«ҚАРАҚҰС ПЕН БАЛАПАНДАР»
(Орыс халқының ойыны)
Ойыншылар арасынан қарақұс және тауық сайлап алынады. Қалғандары балапандар болып есептеледі. Ойын алаңының бір шетінен қарақұстың ұясы сызылады.
Мұғалім «Қарақұс!» деп дауыстап белгі берісімен қарақұс тауықтың артында бір-бірінің белінен ұстап тізіліп тұрған балапандардың ең соңғысын ұстап алуға ұмтылады. Ал тауық екі қанатын (екі қолын) екі жаққа соза балапандарын қорғаштайды. Балапандар да қарақұсқа алдырмауға тырысады. Олар тек тізбекті бұзбауға тиіс.
Ұсталған балапандарды қарақұс ұясына алып кетеді. Екі –үш балапан ұсталған соң ойын жүргізушілер қайта сайланып, ойын қайта басталады.
Бір тауықта 6-8 балапан болуға тиіс.
«АЛТЫН ДӘН»
(Беларус халқының ойыны)
Ойыншылар екі-екіден қол ұстасып шеңбер жасап тұрады. Ойын жүргізуші Бір жұпқа келіп, «Қайырлы күн!» -дейді. «Алтын дән», -деп жауап береді ойыншылар. «Оның бағасы қанша?»- дейді ойын жүргізуші. Ойыншылар «Тау-тау» қар мен көлдің суы» деген бетке екеуі қарама- қарсы бағыт ұстап шеңберді айнала жүгіреді. Ойын бастаушы сол босаған орында тұрып қалады. Бірінші болып қайтып оралған ойыншы ойын бастаушымен жұп құрып, екіншісі ойынды әрі қарай жалғастырады.
Жеңіл атлетикаға арналған ойындар
«ҚУҒЫНШЫДАН ҚҰТҚАР»
(Жүгіруге арналған ойын)
Арнаулы сызғышпен қоршалған ойын алаңында балалар жүгіріп ойнап жүреді. Мұғалім белгі берісімен санамақ арқылы сайланған ойын жүргізушісі: «Мен қуғыншымын!» -деп, қолын жоғары көтереді де өзіне ең жақын жүрген ойыншыны қуа жөнеледі. Қашып келе жатқан бала мен қуғыншының арасын басқа бір ойыншы кесіп өтіп кетсе, қуғыншы алдын кескен екінші баланы қуады. Егер қуып жетсе, екеуі орын ауыстырып, жаңа қуғыншы ойынды әрі қарай жалғастырады.
«МЫСЫҚ ПЕН ТЫШҚАНДАР»
(Секіруге арналған ойын)
Ойыншылар санамақ арқылы «мысық» сайлап алады. Қалғандары тышқан болып, үлкен етіп сызылған бір шеңбердің бойында дөңгелене тұрып, сызықтың іші мен сыртына кезекпен қос аяқтап секіре бастайды. Мысық шеңбердің ортасында жүгіріп жүріп, сызықтың ішіне секіріп кірген тышқандардың біріне қолын тигізсе, екеуі орын ауыстырып ойнайды.
Достарыңызбен бөлісу: |