4-сұрақ. Процесс прокурорының қылмыстық процестегі қызметі.
58-бап. Прокурор
1. Прокурор – өз құзыретi шегiнде жедел-iздестiру қызметiнің, анықтаудың, тергеудiң және сот шешiмдерiнiң заңдылығын қадағалауды, сондай-ақ мемлекет атынан қылмыстық процестiң барлық сатыларында қылмыстық қудалауды және Қазақстан Республикасы Конституциясының 83-бабына және осы Кодекске сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыратын лауазымды адам: осы Кодексте белгіленген өкілеттіктерге сәйкес әрекет ететін Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры, Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының бірінші орынбасары, орынбасарлары, олардың аға көмекшілері мен көмекшілері, Қазақстан Республикасының Бас әскери және Бас көлік прокурорлары, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың прокурорлары және олардың орынбасарлары, құрылымдық бөлімшелердің бастықтары, олардың орынбасарлары, аға көмекшілер мен көмекшілер, басқармалар мен бөлімдердің аға прокурорлары мен прокурорлары, аудандардың, қалалардың прокурорлары және оларға теңестірілген прокурорлар, олардың орынбасарлары, аға прокурорлар мен прокурорлар. Соттың қылмыстық iстi қарауына қатысатын прокурор айыптауды қолдау арқылы мемлекеттiң мүддесiн бiлдiредi және мемлекеттiк айыптаушы болып табылады.
2. Прокурор күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға немесе олардың әрекеттері үшiн мүлiктiк жауаптылықта болатын тұлғаға:
1) өзiнiң дәрменсiз күйіне, күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға тәуелдi болуына немесе өзге де себептер бойынша талап қою және оны қорғау құқығын өз бетiнше пайдалануға қабiлетсіз жәбiрленушiнiң;
2) мемлекеттiң мүдделерiн қорғап талап қоюға құқылы.
3. Негіздер болған кезде және осы Кодексте көзделген тәртіппен, прокурор өз қаулысымен істерді өзінің іс жүргізуіне қабылдауға және бұл ретте, тергеушінің өкілеттіктерін пайдалана отырып, тергеп-тексеруді жеке өзі жүргізуге құқылы. Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің заңдылығын қадағалауды осыған уәкілеттік берілген прокурор жүзеге асырады.
4. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру және соттың істі қарауы кезіндегі прокурордың өкілеттіктері 158 (сегізінші бөлікте), 165 (сегізінші бөлікте), 186 (екінші және үшінші бөліктерде), 187 (сегізінші бөлікте), 190 (жетінші бөлікте), 192, 192-2 (алтыншы және жетінші бөліктерде), 193, 194 (үшінші бөлікте), 195 (бесінші бөлікте), 196 (екінші бөлікте), 202, 203, 234 (екінші, үшінші және төртінші бөліктерде), 290, 301, 302, 302-1, 303, 304 және 305, 321 (алтыншы бөлікте), 337, 414 (екінші бөлікте), 428 (алтыншы бөлікте), 429 (жетінші бөлікте), 478 (бесінші бөлікте), 480 (алтыншы бөлікте), 484, 486, 494 (бесінші бөлікте), 502 (бірінші бөлікте), 518 (бесінші бөлікте)-баптарда, 57, 58, 59, 60, 61, 62, 63-тарауларда, 628 (бірінші бөлікте), 643 (сегізінші бөлікте), 668 (алтыншы бөлікте)-баптарда, сондай-ақ осы Кодексте белгіленген өзге жағдайларда айқындалады.
5. Прокурор өзiнiң процестік өкiлеттiктерiн жүзеге асырған кезде тәуелсiз болады және заңға ғана бағынады.
6. Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры өз құзыретi шегiнде осы Кодекстің нормаларын қолдану мәселелерi бойынша, оның ішінде қылмыстық сот ісін электрондық форматта жүргізу мәселелері бойынша нормативтiк құқықтық актiлер қабылдайды.
Қазақстан Республикасының Бас Прокуроры өз құзыретi шегiнде қабылдаған нормативтiк құқықтық актiлер қылмыстық қудалау органдарының орындауы үшін міндетті.
Сотқа дейінгі тергеп-тексеруді жүзеге асыратын органдардың нормативтiк құқықтық актiлерi олардың құзыретi шегiнде Қазақстан Республикасының Бас Прокурорымен келiсу бойынша қабылданады.
Достарыңызбен бөлісу: |