Көртышқандар (Talpidae) тұқымдасы - Европа, Азия және Солтүстік Америкада мекендейтін 30-ға жуық түрді біріктіреді. Дене тұрқы 5 см-ден 21 см-ге жететін сүтқоректілер. Құрлықта және топырақ арасында тіршілік етеді. Денесін қалың түк басқан. Тұмсығы қозғалмалы етті мұрынмен аяқталады. Көздері өте кішкентай, көпшілігінде тері астында орналасқан. Құлақ қалқаны әдетте болмайды. Артқы аяқтары алдынғы аяқтарына қарағанда әлсіз. Саусақтары ұзын жалпақ тырнақтармен қаруланған. Бассүйегі ұзын. Бұғанасы иық сүйегімен(тоқпан жілік) байланысқан –бұл сүтқоректілер үшін ерекше құбылыс. Әртүрлі ландшафтарда мекендейді. Тәулік бойы н\е ымырт – түнде белсенді. Әртүрлі омыртқасыздармен қоректенеді.
Алтай көртышқаны (Talpa altaica) - Қазақстанда және Сібірде тіршілік етеді. Көзі рудиментті, тері астында, қозғалмалы қабақтар мен кірпік жоқ. Алдыңғы аяқтарының алақаны күрек тәрізді жалпақ, сыртқа қараған. Саусақтары тері жамылғысымен тұтастай жабылған. Аяқтары топырақ қазуға бейімделген. Тіршіліктің барлық кезеңін топырақ арасында туннельдерде өткізеді. Қорек іздейтін жолдары топырақ бетіне жақын, ұя жолдары терең орналасқан.
Жұлдызтұмсық көртышқаны (Condylura cristata) Солтүстік Америкада мекендейді. Ұзындау құйрығы қабыршақтармен және де сирек түктермен жабылған.
Жұпарлар (Desmanidae) тұқымдасы-Евразияда тараған 2 түрді біріктіреді. Дене тұрқы 15 см-ден 22 см-ге жетеді. Құйрығы, дене ұзындығымен бірдей, бүйірінен қысыңқы және мүйізді қабыршақтармен жабылған. Құлақ қалқаны жоқ. Артқы табаны алдыңғысына қарағанда біршамама үлкен және жалпақ. Саусақтарының арасында жүзу жарғағы бар. Ағысы шамалы, жағалық және су өсімдіктері қалың суқоймаларының жағалауларында мекендейді. Ымыртта және түнде белсенді. Жерасты ін салады: інге кірер тесік су астында, ал ұясы бар камера су деңгейінен жоғары орналасады. Қорек талғамайтындар: омыртқасыздармен, майда балықтармен, бақашабақтармен, су өсімдіктерімен қоректенеді. Әдетте 3-4 ұрпақ туады.
Пиреней жұпары – Пиреней жотасының тау өзектерінде мекендесе, Жұпар – Дон, Еділ өзендерінде мекендейді. Ал Қазақстанда Жайық, Еділ, Тобыл, Обаған, Айет, Үй және т.б. өзендерінде тіршілік етеді.
Қазақстанның қызыл кітабына (2010) тіркелген.