2. ДӘріс тезистері


Бастауыш сынып оқушыларын «Рухани жаңғыру» идеясы негізінде ұлттық құндылыққа тәрбиелеу



бет21/22
Дата26.09.2023
өлшемі196.02 Kb.
#478597
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   22
Ұлттық құндылық Лекциялар 2

Бастауыш сынып оқушыларын «Рухани жаңғыру» идеясы негізінде ұлттық құндылыққа тәрбиелеу.
Дәріс жоспары
1. «Рухани жаңғыру» идеясы негізінде ұлттық құндылыққа тәрбиелеу.
2. Рухани жаңғыру аясында өлкетану материалдары ұлттық құндылықтың негізі
3. Өлкетану материалы негізінде ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың педагогикалық ерекшеліктері
Дәрістің қысқаша мазмұны
1. Ұлттың рухани жаңғыруы мен сананы жаңа сапаға көтеру – ұлттың тілі арқылы салт-дәстүрін бойға сіңірумен жүзеге асырылады. Республиканың барлық балабақшаларында, мектептерінде және жоғарғы оқу орындарында «Ұлттық жаңғыру» пәні енгізіліп, оқытылуға тиіс. Мақсаты – ғылыми технологиялық даму мен инновациялық бастамашылдыққа баули отырып, келер ұрпақ жаһандану ұйығына жұтылып кетпес үшін олардың психологиясына мемлекетшілдік, ұлтжандылық, отаншылдық рухын егу, - деп көрсетілген. Аталған құжаттың аясында оқытылатын пәнді тәрбие жұмысымен ұштастырғанда ғана рухани жаңғыру идеясы негізінде бастауыш сынып оқушыларын ұлттық құндылыққа тәрбиелеуге болады, - деген тұжырым жасаймыз.
М.Жұмабаевтың пайымдауынша, балада берік һәм дұрыс мінез пайда болу үшін тәрбиешіге төмендегі екі шартты орындауды ұсынады. Біріншісі, баланың өз қолынан келетін іске толық ерік беру. Басқаның күшіне, көмегіне сеніп кетпей, өз қолынан келмейтін істе ғана тәрбиеші көмек көрсетіп жіберуге міндетті, күштен асатын іске кірісіп, баланың тауы шағылмас үшін. Екінші баланы құбылмайтын, ұсақтықпен қажытпайтын тәртіпке бағындыру керек. Баланы еркіне жіберу оны ерлікке, батырлыққа үйретсе, темір тәртіпке бағындыру оны шыдамдылыққа, табандылыққа үйретеді. Осы екі жағы тең адамның мінезі күшті болмақ қой» - деп көрсеткен. Бұдан шығатын қорытынды, балаға берілетін тәлім-тәрбиенің бір саласы – патриоттық тәрбие десек, бастауыш сынып оқушыларына берілетін тәрбиеде ұлттық сана-сезімін, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын, мақтанышын, ерлік, батырлық сезімдерін қалыптастыруға болады деп санаймыз.
ХХ ғасырдың басында озық ойлы қоғам қайраткерлерінің бірі М.Дулатов сол кездің өзінде қазақтарды өз алдына ел ету үшін, халықтың санасын ояту мақсатында өз шығармаларын ұсынды. М.Дулатовтың «Оян, қазақ» шығармасында: Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты!
Жер кетті, дін нашарлап, хал һарам боп,
Қазағым, тұр енді жату жарамасты, - деп ұран тастаған жалынды сөздермен басталады. Поэманың атына ішкі мағынасы сай, халыққа көзіңді аш, байқа, айналаңды жайлап, кеулеп барады, енді намыстанып, егемендік алмасаң, бәрінен айрыласың деп, халық санасына ащы шындық сәулесін ұялатты. Халқымыздың бір туар азаматының жоғарыда аталған еңбектерінің қазақ халқының санасын оятуға, патриоттық рухын көтеруге арналғанын елін, жерін қорғайтын азамат тәрбиелеу керектігін армандаған тілегінен туғанын көреміз.
Бауыржан Момышұлы “Ерлік табиғат сыйы емес, ең алдымен өзіңнің ар-намысыңды және азаматтық қасиетті абыройын ұятқа қалу, опасыздық пен масқара болу сезімінен қорғай отырып, адамның ең ұлы сезімі, азаматтық парызын орындау үшін осындай адамгершілік, теңдікте өзіңмен сайысқа түсе отырып, тұтас коллектив өмірінің игілігін ғана емес, сонымен қатар қауіп-қатерін де бөлісіп, жауды барынша жою, жанға-жан, қанға-қанмен аяусыз кек алу жолымен жеке басыңды және отандастарыңды қауіпсіз етуге ұмтылу, саналы түрде қауіп-қатерге бас тігуге мәжбүр ету”,- деп, Отан алдындағы азаматтық парызды орындауда халықтың тыныш тұрмыс тіршілігі үшін аямай күресуді көздейді.
К.Қ.Құнантаева оқушылар санасында қалыптасқан патриотизм ұғымдары мен түсініктерінің іс жүзінде бекіп, нығаюына олардың оқудан тыс бірлестіктерінің жұмысын ұйымдастыру формалары мен әдіс-тәсілдерін тиімді пайдаланғанда ғана ықпалын тигізетінін атап көрсеткен. «Халқымыздың дара тұлғалары мен ақылгөй даналарының өмірбаянын оқып үйрену, сақтап насихаттау, ұлы адамдар өмір сүріп, қызмет еткен жерлерге саяхат; Отанымыздың әртүрлі музейлеріне саяхат; оқушылардың іскерлігін арттырып, ізденімпаздыққа баулиды. Сонымен бірге бұл оқушылардың Отанға сүйіспеншілігін арттырып, туған жерге деген сана-сезімін оятудағы маңызы орасан зор», - деген тұжырым жасаған.
А.Сейдімбек «Қазақтың шежірешілдігін, дәлірек айтсақ, қазақтың тарихшылдығын ұлттық қасиет деуге болады» деп атап көрсеткендей «қазақ халқының шежірешілдігін, тарихи санасының сергектігін, ең алдымен, оның ұзақ ғасырлар аясында көшпелі өмір салтында болуымен» сабақтастырған жөн. «…көшпелілер қоғамы үшін ғасырлар сынынан өткен салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпының сол қоғам өмірін реттеуде, үйлестіруде ұлы міндет атқарғандығы. Түптеп келгенде, кез-келген қоғамның, кез-келген ұлттың мәдени-рухани өресі салт-дәстүрдің, әдет-ғұрыптың орнықтылығымен өлшенуге тиіс». Ұлттық құндылықтың негізі болып саналатын ұлттық рухты дәріптеуді бастауыш сыныптардан бастап сабақта және сабақтан тыс тәрбие жұмыстарының өзегіне айналдыру қажет. Сондықтан да бүгінгі бастауыш сынып оқушыларына ұлттық тарихтан сыр шертетін тәрбиелік мәні іс-шаралардың маңызыдылығын ескере отырып, кіші мектеп жасынан бастап іске асыру қажет, - деп санаймыз.
Г.Т.Тоққұлова бойынша, балалар бастауыш мектепте мәдени мінез-құлықтың негізгі ережелері жөнінде аса үлкен көлемдегі білімдерді игеріп, оларды саналы түрде орындауға әдеттенуі тиіс. Әдептілік пен мінез-құлықтың нақты ережелері өте көп, оқушыларды оларыдң бәрімен бірдей таныстыру өте қиын, өмірде балалар бірініші рет кездесіп отырған жағдайлар жиі ұшырасып жатады. Сондықтан да оқушыларға мінез-құлық ережелерін үйретумен бірге ереже рухына сай әрекет етуге, яғни жаңа жағдай кезінде бұрыннан жақсы мәлім ережелер негізінде, әрекеттің дұрыс жолын таба білу керек. Бұл – күрделі міндет. Балаларды мінез-құлық ережелерін мектепте, көшеде, қоғамдық орындарда орындауға баулу керек». Біз автордың пікіріне қосыла отырып, осы аталғандардың барлығын бастауыш сыныптарда ұйымдастырлатын тәрбие сағаттарында іске асырылуы тиіс,- деп санаймыз.
А.К.Қаплиева рухани-адамгершілік құндылықтарды нормалармен, салт-дәстүр, әдет-ғұрып, мораль, құқықтық білімдер негізімен қатар, әлеуметтік рухани өмірдің құндылық элементтері ретінде қарастырады. Рухани құндылық – адамның ортамен қарым-қатынасы, айналысатын ісі, білімімен өмір сүру салты, санасы мен сезімі, сенімі мен сапасынан тұратын жиынтық. Құндылықтың адам өміріндегі маңызы, автордың белгілеуінше, біліктілік, білімділік, имандылық, адамгершілік (моральдық), эстетикалық, психологиялық, өнерлілік, шығармашылық сапалары арқылы көрініс табады. Автордың пікірін тұжырымдайтын болсақ, рухани-адамгершілік тұрғыда берген тәрбие оқушылардың салт-дәстүр, әдет-ғұрып жөнінде түсінігін кеңейтіп, өмірге бейімделуге зор ықпал етпек. Баланың психологиялық ерекшелігіне сәйкес ұйымдастырылған тәрбие жұмыстары өз нәтижесін береді, - деген тұжырым жасаймыз.
Н.А.Мұхамединованың пікірінше, қазақ зиялыларының мұраларындағы ұлттық құндылықтар негізінде мектеп оқушыларын отансүйгіштікке тәрбиелеу қажет деп санайды. Автор мектеп оқушыларын отансүйгіштікке тәрбиелейтін қазақ зиялылары мұраларындағы ұлттық құндылықтарды жүйелеп, олардың төл еңбектерін пайдалана отырып, патриотизм апталықтары, шығармашылық жұмыстар, пікірсайыс, әдеби кештер, конференция, баяндамалар және т.б. жұмыстар жүргізудің жолдарын көрсеткен. Зерттеу тақырыбымыз тұрғысынан қарастырсақ, автордың ұсынған тәрбиелік іс-шараларын бастауыш сыныптарда ұйымдастыра отырып, оқушыларды отаншылдыққа тәрбиелеуге болады деген, - түйіндеме жасаймыз.
Отанға деген сүйіспеншілік – туған жерге деген патриотизм. Оның негізгі элементтері: туған жер, ана тілі, елдің әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрі және оларды құрмет тұту. Отансүйгіштік сезімнің қайнар көзі – Отан. Отансүйгіштікке тәрбиелеудің негізгі мазмұны - туған жердің табиғаты, оның байлықтары, тіл, дәстүр, тарихи ескерткіштер, туған өлкедегі тамаша киелі орындар болып табылады.
Р.М.Мұратханованың пайымдауынша, М.Дулатовтың бойындағы мәдени қайраткерлік іс-әрекет оның бойындағы ел жұртына, Отанына, ұлттық өнерге, ана тіліне деген патриоттық ұлы сезімінің барлық шығармаларынан өзекті орын алғаны дәлелді түсіндіріледі. Мысалы: М.Дулатовтың «Оян, қазақ!» еңбегінің саналы тұлғаны толғандыратын адамгершілік, патриоттық сезімін қалыптастыруға негіз болатын саяси ұстаным екенін айта келіп, оның халықаралық деңгейдегі маңыздылығының айқын көрсеткіші деп тұжырым жасайды [59]. Бұл пікірдің біз үшін құндылығы патриоттық сана-сезім, ұлттық келбетті көрсете білу және оны көздің қарашығындай сақтауға, оның бастау бұлағында тұратын тілді құрметтеу мен насихаттау, тіл тазалығын сақтау, салт-дәстүрді игеру және т.б. санамалап көрсеткені, оны бастауыш сыныптардан бастау керек, - деп қорытындылаймыз.
2. Әрбір тарихи кезеңде де «құндылық», «ұлттық құндылық» мәселелері өзекті болғанын көреміз. Ұлттық құндылықтар мен нормалар, дәстүрлер сол кезеңнің әлеуметтік жағдайын сипаттайды, бірақ, бұл құндылықтар күні бүгінге дейін өзінің мәнділігін жойған жоқ.
Қ.Құрманов өлкетану жұмысы жеке пәндер бойынша, сол пәннің материалдарының мазмұнына сай орындалады. Бастауыш сыныптардағы өлкетану жұмысы, әсіресе табиғаттану пәніне байланысты шешіледі. Мұнда табиғатқа бақылау және танымжорық жасай отырып, оқушылар жергілікті адамдардың жасампаз еңбегімен, табиғат құбылыстарымен, өсімдіктер мен жануарларының жергілікті өкілдерімен танысады. Өздерінің алған әсерлерін сабақ үстінде пайдалана білуге дағдыланады,- деген.
Х.Муфталовтың пайымдауынша, өлкетану жұмысын жоспарлау мәселесіне баса назар аударып, оны сыныптарда өтетін сабақтармен байланыстыру қажет. Атап айтсақ:
- өлкетану экскурсиялары мен туристік жорықтардың тақырыптары және өткізілетін уақыты нақты болуы қажет;
- өлкетану үйірмесі мен мұражайдың жұмыстары;
- өлкетану кештері, олимпиада, өлкетану газетін шығару және т.б. Бұдан шығатын қорытынды пән сабақтарында өтетін тақырыптарға сәйкес өлкетану жұмыстарының түрлерін дұрыс саралай білу қажеттігін мұғалімдер жақсы білуі тиіс, – деп ойлаймыз.
Бастауыш сынып оқушыларының өлкетану материалдары негізінде ұлттық құндылығын қалыптастыруға арналған материалдарының маңызын көптеген ғалымдар ерекше атап өткен. Қазақстанда өлкетану білімінің алғаш негізін салған – Ш.Уәлиханов болды. Бастауыш сынып оқушыларының өлкетану іс-әрекетінде құндылық бағдарын қалыптастыруға арналған материалдарының маңызын көптеген ғалымдар ерекше атап өткен.
Өлкетану жұмыстары оқушылардың қоршаған табиғи құбылыстары мен заттары туралы олардың өзара байланыс заңдылықтары туралы түсініктерін қалыптастыруға көмектесіп, өмірге деген қызығушылықтарын арттырады. Өлкетану материалдары қоршаған ортаға тікелей бақылау жасауға мүмкіндік береді. Ол туған өлке табиғатын, оның байлықтарын, даму заңдылықтарын, жергілікті жердің халқы мен шаруашылық түрлерін және олардың байланыстарын ұғынуға көмектеседі. Оқыту үдерісінде өлкетану материалы негізінде оқушылар тек нақты білім мен ұғымды меңгеріп қана қоймай, дүниенің біртұтастығы мен әртүрлілігі, дамудың үздіксіздігі, өзара байланыс пен әрекеттестік, дүниенің нақты заттар мен құбылыстардан тұратындығын танып, олардың дүниетанымдық көзқарасын кеңейтеді.
Халқымыздың табиғатпен етене туыстығы, оны аялай білетіндігі тіпті бесік жырында айтылатын ананың әлдиімен құлаққа әбден сіңіп қалғандығын «көлге біткен құрағым», «аспандағы жұлдызым», «маңдайдағы құндызым» деген табиғи теңеулерден анық көрінеді. «Өркенің өссін, көсегең көгерсін» деген ақ тілекті сөздер де өсімдік әлемімен тікелей үндесіп жатыр. «Бұтақты сындырма», «гүлді үзбе» деген сөздер де бала санасына жас кезінен сіңіріп өседі. Ертедегі табиғат жайлы нақыл сөздер, өнегелі өсиеттер, жырау мен ақын жырындағы ойлы пікірлер экологиялық тәрбие беруде өте құнды құрал болып саналады. Ертеден қалған өсиет сөздерде «көзіңді қалдыр-бұлақ көзін аша жүр, ізіңді қалдыр, жақсы істен мұра шаша жүр, өзіңді қалдыр-бақша өсіріп жаса нұр» деген сөздерінде өмірдегі өзіңнен кейінгі ұрпағыңа өлмейтін мұра қалдыр деген түйін айтады. Сонда «сенің қолына көзін ашқан бұлағың, жақсы істерің – шырағың, ал жасыл орман – құнарың болмақ»деп халық артына өсиет қалдырған.
А.Байтұрсынов адам кішкене кезінен өзін қоршаған ортаны танып біліп, оқып үйренуі шарт. Ол өлкетану материалы негізінде ұлттық құндылықтарды қалыптастыруды былай тұжырымдайды: «Орман, теңіз, тау, өзен, бұлақ-бұлар табиғат ісінен жаратылатын мәселелер», - дей келе «...жасалынды нәрселерді жасауға адамның ақыл-ойы, білімі керек», - деп ой түйеді. Бұдан шығатын қорытынды автор өлкетану материалы негізінде ұлттық құндылықта қалыптастыру үшін туған жердің, табиғаттың жаратылысын меңгертуді бастауыш сыныптан бастау керектігін ескертеді.
М.Жұмабаев оқушыларға туған өлкесі туралы, өлкетану негізінде білім беруді ерекше атайды: «... Бала бұлақтың сылдырын, жапырақтың сыбдырын, орманның күңіренгенін, теңіздің күрілдегенін естісін; жымыңдағаг жұлдыздар себілген көк шатыр көркі, түрлі түсті кемпірқосағын, буыны жоқ бұраңдаған қайыңды көрсін»,- деген ғылыми тұжырым жасаған болатын. «Бала тұрмыспен көзбе-көз таныссын, оның есінде, жанында көп білім болсын, жан-жануардың тұрмысын бақыласын, жаратылыстың тұрмысымен таныс болсын. Міне, сонда баланың қиялы өткір, һәм болмақ», - деді. Автордың сөзін қорытатын болсақ, баланың қоршаған орта туралы түсінігін өмірмен байланыстыра отырып, көзімен көріп, қолымен ұстап, танып білуге жағдай туғызу арқылы дүниетанымын қалыптастыруға болатынын айтып кеткенін көреміз. Зерттеу тақырыбымыз тұрғысынан келетін болсақ, қоршаған ортаның негізі өлкетану материалы болып табылатынын ескере отырып, сол арқылы оқушылардың ұлттық құндылығын қалыптастыруға болады, - деп есептейміз.
М.Дулатов «Бастауыш мектепте алған тәрбиенің әсерлі, күшті, сіңімді болуы, қай халықтың мектебінде болса да оқу кітаптары ана тілімен, өз ұлтының тұрмысынан, һәм табиғатынан жазылып, баяндап оқытудың асыл мақсатында оқытқанда, балқыған жас баланың ойына, қанына, сүйегіне ұлт рухы сіңісіп, ана тілін анық үйреніп, керекті мағлұматты алып шығады», деп көрсетеді. Бұдан біз баланың бастауыш сыныптан бастап тұлға ретінде дамитынын, ұлттық құндылығын өлкетану материалдары негізінде бастауыш сыныптан қаланатынын көреміз.
Ш.Құдайбердиев: «Қоршаған табиғаттың жұмбақ сырын, танып біл, оның өлшеусіз байлығын мұратыңа, қажетіңе жарат. Білу, тану, ұғыну – бәрі ақыл ісі, олар қорытылып, түсінік, ой, сезім болып шығады» - деп тұжырым жасайды. Автордың пікірін тұжырымдайтын болсақ, қоршаған ортаның жұмбақ сыры өлкетану материалдарынан бастау алады. Олай болса, сол байдлықты мұратына жеткізуде ұлттық құндылықты игерте алсақ, білу, тану, ой, сезімді қалыптасрамыз деп есептейміз.
И.Харламов құндылық танымның адам өмірі мен мінез-құлқына әсерін көрсетіп, танымның хабарды анықтау, бағдарлы – реттеуші функциялары мен оны қалыптастыру өлшемдерін белгілеген. Бастауыш сынып оқушыларының ұлттық құндылық бағдарын қалыптастыруда төмендегідей міндеттердің жүзеге асыруы тиіс:
- бастауыш сынып оқушыларына қазіргі уақыт талабына сай, қоғамымыздың саяси дамуына жауап беретін ұлттық құндылықтар жөніндегі таным-түсініктерінің жиынтығын меңгерту (білімдік, ақпараттық);
- оқушылардың өздерінде қалыптасқан дүниетанымдық қағидалар негізіндегі қоғамның әлеуметтік құндылық идеяларына бағытталған, ұлттық құндылық бағалауын қалыптастыру (қатынас, эмоциялық);
- бастауыш сыныптың оқу-тәрбие үдерісінде ұлттық құндылықтарды меңгеруінің нәтижесі ретіндегі оқушылардың әлеуметтік құнды біліктіліктерін қалыптастыру (әрекеттік).
Қ.А.Аймағамбетова табиғат туралы білім негізінде бастауыш сынып оқушыларының дүниетанымын қалыптастыру және қоршаған ортаны таныту мәселесін ғылыми-теориялық тұрғыда негіздеді. Бүгінгі мектеп алдындағы басты міндет – оқыту үдерісінде ұлттық игіліктер мен адамзаттың мәдени мұраларының сабақтастығын сақтай отырып, оқушылардың дүниетанымын қалыптастыруға жағдай туғызу тұрғысынан қарастырсақ, автор дүниетану пәні аясында ұлттық құндылықтар мен қоршаған орта туралы түсініктерді меңгертуді көздеген. Автор өлкетану материалдары туған өлке табиғатын, оның байлықтарын, даму заңдылықтарын, жергілікті жердің халқы мен шаруашылығын және олардың өзара байланысын зерттейді.
Өлкетану жұмыстары оқушылардың дүниеге дұрыс көзқарасын қалыптастыруға, тікелей бақылау жасауға, сенімін қалыптастыруға мүмкіндік береді. Өз өлкесінің табиғатын сүюі, туған жерін қорғауы – Отанға деген сүйіспеншілікті қалыптастырудың, патриоттық сезімге тәрбиелеудің негізі. Өйткені, оқушыларды табиғатқа жақындастырмайынша, өлкетану материалдары мен жұмыстарын оқу-тәрбие үдерісіне енгізбейінше, бастауыш сынып оқушыларының патриоттық сезімге тәрбиелеу мүмкін емес. Патриоттық сезім өзі туып өскен, өмірдің әліппесін таныған жеріне деген сезіммен байланысты болады.
С.А.Ұзақбаеваның пікірінше, мектепте эстетикалық тәрбие беру мен оқытудың негізгі міндеті қазақтың халықтық педагогикасы материалдарын пайдалану арқылы оқушылардың жан дүниесін байыту, ұлттық мәдениетке, өз халқының әдет-ғұрып пен салт-дәстүрлеріне сүйіспеншілікпен қарауға баулу, жеке адамның эстетикалық мәдениеті мен адамгершілік қасиеттерін қалыптастыру, оқушыларға қоғамдық құбылыстар мен өнерді бағалауда дұрыс бағдар беру дей келе, мектеп музейінде ұлттық мәдени дәстүрлер саласынан экспонаттар жинау, -деп тұжырым жасайды. Автордың мектеп музейінде ұлттық мәдени дәстерлер мен экспонатттар жинау деп отырғаны бұл өлкетану материалдары болып табылады. Осылардың негізінде оқушылардың бойында ұлттық құндылықтарын қалыптастыруға болады деп,- санаймыз.
Ш.Майғаранованың пайымдауынша, «Құндылықтар – тәрбие мен оқытудағы адамгершілікке бағытталған идеалдар. ...Құндылықтар – сезім мен ақыл-ойдың ұштасуын және сол арқылы адамның іс-әрекетін белгілейді», - деген тұжырым жасаған. Тәрбиенің тұлғалық-әлеуметтік тұжырымдамасында қабылданған негізгі құндылықтар: адам, руханият, махаббат, еркіндік, шығармашылық, жауапкершілік, парыз, қауымдастық, тұлға мен қоғамның үйлесімділік мұраты – тәрбиедегі ізгілік өзегі болып табылады. Автордың пікіріне қосыла отырып, зерттеу мәселеміз бойынша, бастауыш сынып оқушыларының ұлттық құндылығын қалыптастыруда дүниетану пәнін өлкетану материалдарына негізделіп ұйымдастыру қажет,- деп санаймыз.
3. Өлкетану материалы негізінде ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың педагогикалық ерекшеліктері
Бастауыш білім мазмұнындағы ұлттық құндылық бағдар қалыптастыруға негіз болатын оқу материалдарын жүйелеу мен оқу-тәрбие үдерісін осы бағытта тиімді ұйымдастыру негізгі міндеті болып табылады. Бұл міндетті жүзеге асырудың ғылыми-теориялық, әдістемелік негіздерін қарастыру қазіргі педагогиканың өзекті мәселелерінің біріне айналып, бастауыш сынып оқушыларының ұлттық құндылық бағдарын қалыптастырудың тиімді жолдарын зерттеу қажеттігі анықталды.
Бастауыш сынып оқушыларын қоғам талабына сай біліммен қаруландыра отырып, әлеуметтік тәжірибені меңгертуді көздеген оқыту технологияларын орнымен қолдана алатын мұғалімнің оқыту іс-әрекеті мен оқушының оқу іс-әрекеті арқылы жүзеге асады. Бастауыш сынып оқушысының ұлттық құндылығын қалыптастыруда, ең маңызды мәселе олардың қандай құндылықтарды иеленетіндігінде. Бала белгілі бір заттың немесе құбылыстың құнды қасиеттерін білмеуі және оны пайдаланбауы мүмкін. Мұндай жағдайда ол оған құндылық болып табылмайды. Сондықтан тұлғаны құндылықтарға бағыттауда ақпараттық қызметтің рөлі зор.
Ұлттық құндылықтардың қасиетін, сипатын ашқан кезде жүзеге асады. Балалардың жасқа байланысты ерекшеліктері олардың барлық іс-әрекетінен - оқу, ойын, қарым-қатынас, еңбек - көрініс тауып отырады. Біз педагогикалық теориядағы іс-әрекеттік қатынас қағидаларына сүйене отырып, бастауыш мектеп жасындағы оқушылардың ұлттық құндылық аясының дамуын ең алдымен осы өлкетану материалдары негізінде жүзеге асыруды қарастырамыз.
Бастауыш сынып оқушыларына өлкетану материалы негізінде білім берудің сапасын көтеруде маңызы зор. Өлкетану негізінде оқушыларда экологиялық тәрбие беру олардың дүниетанымын кеңейтеді, табиғи ортаға бақылау жасауды үйретеді, табиғат заңдылықтарын қатаң сақтауды ескертеді және туған өлке табиғатын сүюді, оны қорғауды – Отанға деген патриоттық сүйіспеншілікті қалыптастырады. Экологиялық білімге оқушылардың ақыл-ойы мен көзқарасына, мәдениетіне терең бойлауды қажет ететін адамгершілік құндылықтардың проблемасы жатады. Бұл құндылықтарға табиғатқа және тіршіліктегі барлық көріністерге деген аялы сезім, табиғатты қорғау қажеттілігіне деген ішкі сенім жатады.
Бастауыш сыныптарда өлкетану материалдарының маңызын және қолданудың ғылыми-әдістемелік мәселелерін әр қырынан сөз еткен қазақстандық педагог ғалымдар еңбектеріне тоқталуды жөн көрдік.
Б.К.Шаушекова ғылыми зерттеулерінде оқушылардың экологиялық мәдениетін қалыптастырудағы өлкетану жұмыстарында қазақ халқы педагогикасы құралдарының тәлім-тәрбиелік мүмкіндіктерін жан-жақты ғылыми тұрғыда талдаған. Халық педагогикасы құралдары ауыз әдебиеті үлгілері, салт-дәстүр, әдет ғұрып, тілі, ділі және т.б. Осы құралдарды өлкетану материалдарын зерделеуде тиімді пайдалану олардың ұлттық құндылығын қалыптастыруға негіз болады, - деп санаймыз деген болатын.
А.М.Текесбаеваның ғылыми зерттеуінде бастауыш сынып оқушыларының дүниетанымын қалыптастыруда дүниетану сабақтарында өлкетану материалдарын пайдаланудың тиімді жолдарын зерделейді. Автордың пікіріне қосыла отырып, оны пайдаланудың тиімді жолдарының бірі өлкетану іс-әрекетінде ұлттық құндылығын қалыптастыру үшін дүниетану сабағын қосымша арнайы үйірмелермен сабақтастықта ұйымдастыру қажет, - деп тұжырым жасаймыз.
А.М.Жұбандықова өлкетану іс-әрекетінің төмендегідей түрлерін бөліп көрсеткен. Оған: танымдық, құндылық-бағдарлы, көркемдік-эстетикалық, еңбек және табиғатты қорғауды жатқызуға болады. Өлкетану бағытындағы танымдық іс-әрекет оқушыларды білім, білік, дағдымен қаруландыра отырып, олардың туған табиғатын танып білуге, аялауға, адамгершілік санасының қалыптасуына жағдай жасайды. Танымдық іс-әрекет сабақтарда, сабақтан тыс жұмыстарда, үйірмелерде оқушылардың ізденушілік-зерттеушілік әрекеттерінде іске асырылып отырады. Бастауыш сынып оқушылары тек білім алып қана қоймай, бақылаулар жүргізіп, өлкетану туралы әдебиеттер оқып, мұғалімдердің басшылығымен шығармашылық жұмыстарға да араласады.
Сонымен қорыта келе, оқыту үдерісінде өлкетану материалдарын пайдалану - оқушылардың дүниетанымдық көзқарасы мен дүниенің біртұтастығы туралы түсінігін қалыптастырып, туған жерін, оның мәдениетін сүюге тәрбиелейді.
Өлкетану материалы негізінде ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың келесі педагогикалық ерекшеліктері айқындалды:
- оқыту үдерісін өлкетану материалы негізінде ұлттық құндылықтарды қалыптастыруда өзінің қызығушылығы мен қажеттілігін өтеуге білімінің жетік болуын қамтамасыз ететіндей етіп ұйымдастыру;
- оқыту үдерісінің ізденуге, зерттеуге бағытталып сипат алуы, олардың алған білімін өздігінен орындайтын тәрбие жұмыстарында проблеманы шеше білуі;
- оқушылардың өлкетану материалы негізінде ұлттық құндылықтарды қалыптастыруда жергілікті материалдарды меңгеруде ізденушілік, зерттеушілік рөл атқаруына мүмкіндік туғызу;
- оқушылардың өлкетану материалы негізінде ұлттық құндылықтарды қалыптастыруға арналған тапсырмаларды орындауда тәрбие формаларын, әдістерін, педагогикалық технологияларын дұрыс таңдауы;
- өлкетану материалы негізінде ұлттық құндылықтарды қалыптастыруда оқушылардың жобалар жасауға қатысуы мен оның тұсау кесерін жасауына жағдай туғызу;
- оқушылардың өлкетану материалы негізінде ұлттық құндылықтарды қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылатын жеке және ұжымдық жұмыстарда өзін-өзі іске асыруына мүмкіндік жасау;
- оқушылардың өлкетану материалы негізінде ұлттық құндылықтарды қалыптастыруда ізденушілік іс-әрекетінің нәтижесінде оқушы портфолиосын құруы;
Қорыта келе, өлкетану материалдары негізінде оқушылардың ұлттық құндылығын қалыптастыруда көзделетін мақсат: біріншіден, туған өлке тарихымен балаларды кең түрде таныстыру болса, екіншіден, ең бастысы баланың дүниетанымдық көзқарасын кеңейтіп, қалыптастыруға ықпал ету, үшіншіден оқушыларға қоршаған ортаны білдіре отырып, олардың туған елге, өскен жерге деген сүйіспеншілік-патриоттық сезімін ояту. Жаңартылған білім беру бағдарламасы аясында дүниетану пәнінің мазмұнын өздігінен іздене меңгеруіне жағдай жасауды, теориялық білімді айналадағы өмірмен тығыз байланыстыруды, солардың қоғамдық өмірді өз бетінше іздене танып білуіне толық мүмкіндік туғызуды көздейді.
Осы дәріске ағымдық, аралық, қорытынды бақылау бойынша тест тапсырмалары және сұрақтар
1. Рухани жаңғыру аясында өлкетану материалдары ұлттық құндылықтың негізін талдаңыз
2. Өлкетану материалы негізінде ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың келесі педагогикалық ерекшеліктеріне сипаттама беріңіз
3. Өлкетану материалы негізінде ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың келесі педагогикалық ерекшеліктеріне сәйкес тәрбие сағатының жоспарын құрыңыз.
4. Өлкетану материалы негізінде ұлттық құндылықтарды қалыптастырудың тиімді формасын көрстетін тәрбиелік іс-шараны жаспарлаңыз

1

№ 15 дәріс

Қарастырылатын сұрақтар (дәріс жоспары):


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   22




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет