Пәндік сауаттылық
Пәндік сауаттылық дегеніміз – адамның белгілі бір қызмет саласында немесе пәндік салада белгілі бір білімді, дағдыларды және құзыреттерді тиімді қолданып жұмыс істеу қабілеті. Бұл термин фактілер мен ақпаратты білуді ғана емес, сонымен қатар оларды практикалық жағдайларда қолдана алуды, осы салада жаңа білімді талдауды, синтездеуді, бағалауды және қалыптастыруды көздейді.
Пәндік сауаттылық адамның белгілі бір пәнге тән нақты білімді, ұғымдар мен әдістерді меңгеру деңгейімен байланысты.
Пәндік сауаттылықты дамыту – білім берудің маңызды міндеті, өйткені ол адамдарға өздері таңдаған қызмет саласында табысты жұмыс істеуге және әлеуетін іске асыруға көмектеседі, сондай-ақ сыни ойлау мен шығармашылық қабілеттерін дамытуға ықпал етеді.
Оқу процесінде кешенді жүйелі-әрекеттік тәсілді іске асыру маңызды. Сонда оқу процесі әртүрлі сынып оқушыларының оқу-танымдық және оқу-практикалық міндеттерді шешу, педагог беретін білім мен қалыптастыратын дағдыларды қолдануға немесе беруге арналған тапсырмаларды орындау процесі ретінде жүреді.
Әр педагог оқу процесінде қолдануды жоспарлап отырған тапсырмалар жүйесін талдауы керек. Ол өз жұмысының нәтижесі сабақта берілетін және оқушыларға үйде жұмыс істеуге берілетін материалдарға негізделетінін назарда ұстауы керек. Сонымен қатар келесі сұрақтарға жауап іздеудің маңызын түсіну қажет:
Қандай тапсырмалар функционалдық сауаттылықты қалыптастыруға көмектеседі?
Мұғалім қолданатын оқулықтар мен оқу құралдарында осындай қанша тапсырма бар?
Функционалдық сауаттылықтың тұрақты деңгейін қалыптастыру үшін тапсырма саны жеткілікті ме?
Жүйелі-әрекеттік тәсіл мұғалімнің сабақта практикаға бағытталған тапсырмаларды қолдануын көздейді. Биология пәні бойынша практикаға бағытталған тапсырмалар дегеніміз – күнделікті өмірде қажет болатын практикалық дағдыларды қалыптастыруға, оның ішінде өлкетану материалдарын, өндірістік-биотехнологиялық процестердің элементтерін пайдалануға байланысты қоршаған ортаның шындығынан алынған тапсырмалар.
Мұндай тапсырмаларды берудегі мақсат – әлеуметтік маңызы бар жағдайларда әрекет ету қабілетін қалыптастыру. Практикаға бағытталған тапсырмалар пәндік білім мен дағдыларға негізделген, бірақ жиған білімді практикада өмірлік мәселелерді шешу үшін қолдана білуді талап етеді.
Мысал келтірейік.
Салмағы 10 грамм жертесердің тәулік бойы жейтін жәндіктерінің саны өз денесінің салмағына сәйкес келеді. Олар жойған барлық жәндіктің шамамен 40%-ы – орман зиянкестері. Тіршілік ету жағдайына сәйкес орманның 1гектарында орта есеппен 100 жертесер бар. Келесі сұрақтарға жауап беріңіз:
25 га орманда қанша жертесер тіршілік етеді?
25 га ормандағы жертесерлер бір күнде жейтін зиянкестердің массасы қандай?
25 га орманда жылына қанша (салмағы) зиянкес жойылады?
Тұқым қуалайтын қант диабеті ауруы (рецессивті мутациядан туындайды) инсулиннің болмауына байланысты қандағы қант концентрациясының жоғарылауымен сипатталады. Адам бұл аллельді ұрпағына бере алады. Адамға тән тұқымқуалаушылықты зерттеудің қандай әдістері осы аурудың себептерін және белгінің тұқымқуалаушылық сипатын анықтауға мүмкіндік берді?
Кейбір бактериялар мен зең саңырауқұлақтары дәрі-дәрмектер жасау үшін қолданылады. Бұл организмдерді қолданудың негізінде олардың қандай ерекшеліктері жатыр?
Дәрігерлер неге тағамға йодталған ас тұзын қосуды ұсынады? Йод жетіспеген кезде ағзада қандай ауытқулар пайда болады?
Жұмыртқалағыш Леггорн тауықтарының жылына 300-ден астам жұмыртқа беретін жабайы банкив тауықтарынан айырмашылығы – олар жыл бойы жұмыртқа береді. Селекционерлер мұндай нәтижеге қалай қол жеткізді?
Желдің бағыты тұрақты болатын аймақта өсетін ағаштардың басы (бөрікбасы) ту тәріздес келеді. Қалыпты жағдайда осы ағаштардың шыбықтарынан өсірілген өсімдіктердің бөрікбасы қарапайым пішінге ие. Осы құбылысты түсіндіріңіз. Бұл жағдайда өзгергіштіктің қандай түрі бар?
Оқытудың метапәндік нәтижелерін талдау функционалдық сауаттылыққа баса назар аудару оқушыларды танымдық процеске қатысуға, ақпаратты талдауға және сегменттеуге, қорытынды жасауға және алынған деректерді әртүрлі оқу бағыттарында пайдалануға қабілетті ететінін көрсетеді. Бұл сыныптың үлгерімін жақсартады.
Осылайша, оқушының функционалдық сауаттылығы білім берудің мақсаты мен нәтижесі болып табылады. Функционалдық сауаттылықты қалыптастыру – педагог жұмысының міндетті шарты. Бұл міндетті жоғары тұрған ұйымдардың жоспарлары мен мониторингілеріне қарамастан, қиындықтар мен тәуекелдерді еңсере отырып шешу керек. Бұл бағыттағы шешімдер асығыс қабылданбауы қажет.
Жұмыс «сұраныс бойынша» емес, жақсы ойластырылған, мұқият жоспарланған, жүйелі түрде жүргізілуі керек. Сондай-ақ уақыт бойынша нәтижелерді бағалау мүмкіндігі болуы қажет. Нәтижесінде оқушылар құбылмалы әлеммен табысты қарым-қатынас жасау, оқуда және өмірде әртүрлі (оның ішінде стандартты емес) мәселелерді шешу мүмкіндігіне, әлеуметтік қарым-қатынастар жасау қабілетіне, сауатын бағалауды қамтамасыз ететін рефлексивті дағдылар жиынтығына ие болуы және әрі қарай білім алуға ұмтылуы қажет.
Глоссарий
Достарыңызбен бөлісу: |