бұл ұлттық таным-тарихымызды терең зерделеп, құнды жәдігерлерімізді ел жадында қайта жаңғырту және де бүгінгі күннің бедері – сан ғасырлық тарихи кезеңдердің дәйекті жалғасы екендігін атап көрсетті.
2014 жылы 31 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің № 1448 «Қазақ хандығының 550 жылдық мерейтойын 2015 жылы тойлау туралы» атты бұйрығы шықты. Мерейтойдың шығыны шамамен 23 млрд теңге ($124,19 млн) болды.Қазақ хандығының 550 жылдығыҚазақстанның бүкіл аймақтарында тойланды. Ал маңызды іс-шаралар қыркүйек айында Жамбыл облысы,Тараз қаласында өтті. Себебі осы аумақта хандықтың негізі қаланған деп есептелінді. Тараздағы іс-шараларды өткізуге 13,47 млрд теңге жұмсалды. Бірақ кейбір тарихшылар Жәнібек пен Керей хандардың мемлекетінің орталығыАлматыға жақын аумақта болған деп, мерейтой жоспарын сынға алды. Қазақ хандығының мерейтойын тойлау шеңберінде 1 млрд теңгеге 10 бөлімді«Қазақ елі»атты сериал мен осы атаулы 375 млн теңгеге анимационды сериал түсірілді. Қазақ хандығы туралы деректі фильм түсіруге 250 млн теңге бөлінді.Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясын баспадан шығаруға 106,6 млн теңге бөлінді. Таразда шығыны 506,8 млн теңге болатын театрланған қойылым болды. «Мәңгілік ел» тақырыбына ақындар айтысы өтті. 550 жылдық құрметіне монумент тұрғызылды (501,8 млн теңге). «Тараз - ғасырлар куәсі» атты көрме өтті. Қазақша күрес пен басқа да ұлттық спорт түрлерінен халықаралық турнир өтті. Басқа да шығындар: «Ұлы көш» фильмі (150 млн теңге) түсірілуіне, «Тамгалы» Мемлекеттік тарихи-мәдени табиғи қорық-музей құрылысына (100 млн теңге), «Керей-Жәнібек», «Қазақ елі» спектаклі қойылуына және «Қазақ хандығы» балетіне (68 млн теңге), Қожа Ахмет Яссауи кесенесін қалпына келтіру жұмыстарына (20,4 млн теңге) жұмсалды.
Қазақ хандығы – қазақ топырағының төл туындысы. Бұл - көшпелілердің хандық мемлекеті. Азиялықтар үшін ханы бар жұрт мемлекет деп танылды. Қазақ мемлекетінде жеті сатылы билік жүйесі болды. Бас билеуші хан болды. Қазақ хандары хан кеңесінде (құрылтайда) мұрагерлік жолмен сайланды. Хандықты ұлығ, хан, жүздерді кіші хандар, аймақтарды сұлтандар басқарды. Хан ордасы көшіп қонып отырғанмен ол мемлекеттіліктің классикалық түріндегі барлық сипатына ие болды. Елдің шекарасы болды, әрбір ер адам елін, жерін қорғауға міндетті болды, шет елдермен жан-жақты қарым қатынастар жасады, таңба-мөр ұстады, жарлық хаттар жазылды. Елші аттандырды, өзіндік заң ережелері (Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы, Жеті жарғы сияқты), би-сот жүйесі қызмет істеді. Осының бәрі Қазақ хандығының мемлекет ретінде пісіп жетілген саяси жүйе екендігін көрсетеді. ХVІ-ХVІІІ ғасырларда көршілес Қытай, патшалық Ресей Қазақ хандығын терезесі тең мемлекет ретінде таныды. Тек Ресейдің отарлық саясаты асқынған ХVІІІ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында ғана ресейліктер «Қазақ хандығы» деген категорияны Қазақ ордалары деп (Орды киргиз-кайсаков) біздің біртұтас мемлекетімізді бөлшектеп, шоқтығын аласартып атайтынды шығарды. Ақыры елімізді жаулап алып мемлекетімізді жойды. Жалпы алғанда, үш жүз жылдан астам өмір сүрген Қазақ хандығы ұлтымыздың ортақ тілі мен тарихын, қоныс тепкен аумағын сақтап қалды.
3.2014 жылдың 17 қаңтарында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың кезекті халыққа жолдауында: «Бір жыл бұрын мен еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдарын жария еттім. Басты мақсат - Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Ол - «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті»,- деп бастады. Бұл орайда елең еткізген жаңалық - тұңғыш мемлекеттік ресми идеология, яғни «Мәңгілік Ел» идеясының жариялануы. Бұл — Қазақстан Республикасының ұлттық идеясынан келген түйін-тұжырым. Мәңгілік Ел отандастардың бірегей тарихи мақсаты мен қаһармандық ұраны десек қателеспейміз. Аталған идея қазақ елінің ғасырлар бойы армандаған мақсаты ғана емес, Тәуелсіздік жолындағы жанқиярлық еңбегі мен тынымсыз шығармашылығының нәтижелері арқылы қол жеткен асу. «Мәңгілік ел» ұғымын тереңнен түсіндіру, тарихи негіздерін көрсету мәселелері маңызды болып табылады. Түркі тарихын, көне түркі мұраларын зерттеуші филология ғылымдарының докторы, профессор Қаржаубай Сартқожаұлының «MANGI EL» халықаралық ғылыми-көпшілік тарихи журналында: «Мәңгілік ел - түрік жұртының данагөйі, үш бірдей қағанның кеңесшісі болған атақты Тоныкөк (Тұй-ұқық) негізін қалаған идея...» екендігін жазған. Елтеріс Құтлық қаған екінші Түрік қағанатын құрғаннан кейін Тоныкөк «Мәңгілік ел» идеясын қолға алды. Мәңгілік ел - мақсаты түрік елінің билігі деп осыдан 13 ғасыр бұрын мәңгілік идеясын ұсынған. Елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін геосаяси және ішкі, сыртқы қорғаныс шеңберін жасап, мәңгілік ел саясатын Көк Түріктер іске асырды. Сол идея, сол мұрат бүгінгі қазақ елінің бас ұранына айналуда. «Күл тегін» жазуының қазіргі қазақ тілінің нормасына келтірілген Ғұбайдолла Айдаровтың нұсқасында: «Көктегі түркі тәңірісі, түркінің қасиетті жер-суы былай депті: Түркі халқы жоқ болмасын дейін, халық болсын дейін...» деген жолдар бар. Бұл жерде елдің тарих сахнасынан кетпей, сақталуын тілейді. Мәңгілік ел дегеніміз - мемлекеттің ғасырлар тоғысында, ірі державалар арасында бәсекеге төтеп беріп, өзіндік қорғаныс саясатын ұстану деп түсінуге болады. Орхон өзенінің бойында Түрік қағанатының Ордабалық деген астанасы болған. Қағанаттың хан ордасы мемлекеттің ішкі ядросы. Оны қорғайтын арнайы полиция (тұрғақ деп аталған) және оған қоса тұрақты әскер (шерік деп аталған) пайдаланылды. Ішкі қорғаныс деп атаған екінші шеңбер белдеуін түрлі тайпалар қорғап тұрды. Үшінші шеңберде он-оқ Түркештер тұрды. Қырғыздар, Кидандар, Татабилер, Таңғыттар, Басмылдар да үшінші шеңбердің қорғаушысы болды. Осы үш шеңбер тұтас империяны қорғап тұрды. Түріктер осы 3 шеңберді орнатып болған соң, «Мәңгілік ел» идеясын нық бекемдейді. Ғұлама ойшыл, сазгер, қобыз жасаушы Қорқыт бабамыздың өлімге қарсы тұрып, мәңгі өмірге ұмтылуы, тек Қорқыттың ғана емес, сол замандағы билеушілердің елдің мәңгі өмір сүруін қалағандығын білдіреді. М.Әуезов Қорқыттың мәңгілік өмір туралы толғаныстарының негізгі философиялық түйінін аша келіп, оның болашақ ұрпақ үшін дүниетанымдық маңызы зор, мәңгілік мұра екенін атап өткен. Қазақ халқы арасында тараған аңыздардан Қорқытты бірде айтулы күй атасы ретінде көрсек, енді біразында ол өлім атаулыға қарсы шара іздеген қамқоршы ретінде көрінеді. Қорқытты мәңгі өмірді іздеген, бақилық болғысы келмеген деген түсінікті, халқына жерұйықты іздеген Асан Қайғымен түсіндіруге болады. Асан Қайғы өз халқы үшін ең қолайлы, ең құнарлы жерді іздегендігі белгілі. Утопиялық көзқарастағы Асан қайғының жерұйықты іздеудегі мақсаты, халқының жайлы жерге қоныстанып, болашақта мәңгі ел болуын қалаған. Көрнекті еуразияшыл ғалым, тарихшы-этнолог Л.Н.Гумилев «От Руси к России» атты еңбегінде: «Еуразия құрлығы үш рет біріктірілді. Алғашында оны Ұлы Түркі қағанатын құрған көне түріктер біріктірді. Түріктерден кейін Шыңғыс хан бастаған монғолдар, кейіннен Ресей өз қолына алды. Елбасы Н.Ә. Назарбаев өзінің «Тарих толқынында» атты еңбегінде: «Тарихтың алға қойып отырған өктем талабы әрбір түрік еліне әртүрлі салада саяси, экономикалық, мәдени және гуманитарлық тәсілдермен бірігу проблемасын шешудің бәріне бірдей тең институттық тетіктерін жаппай-тұрмай іздестіруді міндеттейді», - дей отырып, түрік мемлекеттері интеграциясының тиімді жолдарын іздеу қажеттілігін көрсетті. Елбасы Н.Ә.Назарбаев 2000 жылы 14 желтоқсанда латын алфавитіне көшу мәселесіне қатысты өз пікірін білдіре келіп, өте мұқият дайындықтан соң латын алфавитіне көшетінімізді айтты. Бұл жерде Тоныкөк негізін салған «Мәңгілік ел» идеясын қалпына келтіруші, жандандырушы Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың қазақ халқына славяндық кириллица емес, түркі тектес бауырларымыз қолданатын латын қарпіне көшудің қажеттілігін айтты. «Тарих толқынында» атты еңбегінде: «Түркі халықтары жұмылған жұдырықтай болып біріккен кезде геосаяси өмірге тең құқықты субъект ретінде ықпал ете алады, мәдени әлемдегі өзара қарым-қатынастарда қайдағы бір енжар, ынжық элемент ретінде емес, өзгелермен терезесі тең тұлға ретінде бой көрсете алады. Бұл бағыттағы алғашқы игі қадам ортаазиялық одақтың құрылуы болды. Оның шеңберінде біздің бәрімізге ортақ мәдени ұқсастығымызды жете сезіну арқылы деңгейіміздің көтеріле түсетіні сөзсіз» — деп түрік бірлігінің болашағына зор үмітпен қарады.
2014 жылғыЕлбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Нұрлы жол-болашаққа бастар жол» атты халыққа жолдауында «2015 жыл - ұлттық тарихымызды ұлықтау және бүгінгі биіктерімізді бағалау тұрғысынан мерейлі белестер жылы» деп, «Қазақ хандығының 550 жылдығын, Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Конституциямыздың 20 жылдығын, Ұлы Жеңістің 70 жылдығын» ерекше атап өткен болатын.
Сонымен қатар, бұл жерде «Мәңгілік Ел» ұғымы, тәуелсіздік рухы, азаттық идеясы бір-бірімен үндесіп тұр. Әл-Фараби ежелгі грек философиясы мен шығыстың мұсылман ілімдерін байланыстыра отырып, түркі дүниесінің «Мәңгілік Ел» философиясының теориялық негіздемесін жасап берді. Ғалым «Мәңгілік Ел» теориясының негізгі ережелерін «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы», «Мемлекет билеушінің нақыл сөздері», «Азаматтық саясат» шығармаларында баяндайды. Бақытқа жету жолында адамдардың арасындағы қайырымдылық пен түсінушілік, бір-біріне көмек беру, достық пен бейбітшілік, тәрбие мен тәлім — Әл-Фарабидің тұтас әлеуметтік-саяси теориясының ажырамас бір бөлігін құрайды. Мемлекет пен қоғамның кемелденуі туралы әлеуметтік-саяси теориясында мемлекет басқарушылары мен сол қоғамда өмір сүретін адамдардың да ұстануы тиіс мемлекетті басқарудың императивтері мен механизмдері көрсетілді. Қалған мәселелердің бәрі - экономикалық және саяси мәселелер - негізгі міндетке бағынады, яғни адамдардың бақытқа жетуі олардың рухани жетілуіне тәуелді. «Құтты білік» дастаны Қарахан мемлекеті түріктерінің тілінде жазылғаны белгілі. Жүсіп Баласағұн «Құтты білікті» 1069-1070 жылдары Баласағұн қаласында бастап, он сегіз айдың ішінде Қашқар қаласында аяқтаған. Жүсіп Баласағұнның «Құтты білік» шығармасы, араб-парсы әдебиетінің көшірмесі емес. Дастанда X–XI ғасырлардағы Жетісу жерінде тұрған тайпалардың салт-санасы, әдет-ғұрыптары, наным-сенімдері көп жырланған. «Құтты білік» кейіпкерлерінің есімдері де бұрынғы тәңірілік дін нанымдарына қатысты. Басты бейне Күнтуды — әділ ел басшысының рәмізі. Бұл бейне «Күлтегін» («Түркі қағанаты туралы сөз») жазуларынан басталып, әл-Фараби мен Қожа Ахмет Иассауи армандаған түрік мәдениетіндегі үлгі, мұрат тұлғаның бастысы. Жүсіп Баласағұнның басты кейіпкер қылып Күлтегінді көрсетуі түркі мәдениетін жалғастырушы, мәңгілік ел бағдарының қолдаушысы екендігін айқындайды. XVIII ғасырда Қазақ хандығының басын қосып, Айдаһардай Қытайдың аузына түсірмей, ақырған аюдың тырнағынан аман алып қалған Абылай ханның саясаты түркілік мәңгілік ел идеясын жандандырушы тұлғаның ерлігі. Шығыстағы ежелден дұшпанымыз қытайлар жоңғарларды қазақ жеріне айдап салып, сол арқылы қазақ жерін де, жоңғарларды да өзіне қарату еді. Осы соғыста не қазақ, не жоңғар, болмаса екеуі де құруы керек екендігі алпауыт елдердің жаттанды саясаты еді. Бірақ қазақ елі аман қалды. Қазақтың бақытына орай Абылай хандай дара тұлға тарих сахнасына келді. Нәтижесінде бұл соғыста қазақ емес, жоңғар 1758 жылы тарих сахнасынан мүлдем жойылып кетті. Ел басына түскен үлкен қиыншылықтан Абылай хан бабамыз елді біріктіріп, жұмылдырып, соның арқасында қазақ елін аман сақтап қалды. Ендеше, Абылай хан елді біріктірген ұлы тұлға және «мәңгілік ел» идеясын жалғастырушы екендігін мақтанышпен айтуға болады. Мәңгілік Ел - жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Бабаларымыздың арманы. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен Астанада асқақ рухымыз бен мәңгілік мұраттарымызды паш етіп тұрған «Мәңгілік Ел» салтанат қақпасының салынуы «Мәңгілік Ел» идеясының мемлекеттік идеологияға айналғандығының бір дәлелі. «Мәңгілік Ел» сөзінің терең тарихи тамыры және үлкен мағыналы мәні бар. Түрік шежіресінде «мәңгі» сөзі «Тәңір», «Құдай», «Алла» сөздерімен мағыналас қолданылды. Мәңгілік Ел ұлттық идеясының негізгі мәні - мәңгілік мақсат-мұраттарымыз бен мәдени-рухани құндылықтарымызға негізделген, мемлекет құрушы қазақ халқы мен өзге де ұлттардың ұлттық идеяларын бір арнаға тоғыстыратын идеология арқылы қалыптастырылатын қазақтың ұлттық мемлекеті. Мәңгілік Ел ұлттық идеясы дегеніміз - өткенімізден сабақ ала отырып, болашағымызды баянды ету жолындағы хақ мұраттарымыз!
Достарыңызбен бөлісу: |