25-бап. Дәлелдемелердi iшкi сенiм бойынша бағалау
1. Судья, прокурор, тергеушi, анықтаушы дәлелдемелердi қаралған дәлелдемелердiң жиынтығына негiзделген өзiнiң iшкi сенiмi бойынша бағалайды, бұл ретте ол заң мен ар-ожданды басшылыққа алады.
Алқаби дәлелдемелердi қаралған дәлелдемелердiң жиынтығына негiзделген өзiнің iшкi сенімі бойынша бағалайды, бұл ретте ол ар-ожданды басшылыққа алады.
2. Ешқандай дәлелдемелердiң күнi бұрын белгiленген күшi болмайды.
26-бап. Қорғалуға құқығы бар куәнің, күдіктiнiң, айыпталушының қорғалу құқығын қамтамасыз ету
1. Қорғалуға құқығы бар куәнің, күдіктiнiң, айыпталушының қорғалуға құқығы бар. Олар бұл құқықты осы Кодексте белгiленген тәртiппен жеке өздерi де, сол сияқты қорғаушының, заңды өкiлiнiң көмегiмен де жүзеге асыра алады.
2. Қылмыстық процесті жүргiзетiн орган күдіктiге, айыпталушыға олардың құқықтарын түсiндiруге және олардың күдіктен, айыптаудан заңда тыйым салынбаған барлық құралдармен қорғану мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге, сондай-ақ олардың жеке бас құқықтары мен мүлiктiк құқықтарын қорғауға шаралар қолдануға мiндеттi.
3. Осы Кодексте көзделген жағдайларда қылмыстық процесті жүргiзетін орган iске күдіктiнің, айыпталушының қорғаушысының қатысуын қамтамасыз етуге мiндеттi.
4. Қорғалуға құқығы бар куәнің, күдіктiнiң, айыпталушының қорғаушысы мен заңды өкiлiнiң қылмыстық сот iсiн жүргiзуге қатысуы алдыңғыларға тиесiлi құқықтарды кемiтпейдi.
5. Қорғалуға құқығы бар куә, күдіктi, айыпталушы қылмыстық қудалау органдарына айғақтар беруге, қандай да бір материалдарды ұсынуға, оларға қандай да бiр жәрдем көрсетуге мәжбүр етiлмеуге тиiс.
6. Күдіктiнiң, айыпталушының олармен бiрлесiп қылмыстық құқық бұзушылық жасады деп айыпталған адамға қатысты қылмыстық iстi қарау кезiнде де өздерiне тиесiлi қорғалу құқығының барлық кепiлдiктерi сақталады.
27-бап. Білікті заң көмегіне құқықты қамтамасыз ету
1. Әркімнің қылмыстық процесс барысында осы Кодексте көзделген тәртіппен білікті заң көмегін алуға құқығы бар.
2. Заңда көзделген жағдайларда заң көмегі тегін көрсетіледі.
28-бап. Куәлiк айғақтар беру мiндетiнен босату
1. Ешкiм өзiне, жұбайына (зайыбына) және аясы осы Кодексте айқындалған өзінің жақын туыстарына қарсы айғақтар беруге мiндеттi емес.
2. Дiни қызметшiлер тәубаға келу үстінде өздерiне iшкi сырын ашқан адамдарға қарсы куәлiк беруге мiндеттi емес.
3. Осы баптың бiрiншi және екiншi бөлiктерiнде көзделген жағдайларда көрсетілген адамдар айғақтар беруден бас тартуға құқылы және бұл үшiн оларды қандай да бір жауаптылыққа тартуға болмайды.
29-бап. Жариялылық
1. Қылмыстық iстердi талқылау барлық соттарда және сот сатыларында ашық жүргiзiледi. Сот талқылауының жариялылығын шектеуге ол мемлекеттік құпияларды және заңмен қорғалатын өзге де құпияны қорғау мүдделеріне қайшы келгенде ғана жол беріледі. Іске қатысатын адамдардың өмірінің интимдік жақтары туралы мәліметтердің жария етілуін болғызбау мақсатында, кәмелетке толмағандардың қылмыстық құқық бұзушылықтары туралы істер бойынша, жыныстық қылмыстар туралы істер бойынша және басқа да істер бойынша, сондай-ақ оны жәбірленушінің, куәның немесе іске қатысатын басқа да адамдардың, сондай-ақ олардың отбасы мүшелерінің немесе жақын туыстарының қауіпсіздігі мүдделері талап ететін жағдайларда, соттың уәжді қаулысы бойынша жабық сот талқылауына жол беріледі. Қылмыстық қудалауды жүзеге асыратын органның әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) және шешімдеріне берілген, тергеу судьясы шешетін шағымдар да жабық сот отырысында қаралады.
2. Жабық отырыста істерді талқылау осы Кодексте белгіленген барлық қағидалар сақтала отырып жүзеге асырылады.
3. Соттың үкімі және іс бойынша қабылданған қаулылар барлық жағдайларда көпшілік алдында жарияланады. Жабық сот отырысында қаралған істер бойынша үкімнің кіріспе және қарар бөліктері ғана көпшілік алдында жария етіледі.
Достарыңызбен бөлісу: |