42. Жылаған ата туралы қандай аңыз-әфсана білесіз?
Түркістан облысындағы құнды табиғи ескерткіштердің бірі саналатын Жылаған ата бұлағы мен үңгірі тарихы жайында өрбімек. Жылаған ата үңгірі – Түркістан облысының орталығы Түркістан қаласынан 80 шақырымдай жерде орналасқан. Қаратау жотасының Жылаған ата шатқалында, Жылаған ата өзені бойындағы үңгір. Бір кісі бай болған екен. Бірақ, перзенті болмапты. Қартайған шағында байлыққа тойған ол, артынан осы байлықтың иесі болып қалатын ұрпақ қалдыруды ойлайды. Әйелі екеуі әулие-әнбиелердің басына түнеп жүріп, иман жолына түсіп, бір күні әйелі құрсақ көтереді. Айы-күніне жеткен соң әйел іркілдеген мес туады. Тау-тастың арасында месті көтеріп, көзінің жасы көл болып жүре береді. Он екі жылдан соң әйелдің қолындағы мес жерге түсіп кетіп, жарылып, ішінен бала жылап шығып, жартастар арасымен қаша жөнеледі. Анасы баласының артынан жүгіріп, тоқтатуға тырысады. Ал , баласы анам шөлдеп жүгіріп келе жатқан болар деп, асасын жерге бір ұрып бұлақ ашып кетеді де, қашып бір үңгірге кіріп кетеді. Анасы баласын шақырса да шықпайды. Ек осы үңгірде қалатынын, артына қарамай үйіне қайтуын айтады. Анасы баласын қанша қимаса да, баласының бірге кетпейтіне көзі жетіп, көніп, үйіне бет алады. Анасы таудан шыққан соң, баласын қимай, артына жалт қарайды. Артына қараса, қызыл су артынан ағып келе жатыр екен. Әйел артына қараған кезде, сол су жерге сіңіп кетіпті. Егер әйел артына қарамағанда, сол құла түз дала жайқалған жасыл желек болады екен. Содан бастап, бала кіріп кеткен үңгір «Жылаған ата» деп аталып кеткен. Қазіргі таңда ол жерге кей адамдар зиярат етіп барса, бірі жұмбақ құбылысына тамсанып барады. Үңгір сарқырама секілді. Бірақ сарқырамадан су үнемі ағып тұрмайды. Басына барып Құран оқыған адамдардың кейбіріне ақса, біріне ақпайды. Судың ағатын уақытын ешкім білмейді. Тіпті, кейде 2-3 күндеп су ақпай тұрады екен.
43. Жалаулы ата мазары хақында не білесіз?
Түркістан қаласынан солтүстік-батысқа қарай 45 шақырым жерде, Сауран археологиялық ескерткіштер кешені аумағында орналасқан. Мазардың ені 8,1, ұзындығы 9,2 метр. Мазардың іргесі болып табылатын төменгі бөлігі сақталып қалған, оның ені мен ұзындығы 25-25 см, биіктігі 5 см болатын күйген қыштан қаланған, табиғи күштердің әсерінен бүгіндері қираған жоғарғы бөлігі саз кесектен тұрғызылған. Бір бөлмелі болып салынған мазардың саз кесектен қаланған көмкерілген күмбезі де болған. Көне көз қариялардан бүгінге жеткен аңыз сарыны бойынша Жалаулы ата Ислам дінін тарату жолында күрескен ержүрек батыр, даңқы шыққан қолбасшы болған. Жалаулы атаның кесенесі жаңбыр мен қар суының әсерінен 1950-1960 жж. алдымен күмбезі опырылып, жылдар өте келе қабырғаларыда құлап үйіндіге айналған. Бүгіндері мифтік бейнеге айналған Жалаулы ата ІХ-Хғғ. өмір сүрген тарихи тұлға. Бұл Ислам дінінің Қазақстан аумағында орнығу кезеңі. Кесене орнында археолог Е.Смағұловтың жетекшілігімен 2008-2010 жж. аралығында археологиялық зерттеулер жүргізілді.
Достарыңызбен бөлісу: |