12 жылдық жалпы орта мектептің базалық білім мазмұнын анықтау әдістері


Жоғары сынып жасөспірім жасындағы оқушылардың психологиялық-педагогикалық ерекшеліктері



бет2/6
Дата22.02.2016
өлшемі1.16 Mb.
#379
1   2   3   4   5   6

2.2 Жоғары сынып жасөспірім жасындағы оқушылардың психологиялық-педагогикалық ерекшеліктері
Психологиялық-педагогикалық зерттеулерде көрсеткендей негізгі мектептегі оқушылардың психикалық дамуындағы өзгерістер бәрінен бұрын оқу дағдысымен байланысты болса, ал жоғары сыныптағы оқушылардың психикалық дамуында қоршаған ортамен әлеуметтік қатынас орнату жүйесі маңызды орынға ие.

Мектептің жоғары сатысы кезеңінің басты ерекшеліктерінің бірі – физикалық және жыныстық жетілу жасөспірімдер үшін үлкен түсіністік пен іштей толқуларды туғызады. Бірақ бұл өзгерістер әр жасөспірімде түрлі жолдармен жүзеге асады. Бала ағзасында осындай өзгерістер олардың психикасы мен мінез-құлқына үлкен әсер етеді деп ойлайды үлкендер. Сондықтан да бұл кезеңде шамадан тыс ренжігіштік, ашушаңдық, өжеттік, шапшаңдық бой көтереді. Бірақ ересектер жағынан байқағыштық пен назар салушылық байқалса, бұлардың болмауы да мүмкін [11].

Физикалық және жыныстық жетілу жасөспірім басқа жынысқа деген қызығушылықты және бір мезетте өзінің сыртқы түр сипатына назар аударуды күшейтеді. Бірақ бала бұл мәселелерді не әлеуметтік, не психологиялық жағынан шешуге әлі дайын емес. Іштей бой көтерген қарама-қарсылықтарды шешуге көмектескен үлкендердің көмегі арқылы жасөспірім қылығы анықталады. Оның психикалық дамуында бағыт-бағдар алуында әрбір ересек үшін және әрбір бала үшін әлеуметтік ортамен ара қатынасында өзіндік жүйесі бар [9].

Жасөспірімнің әлеуметтік жағдайда дамуының өзділігі сонда, оның қарым-қатынастың жаңа жүйесі кіретіндігі мен жаңа міндеттерді орындау барысында ересектер мен жолдастары арасында жаңа орын алатындығында болып отыр.

Жасөспірімдер мұғалімнің іс-әрекетіне, қылығына, даралығына жоғары талап қойады. Олар мұғалімді үнемі бағалап отырады және сол арқылы өздерінің оған деген қатынас деңгейін қалыптастырады. Тәрбиешілер мен ата-аналардың пікірінің жолдастардың, ұжымның пікірімен, жасөспірімнің өзінің пікірімен сәйкес немесе сай келуі өте маңызды. Тек осындай жағдайда ғана пайда болған қарама-қарсылықтарды дұрыс шешуі және осы арқылы жасөспірімнің дұрыс дамуы үшін жақсы жағдай туғызуға болады. Жасөспірімнің жолдастарымен тұрақты қарым-қатынас орнату ұжымда тиісті орнын алуға деген құлшынысын арттырады. Бұл баланың іс-әрекеті мен қылығындағы басты түрткілердің бірі. Бұл кезде өзін нақтылау құлшынысының қаттылығы сонша, жолдастарын танып-білуде жасөспірім көптеген нәрсеге дайын: ол өзінің көзқарастары мен дәйектемелерін алға тарта алады. Жолдастарының көз алдында абыройын жоғалтып, өзінің ары мен намысын түсіріп алу жасөспірім үшін үлкен қасірет. Міне, сондықтан да жолдастарының алдында дұрыс емес іс-әрекеттеріне айтылған сын-ескертпелерді жасөспірім өте зор шарпумен қабылдайды. Мұғалімнің мұндай сын-ескертпесін ол өзінің даралығының төмендеуі деп түсінеді. Осындай жағдайлар жолдастары мен ата-аналар тарапынан айтылған сын-ескертпелер кезінде де байқалады. Осы жағдай негізінде жасөспірім мен мұғалім арасында қарама-қайшылық пайда болады да, жасөспірім қиын балаға айналады. Жасөспіріммен мектеп ұжымындағы тек қана нақты ара қатынас, эмоционалды сәттілікпен қаматамасыз ету оң дамуына психологиялық сәттілік негіз бола алады.

Жоғарыда айтылғандардың ең бастысы – отбасы. Барлық жол, барлық бастау отбасынан басталатын болса, онда жасөспірімдердің толыққанды өсіп жетілуінде отбасының алар орны ерекше. Жасөспірімді өз отбасында дұрыс түсініп, оның пікірлерімен санасып, көптеген сұраулары мен мәселелері оң шешімін тауып отырса, барлық нәрселердің дұрыс жолда болары анық [10].

Жасөспірімнің интеллектісі (қабылдау, ес, қиял,т.б.) шарықтап, дами түсетіндіктен, олардың қабылдауы да жүйелене, күрделене түседі. Естің логикалық, мағыналы жағы, әдейілеп еске түсіру, қайта жаңғырту формалары жаңа мазмұнға ие бола бастайды, ойлау қабілеті белсенді, орамды, терең, дербес болып келеді [11]. Олар жұрттың айтқанын таразыға салып, сын көзімен қарап, бұларды пайымдай салыстырып, содан кейін санаға тиісті қорытындыға келуге тырысады. Шығармашылықтық ойлау, яғни, айналаны жәй ғана аңғартып қоймай, өткендегіні де танып – білуге құмарту, болашаққа көз жүгірту, заттың ішкі мәнін, сыр – сипатын, жалпы заңдылықтарын тұжырымдау осы жастағылардың ойлауына тән басты ерекшелік.

Тұлғаның дамуы өзіндік сананың дамуымен қатар ұғынылмаған психикалық реттеуді, өзінің «Мені» жайлы түсініктердің (бейнелер, Мен-концепциясы) өзіндік бағалау, өзін сыйлау сезімдері, талаптану деңгейлері жүйесінен тұрады. Адамдағы «Мен концепциясы», «Мен кіммін?», «Мен кім боламын?» деген сұраққа жауап береді. «Меннің құрылымы» дегеніміз ол өзіңе деген сенім, өзіңе қатысты информацияларды өңдеуге бағытталады, «мүмкін деген Мендер» болады ол қандай болғым келеді деген армандар және болашақта не болады деген қорқыныштар», «әлеуметтік мен» әлеуметтік тәжірибелер сәттіліктер мен сәтсіздіктер тәжірибесі, басқа адамдарды бағалау, «мен сезімі» деген болады, ол өз ойлары мен әрекеттерін ұйымдастыру.

Психологияда ғылыми зерттеулер басталып, тұлға жайлы анықтамалар көп. Көп жағдайда тұлғаны оның әлеуметтік мінез-құлқын түсіндіретін орнықты психологиялық қасиеттерінің, атап айтқанда жақсылық, жамандық, этика және мораль, оларды орнату немесе бұзу сияқты қасиеттердің жиынтығы ретінде анықтауға болады [12].

Адамның тұлға ретінде қалыптасуы жасөспірім жасында деп санайды, яғни 16-18 жаста. Осы жаста адамда барлық тұлғалық негізгі қасиеттері көрінеді, осы жаста адам орнықты тұлға бола бастайды бұдан кейін өтетін өзгерістер балалықта қалыптасқан тұлға негізін аз мазалайды. Адам тұлғасында өтетін өзгерістер оның индивидуалды тәжірибесі мен өмір бейнесімен байланысты мектепті аяқтағанда өтуі мүмкін.

Сондықтан, жасөспірім жасындағы баланың лидерлік тұлғасын дамытуды мақсат етуіміз, осы шақтың ерекшеліктері мен мүмкіндіктерін пайдалана отырып, болжамды іске асыру керек деп санаймыз.

Жасөспірім кезеңнің күрделілігі, оның «өтпелі», «бет бұрыс», «сыналатын», «қиын» т.б. атауларға ие болуынан да көрініс табады [12]. Себебі, бұл жас кезеңінде барлық бағыттарда саналылық, жаңа құрылымдық қалыптасады, ағзаның, сана-сезімнің үлкендермен және жолдастармен қарым-қатынастың, олармен әлеуметтік өзара іс-әрекет әдістерінің, мүдделердің, мінез-құлық пен қарым-қатынасқа арқау болатын моральдық-этикалық нормалар мазмұнының қайта құру нәтижесінде ересектік элементтері пайда болады.

Әлеуметтік ересектің дамуы – баланың ересектер қоғамында, оның толық та кең құқықты мүшесі болып өмір сүруге деген даярлығының қалыптасуы. Бұл процесс объектілік қана емес, субъективті даярлықтың да дамуын көздейді, ол іс-әрекетке, ересектердің мінез-құлқына деген көзқарастарға қойылатын қоғамдық талаптарды меңгеру үшін қажет. Өйткені, әлеуметтік ересектің өзі осы талаптарды игеру үдерісінде дамиды [13].

Жасөспірімде өзі туралы енді балалықтың шекарасыннан өткен адаммын деген түсініктің пайда болуы, оның бір нормалар мен құндылықтардан басқаларына - балалық нормалар мен құндылықтардан, ересектік нормалар мен құндылықтарға – қайта бағдар алуын айқындайды [14]. Жасөспірімдердің ересектерге теңелуі, оларға ұқсауға, олардың өмірі мен іс-әрекетінің кейбір жақтарына ортақтасуға, олардың қасиеттері мен іскерліктеріне, құқықтары мен артықшылықтарына жетуге ұмтылуынан, оның өзінде бұлардың ішінде алдымен балалармен салыстырғанда ересектердің ерекшелігі мен артықшылықтары көзге анық көрінеді.

Жеткіншек пен жасөспірім үшін танымал болып қана қоймай, олардың ризалығы мен құрметіне бөлену үшін, ең алдымен, жақсы жолдасы болу керек. Осыған байланысты жеткіншек пен жасөспірімдік кезеңдерде бұрын танымал болған балалардың тобында өзгеріс болатыны жиі кездеседі. Біріншіден, бұрынғы беделділер кетіп, олардың орнына жаңалары шығады. Екіншіден, сынып белсенділерінің неғұрлым сыйлы, әрі беделді балалар тобы болмауы жиі байқалады. Өйткені, көптеген мұғалімдердің жасөспірім белсенділік танытқанда, олардың жолдастық қасиеттерін ескермей, үлгірімі жақсы және тәртіпті балаларды лидер етіп алатыны жиі кездеседі. Сыныптастары үшін беделі аз белсенділер – ұжым құрудағы және сыныптағы ұйымдастыру жұмыстарындағы қиындықтардың себептерінің бірі.

Мұның мәні одан кем түспейтін тағы бір себебі – мұғалімде басқарудың авторитарлық деп аталатын стилінің сақталуы және белсенділердің де сыныптастарымен қарым – қатынаста осындай әдістермен тәрбиеленуі. Жеткіншектер мен жасөспірімдер мұны мүлдем қабылдамайды, өйткені олар ересектердің де, жолдастарының да қарым-қатынастарына сол бір негізгі талап тұрғысынан қарайды. Адамшылдық қадір-қасиет пен жеке басты құрметтеуді талап етеді.

Жасөспірімнің құрдастарымның алдында танымал да сыйлы болсам деген мүддесі себепті, ол бұлардың пікірі мен бағдарына сергек қарайды. Жолдастарының ескертулері, наразылықтары мен өкпелері, оның себептері жеткіншекті ойлантады. Өзіне назарын аударады. Ал, олармен жақсы қарым-қатынаста болу, сыйлы болуға ұмтылу, олар қоятын талаптарға сай болайын деген ниет туғызады.

Жалпы білім беретін мектеп оқушылардың бүкіл өмірін қамтымайды. Сондықтан, оны жастардың әр түрлі ұйымдарының – саяси, спорт және мәдени-ағарту ұйымдарының қызметі толықтырады. Алайда, қарым-қатынасының бұл ұйымдасқан формалары жастарда мектепте қалыптасатын достар компаниясы немесе көшедегі серіктестер секілді ресми емес, стихиялы топтарды қажетсінудің орнын түгел баса алмайды, сыныптардағы ұжымдардай емес, стихиялы топтарда әдетте әр түрлі жастағы балалар және әлеуметтік құрамы жөнінен көбіне аралас болады. Егер жеткіншектер мен жасөспірімдерге стихиялы топтар көбіне мектеп ішіндегі ұйымдарда ұйымдастырылып, бұларда лидер болатын балалар бірге болса, жоғары сыныптарды жағдай өзгертеді [14].

Адамның әр жас шамасы айнала шындықпен тікелей қатынаста болады, сондай-ақ әрбір жас шама адамның өміріндегі өз ерекшелігімен маңызды орын алады. Сондықтан, әрбір жас кезеңінің өзіндік мәнін, сипаттарын зерттеу, білу болашақ ұрпақты өмірге дайындау ғана емес, баланы әр жас шамасына сай, оның талап-тілегімен санасып, нақтылы мақсатқа бағыттауымен байланысты.

Тәрбиеде әр балаға жеке қарау – бұл оқушыны басқалардан айырып тұрған жеке бас ерекшелігін есепке алу ғана емес. Бұл оқушыға әр уақытта және барлық қарым-қатынасты жеке тұлға ретінде, іс-әрекеттің жауапты да және өзін-өзі тани алатын субъектісі ретінде қарау.


2.3 Жоғары сынып оқушыларына болашақ мамандықтарына бағыт берудің психологиялық аспектілері
Орта білім берудің жоғары сатысының функционалдық қызметінің басым бағыты оқушылардың тереңдетілген кәсіптік білім беруге дейінгі даярлығын жүзеге асыру үшін бейіндік оқытуды енгізу болып табылады.

12 жылдық білім беретін мектептегі үдеріс жеке тұлғаға бағдарланған оқыту ұстанымына негізделіп, оқушының жеке ерекшеліктеріне қарай қоғамдағы өзгерістерге бейімделген оқушы – жеке тұлғаны қалыптастыруға бағытталады.

Оқушы – тіршілік иесі ретінде биологиялық тұрғыдан ғана дамып қоймай, танымдық іс-әрекет субьектісі ретінде үздіксіз дамиды. Демек, оқушыға білім бере отырып, біз оқушының жан-жақты дамуына мүмкіндік жасауымыз қажет. Білім беру барысында оқушыны жеке тұлға ретінде ерекшеліктерін ескеру баланың өзін-өзі жан-жақты дамыту мәселесін оңтайлы шешуге мүмкіндік береді. 12 жылдық білім беру жүйесіне көшумен жеке тұлғаның бойында мәдени, рухани құндылық қасиеттерін қалыптастыру, оқыту мен қоса тәрбие беру, оқушының тұлғалық қасиетін көре білу, дамыту аса маңызды орын алады. Оны жүзеге асыру арқылы білім беру жүйесі әлемдік білім кеңістігіне ене алады және ұрпағымыздың жер шарының кез келген жеріне барып қалаған мамандығын игеруіне мүмкіндік береді.

Оқушылар есейген сайын олардың мүддесі мен кәсіби ниеті сәйкес келе бастайды. Белгілі бір пәнге қызығу мен қабілеттілік көрсеткен оқушы өзіне мамандықты нық таңдай алады және тәжірибе көрсеткендей, қандайда бір пәнге қызығу танытпаған оқушылар кәсіпті таңдап алуға қиналып, оны өзгертеді.

Психологиялық және педагогикалық зерттеулер 13-14 жасқа дейін кәсіби ниет пен пәнге деген қызығу арасындағы ешқандай байланыс байқалмайтындығын, ал 14 жастан бастап бейімдік таңдау нақты оқу пәніне деген қызығуымен айқын байланыса бастайтындығын көрсетеді. Бұл байланыс тікелей және нақты (мысалы, физиканы зерделеуге қызығатын оқушы физик болғысы келеді) немесе жалпы сипаты (оқушы техника саласында қызмет істегісі келеді) болуы мүмкін. Жалпы оқушылардың оқу бағдарын таңдап алуына аймақтық әлеуметтік-экономикалық жағдайлар, өзінің жолдастары, отбасы әсер етеді [15].

Орта мекептің 11-12 сыныптарында бейінді оқудан өткен мектеп түлектері қазіргі мектеп түлектерімен салыстырғанда өз мамандықтарын, өмір жолдарын таңдауға және оны тез, табысты меңгеруге әлдеқайда жақсы әзірлікте болмақшы. Бұл - қазіргі тез дамып, тез өзгеріп отырған, талғамы мол уақыт талабы.

Мектеп бітіруші түлек алдында бірнеше сұрақтар туындайды, «Кім боламын?», «Қандай мамандықты таңдап, оқуға барамын?», «15-20 жылдан кейін менің таңдаған мамандығыма деген сұраныс бола ма?», «ХХІ ғасырдың орта шегіне қарай қоғам мамандыққа қандай талап қояды?» деген сан алуан сұрақтар шешімін таба алмауда. Қазіргі таңда оқушы өз таңдауын дұрыс жасай ма әлде таңдауы қате болып шыға ма деген күдік ата-ананы да, оқушы мен ұстазды да толғандырады. Сондықтан да «Кім боламын?» деген сұрақ жанында «қандай болуым керек немесе қажет?» деген сауал туындап отырады. Ал бүгінгі таңда бәсекеге қабілетті болу өте маңызды болып табылады.

Мамандық таңдау өте қиын мәселе. Өйткені таңдаған мамандығың ертеңгі сенің өмірің, яғни сенің болашағың, қоғамның болашағы, елдің ертеңі. Көптеген зерттеулердің қорытындысы бойынша жастардың 40% мамандық таңдау тәртібін білмегендіктен өздерінің икемділігіне, қабілеті мен қызығушылығына сәйкес келмейтін мамандықтарды таңдайтын көрінеді.

«Адам өзінің ыңғайымен, еркімен қызмет ететін зат. Іштен туғаннан-ақ белгілі бір өнерге, қызметке икемді болып туады. Басқаша айтқанда әр адамда бір нәрсе - талап, ыңғай, қабілет, яғни зеректік болады. Біреуі бала оқытуға, біреуі әкім болуға, біреуі дәрігерлікке берілуге, біреуі саудаға, біреуі сөзге ыңғайланып жаралады. Кейде кім өзіне біткен ыңғайына қарай өз жолымен жүріп қызмет етсе, өз басына, әлеуметке де көп пайда келтірмек» - деген Ж.Аймауытовтың мұралы сөзі әлі күнге маңызын жойған емес.

12 жылдық білім жүйесіне көшу кезінде бейіндік оқытуды тиімді ұйымдастыру, мектеп түлегінің бейімін анықтау бойынша мұғалім қауымына үлкен жауапкершілікті жүктейді. 12 жылдық мектептегі жоғары сыныптардағы бейіндік оқыту үдерісінде болашақ мамандығы мен іс-әрекетіне бейімдеумен оқыту және бағыт беру жүзеге асырылатын болады.

Мамандыққа бағыт беру – жоғары сынып оқушыларының тілегін, денсаулық жағдайын, жеке басының ерекшеліктерін, сонымен қатар, қоғамға қажеттілігін ескере отырып, оқушыларға мамандық таңдауға көмек көрсету үшін ғылыми негізделген көп аспектілі жүйе.

Осындай жағдайларға байланысты, мамандыққа бағыт беруде бірнеше аспектілерді бөліп қарауға болады [15]:



  • психофизиологиялық аспект – жасөспірімдердің жеке басының ерекшеліктері, оның қабілеті, жеке психофизиологиялық ерекшеліктері ескеріледі;

  • медициналық аспект – оқушының денсаулық жағдайы ескеріледі;

  • әлеуметтік экономикалық аспект – қоғамға әр саладағы мамандар қажеттілігі ескеріледі.

Оқушылардың кәсіби өзін табу бағдарына көптеген факторлар әсер етеді, соның ішіндегі ең маңыздылары [9]: мамандық және оның қажеттілігі туралы білу; бейімділіктер (қызығушылық, еңбек түрткісі, ынтасы); қабілеттер, денсаулық (ішкі мүмкіндіктер мен шектеулер); ықылас деңгей мен өзін-өзі бағалау; ата-ананың, отбасының көзқарасы; құрбы-достарының көзқарасы; мұғалімдер мен мамандардың көзқарасы; жеке кәсіби жоспар – адамның кәсіби салада неге және қалай жету керектігі жөніндегі пайымдар жүйесі.

Оқушының өз қызығушылығын және кәсіби бағытын анықтау үшін төмендегідей зерттеу жұмыстарын жүргізуге болады:

1) Оқушылардың кәсіби ой-ниетін анықтау. Мақсаты: Оқушылардың негізгі мектепті бітіргеннен кейінгі ой-ниетін анықтау, яғни ересектердің айтқан ақыл кеңесін, өзі таңдаған мамандығының мазмұны мен оның адамға қоятын талабы туралы не біледі, өзінің қабілеттерін қалай дамытады, жасаған жоспарын қалай жүзеге асырады, қосымша нұсқалары барма деген алуан түрлі сұрақтарға жауап іздеу.

2) Оқушылардың мамандық туралы хабардарлығы. Мақсаты: оқушылардың жеке пікірі бойынша өзінің бойында дарындылықтың қандай түрі бар екендігі; мамандықты игеруде қандай кедергілердің болуы мүмкін; таңдау аясы тар болған жағдайда қандай мамандық түрін таңдар еді; адамның қандай кәсіби сипатын ерекше бағалайды; өзі таңдаған мамандығына қандай талаптар қоятыны туралы анықтау.

3) Табандылықты зерттеу. Мақсаты: алға қойған мақсатқа жетуде байқалатын табандылық дәрежесін анықтау.

4) Кәсіби-тұлғалық типті бағалау. Мақсаты: тұлғаның әлеуметтік бағытын анықтау және кәсіби типін бағалау.

5) Оқушылардың кәсіби қызығушылығы мен бейімділігі. Мақсаты: оқушылардың кәсіби қызығушылығы мен бейімділігін анықтау.

6) Оқушылардың қызығушылығы. Мақсаты: оқушының түрлі қызмет аясындағы негізгі қызығушылықтарының бағытын анықтау.

7) Кәсіптік ынталануын зерттеу. Мақсаты: кәсіптік қызметтегі ынта, түрткілерін зерттеу.

Жоғары сынып оқушыларының ең жауапты кезеңдері – қорытынды емтихан тапсыру. Қазіргі уақытта мектеп бітірушілері қорытынды емтихандары мен жоғары оқу орындарына түсу емтихандарын ортақ Ұлттық бірыңғай тест түрінде тапсыратыны белгілі. Оқушылардың мұндай екі сыннан бір уақытта өтуде оқушылармен және олардың ата-аналарымен алдын-ала психологиялық тұрғыдағы кеңестер жүргізіліп, дайындықтармен қамтамасыз ету керек. Сондықтан, 12 жылдық білім берудің 11-12 сыныптарында, яғни бейіндік білім беру сатысында жұмыс істейтін психологтың мақсаты – балаға өмірлік жол таңдауда мүмкіндіктерін ашып, психологиялық негіздемесін беру, тұлғалық ерекшелігіне байланысты кәсіп таңдауға көмектесу, болашақ өмірге әзірлеу, жоғарғы оқу орнына түсуге психологиялық дайындау мен оларды қолдау [9].

Орта білімнің жоғарғы сатысындағы білім мазмұны саралау, кіріктіру және кәсібилендіру негізінде жүргізілуіне байланысты бұл деңгейдегі білім беру әлем, қоғам және адам туралы жүйелендірілген түсініктерді меңгеруге және оларды өз бетінше кеңейтіп, тереңдете білуге көшу қамтамасыз етілуі тиіс.

11-12 сынып оқушылары оқытудың нысандары мен тәсілдерін, жеке білім беру бағдарламаларын таңдауына болады, онда шығармашылық қызметке және оқушылардың жеке қабілеттерін дамыту үшін жағдай жасауға айрықша орын бөлінген.



3 12 жылдық мектепте жалпы орта білімнің базалық мазмұнын анықтау әдістемесі
3.1 Бейіндік оқытуды ұйымдастыру бойынша шетелдік және қазақстандық тәжірибелер
Алдыңғы қатарлы дамыған елдердегі 12 жылдық білім беру жүйесі қазіргі жедел дамушы және өзгермелі заман талаптарына сай жастарға сапалы білім берудегі өз оңтайлылығын көрсетіп отыр. Бұл міндетті жүзеге асыруға мынадай үрдістер себеп болды:

  • ақпараттық қоғамға көшу; мәдениаралық өзара қарым-қатынас ауқымының кеңеюі;

  • халықаралық ынтымақтастық нәтижесінде шешілуі мүмкін ғаламдық проблемалардың туындауы;

  • қоғамның демократиялануы;

  • экономиканың қарқынды дамуы, бәсекелестіктің өсуі; адам капиталы мәнінің артуы.

Осыған сәйкес дамыған елдердің білім беру жүйесінде төмендегідей тенденциялар байқалады [16]:

  • білім беру философиясы мен әдіснамасының жаңаруы;

  • білім беру мазмұнын құру әдістерінің өзгеруі;

  • білім беру жүйесінде жетілдірілген модельдердің жасалуы;

  • білім беруді басқарудың тиімді жолдарының қарастырылуы;

  • оқыту-тәрбиелеу үдерісіне жаңа технологиялардың енгізілуі;

  • оқытудың дәстүрлі әдіс-тәсілдерін ығыстырып, оқушылардың танымдық белсенділігі мен өзіндік ойлауын қамтамасыз ететін білім беру моделіне көшу;

  • терең және белсенді кәсіби бағдар берудің ерте жастан басталуы;

  • оқушы жастарға азаматтық-патриоттық, рухани-адамгершілік, көпмәдениеттілік, денсаулық сақтау және экологиялық тәрбие беру рөлінің күшейтілуі;

  • білім ұйымдарының оқушыны әлеуметтендірудегі рөлінің артуы.

Алыс және жақын шетелдік мемлекеттердегі білім беру жүйесін зерттеу барысында соңғы он жылдың ішінде жалпы орта білім беру жүйесінің құрылымында, оқыту мазмұнында айтарлықтай өзгерістер болғанын анықтадық [17].

Әлем елдерінің тәжірибесінде әр елдің, әр мемлекеттің өзіне тән жалпы орта білім беру жүйесі мен мектеп үлгісі, орта мектептердің әрқайсысының қалыптасқан өзіндік ішкі құрылымы мен мазмұнының ерекшеліктері бар. Дүние жүзі елдерінде, атап айтсақ, АҚШ-та, Англияда, Швейцарияда, Канада мен Германияда жалпы білім беру ұзақтығы 12 не 13 жыл, ал Жапонияда, Швецияда, Францияда, Италияда – 12 жыл. Тек экономикасы жаңа дамып келе жатқан елдерде ғана орта мектеп 11 жылдық. Жоғары орта білім беру сатысында оқушыларға білім беру үдерісінде бейіндік оқыту толық өлшемде жүзеге асырылып, ерекше белгілерімен ажыратылады [16, 17, 18].



Енді осылардың кейбіреуінің жалпы орта білім беру жүйесіне тоқталып өтейік.

Америка Құрама Штатының (одан әрі – АҚШ) білім беру жүйесін зерттеушілер «демократиялық», «барлығы үшін ашық», «білім беру мүмкіндіктері тепе-тең» деп атайды. Ал оның құрамындағы әрбір штат білім мазмұны және құрылымымен, оқу бағдарламаларымен айрықшаланады. Барлық штаттар үшін білім алу ұзақтығы – 12 жыл, оқу мерзімі 6 жас пен 18 жас аралығын қамтиды. Жалпы орта білімнің құрылымы – 6+3+3 немесе 8+4 (мектептің қай штатта орналасуына байланысты). АҚШ-та орта мектеп 2 буыннан тұрады: кіші және жоғары мектеп. Кіші орта мектептің 7-9 сыныптарында жалпыға бірдей бағдарлама қолданылып, қалған сабақтары таңдау бойынша (элективтік курстар) жүреді, жоғары орта мектептің 10-12 сыныптарында міндетті түрде 5 оқу пәні және тәжірибелік, академиялық бағыттағы бейіндік пәндер оқытылады. Әрбір оқушыға арнайы оқу жоспары құрылып, одан кейін оқушылар топтарға бөлінеді (әр түрлі бағыттарға байланысты): филологиялық, қоғамдық, математикалық, жаратылыстану, ақпараттық. Академиялық емес бағыттағы оқушылар міндетті пәндерді және тәжірибелік курстарды оқиды. Барлық оқушылар үшін міндетті пәндер және таңдау пәндері бекітілген. Солардың көмегімен оқыту бағыты бойынша саралау (дифференциация), яғни білім беру қызметінің вариативтілігі әртүрлі таңдау пәндері бойынша оқу пәндерінің аймағын кеңейту арқылы жүзеге асырылады. Барлық штаттарда ағылшын тілі (оқу), математика, жаратылыстану ғылымдары және ғылыми әдістер, АҚШ тарихы, бейнелеу өнері, музыка, денсаулық және тамақтану, тәжірибелік өнерлер (дизайн), дене тәрбиесі және шетел тілдері оқытылады. Көптеген мектептер шет елдердің тарихы мен мәдениетін оқиды. Апталық оқу жүктемесі 19,8-ден 24,9 сағат аралығында (қай штатта орналасуына қарай) болады. Әдетте, орта білім беру жүйесінде 2 жыл математика, 2 жыл жаратылыстану ғылымдары, 4 жыл ағылшын тілі және 3 жыл әлеуметтік пәндер оқытылады. Оқушылар басқа да пәндерді, сонымен қатар көрсетілген талаптардан жоғары болатын жекелей бағдарламаларды алуы мүмкін. Білім деңгейін бағалау мен бақылау барысында көбінекей кредитті көп қолданады. Мектепті бітіргендігі туралы аттестат алу үшін небәрі 16 кредит жинауы қажет. Орта мектепте оқу жылы 2-3 кезеңге бөлінеді, әрқайсысының аяғы 5 немесе 100 ұпайлық жүйемен бағаланады. Мысалы, А (93-100) - өте жақсы; В (85-92) - орташадан жоғары; С (75-84) - қанағаттанарлық; Д (65-74) - нашар; Е (0-64) - ешқайда көшірілмейді, ең төменгі баға [16].

Англияның орта білім жүйесінің құрылымы (бастауыш мектеп + негізгі + толықсыз орта мектеп + толық орта мектеп): 6+5+2. Міндетті оқу мерзімі – 11 жыл, оқуға баланы 5 жасынан қабылдайды. Академиялық бөлімде оқитын оқушылар тереңдетілген бағдарламалар бойынша оқып, 11-ші жылдың соңында толық орта мектепке түсу үшін емтихандар тапсырады. Міндетті мектепті бітірушілердің кейбіреулері жұмыс істеуге немесе кәсіби мектептерде оқуға барады. Англияның орта мектептерінде жоғары оқу орындарына түсуге бағытталған тек академиялық оқыту жүзеге асырылады. Мұнда ғылыми-жаратылыстану немесе гуманитарлық және басқадай бағыттар жоқ; әрбір оқушы үшін жеке оқу жоспары құрылады. Академиялық бағыт негізгі және мектептің мүмкіндіктеріне байланысты пәндерді қамтиды. Негізгі пәндер (ағылшын тілі және әдебиет, тарих, география, математика, физика, химия, биология, өнер, шетел тілдері) жеке курстармен берілген. Олардың ішіндегі 3 пән (ағылшын тілі, математика, жаратылыстану) орта білім үшін негізгі болып саналады. Қалған жеті пән базалық болып табылады: технология (дизайн және технология және ақпараттық технология), тарих, география, музыка, бейнелеу өнері, дене тәрбиесі, қазіргі заманғы шетел тілдері[17].

Ұлыбританияда 11 жылдық міндетті білім беру мен міндетті емес 13 жылдық жалпы білім беру жүйесі жұмыс жасайды. Білім берудің реформасы АКТ-не байланысты міндетті білім беру 4 «негізгі кезеңге» бөлінген: 5 пен 7 жас, 7-ден 11 жасқа дейін, 11–14 жасқа дейін, 14-пен 16 жас аралығы. Жасөспірім 14 жасқа толғаннан кейін кәсіптік мектепке түсуге құқысы бар. Ал 16 жастан кейін оқушы білім алуын жалғастыруға немесе өз қалауы бойынша жұмыс істеуге құқылы. Олар өз білімдерін екі жыл бойы жалпы білім беретін мектептерде жалғастыра алады. Сонымен Ұлыбританиядағы жалпы білім беру ұзақтығы 13 жылға тең келеді. Мұнда 3 түрдегі мектептер бар: жалпы мектеп, грамматикалық мектептер мен қазіргі таңдағы (MODEM) мектептер. Он бір жылдық білім 16 жас шамасында аяқталады. Жалпы білім беретін мектептің орта білімдік мектебін бітіргендер өз білімдерін екі жылдық колледжде жалғастыра алады, соңынан «А» деңгейлі сертификатқа ие болады, бұл арнайы білім туралы сертификат. Ал он бір жылдық грамматикалық сыныпты бітіргендер өз білімдерін әрі қарай жалғастыруы үшін 12-13 сыныптарда оқи алады, оны бітіргеннен кейін ЖОО түсуіге жолдама алады. Ұлыбританияда екі негізгі бейіндік бағыт бойынша оқыту жүргізіледі: біріншісі – «академиялық»-таңдаған пәнін тереңдетіп оқу (ол жоғары оқу орнына түсуге жол ашады), екіншісі – «кәсіби» - қолданбалы және кәсіби пәндерді қысқартылған оқу жоспарына сәйкес оқыту болып табылады [16].

Германиядағы орта білім жүйесінің құрылымы (әртүрлі жерлерде): 4+5+4 және 6+4+3. Мектептегі оқыту екі сатыдан тұрады. 1-ші саты – бастауыш мектеп, ол 1–4 сыныптарды қамтиды (оқу 6 жастан басталады). 2-ші – жоғарғы саты, ол міндетті кәсіби мектепті қамтиды, оның мынадай типтері бар: жоғары оқу орындарына түсу үшін жалпы дайындыққа бағытталған оқыту циклі, жоғары арнайы оқу орындарына түсу үшін дайындыққа бағытталған оқыту циклі, кәсіп бойынша арнаулы оқыту циклі, дуальды жүйе бойынша кәсіби оқыту (өндірістік оқыту және кәсіби мектеп). Негізгі мектепте (5-10 сыныптарда) 50%-ға жуығын жасөспірім оқушылар құрайды, олар толықсыз жалпы білімді меңгергеннен кейін, кәсіби білім алуға жолдама алады. Ал нақтылы мектепте (5-10 немесе 7-10 сыныптар) кәсіби-практикалық бағытта жалпы толықсыз білім беріледі, онда физика, химия, биология, шет тілдері мен басқа да академиялық пәндер оқытылады. Нақтылы мектепті бітірген оқушы орта және содан кейін арнайы жоғары кәсіби-техникалық оқу орындарына түсе алады. Гимназия (5–13 немесе 7–13 сыныптар) толық орта білім меңгертіледі және университеттік үлгідегі ЖОО түсу құқығын береді. Гимназиядағы міндетті пәндер: неміс тілі мен әдебиеті, тарих, география, математика, биология, дене тәрбиесі, музыка, дінтану болып табылады. Гимназияның бейіндік білім беруіне байланысты әртүрлі нұсқадағы оқу бағдарламалары беріледі. Германиядағы мектептерде бейіндік оқыту барысында пәндер блоктарға сәйкес біріктіріледі, мысалы: «тіл-әдебиет-өнер», «әлеуметтік білімдер», «әлеуметтік-экономикалық», т.с.с. Бейіндік бағыттағы пәндерден басқа тілдік, әдеби-көркем, қоғамдық-ғылыми, математикалық немесе жаратылыстану-ғылыми пәндерін меңгере алады. Міндетті пәндер қатарына «Құдайдың заңы» («Закон Божий») және дене тәрбиесі кіреді. 12 және 13 жылдық мектепті сәтті аяқтаған балалар үшінші деңгейді аяқтағандары туралы аттестатқа ие болады. Бұл аттестат кез-келген бейінде оқуға жолдама болып табылады. ЖОО-ғатүсуде оқушының аттестаты, ондағы орта ұпай негізгі рөл атқарады. Германияда элитарлы орта мектептермен қатар училищелер жұмыс істейді. Орта білім беретін оқу орындарында алты деңгейлі білімді бағалау шкаласы негізге алынған, ол: «өте жақсы» (1) = 15-14-13 ұпай; «жақсы» (2) = 12-11-10 ұпай; «қанағаттанарлық» (3) = 9-8-7 ұпай; «қанағаттанаралықтан төмен» (4) = 6-5-4; «нашар» (5) = 3-2-1 ұпай; «қанағаттанарлықсыз» (0) = 0 ұпай [18].

Франция мектептері 5+4+3 схемасы бойынша жұмыс істейді, бірін-бірі біртіндеп ауыстырып отыратын үш білім беру ұйымдарынан: бастауыш мектеп, колледж, лицейден тұрады. Оқу мерзімі – 12 жыл. Бірыңғай оқу жоспары, курстары, жалпы критерийлері, емтихандары, біліктіліктері (білім беру бағыттары бойынша) барлығы үшін бірдей болатын республикалық дәстүрі бар. Франциядағы жоғары (бейінді) мектеп арнайы білім беру ұйымы – лицей болып табылады. Лицейде оқуын жалғастыруға колледжді (біздің елде – негізгі орта білім) бітірген азаматтар ғана құқылы. Қазіргі уақытта Францияда 3 жылдың ішінде бакалавриат беретін лицейлер көп. Колледж түлектерінің бір бөлігі мамандық алып, кәсіби лицейлерге (lycee professionell) барады. Онда олар таңдаған бағыт бойынша білім алады. Басқалары жоғары оқу орындарына түсуге ұмтылады және үш жыл бойы бакалавр дәрежесіне емтихандар тапсыруға дайындалады. Жалпы білім беру филология, экономика немесе жаратылыстану ғылымдары бағыттарына орай құрылған. Мамандандыруға сәйкес лицейліктер BAC-ES (экономика және әлеуметтік ғылымдар), BAC-L (тіл және әдебиет), BAC-S (жаратылыстану ғылымдары) игереді. Техникалық бағыт төрт түрлі мамандандыруды қарастырады: STI (ғылым және өндірістік технологиялар), STT (қызмет көрсету аймағындағы технологиялар), STL (зертханалық зерттеу технологиялары) SMS (медициналық-әлеуметтік ғылымдар). Бастауыш және орта мектеп деңгейінде оқушылардың білім, іскерлік, дағдысын бағалауда арнайы екі шкаланы қолданады. Бірінші жағдайда - 0-ден 10 ұпай аралығында, екінші ретте - 0-ден 20-ма ұпай аралығы. 1-ші шкала бойынша білімді бағалау келесідей ретте сипатталады: «өте жақсы» - 8 және одан жоғары ұпай, «жақсы» - 7 ұпай, «жеткілікті деңгейде жақсы» - 6 ұпай, «қанағаттанарлық» - 5 ұпай, «орташа» - 4 ұпай, «нашар» - 3 ұпай, «өте нашар» - 2 ұпай және одан да төмен. Ал екінші шкалаға сәйкес бағалау реті келесідей: «өте жақсы»-16 және одан жоғары ұпай, «жақсы» - 14–16 ұпай аралығы, «қанағаттанарлық» - 10–11 ұпай, «орташа» - 8–10 ұпай, «нашар» - 6–8 ұпай, «өте нашар» - 5 ұпай және одан да төмен. Мектепті тәмамдағаннан кейін оқушылардың барлығы бакалавр курсына сәйкес емтихан тапсырады.

Канаданың білім беру жүйесінің құрылымы: бастауыш (1-6 сыныптар), жалпы орта білім (7-9 сыныптар), толық орта білім (10-12 сыныптар). Міндетті білім беру 16 жасқа дейін бекітілген. Мектептік білім беру әр аймақта өзіндік ерекшелігімен сипатталады. Конституция бойынша әр провинция білім беру жүйесімен өздері айналысады. Балалар мектепке 6 жастан барады. Басқа мемлекеттердегідей Канададағы білім беру бастауыш, орта және жоғарғы сыныптардан тұрады. Барлық аймақта (тек Квебек провинциясында оқу 11 жылдық) 12 жылдық білім беру орын алған, бірақ Онтарио провинциясында 13 жылдық білім алу бекітілген әрі арнайы емтихан тапсырумен аяқталады (Ontario Academic Credit). Толық орта білімді жас ерекшеліктеріне сәйкес оқушылардың 90%-ы меңгереді. Алғашқы кәсіби білім беру орта мектептің жоғары сатысындағы 11-12 сыныптарында жүзеге асырылады. Мектепте білім беру ағылшын және француз тілдерінде және тегін жүргізіледі. Он жылдық оқу міндетті, кейін оқушылар өз білімдерін 11-12 (13) сыныптарда жалғастыра алады немесе колледжге барып оқуға құқығы бар. Әр провинциялық білім беру жүйесі өзінің дінін, тарихы мен мәдениетін оқыта алады. Орта білім беру жүйесі 3 сатыдан тұрады: бастапқы немесе элементар мектеп (6 жыл оқу); төменгі орта мектеп (3-4 жыл оқыту), жоғары орта мектеп (3-4 жыл оқыту). Жоғары орта мектеп бағдарламасы 3-4 жылға (10-12 және кейде 13-ші сыныпқа) арналған. Оған да төменгі орта мектептегідей көппрофильдік, яғни әртүрлі бейіндерге бөліну жүзеге асады: академиялық, жалпы және практикалық бағыттар [16, 17, 18].

Норвегияда мемлекеттік мектептер басым болғандықтан, ондағы білім алу тегін жүзеге асырылады. Толық орта білімді меңгеру 13 жылға дейін ұзартылған (6 жастан 19 жасқа дейін). Жоғары мектеп – білім беру ұйымының өзіндік түрі. Барлық норвегиялық жоғары мектептер бейіндік болып табылады және олар оқушыларға академиялық немесе кәсіби бағытын таңдауға мүмкіндік береді. Академиялық бағытта оқыту 3 жыл, ал кәсіптік оқыту 4 жыл (өндірістегі практикасымен қоса алғанда). Әрбір жоғары мектеп жалпы білім беретін профильдерді (физика-математикалық, ғылыми-жаратылыстану, әлеуметтік-экономикалық, тілдік, қоғамтану) және 4-5 кәсіби профильдерді ұсынады. Олардың қатарына: ағаш және темір өңдеу, электроника және компьютерлік техникаға қызмет көрсету, құрылыс, аспаздық, ауыл шаруашылығы, сонымен қатар бірнеше шығармашылық профильдер: музыка, би, театр, журналистика негіздері және т.б. 10 жылдыққа бастауыш және орта сыныптар, қалған үш жылда жоғары сыныптар жатады. Жоғары сыныптарда оқушылардың мектепті бітіріп ЖОО-ға түсуіне көп көңіл бөлінген.

Жапонияда орта білім беру 3 сатыдан тұрады (6+3+3): бастауыш мектеп (1-6 сыныптар) – сегакко; төменгі орта мектеп (7-9 сыныптар) – тюгакко; жоғары орта мектеп (10-12 сыныптар) – котогакко. Жапонияда төменгі орта мектептегі негізгі сабақтар: жапон тілі, қоғамтану, математика, жаратылыстану ғылымдары, музыка, өнер, дене тәрбиесі, шетел тілдері, әлеуметтік сабақтар, пәнаралық сабақтар, таңдау бойынша пәндер (ауыл шаруашылығы және коммерция, өндірістік өнер және үй шаруашылығы). Төменгі орта мектепті бітіргеннен кейін оқушылар жоғары орта мектепке, техникалық колледждерге, арнайы орта мектептерге бөлінеді. Жоғары орта мектепте екі бөлім бар: жалпы білім беретін және кәсіби бөлімдер. Жалпы білім беретін бөлім екіге бөлінеді: жалпы және академиялық (гуманитарлық және жаратылыстану-математикалық). Жалпы бөлімде қолданбалы сипатты мазмұндағы пәндер жүреді. Кәсіби бөлімде оқу мерзімінің жартысынан көбі кәсіби дайындыққа кетеді. Мектептің жоғары сатысы (10-12 сыныптар) бес түрлі: техникалық, сауда, ауылшаруашылық, флоттық, қосымша мектептер болып құрылған. Білімді тексеру тәсілі – жазбаша тест арқылы жүзеге асырылады. Бастауыш және орта мектепте 5 дәрежелі шкала бағасы қолданылады: S (өте жақсы), А (жақсы), В (қанағаттанарлық), С (нашар),
D (өте нашар). Сонымен қатар орта мектепте білімді бағалау американың кейбір мектептері секілді кредиттік жүйе де қолданылады [16, 17, 18].

Қытай елінде міндетті 9 жылдық мемлекеттік білім беру енгізілген. Бастауыш мектеп – 6 жыл, ол екі сатыға бөлінеді: 4+2. Екінші саты осы жастағы балалар үшін кәсіби дайындық береді. Қытайдың базалық білім жүйесіне мектепке дейінгі, бастауыш, толықсыз орта және толық орта білім беру енеді. Жалпы орта білім беру 12 жылдықты құрайды, бірақ бұл барлығына міндетті емес болып табылады. Қытайдағы орта білім жалпы пәндер (3 жыл) және таңдау пәндері (1 жыл) бойынша дайындық жүргізеді. Негізінен, кәсіби білім беру жүйесі қалыптасқан. Оған жоғары, орта және бастауыш деңгейлері және кеңірек профильдер жатады. Ақпараттық технологияның, бәсекеге негізделген нарықтық қатынастардың жаһандану үрдісінің өрістеуін алдын ала болжаған Қытай елінде болашақ Қытайдың азаматын қалыптастыру мақсаты қойылып, білім беру парадигмасын технократтық көзқарастан гуманитарлық көзқарасқа ауыстыра отырып, ұлттық рухани құндылықтарға, Қытай ұлтының озық мәдени дәстүрлеріне, ізгілік пен рухани-адамгершілікке негізделген идеологиялық, патриоттық тәрбиеге басты мән беретін парадигмаға өту жүзеге асырылған. Сонымен қатар, бұл елде базалық білімді нағайту; білімді қатаң регламенттендірілген, орталықтандырылған түрінен мазмұны мен әдістемесі вариативті, көп нұсқалы жүйеге ауыстыру; оқу жоспарының оқшаулығын, шашыраңқылығын азайтып, технология мен қоғам дамуының жаңа тенденцияларына үйлестіру; пәндік білімдерді сабақтастырып, кешенділігін арттыру, оны практикалық іс-әрекетке, өмірлік тәжірибеге, шығармашылыққа бағыттау, ақпаратты, көкейкесті мәселелерді талдауға және өз бетінше шешуге қабілеттілікті қалыптастыруды шешу жүзеге асырылуда. Жоғары сыныптарда бейіндік бағытта оқыту жүзеге асырылады. Аптасына 40 сағаттық оқу жүктемесі жоспарланған, оның 35-і нақты сыныптық білімідерге арналса, 3-і қайталау мен емтихандарға, ал 2-і қоғамдық тәжірибеге (бұл әскери даярлық, әрі өндірістік және ауылшаруашылық өндіріске) арналған. Жалпы толық орта мектептік деңгейде 12 міндетті және 7 факультативтік пәндер енгізілген. Факультатив сабақтардың сағатының ұлғаюына байланысты 20%-ға міндетті физика оқу қысқарды, химия мен тарихқа берілетін уақыттың төрттен бірі қысқартылды, ал математика болса - 30%-ға қысқарды. Бірақ шет тілдерін меңгеруге деген сұраныс ұлғайып, сағаты көбейтілді. 40%-ға эстетикалық тәрбие беру, ал саяси тәрбие мен спорт 5%-ға өсті. Ал басқа міндетті болып табылатын биология мен географияға, тіл мен әдебиетке берілетін уақыт сол қалыпта қалады. Академиялық мектептерді аяқтаған оқушылар, әрі сәтті емтихан тапсырғандар орта білімді аяқтағандары туралы аттестатқа иемденеді, ол–Senior High School Graduation Diploma. Ал жоғары кәсіби мектепті аяқтаған оқушылар арнайы бағдарламамен оқытылу негізінде көптеген білікті мамандарды даярлап шығады, олар өндіріске, әлеуметтік қызмет көрсетуге, ауылшаруашылыққа қажетті мамандар болып шығады. Бұл мектепті аяқтаған оқушылар жаппай тапсырылатын емтиханға қатыспайды, олар өз мектебіндегі бекітілген емтиханды тапсырады да оқуды аяқтағандығы туралы куәлік алады (Certificate of Graduation) [16, 17, 18].

Білім берудегі реформалар Ресейде, Украинада, Белоруссияда, Өзбекстанда, Қырғызстанда, Арменияда, Әзербайджанда және тағы басқа ТМД елдерінде де жүріп жатыр.

Дүние жүзінде міндетті негізгі білім жүйесі де әр түрлі. Біз әлемдегі жалпы және орта білім берудің құрылымының сипаттамасын диаграмма түрінде ұсынып отырмыз (1-сурет).

1-сурет ‒ Әлемдегі жалпы және орта білім берудің құрылымы
Сонымен, білім беру жүйесі бойынша әлемдік тәжірибені зерттеу және талдау барысында мынадай бағыттар айқындалды:

– дүние жүзінің көптеген елдерінде 12 жылдық оқыту моделі жұмыс істейді және оның мазмұны оқушылардың қазіргі заманғы білім алу қажеттіліктерін толығымен қанағаттандыруға бағытталған. Дүние жүзінің көптеген елдерінде соңғы онжылдықта орта білімнің құрылымында да, оқытудың мазмұнында да айтарлықтай өзгерістер болды. Мектептік білім берудің теориясы мен тәжірибесіндегі жаңа үрдістер әлеуметтік-экономикалық жетілдірудің және ақпараттық индустрияның қоғамға көшудегі міндеттерінен туындап отыр;

– экономикалық жағынан дамыған елдерде 12 жылдық білім берудің стандарттары мен оқу бағдарламалары өмірлік маңызды дағдыларды дамытуға, оқушының жеке басының қызығушылығы мен талғамдарын ескеруге, дамытуға, олардың бойында жалпы оқу іскерліктерін қалыптастыруға, сондай-ақ әрбір оқушының және қоғамның мүддесі мен қажеттіліктерін ескеруге, жеке тұлғаны жоғары сапамен оқытуға, тәрбиелеуге және дамытуға бағытталған;

– оқушының қабілетін отбасылық экономикалық-әлеуметтік жағдайына, жынысына, қоғамдық мәртебесіне, ұлтына, дініне қарамастан барынша дамыту көзделген;

– жастардың күнделікті қоғамдық өмірдегі болып отыратын өзгерістерге тез бейімделуіне жағдай жасалған;

– білімнің нәтижелері, ақпараттарды өздігінен табу мен өңдеу біліктілігін қалыптастыру, ақпараттық технологияларды тиімді пайдалану, өздігінен даму және өзін-өзі бағалау дағдыларын қалыптастыру оқушылардың жеке мақсаттарымен байланыстырылған.

Сондай-ақ әлемдік тәжірибеде жоғары орта білім беру бойынша жалпы үрдістер айқындалды:

1) Әлемнің көптеген елдерінде жоғары (толық) орта мектептер бейіндік мектептер болып табылады және бейіндік оқыту мектептегі оқытудың соңғы екі, үш жылын қамтиды. Жетекші елдердің басым көпшілігінде жоғары орта білім берудің табалдырығындағы сараланған білім беруді ұйымдастыру және барлық оқушылар үшін негізгі орта білім беру сатысындағы білім беру мазмұнын үйлестіру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Міндетті білім беру, оқушылар 15/16 жасқа жеткен жылы аяқталады. Жоғары орта мектепте оқуды жалғастыратын оқушылардың үлесі 70%-дан кем емес;

2) Бағдарлардың ұқсасы деп есептеуге болатын жіктелу бағыттарының саны өте көп емес: 2-ден 4-ке дейін. Ағылшын тілді елдерде екеу (академиялық және академиялық емес (жалпы)), Германияда сыныптың ішін 3 бағытқа бөлу мүмкіндігі бар, олар: жаратылыстану-ғылыми және техникалық–математикалық, өндірістік-экономикалық, әлеуметтік-экономикалық. Францияда жоғары мектепте 4 бөлім (бағыт) бар: гуманитарлық, технологиялық, әлеуметтік-экономикалық, жаратылыстану-ғылыми. Бағыттардың ішінде практикалық бағытта көптеген бейіндік оқыту ұйымдастырылған;

3) Бейіндік даярлауды ұйымдастыру, оқушының жеке оқу жоспарын қалыптастыру әдісі бойынша ажыратылады: барынша қатаң белгіленген міндетті оқу курстары тізбесінен (Франция, Германия), барлық оқыту мерзімі бойына ұсынылатын көптеген курстар жиыны мүмкіндіктеріне дейін. Әдеттегідей 15-тен кем емес және 25-тен артық емес оқу курстары, ұзақтығы бір семестрге дейін (Англия, Шотландия, АҚШ және т.б.). Негізгі мектеппен салыстырғанда міндетті оқу пәндері (курстар) саны елеулі түрде аз. Міндетті: жаратылыстану ғылымдары, шетел тілдері, математика, ана тілде ауызша шығармашылық, дене тәрбиесі. Әлемдегі апталық сағат жүктемесі іс жүзінде 35-39 сағат;

4) Оқу мекемелерінің жаңа типтерін, жалпы орта білім алудың ұйымдастыру түрлерін диверсификациялау мен күрделендіру үрдістері өсуде. Бірқатар елдерде жоғары сыныптар жеке оқу орындарына біріктірілген. Көптеген елдерде жоғары білім беру мазмұнын жалпы курспен және кәсіптік оқумен (күндізгі және сырттай түрдегі) қамтамасыз ете алатын мектептен тыс мекемелерден алуға болады. Шетелдерде оқушыларға оқуды белгілі бір кәсіптік қызметтің түрлерімен қоса игеруге жол беріліп оқудың кешкі және сырттай түрлерінің кеңейуіне мүмкіндік жасалады. Бейіндік мектеп, білім беру мекемесінің дербес түрі ретінде ерекшеленеді: Францияда – лицей, Германияда – гимназия, АҚШ-та – «жоғары» мектеп. Шет елдердегі бейіндік мектептің қазіргі құрылымы және жеке бағдарлар құрылымы, білім беру құрылымы мен мазмұнын көптеген он жылдар бойы генерализациялау және үйлестіру үдерісінде қалыптасты.

5) Кәсіптік-техникалық оқу орындары орта білім беру жүйесіне енгізіліп, «тік» әлеуметтік оңтайлылыққа, жоғары мектептен білім алуына қол жетуіне мүмкіндік беріледі.

Қазақстандағы бейіндік оқыту жүйесінің дамуы әлемдік білім берудің даму үрдісіне толық сай және оған қайшы келмейді. Қазақстанда бейіндік оқытуды ұйымдастырудың негізгі идеялары Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептерін дамыту тұжырымдамасында (1996), жалпы орта білім мазмұнының тұжырымдамасында (1996) көрініс тапты. Қазақстанда бейіндік оқыту 11-жылдық білімнің МЖМБС сәйкес қоғамдық-гуманитарлық және жаратылыстану-математика бағыттары бойынша жүзеге асырылады [19].

Орта білім мазмұнын бағдарлы жіктеу бойынша қазақстандық тәжірибені талдау барысында, 12-жылдық білім беру жағдайында бейіндік оқытудың моделін құрылымдау кезінде жағымсыз салдарларын ескеру қажет болатын 11-жылдық білім берудегі бейіндік оқытудың бірқатар мәселелері анықталды: материалдық-техникалық базаның сәйкессіздігі; кадрмен жеткіліксіз қамтылуы; бейіналды даярлық жүйесінің жетілмегендігі; бейіндік оқытудың екі бағытпен шектелгендігі; бейіндік оқытудағы білім мазмұнының басқа білім деңгейлерімен сабақтастығының жүзеге аспағандығы; бейіндік мектепте оқушылардың оқуын жалғастыруға ынтасының төмендігі; бейіндік оқыту нәтижелерін бағалаудың дұрыс жүйесінің болмауы; шағын жинақты мектептер жағдайында бейіндік оқытуды ұйымдастырудағы қиыншылықтар.

12-жылдық білім беру жағдайында бейіндік оқыту моделін құрастыру кезінде, әлеуметтік тәжірибені, қоғамдағы жаңа құндылықтардың бекуін және 11-жылдық білім берудегі бейіндік оқыту мәселелерін ескеру керек. 12-жылдық білім берудегі бейіндік оқыту мазмұны, ішкі бағдарлауларымен екі бағыт (жаратылыстану-математика, қоғамдық-гуманитарлық) аясында жүзеге асырылады.



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет