1.2 Баланың жас ерекшелігіне байланысты жетілуіндегі музыкалы тәрбиенің міндеттері
Баланың музыкалық даму процесі музыкалық қызметтерді ұйымдастыру барысында жүзеге асырылады. Сәбилік шақтан бастап музыкалық қызығушылықтарын дамыту- тәрбиешінің міндеті. 2 жаста бала ересек адамның әнін тыңдай отырып дауыс интонациясына уілдейді, гуілдейді, былдырлайды.
2 жаста бала қарама-қарсы сипаттағы әндерге шаттанып қуанады немесе сабырлы күй танытады. Алақандарын, шапалақтап, аяқтарын топылдатады, кейде әннің соңғы «ай, ой, да-да» буындарын қайталап айтады
3-4 жаста балалар шағын әндерді ересектердің көмегімен орындай алады. Дербес әрекет етуге ұмтыла отырып билеуге, ойнауға талпынады. 5 жаста баланың көп білуге құштар кезеңі. «Неге?», «неліктен?» деген сұрақтарды көп қояды. Бала жетекшінің қойған талаптарын, ән, пьесалардың көңілді, қуанышты, сабырлы сипаттарын сезіне отырып, пьесадағы қарама- қарсы екі бөлімді, музыкалық аспаптар тембрін, қол ұстасып ән айту, жеңіл би қимылдарын орындай алады.
6 жастағы балаларды мектепке даярлау кезеңі. Балалар музыкалық шығармаға сипаттама бере отырып, эстетикалық көзқарастары қалыптасады Ән, би, ойындарды орындауда қызығушылыктары артып, музыкаға деген ынта-ықыласы айқын көріне бастайды. Балаға музыкалық тәрбие беру шығармашылық қабілеттілікті жан-жақты дамыту арқылы, жеке тұлғаны қалыптастыру болып табылады.
Музыкалық тәрбие берудің басты мақсаты- музыка өнері арқылы баланың өмірге деген көзқарасын, Отанына, еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін, өз халқының өнерін, салт-дәстүрін жоғары бағалай білетін парасатты азамат тәрбиелеу.
Музыкалық тәрбие берудің негізгі міндеттері-музыка өнері арқылы баланың жеке басын, музыкаға деген ынтасын, қажетін, қабілетін, эстетикалық көзқарасын қалыптастыру.
Балаға Музыкалық тәрбие беруде мектеп жасына дейінгілердің жас ерекшеліктерін ескере отырып төмендегідей міндеттер талап етіледі:
1. Музыкаға деген сүйіспеншілік пен кұштарлықты тәрбиелеу. Бұл міндет баланың шығарма мазмұнын терең түсініп, музыканы қабылдау, есте ұстау қабілетін дамыту арқылы шешіледі.
2. Балаларды алуан түрлі музыкалық шығармалармен таныстырып, музыкалық әсерін байыту.
3. Балалардың музыка тыңдау, ән айту, музыкалық-ырғақтық қимылдар балалар музыкалық аспаптарында ойнау дағдыларын дамыту.
4. Эмоциялық әсерін, сенсорлық қабілеттері, ырғақ сезуін жетілдіріп, әншілік дауысы мен қимыл әрекеттерін мәнерлендіре түсу.
5. Ән айтуда музыкалық шығармаларды табиғи дауыспен, би қимылдарын үйретуде әсерлі орындауға дағдыландыру.
6. Музыка жөніндегі ұғымдары мен алған әсерлері арқылы музыкалық талғамын байыта отырып, музыкалық шығармаларды таңдауға және оны бағалай білуіне көмектесу.
7. Музыкалық ойындар мен хороводтар, әндер мен би қимылды меңгеруде шығармашылық белсенділікті дамыту.
Достарыңызбен бөлісу: |