Ұлттық тіл – ұлттық тәрбиенің өзегі
Дәріс жоспары
1. Ұлттық тіл – ұлттық тәрбиенің өзегі
2. Тіл – тәрбиенің маңызды құралы ретінде
Дәрістің қысқаша мазмұны:
«Тіл» дегеніміз - белгілі бір ұлттың ішкі заңдылықтарын қалыптасып, жүйеге түскен қатынас құралы екені белгілі. Ал даму деген ұғымды көпшілік әдебиеттерде «қарапайым түрден күрделі түрге көшу»,- деп түсіндіреді.
Философиялық сөздікте: «Тіл – кез-келген табиғи құбылыстың адамның іс-әрекеті процесінде танымдық және коммунаикативтік міндетін атқаратын белгілер жүйесі. Тіл табиғи да жасанды да болуы мүмкін. Күнделікті өмірде ойды бейнелеу формасы және адамдар арасындағы қарым қатынас құралы қызметін атқарады. Тіл әлеуметтік құбылыс. Ол қоғамдық өмір дамуының барысында пайда болады. Оның қажетті жағы – адамдар мен жеке адамдар мен жеке адамның іс-әрекетін үйлестіру құралы болып табылады. Тіршілікті және ойды білдірудің формасы бола отырып, тіл сонымен бірге сананы да қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Тіл жинақталған білімді тіркеу мен сақтау және оны ұрпақтан ұрпаққа жеткізу құралы болып табылады. Тіл - ой қорытудың қажетті құралы», – деген анықтама берілген.
М.Мұқанов: «Психика үнемі өзгеріске ұшырайды, бірақ оның құрамы бәрі бірдей өзгермейді, оның көп және аз мөлшерінде дамуға ұшырайтын қасиеті бар. Сонымен қатар, аз өзгерілетін қасиеттері (инвариант) психикалық дамудың тірегі және негізгі шарты болып есептеледі», - деген тұжырым жасаған.
Т.Тәжібаев: «Адамның санасы да, тілі де қажеттіліктен пайда болған. Егер адамдарда мұқтаждық болмаса, тіл де, сана да болмас еді», - дейді. Адамның қажеттіліктері: материалдық, рухани және қоғамдық қажеттіліктер болып үшке бөлінеді. Материалдық қажеттіліктер адамның өмір тіршілігінің негізіне байланысты. Рухани қажеттіліктерге танымдағы және эстетикалық қажеттіліктер жатса, қоғамдық қажеттіліктерге еңбекке, адамдармен қарым-қатынасқа деген қажеттіліктер жатады. Қарым-қатынас жасауға қажеттілігі – адамды тіл ұстартуға, байланыстырып сөйлеуге итермелейтін негізгі қозғаушы мотив болып табылады.
Қарым-қатынастың негізгі құралы – тіл. Сондықтан Л.С.Выготский, Л.Р.Лурия, А.А.Леонтьев, Л.А.Чистович және т.б. психологтар коммуникативтік қабілетті дамытуды тіл табиғатымен байланыста қарастырады. Аталған зерттеушілер коммуникативтік іс-әрекет ішкі тілек пен сыртқы түрткінің нәтижесінде туындайтынына ерекше көңіл бөледі. А.А.Леонтьевтің пікірінше, адамның негізгі мақсаты – сөйлеу емес, сол сөздің ықпалын пайдалану. Сөйлеу түсінігі сөйлеу әрекетімен қатар, өнім немесе нәтиже сияқты сөйлеу әрекетінің өнімді үдерістерінің нәтижесінде пайда болатын нақты материалды болжайды, яғни олардың жиынтығы мәтін немесе контекст деп аталатын, қабылдау мен түсіну нысанасы ретінде қызмет ететін, сөйлеу әрекетінің перцептивтік үдерістері жасалатын белгілі сөйлеу мен пікірлер болып табылады. Осы сипаттаманы Б.В.Беляев «Ойлау, тіл және сөйлеудің өзара қатынасы туралы» еңбегінде қарастырып, қабылдау мен сөйлеуді түсіну үдерістерін немесе сөйлеудің мазмұндылығы, түсініктілігі, айқындылығы және керектілігі зерттеу барысында, сөйлеу мен ойлау арасындағы өзара қарым-қатынасты анықтау жағдайларында сөйлеу әрекетінің өнімді болып табылатындығын талдайды.
Жүсіпбек Аймауытов «Баланы тілге жаттықтырудың мағынасы: баланы сөйлеуге, басқалардың сөзін ұғуға, өз бетімен жазуға, оқуға төселдіру. Бірақ бұл мағынасыз әдеттендіру, құрғақ төселдіру емес, тілге жаттығумен бірге адам ойлауға да жаттығады», - деп нақтыласа, Мағжан Жұмабаев «Педагогика» еңбегінде «Тіл – адам жанының тілмашы, тілсіз жүрек түбіндегі бағасыз сезімдер, жан түкпіріндегі асыл ойлар жарық көрмей қор болып қалар еді. Адам тілі арқасында жан сырын сыртқа шығарып, басқалардың жан сырын ұға алады» ,- деп жазады. Сондықтан коммуникативтік құзыреттілік тілдің дамуымен тікелей байланысты болып, тіл туралы білімімен анықталады. Сонымен қатар тұлғаның қарым-қатынастың вербалды емес құралдары туралы білімі мен түсінігіне, оны өзінің құрдастырымен, ересектермен қарым-қатынасында қолдана алуымен анықталады. Бастауыш сынып оқушыларының тілін дамыту оқу іс-әрекетінде және одан тыс уақыттарда қалыптасады. Педагогикада «қалыптастыру» ұғымы тұлғаны тәрбиенің сыртқы ықпалы, оқу, әлеуметтік орта әсерімен дамыту және қалыптастыру деп түсіндіріледі. Сондықтан бастауыш сынып оқушыларының тілін дамыту диалогтық сөйлеу, көпшілік алдында сөз сөйлеуі, жазбаша қарым-қатынас және топтық қарым-қатынасқа түсе алу білімі, білігі, дағдысы және тұлғалық сапалар жиынтығы деп тұжырымдаймыз.
Ұлттық құндылықтың басты көрсеткіштердің бірі – тіл. Бүгінгі таңда тіл мәселесі, оның қазіргі ұлттық мектептегі орны мен мәнін анықтау қоғам үшін маңызды міндет болып отыр. Мектептегі білім беру жүйесі баланың үйлесімді дамыған тұлғасын қалыптастыруда оның өз тағдырын шеше білу қабілетіне ерекше назар аударуы тиіс. Оқушының өмірлік ұстанымын анықтауға, ой-пікірлерінің еркін және дәлелді болуына, тәрбиесі мен тәртібіне, елге, жерге, отбасына деген сүйіспеншілігене сыни көзқарастың қалыптасуына ықпал етеді.
Білім беретін мектеп – баланы тәрбиелейтін бесік. Дана халқымыз «Баланың өскен бесігі – кең дүниенің есігі» деп түйіндеген. Отбасында, мектепте берген білім, сіңірген өнеге жас ұрпақтың ертеңгі өмірінің кепілі ретінде саналады. Әбу Насыр әл-Фарабидің: «Кімде-кім хикмат білімін оқып үйренуге кіріссе, ол, ең алдымен, жас болуы, ниеті дұрыс, әдепті, қайырымды адам болуы керек. Ондай кісі адамдарға мейірімді, таза, адал болуы, азғын қылықтардан: күнә, қиянат, зұлымдық пен аярлықтан таза болуы тиіс», - дейді. Бұл мектеп оқушысының, оның ішінде бастауыш сатыдағы баланың табиғатына, болмысына толық сәйкес келеді. Білім алушының интеллектуалдық әлеуетінің дамуында тіл пәнінен меңгерген білімдерін өзінің адами жағынан толысып өсуіне қажетті субъектілік мәні жоғары факторға айналдыра алуы шешуші рөл атқарады. Ол үшін «тіл – тұлғаның ойлау, сөйлеу мәдениетін жетілдірудің құралы; ұлттық-мәдени құндылықтардың ажырамас бөлігі; дүниетанымды қалыптастырудың тірегі; білім алушының логикалық ойлауын, жалпы жеке басының қасиеттері мен қабілеттерін дамытудың тетігі; білім алушының интеллектуалдық және қатысымдық құзыреттіліктерін дамытудың базасы ретінде қызмет етуі керек».
Абайдың пікірінше, адамның ішкі рухани казынасының молығуы тікелей өзінің қолындағы іс. Осы пікір Абайдың «Он тоғызыншы сөзінде» берілген. Философ-ақынның дүниетанымы бойынша сананың, ақылдың пайда болуы – күнделікті өмір тәжірибесінің нәтижесінен ғана туындайтын табиғи құбылыс. Соңдықтан да Абай он тоғызыншы сөзінде: «Адам ата-анадан туғаңда есті болмайды: есітіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады... Сол естілерден есітіп білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, соңда іске жарайды, сонда адам десе болады», — деп байлам жасаған.
Тәрбие адамдарға тән әлеуметтік категорияға жатады және тұлғаны дамытуда шешуші рөл атқарады. Даму дегеніміз, ең алдымен адам ағзасындағы физиологиялық және психологиялық сапалық өзгерістер. Бұл өзгерістер белгілі бір әлеуметтік ортада болады. Адам биологиялық жанды зат ретінде дүниеге келеді де, ол даму үдерісінде әлеуметтік қызметтерді (өмірге, адамдарға, еңбекке, тұтастай қоғамға қатысты, т.б.) атқару арқылы ғана тұлға болып қалыптасады.
Білім беру үдерісінде қалыптасқан қағида бойынша оқыту мен оқушыны дамыту үнемі біртұтастықта қаралып отыруы тиіс. Бұл талап мемлекеттік идеология мен білім беру саласының арасындағы өзара сабақтастыққа қарай жетілдіріліп отырады. Оқытуды жаңарту жағдайында білім мен талаптың бірлігі туралы Ж.Аймауытовтың мына пікірінің құндылығы жоғары. Ғалым баланың өз ортасында қалыптасып дамитынынын айта отырып: “Тәртіп пен оқыту жақындасып айқасу керек. Жақсылықтың не екенін білу аз, жақсы істі ете алатын ерлік керек. Бұл – оқыту мен тәртіптің істері. Бала әлеуметтік рухында тәрбиеленуі керек. Шәкірт көңілі соққан нәрсеге емес, істеуге міндетті нәрсеге үйретілуі керек. Ол мектеп ережесін құрметтей біліп, әлеумет, мемлекет тілегіне өз тілегін бағындырып үйрену керек”, – дейді. Оған ықпал ететін аса маңызды факторлар ретінде қазіргі жаһандану үдерісінің ұлттық құндылықтарға ықпалы, бәсекеге қабілетті тұлға қалыптастырудың жаңа шарттары, инновациялық бағдарларды айқындау жолдары, оларды оқыту үдерісіне ендіру мүмкіндіктері алынады.
Тіл оқушының өзгелерді тануына, өзін танытуға мүмкіндік береді. Тілсіз адамның биік нәтижелерге жетуі, рухани дамуы мүмкін емес. «Тіл арқылы оқушы дүние туралы білім алып, өз көзқарасын қалыптастырады, алдыңғы ұрпақтың өлшеусіз өмір тәжірибесін үйренеді, ұғым-түсінігін кеңейтеді. Тек тіл арқылы көңіл-күйін, ішкі сезімін білдіруді үйренеді.
Достарыңызбен бөлісу: |