12 жылдық жалпы орта мектептің базалық білім мазмұнын анықтау әдістері



бет4/6
Дата22.02.2016
өлшемі1.16 Mb.
#379
1   2   3   4   5   6

Бейіндік оқытудағы базалық пәндер және олардың мазмұны барлық бағыттарда (жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар) біркелкі болады.

Жалпы орта білім беру деңгейіндегі базалық білім мазмұны [33]:

1) Қазақстан Республикасындағы білім беру кеңістігінің біртұтастығын, орта білім беру деңгейлері және білім салалары бойынша орта білім мазмұнының жүйелілігін, сабақтастығын және үздіксіздігін;

2) барлық оқушылар үшін білімнің тең мүмкіндігі мен тең қолжетімділігін;

3) жалпы орта білім беретін ұйымдардың типіне, оқыту нысанына және түріне қарамастан, орта білім мазмұнының бірыңғай талаптарын сақтауды қамтамасыз етеді.



11-12 сыныптардағы базалық білім мазмұнын алты білім саласы құрайды: «Тіл және әдебиет», «Математика және информатика», «Адам және қоғам», «Жаратылыстану», «Технология», «Дене шынықтыру».

Әрбір білім саласы ұқсас оқу пәндерін қамтиды:



1) «Тіл және әдебиет» білім саласына енетін пәндер: «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті» (қазақ тілінде жалпы білім беретін ұйымдар үшін, оқыту тілі қазақ тілінде емес жалпы білім беретін ұйымдар үшін), «Орыс тілі», «Орыс әдебиеті» (орыс тілінде жалпы білім беретін ұйымдар үшін), «Орыс тілі», «Орыс әдебиеті» (қазақ тілді және басқа да орыс тілді емес жалпы білім беретін ұйымдар үшін), «Шетел тілі».

Қазақстанда тұратын этностың тілінде оқытатын жалпы білім беретін ұйымдарда «Тіл және әдебиет» білім саласына осы этностың «Ана тілі мен әдебиеті» қосымша енеді. Нақты этностың шоғырланып орналасқан жерлерінде олардың тілін оқыту мәселесін шешу білім саласындағы жергілікті атқару органдары құзырына беріледі. «Ана тілі» («Ұйғыр тілі», «Өзбек тілі», «Тәжік тілі») мен «Әдебиет» («Ұйғыр әдебиеті», «Өзбек әдебиеті», «Тәжік әдебиеті») пәндері үлгілік оқу жоспарының инварианттық компонентіне енеді.

«Тіл және әдебиет» білім саласының білім мазмұнына қойылатын талаптар:


  • қазақ, орыс және шетел тілдері бойынша коммуникативтік, тілдік, лингвистикалық және әлеуметтік мәдени құзыреттіліктерді қалыптастыру;

  • сауатты жазбаша және ауызша сөйлеуді дамыту;

  • этноаралық қатысымда табысты сөйлесуді жүзеге асыру біліктігін қалыптастыру;

  • әдебиеттердің адамгершілік және гуманитарлық құндылықтарын пайымдау арқылы белсенді азаматтық борышты қалыптастыру;

  • типологиялық әдеби байланстарды анықтау арқылы әртүрлі халықтардың дәстүрлерін ұлттық танып білу мен толеранттық қатынасты қалыптастыру;

  • оқушылардың оқуға қызығушылықтарын, эстетикалық талғамдарын, бейнелік ойлауларын дамыту және оларды өздігінен мәтін жасауда қолданып шығармашылық қабілетін дамыту.

2) «Математика және информатика» білім саласына енетін пәндер: «Алгебра және анализ бастамалары», «Геометрия», «Информатика».

«Математика және информатика» білім саласының білім мазмұнына қойылатын талаптар:



  • оқу пәндерінің даму әлеуетін, білім мазмұнының қолданбалы бағыттылығын кеңейту;

  • оқытудың негізгі екі функциясының орнықты жүзеге асуын қамтамасыз ету: математикалық білім беру және математика мен ақпараттық-коммуникациялық технология көмегімен білім беру;

  • математика мен информатиканы оқу кезінде пәнішілік және пәнаралық байланысты, білім беру деңгейлеріндегі сабақтастықты қамтамасыз ету;

  • информатиканы және басқа да мектеп пәндерін оқыған кезде ақпараттық және телекоммуникациялық технологияларды пайдаланып нақтылы объектілер мен үдерістердің моделдерін қолдану және түрлендіре білу, қазіргі ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және визуалды программалаудың теориялық негіздері бойынша базалық білім жүйесін меңгеру;

  • әртүрлі формаларда ұсынылған ақпаратты қабылдау мен сыни талдауын, математика мен информатиканың әртүрлі тілдерін (ауызша, символдық, аналитикалық, графикалық) пайдалану қабілетін, функционалдық сауаттылығын, логикалық, алгоритмдік және операциялық ойлауды, кеңістіктік түсініктерін, танымдық қабілеттер мен практикалық дағдыларды дамыту.

3) «Жаратылыстану» білім саласына енетін пәндер: «Биология», «География», «Физика», «Химия».

«Жаратылыстану» білім саласының білім мазмұнына қойылатын талаптар [34]:



  • коэволюциялық, синергетикалық парадигмаға негізделген ғылыми-жаратылыстану білім берудің жаңа тұжырымдамасының элементтерін меңгеру;

  • «табиғат-қоғам-адам-техносфера» мегажүйесін тұрақты және гармониялық дамуын қамтамасыз етудің құндылықтары мен мақсаттарына жетуге бағытталуы;

  • планетарлық ойлауды және экологиялық-гуманитарлық көзқарасты қалыптастыру;

  • әлемді танып білудің ғылыми-жаратылстану, гуманитарлық, техникалық және технологиялық, ақпараттық компоненттерін ауқымды кіріктіру негізінде әлемнің тұтас ғылыми бейнесін қалыптастыру.

4) «Адам және қоғам» білім саласына енетін пәндер: «Қазақстан тарихы», «Дүниежүзі тарихы», «Адам. Қоғам. Құқық».

«Адам және қоғам» білім саласының білім мазмұнына қойылатын талаптар:



  • мәденилайықтылық принципті және ұлттық-мәдени құндылықтардың кіріктірілуін есепке ала отырып білім мазмұнын сұрыптау;

  • пәндердің тәрбиелік және әлеуметтендіру әлеуетін күшейту;

  • әлеуметтік, мәдениеттік, саяси, құқықтық және экономикалық білімдердің бастамасын оқып білу;

  • дүниеге көзқарастық, жалпылама және әдіснамалық сипаттарын күшейту;

  • Егеменді Қазақстанның жетістіктері тұрғысынан Қазақстан тарихының мазмұнын жаңарту.

5) «Технология» білім саласына енетін пәндер: «Технология. Графика және жобалау».

«Технология» білім саласының білім мазмұнына қойылатын талаптар:



  • ақпараттарды іздеу, жүйелеу және тиімді пайдалану дағдыларын қалыптастыру;

  • жобалау, моделдеу, құрастыру дағдыларын дамыту;

  • оқытуды ертерек кәсіптендіруге бағыттау;

  • өндірістің инновациялық технологиялары мен қазіргі заманғы ақпараттық-коммуникациялық құралдардың негіздерін меңгеру;

  • танымдық және практикалық іс-әрекеттерге ынталарын арттыру.

6) «Дене шынықтыру» білім саласына енетін пәндер: «Дене шынықтыру», «Алғашқы әскери дайындық».

Бейіндік оқытудағы бейіндік пәндер және олардың мазмұны әр бағытта (жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттар) әртүрлі болады, яғни бейіндік пәндер жоғары сыныптағылардың бейіндік оқыту бағытын, мамандандыруды қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, бейіндік пәндер:



  • оқыту бағыттарына байланысты сараланған түрде болады;

  • инварианттық компонентке қосылған және олардың бағдарламалары мен оқу-әдістемелік кешендері мемлекеттік деңгейде әзірленеді;

  • жаңашыл және тәжірибеге бағытталған қолданбалы мазмұнды қамтиды;

  • көптілді оқыту арқылы жүзеге асырылады;

  • бейіндік оқыту аясында жекелей және аралас пәндерді кіріктіру жолымен орта мектеп пен жоғары мектептің бакалавриат бағдарламасындағы сабақтастықты қамтамасыз етеді.

11-12 сыныптарда бейіндік оқытудың білім мазмұны жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттардың ішкі бағдарларға бөлінумен жүзеге асырылады, яғни жаратылыстану-математикалық бағыт химия-биологиялық, физика-математикалық және т.б. бағдарларға, ал қоғамдық-гуманитарлық бағыт филологиялық, тарихи-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық және т.б. бағдарларға бөлінеді.

Жалпы орта мектептегі жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттарындағы білім мазмұны 11-12 сынып оқушыларының мүдделерін, қабілеттері мен қажеттіліктерін есепке ала отырып тиімді педагогикалық жағдайлар жасауға бағытталған. Сонымен қатар, ол барлық оқушыларды жоғары оқу орындарының сәйкесінше мамандықтарында кәсіби білім алуға қажетті дайындық деңгейімен қамтамасыз етеді.

Жаратылыстану-математикалық білім берудің мақсаттары: жаратылыстану-математикалық бағыттағы пәндерді тереңдетіп оқытуды қамтамасыз ету; қоршаған әлемді түрлендірудегі математиканың, информатиканың, физиканың, биологияның және химияның рөлі туралы түсініктерін қалыптастыру; оқытуды бейіндендіруге жағдай жасау және оқушыларды одан әрі кәсіби өзін-өзі анықтауға, өзін-өзі дамытуға даярлау [34, 35].

Жаратылыстану-математикалық бағыт жаратылыстану-математикалық циклдегі пәндер бойынша білім беру үдерісінде оқушы тұлғасының интелектуалдық әлеуетін дамыту мақсатында физика-математикалық және химия-биологиялық білім беруді, оқушылардың логикалық, математикалық, ғылыми-жаратылыстану, инженерлік ойлауын қалыптастыруды, әртүрлі өмірлік жағдайларға және болашақ кәсіби қызметіне қажетті оқушылардың аналитикалық, практикалық біліктері мен дағдыларын жетілдіруді қамтиды [34, 35].

Жаратылыстану-математикалық бейіндік бағыты келесідей бейіндік пәндер құрамымен қамтамасыз етіледі: бағдар бойынша терминология (шетел тілінде), математика, қолданбалы математика, физика, астрофизика, химия, биология, география, информатика, биохимия және биотехнология негіздері, экология және тұрақты даму, қазіргі заманғы химиялық технологияның негіздері, графика және проекциялау, компьютерлік моделдеу, ақпараттық жүйелер мен технологиялар және т.б.

Қоғамдық-гуманитарлық білім берудің мақсаттары: қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндерді тереңдетіп оқытуды қамтамасыз ету; оқушылардың қабілеттерін, жеке бейімділіктері мен қажеттіліктерін ескеріп оқыту мазмұнын жіктеу, оқушылардың гуманитарлық даму ортасын жасау; жоғары рухани-адамгершілік мәдениеттерін және тұлғааралық, этносаралық қатынас мәдениеттерін оқушылардың бойына сіңіру, оқушылардың функционалдық сауаттылығын, тұлғаның өзін-өзі тануын және өз мүмкіндігін іске асыруын қалыптастыру және дамыту [31].

Қоғамдық-гуманитарлық бағыт қазақ халқының және Қазақстанда өмір сүріп жатқан басқа да ұлыстардың тарихына, мәдениетіне, салт-дәстүріне және басқа құндылықтарына құрметпен қарауды оқушылардың бойында қалыптастыру, адамгершілік қарым-қатынастың жоғары мәдениеттілігін дамыту, этикалық нормаларды сақтау, келешекте оқушыларды табысты әлеуметтендіру үшін қажетті тіл-қатынастық біліктер мен дағдыларды жетілдіру мақсатында тарихи-мәдениеттік, әдебиеттік және көптілді білімді қамтиды [31, 32].

Қоғамдық-гуманитарлық бағыттар, бейіндік пәндердің келесі құрамымен қамтамасыз етіледі: қазақ тілі, қазақ әдебиеті, әдебиет, шешендік өнер, мәдени қазына, әлемдік әдебиет, шетел тілі, бағдар бойынша терминология (шетел тілінде), әлеуметтік-экономикалық география, экономика және менеджмент негіздері, әлеуметтану, кәсіпкерлік негіздері, қазіргі әлемдегі Қазақстан, Қазақстандық заңнама, этика мен шешендік өнер және т.б.

Оқыту мазмұнын жетілдірудің дидактикалық негізіне оқытуды ұйымдастырудағы тұлғалық-бағдарлық және шығармашылық іс-әрекет тұрғысынан балаға іс-әрекет субьектісі ретінде (қызығушылығына, әрекеттердің себептеріне, мақсаттарына т.б.) қарап, оны қалыптастыру туралы теориялық принциптер жатады [24, 36]. Осыған орай, 12 жылдық мектептегі жалпы орта білім беру деңгейіндегі білім мазмұнын жобалауда бірнеше дидактикалық принциптер жүзеге асырылуы тиіс:

Ғылыми және жас ерекшелік принципі. Берілетін білімді мұқият іріктеу, қазіргі таңда ғылыми тұрғыдан айқындалған принциптер, ғылымда нақты қолданылатын ұғымдардың енгізілуі. Сол берілген материалдың оқушылардың оқуға дайындық деңгейіне, олардың дене дамуы мен психикалық үдерістерінің (зейін, қабылдау, ойлау, есте сақтау және т.б.) даму деңгейіне сәйкес келуі.

Кіріктіру принципі. Бейіндік мектепте математика, физика, химия, биология, технология пәндері қоғамның индустриялдық-инновациялық дамуына, болашақ мамандығына дайындауға байланысты жоғары мектептің сәйкесінше пәндерімен мазмұнына қарай бір-бірімен кіріктіріліп келеді. Кіріктіру бұл бірнеше жақын мазмұнды, оқу пәндерінің біреуінен берілетін білімді бірі толықтыруға ыңғайлы болып, олардың мазмұндық жүйесінің кірігуі. Кіріктіру принципі арқылы дүниенің біртұтастығы, оның құбылыстарының өзара байланыстылығы туралы түсініктер қалыптастыру мүмкіндігі туады.

Бейіндік мектеп пен жоғары мектеп компонентінің кіріктірілуі жалпы орта білім беру мен жоғары білім берудің (бакалавриат) мазмұндарындағы сабақтастықты; 1-2 курс бакалавриатының жалпы білім беру циклі пәндерінің (қазақ тілі (орыс тілі), шетел тілі, Қазақстан тарихы, информатика, саясаттану, философия, әлеуметтану, құқық негіздері, өмір қауіпсіздігінің негіздері) мазмұнын бейіндік мектепке көшіруді; бакалавриаттың жалпы білім беру пәндерінің (ЖБП) циклі азаюына байланысты базалық және кәсіптендіру пәндері бойынша білім мазмұнын күшейтуді қамтамасыз етеді.



Пәнаралық байланыстар принципі. Бұл әр пәннен алынған білімді кез келген сабақ барысында кешенді түрде пайдалануды көздейді. Бұл сабақтас оқу пәндерінің мазмұнын сәйкестендіруге, пәндердің өзара байланысын іздестіруге сол арқылы оқушылардың логикалық ойын дамытуға жағдай жасайды.

Әр түрлі деңгейде оқыту мен тәрбиелеу жүйесінде бала тұлғасын дербес дамыту принципі. Бұл барлық жағынан баланың дербес ерекшеліктерін ескере отырып, әр түрлі міндеттерді шешу мүмкіндіктерін, алға қойған мақсатты шешудегі қарқындылығын дамыту.

Нәтижелі шығармашылық принципі. Бағдарлама мазмұны тек әр пән бойынша білім мен тәрбие беруге және оны меңгертуге ғана емес, сонымен қатар оқушылардың шығармашылық қызметін дамытуға бағытталған. Бұл әр уақытта балалардың эвристикалық қабілеттерін дамыта отырып, оқу іс-әрекетін, оқушылардың қызығушылығы мен бейінділігін дамыту, ойлан тап, ойдан шығар, орында, қиялда, құрастыр, дайында т.с.с. жаңа нәтижелер жасауға бағыттайтын тапсырмалар беру арқылы жүзеге асады.

Мәдениеттендіру принципі. Кез келген пәннің мазмұнында оқушылардың жеке басынан бастап оның жалпы мәдениетін көтеру, ол үшін отбасының гигиенасынан басталатын түрлі қатынастың біртіндеп, мәдени орталықтарды, адам баласының қай салада болсын Республикамыздың ғана емес, адамзат тарихынан бастап, қолы жеткен жетістіктерін қамту көзделген.

Экологиялық принципі. Әр сынып сайын оқушының өзін-өзі байқауы, өз әрекетін басқаның тиімді әрекетімен салыстыру, қоршаған ортаға, табиғатқа адами, мәдени қатынас жасауға мүмкіндік беру жағы қарастырылады.

Өлкетану принципі. Әр пәннің әр тарауын жергілікті материалдармен байланыстыра оқытуды талап етеді. Бұл, әрине, мұғалімдердің әдістемелік ізденістерін, қосымша материалдардың молдығын керек етеді.

Осы сияқты білім берудің дидактикалық принциптерін сақтай отырып жаңа буын бағдарламаларын жүзеге асыру арқылы 12 жылдық білімнің барлық буынында оқыту мен тәрбие талаптарын қамтамасыз етуге жағдай туады. Білім беру барысында осы дидактикалық принциптердің жүзеге асырылуы негізінде баланың жалпы дамуын қамтамасыз ету мәселесі жүзеге аспақ. Олар баланың жеке бастық іс-әрекетінің, әлеуметтік, зейінін, тілі мен ойының, қимыл әрекетінің т.б. дамуын қамтамасыз етеді. Бірақ бұл дамулардың бәрі де бала мүмкіндігінен асып кетпеуге тиісті.

Сонымен 12 жылдық мектептің жоғары сыныптарында бейіндік оқытудың мақсаты, бейіндік оқытуды дамытудың басымды бағыттары мен жүзеге асыру механизмдері, білім мазмұны мен оқушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптар (түйінді және пәндік құзыреттіліктер), білім мазмұнын жобалаудың дидактикалық принциптері негізінде жалпы орта білім берудің базалық мазмұнын анықтаудың матрицасы құрастырылды. Оны біз көрнекі түрде мынадай кесте арқылы ұсынамыз [22, 25, 31] (2-кесте).
2-кесте ‒ 12 жылдық білім беру мазмұнын жобалау матрицасы


ӨТПЕЛІ КОМПОНЕНТТЕР

Тұлғалық мүдделер

Қоғамдық мүдделер

Мемлекеттік мүдделер

Білім беру мазмұнын жетілдірудің басымды бағыттары

БІЛІМ МАЗМҰНЫНА ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР







ОҚУШЫЛАРДЫҢ ДАЙЫНДЫҚ ДЕҢГЕЙІНЕ ҚОЙЫЛАТЫН ТАЛАПТАР







ПӘНДІК ЖӘНЕ ТҮЙІНДІ ҚҰЗЫРЕТТІЛІКТЕР







«Тіл және әдебиет» БС

«Мате-матика және инфор-матика» БС

«Жара-тылыс-тану»

БС


«Адам және қоғам»

БС


«Технология»

БС


«Дене шынықтыру»

БС








ПӘНАРАЛЫҚ БАЙЛАНЫСТАР







Пәндер

Пәндер

Пәндер

Пәндер

Пәндер

Пәндер

ІІІ

Жалпы орта білім беру деңгейі






















































4 Жалпы орта мектепте негізгі оқу пәндерінің үлгілік базалық мазмұны
Қазақстан бойынша 12 жылдық білім беру көшу бойынша эксперименттік жұмыстар 2003-2004 оқу жылынан бастап өткізілуде. Қазіргі уақытта республикамыздағы эксперимент жүріп жатқан мектептер саны – 104. Эксперименттік сыныптарда 5784 оқушы оқиды, оның ішінде қазақ тілінде оқытатын мектептерде – 3 551, орыс тілінде оқытатын мектептерде – 2 233.

2013-2014 және 2014-2015 оқу жылдарында 12 жылдық оқытуға көшу бойынша эксперименттік жұмыстар жалғастырылып, 11-12 сыныптардағы бейіндік оқыту жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық бағыттарда ішкі бағдарларға бөлінуі бойынша жүзеге асырылатын болады.

12 жылдық оқытуға көшу бойынша жүргізілген эксперименттік жұмыстар және әзірленген оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендері бойынша әдіскер-ғалымдар мен практик-мұғалімдердің тиімді ұсыныстары мен пікірлері [37, 38, 39], 12 жылдық білім берудің тұжырымдамалық негіздері арқылы 12 жылдық мектептің білім беру деңгейлері бойынша базалық білім мазмұны мен оқушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптар анықталды.

Осыған орай, жалпы орта білім беру деңгейінде оқытылатын базалық пәндер бойынша үлгілік базалық білім мазмұны мен оқушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптарды білім салалары бойынша ұсынамыз.


4.1 «Тіл және әдебиет» білім саласындағы пәндердің үлгілік базалық мазмұны
«Тіл және әдебиет» білім саласының мазмұны «Қазақ тілі», «Қазақ әдебиеті» (қазақ тілінде жалпы білім беретін ұйымдар үшін, оқыту тілі қазақ тілінде емес жалпы білім беретін ұйымдар үшін), «Орыс тілі», «Орыс әдебиеті» (орыс тілінде жалпы білім беретін ұйымдар үшін), «Орыс тілі», «Орыс әдебиеті» (қазақ тілді және басқа да орыс тілді емес жалпы білім беретін ұйымдар үшін), «Шетел (ағылшын) тілі» пәндері арқылы жүзеге асырылады.

Қазақ тілі пәні (қазақ мектептерінде)

Мәтін және шешендік өнер. Мәтін байласымы. Байласымның жасалу тәсілдері.

Шешендік өнердің тарихы. Шешендік сөзге қойылатын талаптар. Әлеуметтік-тұрмыстық шешендік сөз. Әлеуметтік-саяси шешендік сөз. Академиялық шешендік сөз. Соттағы шешендік сөз. Діни шешендік сөз.

Шешенге қойылатын талаптар. Пікірталас мәдениеті.

Пікір алмасу. Ойталқы. Ойкөкпар. Сөзталас. Пікірсайыс. Айтыс.

Оқушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптар

оқушылар: ауызша, жазбаша тілде сөздерді талғап қолдана білуі; сөз мәдениеті және сөйлеу түрлерінің сабақтасығын білуі; тілдік қатынас түрлеріне сай тілдің стильдік жүйесін меңгеруі; мәтін белгілері мен мәтіндегі тілдік бірліктердің қызметін білуі; мәтіннің түрлері мен табиғатына, тілдік ерекшеліктеріне талдау жасай білуі; тақырыпқа сай сөздердің тіркесу мүмкіндігін білуі; тілдік бірліктердің мәтін ішіндегі қызметін білуі; әдеби тілдің ауызша және жазбаша түрлері болатынын, оларға тән ерекшеліктерді білуі; мәтіннің тақырыбы мен идеясын, мәтіннің құрылымын ажырата білуі; сөз мағыналарын мәтіндік қолданыста ажырата білуі; сөздердің жасалу тәсілдерін білуі; сөз тіркесінің өзіне тән белгілерін және олардың күрделі сөздер мен тұрақты тіркестерден айырмашылығы мен ұқсастықтарын негіздей білуі; әдеби тілдің нормаларының сөз мәдениетіне қатысын негіздей алуы; әдеби тілдің нормаларын стиль түрлеріне сай қолдана білуі; сөз мәдениетіне енетін ұғым-түсініктерді түсіндіре алуы; монолог сөздің қолданылатын орындарын білуі; монолог сөздің мазмұндық-құрылымдық жүйесін білуі; диалогтің адам қарым-қатынасындағы маңызын білуі; полилог сөздің түрлері мен пікірталас мәдениетін білуі; зерттеу және шығармашылық әдістерді өз әрекетінде тиімді қолдана білуі тиіс.

сонымен қатар, оқушылар: тіл табысуға қажетті коммуникативтік дағдыларды меңгеруі; тұрмыстық-әлеуметтік қатынастағы әдептілік нормаларын меңгеруі; жеке адам өміріне, мекеме, ұйым жұмысына қажетті ресми іс-қағаздар жүйесін меңгеруі; түрлі тақырыптарда пікірталасқа түсу еркіндігін және жиі қолданылатын тәсілдерді меңгеруі; мәтін бөліктеріндегі сөйлемдердің ойды жеткізудегі рөлін және қолданыс ерекшелігін меңгеруі; сөйлем мүшелерінің мәтіндегі қызметін меңгеруі; полилог сөздің түрлері мен пікірталас мәдениетін және пікірталасқа түсу тәсілдерін меңгеруі; қазақ тілін функционалдық сауаттылық тұрғысынан меңгеруі тиіс.

Қазақ әдебиеті пәні (қазақ мектептерінде)

ХХ ғасырдың бас кезіндегі Қазақстанның тарихи-әлеуметтік жағдайы.

Ахмет Байтұрсынұлы. «Қырық мысал», «Маса» жинақтары. Міржақып Дулатұлы. «Шәкірт», «Таза бұлақ», «Оян, қазақ» өлеңдері. Сұлтанмахмұт Торайғыров. «Кім жазықты» романы. Мағжан Жұмабаев. «Күміс нұрлы ай», «Жұлдызды жүзік, айды алқа қып берейін», «Шолпы», «Сырдағы Алашқа» өлеңдері.

1930-1960 жылдардағы әдебиет. Кеңестік дәуірдегі қазақ әдебиетіне жалпы шолу.

Сәкен Сейфуллин. «Аққудың айырылуы» поэмалары. Бейімбет Майлин. «Азат әйел», «Көңіл айту» өлеңдері, «Майдан» пьесасы. Ілияс Жансүгіров. «Құлагер» поэмасы. Жамбыл Жабаев. «Өтеген батыр» жыры. Жамбылдың эпикалық жырларының тақырыбы мен идеясы. Мұхтар Әуезов. «Абай жолы» роман-эпопеясы (үзінді), «Еңлік-Кебек» драмасы. «Абай жолы» роман-эпопеясының әлемдік әдебиеттің алтын қорына енген шығарма екендігі. Сәбит Мұқанов. «Сұлушаш» поэмасы. Ғабит Мүсірепов. «Қазақ солдаты» романы (үзінді). Қасым Аманжолов. «Ұлы Отан соғысы туралы жыр», «Байқал», «Орал».

1960-1990 жылдардағы әдебиетке жалпы шолу. Поэзиядағы тың ізденістер. Проза мен драматургиядағы жаңалықтар.

Мұқан Иманжанов. «Алғашқы айлар» повесі. Жұбан Молдағалиев. «Мен – қазақпын» поэмасы. Сырбай Мәуленов. «Боранда», «Қош бол, сәулем» өлеңдері. Табиғат лирикасы. Ақын өлеңдеріндегі соғыс суреттері. Сырбай өлеңдеріндегі сыршыл сезім. Зейін Шашкин. «Доктор Дарханов» романы. Мұқағали Мақатаев. «Қайран, Қарасазым-ай» лирикасы, «Дариға, жүрек» поэмасы. Мұқағали өлеңдерінің өзге ақындар шығармаларынан өзгешелігі. Поэмаларының тақырыптары. Шерхан Мұртаза. «Қызыл жебе» романы. Мұхтар Шаханов. «Танакөз» поэмасы. «Ғашықтық ғаламаты» өлеңінің идеялық мұраты. Қадыр Мырза Әли. «Домбыра» өлеңі. Қабдеш Жұмаділов. «Тағдыр» романы. Әбіш Кекілбаев. «Үркер», «Елең-алаң» романдары. Өмірі мен шығармашылығы туралы. Мұхтар Мағауин. «Аласапыран» роман-дилогиясы. Қалтай Мұхамеджанов. «Көктөбедегі кездесу» пьесасы.

Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ әдебиеті. С. Елубаев «Ақ боз үй». Д. Досжанов «Алыптың азабы». Ш.Мұртаза «Ай мен Айша». К. Оразалин «Абайдан соңғы арыстар». З.Қабдолов «Менің Әуезовім», Ә.Таразидің «Жаза», Б. Мұқайдың «Өмірзая» романдары, Р.Мұқанованың «Мәңгілік бала бейне» повесі, Т. Нұрмағамбетовтің «Айқай» повесі.



Драма жанрының өзіндік ерекшеліктері. Қазақ драматургиясының пайда болуы мен қалыптасу кезеңдері туралы қысқаша шолу. 60-90-жылдарға дейін драматургия саласында қалам тартып келген қаламгерлер (Қ.Мұхамеджанов, Қ.Шаңғытбаев, О.Бөкеев, А.Сүлейменов, т.б.). Тәуелсіздік жылдарындағы қазақ драматургиясының жай-күйі. Драматургияда қазақ халқының басынан өткен тарихи оқиғаларды баяндайтын пьесалар Ә.Кекілбаев «Абылай хан», И.Оразбаев «Мен ішпеген у бар ма?».

Оқушылардың дайындық деңгейіне қойылатын талаптар

оқушылар: ХХ ғасыр әдебиеті үлгілерін білуі; тәуелсіздік жылдары жазылынып жүрген шығармалардан хабардар болуы; көркем шығарма мазмұнын әлем әдебиеті үлгілерімен салыстыра талдауы; әдебиеттің өзге ғылымдармен сабақтастығын білуі; шығармада бейнеленген өмір шындығы мен автордың ойын тани алуы; әдеби тақырыпқа реферат жазып, жоспарын, тезисін дайындауды білуі; компьютермен, техникалық ақпарат құралдарымен жұмыс істеп, интернет арқылы әлем әдебиетімен таныса алуды; сыныптан тыс және қосымша оқуға ұсынылған әдеби-көркем шығармаларды өздігінен оқуы тиіс.

сонымен қатар, оқушылар: ұлттық мұра ретінде танылған үздік шығармалардың тарихи сипатын, маңызын көркемдік шындық тұрғысынан меңгеруі; өлең сөздің құрылымдық элементтерінің (өлшем, ырғақ, ұйқас, шумақ) мән-мағынасын, негізгі ұғымдарын меңгеруі; сөйлеу дағдыларын меңгеруі; қазақ әдебиетінен алған білімдерін басқа салаларда ақпарат көзі ретінде пайдалана алуды меңгеруі тиіс.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет