ҚАНМЕН ҚАМТАМАСЫЗДАНУЫ, НЕРВТЕНУІ Көмей - aa.laryngeae superior et inferior (a.carotis externa, a.subclavia); nn. laryngeus superior et inferior (n.vagus) және truncus sympathicus. Кеңірдек, бронхтар- aa. thyroidea inferior, aa.thoracica interna (a.subclavia), rami bronchialis aortae thoracicae; n.vagus және truncus sympathicus
Жастық ерекшеліктері КӨМЕЙ нәрестеде үлкен өлшемді болады: ол қысқа, кең, құйғыштәрізді, ересектермен салыстырғанда жоғарырақ орналасқан. Тіласты сүйегі жоғары орналасып, қалқанша шеміршекке жанаса орналасады. Нәресте көмейінің бойлық білігі артқа қарай қатты шалқайған және кеңірдекпен артқа ашылатын доғал бұрыш түзеді, мұны интубация жасаған кезде ескерген жөн. Нәрестелер мен емшек жасындағы балаларда көмей жоғары орналасқандықтан көмей қақпашығы тіл түбірінен жоғары тұрады да, жұтыну кезінде ас жентегі көмей қақпашығын латералді айналып өтеді де, бала бір мезгілде дем алып әрі жұтына алады, бұл ему актісінде өте маңызды. Көмей кіреберісі нәрестелерде ересектермен салыстырғанда кеңірек болады. Кіреберіс бөлігі қысқа, сондықтан дауыс саңылауы жоғары орналасады. Дауыс саңылауы ересектерге қарағанда 3 есе қысқа (6,5 мм). Жарғақаралық және шеміршекаралық бөлімдері ұзындығы бойынша шамамен бірдей (3,5 және 3 мм). Дауыс саңылауы баланың алғашқы үш жылында, одан кейін жыныстық жетілу кезінде айтарлықтай үлкейеді. Көмей бұлшықеттері нәрестелерде және балаларда нашар жетілген. Олардың барыншы белсенді өсетін кезі жыныстық жетілу кезінде байқалады. Көмей бала өмірінің алғашқы 4 жылында тез өседі. Жыныстық жетілу кезеңінде (10-12 жастан кейін) қайтадан белсенді өсу басталады да, ол ерлерде 25 жасқа дейін және әйелдерде 22-23 жасқа дейін созылады. Көмей өскен сайын ол біртіндеп төмен түсе береді, балаларда оның жоғарғы жиегі мен тіласты сүйегінің ара қашықтығы үлкейеді. Көмейдің бойлық білігі вертикалді жағдайда болады. Ересектерге тән орналасу қалпына көмей 17-20 жастан кейін келеді. Көмейдің жыныстық ерекшеліктері ерте жаста байқалмайды. Әрі қарай көмей қыздарға қарағанда ұлдарда тезірек өседі. 10-12 жаста ұлдарда көмей шодыры анық көріне бастайды, ұлдарда дауыс байламдары ұзынырақ болады. Көмей шеміршектері нәрестеде жұқа болады да, жас өскен сайын қалыңдайды, бірақ өзінің иілгіштігін ұзақ сақтап тұрады. Егде және қарттық кезеңде көмей қақпашығынан басқа шеміршектерінде кальций тұздары жиналып, шеміршектер сүйектенеді, нәзік әрі сынғыш болады.
КЕҢІРДЕК нәрестелерде құйғыштәрізді болып келеді. Ортаңғы бөлігінде саңылауының ені 0,8 см. Кеңірдектің жарғақты қабырғасы кең, шеміршектері нашар жетілген, жұқа, жұмсақ болады. Нәресте кеңірдегінің шырышты қабығы жұқа, нәзік, бездері нашар жетілген. Нәресте кеңірдегі жоғары және ортаңғы сызықтан сәл оңға ығысып орналасқан. Оның басталатын жері II-IV мойын омыртқалары деңгейінде, ал кеңірдек айырығы II-III кеуде омыртқаларына сәйкес келеді. Туылғаннан кейінгі алғашқы 6 айда кеңірдек тезірек өседі де, одан кейін оның өсуі баяулайды, жыныстық жетілу кезеңінде қайтадан жылдамдайды. Бала 3-4 жасқа келгенде кеңірдек саңылауының ені 2 есе үлкейеді. 10-12 жастағы баланың кеңірдегі нәрестемен салыстырғанда екі есе ұзынырақ, ал 20-25 жаста оның ұзындығы үш есе ұзарады. Кеңірдек айырығы 7 жастан кейін ересек адамдардағы сияқты V кеуде омыртқасы деңгейіне сәйкес келеді. Егде және қартайған шақта кеңірдек шеміршектері тығыздалып, нәзік болады, басқан кезде оңай сынып кетеді. БАСТЫ БРОНХТАР өмірдің алғашқы жылында және жыныстық жетілу кезеңінде тезірек өседі.
ГЛАВНЫЕ БРОНХИ особенно быстро растут на первом году жизни и в период полового созревания