2. ДӘріс тезистері


Қазақ халқының салт-дәстүрлері, олардың оқушы тұлғасын қалыптастырудағы мәні



бет22/22
Дата26.09.2023
өлшемі196.02 Kb.
#478597
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   22
Ұлттық құндылық Лекциялар 2

Қазақ халқының салт-дәстүрлері, олардың оқушы тұлғасын қалыптастырудағы мәні
Дәріс жоспары
1. Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары
2. Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының оқушы тұлғасын қалыптастырудағы мәні
Дәрістің қысқаша мазмұны:

  1. Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары

Салт пен дәстүрдiң айырмашылығы неде дегенге келсек, салт адам өмiрiнiң күнделiктi тiршiлiгiнде (отбасынан бастап қоғамдық өмiрдегi қатынаста) жиi қолданылатын мiнез-құлық, қарым-қатынас ережелерi мен жол-жора, рәсiм, заңдарының жиынтығы. Ол жеке адам өмiрiнде еңбек, iс-әрекет, адамгершiлiк, құқық, дiни ережелерiмен байланысты көрiнiс бередi де бiртiндеп ауыл-аймақ, ру, тайпаға ортақ рәсiмге (ритуалға) айналады.
Ал дәстүрлердiң өресi салттан әлдеқайда кеңiрек. Дәстүр қоғамдық сананың барлық салаларымен байланыста дамыған, топтасқан қауымның қалыптасқан бiрыңғай көзқарасын, әдет-заңын марапаттайтын ритуал. Ол ғылымда, әдебиетте, мектепте, халықтық ортақ өнерде немесе қоғамдық қатынаста көрiнiс беретiн құбылыс. Дәстүр идеологияға жақындау да, ал салт қоғамдық психологияға жақын. Мәселен, үлкендi сыйлау, қонақжайлық дәстүрлер. Олар көптеген салттардан, ырымдардан, жол-жоралардан, рәсiмдерден тұрады.
Салт-дәстүрлер ұлттың ұлт болып қалыптасуымен бiрге туып, бiрге дамып келе жатқан тарихи және көне процесс. Ол ұрпақ тәрбиесiнен, мәдени тұрмысы мен шаруашылық тiршiлiгiнен көрiнiс бере отырып, адамның дүниеге келуiмен бiрге өрбiп, о дүниеге аттанып кеткенше құндақтайтын, тербететiн алтын бесiгi iспеттес.
Дәстүр үшiн өткен дәуiрде қалыптасқан көзқарас пен iс-әрекеттiң мәдени мұра ретiнде сақталып, бүгiнгi күнге жетуi қажет. Мiнез-құлықтың мазмұны мен сыртқы көрiнiсiнде, қолдану стилiнде бiрiздiлiк болуы керек. Яғни, мiнез-құлықтың сыртқы формасында ерекше тұрақтылықтың болуы шарт. Ал ол форма белгiлi заңдылыққа айналғанда мiнез-құлықтың мазмұнына үстемдiк ете бастайды. Бұл жағдайда дәстүр дағдылы рәсiмге айналады.
Ыбырайдың қазақ халқының салт-дәстүрлерiн зертеудегi мақсаты дәстүрлердiң шығу тарихына ғылыми талдау жасай отырып, озығы мен тозығын ажырату, тәлiмдiк мән-мағынасын ашу, озық дәстүрдi тәрбиенiң құралы ету едi. Сонымен бiрге қазақ мәдениетiн орыс достарына бiлдiрудi мақсат еттi. Ол сол кездегi орыс чиновниктерi ойлағандай қазақтардың “ұры”, “тағы, көшпелi, жабайы халық” емес, өзiндiк мәдениетi, өнерi бар халық екенiн бiлдiрудi көздедi.
Қазақтың салт-дәстүрлерiн жинап зерттеумен бiрге, әр ауыл, болыс сайын мектеп ашып, мектеп жанынан монша, кiтапхана салып, қайтсем қазақ елiн мәдениеттi елдердiң қатарына жеткiземiн деп арпалысты. Ол өзiнiң орыс досы В.В.Катаринскийге жазған хатында “Қазақ халқы оқу-бiлiмге сусап отырған халық, әттең, бұл iске оқыған адамдардың жаны ашымайтыны есiңе түскенде, кейде күйiнесiң” кейбiр ақылдысымақтардың “қазақ тентек, қанiшер халық” деулерi мәңгi-бақи тек қағаз бетiндегi мағынасыз сөз болып қала бермек… Қазақтарды оқыту жөнiнде бастықтарымыздың бекiнiстер жанынан мектеп салудан гөрi, үйлерiнiң онсыз да қызыл төбелерiн боятқанды, онсыз да ақ қабырғаны ақтай түскендi тәуiр көредi”,- деп ел билеушi әкiмдерге ренiш бiлдiредi.
Философия ғылымының докторы, профессор Н.Сәрсенбаев өзiнiң “Әдет-ғұрып, дәстүр және қоғамдық өмiр” атты еңбегiнде әдет-ғұрып пен дәстүрдiң қоғамдық өмiрден алатын орнына, атқаратын қызметiне философиялық тұрғыдан талдау жасап: “Дәстүрге әдет-ғұрыптың өткен қоғамнан қалған озық түрлерi мен тұрмыстық формалары, ырым-жоралары, рәсiмдер жиынтығы кiредi”,— дейдi. Белгiлi бiр қоғамда немесе ұжымда қалыптасқан дәстүр, өзiнiң өмiр сүру заңдылығына толық ие болғаннан кейiн сол қоғамдық өмiрден жалғасын табады да, тұрақты орын алады. Екiншiден, дәстүр әдет-ғұрыптың жинақталған, көпшiлiкке ортақ салтанатты түрде қолданылатын түрлерi мен рәсiмдерiн де қамтиды. Мысалы, әскери салтанатты шерулер, әнұран ойнау, елтаңбаны, туларды дәстүрлерге жатқызамыз.
Үшiншiден, дәстүрге қоғамдық сананың ғылым мен әдебиеттегi, көркемөнер мен саясаттағы бағыттары енедi. Мысалы, бiз Пушкин, Горький, Абай, Науаилардың әдеби мұраларын зерттеушiлердi солардың әдеби дәстүрiн жалғастырушылар деп, ал ғылымда Ломоносов, Менделеев, Павловтың iлiмдiк дәстүрiн жалғастырушылар деп атаймыз.
Дәстүр — тарихи тұрақтанған, қоғамдық қарым-қатынастық нормада бiр ұрпақтан екiншi ұрпаққа жалғасып жататын, көпшiлiк қоғам мүшелерiне ортақ әдет-ғұрыптардың жинақталған түрi.
Ал жол-жоралар ырымдар — әдет-ғұрыптың бөлшектерi, сонан келiп салт пен дәстүр тоғысып, туындайды. Бiр әдет-ғұрыптың бiрнеше ырымдар мен рәсiмдерден, жол-жоралардан тұруы мұмкiн. Ырым рәсiмдер, жол-жоралар салттың құрамдас бөлшектерi болып саналады да, дәстүр осылардың сұрыпталып, өмiр өткелiнен өтiп, тұрмыста тұрақты-орын алған синтездiк формасы. Ал әдет-ғұрыпқа салттың синонимi деп қарау керек.
Бұл пiкiрдi профессор Н.Сәрсенбаев та қуаттайды. Салт-дәстүрлер бiр жағынан халықтың тұрмыс-тiршiлiгiмен байланысты туған этнографиялық құбылыс болып саналса, екiншi жағынан ұрпақ тәрбиесiнiң ритуалы болып саналады. Сондықтан ұлттық салт-дәстүрлердiң мән-мағынасын тәлiмдiк тұрғыда қарастырып, тозығынан озығын айыра қарау, бүгiнгi заман талабына сай келетiн прогрессивтiк мәндi дәстүрлердi ұрпақ тәрбиесiнiң пәрмендi құралы ретiнде орынды пайдалана бiлу қажет.
Дана халқымыз өзінің үлкен тарихында жас ұрпаққа тәрбие берудің бай тәжірибесін жинақтап, өзіндік салт-сана, әдет-ғұрып, дәстүр рәсімдерін туғызды. Бұлар – халықтың іс-әрекеттерінің қоғамдық ортада қалыптасқан нормалары мен ұстанымдарының көрінісі деп түсінген дұрыс. Қазақ халқы өмір сүрген ортаның әлеуметтік-экономикалық жағдайына, мәдениеті мен тарихына сай жастарға тәлім мен тәрбие берудің басқа халықтарда қайталанбайтын талап-тілектерін дүниеге әкелген.
Қазақ халқының ең құнды байлығы – салт-дәстүрі. Салт-дәстүрлердің пайда болуы мен қалыптасуының өзінің тарихы бар екені белгілі. Себебі, қазақ елі жеке ұлт ретінде құрылғанға дейін небір қиын-қыстау кезеңдерді бастан өткеріп, қазіргі таңда өзіндік сипатымен орныққан бүгінгі күнге жетіп отыр. «Аға ұрпақ пен болашақ ұрпақтың арасында ешқандай байланыс болмаған жағдайда, әрбір жаңа ұрпақ тарихи өткен мұраты, дәстүрлерді, қол жеткен жетістікті білмесе, оны сақтамаса қоғамның алға дамуы мүмкін еместігі ақиқат. Осыған байланысты жаңа ұрпақ бұрынғының барлық құндылығын сақтап, жаңа жаңалықтармен байытып, дамытып отырады. Бұл сабақтастықта ұрпақтар бірлігінде халықтардың дәстүрінің өміршең мәңгілігі бекітіліп, сақталып, жаңа ұрпақтың әлеуметтік және адамгершілік құндылықтарға қарым-қатынасы оның жеке тұлғалық қалыптасуына негіз болады, яғни, тарихи оқиғалар негізінде ұлт құндылықтарын айқындайтын дүниелер тізбегін білім алуға түсіндіру тұрғысы ұлттық тәрбиенің құзіреттілігінде екені анық.
«Салт-дәстүр дегеніміз – халықтардың кәсібіне, сенім-нанымына, тіршілігіне байланысты қалыптасқан ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отыратын қоғамдық құбылыс. Ол ұлттың ұлт болып қалыптасуымен бірге туып, бірге дамып келе жатқан тарихи және көне үдеріс. Адамның бүкіл өмірі мен іс-әрекеттері салт-дәстүрлерден өзекті орын алып, адамның дүниетану көзқарасын қалыптастыратын тәрбие мектебі болып табылады.
«Салт – кәсіпке, сенімге, тіршілікке байланысты әдет-ғұрып, дәстүр. Ол ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отырады. Уақыт өткен сайын салтқа өзгеріс еніп, өзгеріп, қоғамға байланысты бейімделіп келеді. Жаңа қоғамдық қатынасқа сай келмейтін салт-дәстүрлер ығысып, өмірге қажетті жаңалары дамып отырады.
Қазақ Кеңес энциклопедиясында салт ұғымына төмендегідей анықтама берілген: «Салт – халықтар кәсібіне, сеніміне, тіршілігіне байланысты қалыптасып, ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отыратын әдет-ғұрып, дәстүр. Уақыт озған сайын оған жаңалық еніп, өзгеріп қоғамдық болмыс ұстанымына бейімделіп отырады. Ал, жаңа қоғамдық қатынастарға қайшы келетіндері жойылып, өмірге қажеттілері жаңа жағдайда ілгері дамиды.
С.Қалиев: «Салт – адам өмірінің күнделікті тіршілігінде отбасынан бастап қоғамдық өмірдегі қатынастар жиі қолданылатын мінез-құлық, қарым-қатынас ережелері мен жол-жора, рәсім заңдарының жиынтығы – деп түсіндіре келе – …ол жеке адам өмірінде еңбек, іс-әрекет, адамгершілік, құқық, діни ережелерімен байланысты көрініс береді де, біртіндеп ауыл-аймақ, ру, тайпаға, ортақ рәсімге айналады. Ал, дәстүрдің өрісі салттан әлдеқайда кеңірек. Ол қоғамдық сананың барлық салаларымен байланыста дамыған, топтасқан қауымның қалыптасқан бірыңғай көзқарасын, әдет-заңын марапаттайтын ритуал. Ол ғылымда, әдебиетте, мектепте, халықтың ортақ өнерде немесе қоғамдық қатынаста көрініс беретін құбылыс. Дәстүр идеалогияға жақындау да, салт қоғамдық психологияға жақын. Мысалы: үлкенді сыйлау, қонақжайлылық – дәстүрлер. Олар көптеген салттардан, ырымдардан, жол-жоралардан рәсімдерден тұрады», - деп, ой түйіндейді.
2. Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының оқушы тұлғасын қалыптастырудағы мәні
Ғасырлар сынынан екшеліп, ұрпақтан ұрпаққа ұласып келе жатқан ұлттық мәдениеттің бір бөлігі салт-дәстүрлердің озық үлгілері жеке тұлғаның жан-жақты дамуына септігін тигізетіні анық. Бүгінгі таңда халықтың ежелден келе жатқан дәстүрлерін жинақтап, зерделеу мен зерттеудің, оның тәжірибесі негізінде жастарды тәрбиелеудің қажеттігі орынды. Сондықтан да, сондай қажеттіліктердің бірі – дәстүр мен салттың тәрбиелік мүмкіндіктерін қазіргі таңда ұрпақ тәлімінде шығармашылықпен қолдану жүйесін қалыптастырып, оның нәтижесін мұғалімдердің толық білім сапасынан және оны оқушылар тәрбиесінде пайдалана алу іскерлігінен, дағдысынан байқауға болады. Біз қазақ халқының ұлттық салт-дәстүрлерін шығармашылықпен байланыстыра қолдана отырып, ұлттық санасы биік, толық кемелденген, дамыған өркениеттің көшіне ілесер жан-жақты, заман талабына сай тұлғаны қалыптастырғанымыз.
Ұлттық тәрбиені салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты дәріптеп оқыту арқылы білім алушының бойына күнделікті өмір тұрғысындағы тәрбие нақыштарының сан белесінен хабардар етеміз. Сол дәстүр нақыштарымен, әдет-ғұрыптардың бүгінгі таңдағы рөлін айқындай отырып, оқушылардың халық үрдістеріне деген сүйіспеншілігін оятуды мақсат етуді негіздеу. Жалпы, салт-дәстүр, әдет-ғұрып адам психологиясымен етене байланысып, замана жаңаруына сай өзгеріп отыратын құбылыс. Қазақ – салт-дәстүрге бай халықтардың бірі. Жалпы адам өмірі салт-дәстүр, той-томалақ рәсімге, ырымдар мен наным, ән мен күйге толы. Салт-дәстүр халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан бір саласы. Ол адамдармен бірге туып, дамып қалыптасқан. Адам дүниеге келген күнінен баста өмірінің соңғы демі шыққанға дейін салт-дәстүрдің ықпалында болады. Ол бір адамның шығарған ой-түйсігі емес, халықтық сана-сезімнің қалыптасқан үрдісі іспеттес. Халықтың сан ғасырлар ұлттық тағылымына қатысты өзіндік ерекшеліктерінен туындаған салт-дәстүр, әдет-ғұрыптары мол. Салт-дәстүрлер қоғамның дамуына орай толысып немесе қолданыстан шығып қалып отыратын құбылыс болғандықтан, біз ұлттық тәрбиені оқыту барысында оларды шығу тарихын, қолдану заңдылықтарын ескере келіп, адам тәрбиесіне өзектілігіне көңіл бөлуіміз қажет. Оқыту барысында қамтылатын материалдардың ұлттық тәрбие жүйесін жетілдіруде оның тарихи мәнін ғана ашып беру емес, қазіргі заман жетістіктеріне сүйене отырып, өмір тынысына сай келетінін жаңғыртып пайдалана білуге үйретуді мақсат еткен орынды.
Дәстүр – ұрпақтан-ұрпаққа ауысатын, тарихи қалыптасқан нормалар мен үрдістер. Ол – қоғамдық ұйымдар мен халықтың мінез-құлқының, іс-әрекетінің рухани негізі. Жалпы адамзат есіндегілерді және әлеуметтік тарихи тәжірибені ұрпақтан-ұрпаққа жеткізуші және жинақтаушы. Дәстүрде бірнеше ұрпақтың мәдениеті мен мәдениеттілігінің көп түрлігі және бірлігі жинақталған. Ол қоғамдық өмірдің барлық саласын, тәжірибесін қамти отырып, қоғамның әр деңгейіндегі ақылды даналықты бейнелейді. Дәстүр мәдениетпен тығыз байланысты, сондықтан мәдениеті дамыған ел дәстүрге де бай. Ата-ананы құрметтеу, үлкенді сыйлау, адалдық, әділеттілік, мейірімділік сезімдері озық дәстүрлерге жатады.
Дағды, әдет-ғұрып деген ұғымдар адамның мінезі мен тіршілігіне байланысты қанға сіңген қылықтарды білдіреді», – деп түсінік берілген. Жеке анықтама беріп қарастырылғанымен мағыналары бір-біріне жақын салт-дәстүр мен әдет-ғұрыптардың пайда болу жолы тұрмыс-тіршілікпен тығыз байланысты екендігі белгілі.
Қазақ халқы ерте заманнан-ақ салтын берік ұстанып, аса қадірлеп келген, халқымыздың өзіне ғана тән, қайталанбас ерекше салт-дәстүрлері, әдет-ғұрып, жөн-жоралғылары бар. «Ұрпақтың ана бойына біткен кезінен бастап «құрсақ той» немесе «құрсақ шашу» ырымдарынан бастап, бала ер жетіп, ел қатарына қосылғанға дейінгі аралықты қамтитын түрлі ырым, жол-жоралғы, әдет-ғұрып тұтас бір тәрбие жүйесіне құралады.
Әдет-ғұрып жыры халықтың наным-сенімін, тұрмыс-тіршілігін бейнелейтін мәдени мұраның бір саласы. Бесік жырынан басталатын түрлі өлең-жырлар бала психологиясына сәйкес жас ерекшеліктеріне лайықты айтылады. Діни және тұрмыс-салт жырлары халықтық салт-дәстүр, наным-сенім, түрлі тіршілікке өзектесе оның рухани байлығын, ішкі жан дүниесін бейнелейді. Бата беру игі тілек, ақ ниетті білдіреді.
Халықтық дәстүрлердің аса бір үлгілі нұсқасы мақал-мәтелдер, жұмбақтар, шешендік сөздер, айтыс сияқты жанрлар ұтымды сөз, ұшқыр ой, терең де жан-жақты білімдар қасиеттерге баулып, төрелі сөзге тоқтай білуді үйретеді. Ертегі, дастан, батырлар жыры жасөспірімдердің қиялын шарықтатып, дүниетанымын кеңітіп, жерін қорғай білуге тәрбиелейді». Бастауыш сынып оқущыларын тәрбиелеуде халық дәстүрлерінің алатын орны зор. Мақал-мәтелдер, жұмбақтар, жаңылтпаштар, халық ертегілері кейіпкерлері бастауыш сынып оқушыларының мінез-құлқын қалыптастыруда алатын орны ерекше.
Осы дәріске ағымдық, аралық, қорытынды бақылау бойынша тест тапсырмалары және сұрақтар
1. Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарына сипаттама беріңіз.
2. Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының оқушы тұлғасын қалыптастырудағы орнын мысалмен дәлелдеңіз.
3. Қазақ халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарының оқушы тұлғасын қалыптастыруға арналған тәрбие жоспарын құрыңыз.

1


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   22




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет