Арнаулы зерттеу әдістері.
Бұл әдістер ішінде маңыздылары мыналар:
Диагностикалық пункциялар (буын, плевра қуысының пункциясы, лапароцентез, қынаптың артқы күмбезінің пункциясы);
Эндоскопия (эзофагогастродуоденоскопия, колоноскопия, цистоскопия, артроскопия, торакоскопия, лапароскопия).
Ангиография ( бұл әдіс сирек қолданылады, өйткені күрделі әдістердің біріне жатады, қан кету қарқыны мардымсыз болған кезде және қан тамырының жарақатының сипаты белгісіз болған кезде қолданылады.
Ультрадыбыспен тексеру
Компьютерлік томография, магнитті-ядролық резонанстық томография, магнитті-резонанстық томография. Бұл аталған әдістердің барлығы да қанның құйылған жерін анықтауға бағытталған әдістер.
Қан кетудің жалпы белгілерін анықтаудың маңызы өте ерекше. Біріншіден, ол (ішкі қан кетуді анықтау үшін) науқастың жағдайы ауыр және қан кетудің себебі белгісіз болғанда ішкі қан кетуді анықтау үшін қажет.
Екіншіден, жалпы симптомдар негізінде жоғалтқан қан көлемі болжамды түрде анықталады. Соңғысының емдеу тактикасы мен оның сипатын анықтауда маңызы зор.
Қан кетудің классикалық симптомдары:
Шағымдары:
әлсіздік;
бас айналуы, отырған немесе түрегелген кезде;
көз қарауытады, көз алдында «шіркейлер» елестейді;
ауа жетіспеушілік сезімі;
мазасыздану;
жүрек айну;
Объективті белгілері:
тері жамылғысының бозаруы, салқын тер басуы, шеткі аймақтардың көгіс тартуы (акроцианоз);
науқастың қимылының азаюы (гиподинамия);
жүрек соғуының жиілеуі (тахикардия), жіп тәрізді пульс;
артериялық қан қысымының төмендеуі;
ентігу;
несеп түзілуінің азаюы;
Лабораториялық көрсеткіштер:
Қанның мына көрсеткіштері бағаланады:
Шеткі қан құрамындағы эритроциттер саны. Қан кетудің бастапқы кезінде қалыпты күйде қалуы мүмкін. Кейде, деподағы эритроциттер мобилизациясынан соң көтеріңкі болуы да мүмкін. Қалыпты жағдайда аталған көрсеткіш 4,0-5,0 млн/л тең. Бірақ, кейінірек қан кету жалғаса берсе бұл көрсеткіш эритроцитттерді жоғалту мен аутогемодилюция салдарынан төмендей береді
Шеткі қан құрамындағы гемоглобин аутогемодилюцияға байланысты төмендейді. Қалыпты жағдайда оның деңгейі 125-160 г/л тең.
Гематокрит – формалық элементтер көлемінің жалпы тұтас қан көлеміне қатынасы. Қан кету кезінде төмендейді. Қалыпты жағдайдағы деңгейі – 44-47% тең.
Қанның жеке салмағы. Тәжірибеде сирек анықталады. Қан кету кезінде бұл көрсеткіш төмендейді. Қалыпты жағдайда 1057-1060 тең.
Жоғалтқан қанның көлемін бағалау. Қан кетіп жатқан науқастың жағдайының қатаңдығы мен оны емдеу тактикасы осы жоғалтқан көлеміне байланысты. Оның ішінде айналыстағы қан көлемін анықтаудың маңызы зор. Айналыстағы қан көлемінің құрамына барлық формалық элементтер мен плазма кіреді.
Айналыстағы қан көлемінің 55-60% плазма, 40-45% қанның формалық элементтері құрайды. Айналыстағы қанның көлемінің 80% жүрек-қантамыр жүйесінде, 20% паренхиматоздық ағзаларда орналасады. Ал қан көлемін қантамырларына бөлетін болсақ: көктамырда 70-80%, артерияларда 15-20%, капиллярларда 5-7,5% қан бар. Айналыстағы қан көлемін белгілі бір адамда анықтау үшін бірқатар әдістер ұсынылды. Орташа есеппен айналыстағы қан көлемі 5-6 литрге тең. Сау адамдарда дененің 1 м2 2,8 литр қан тиесілі, әйелдерде бұл көрсеткіш 2,4 литрге тең.
Ер адамдарда айналыстағы қан көлемі дене салмағының 7,5% құрайды, бұл көрсеткіш әйел адамдарда 6,5% тең. Дене салмағының 1 кг-на ер адамдарда 70 мл қан болса, әйелдерде 65 мл қан болады. Айналыстағы қан көлемін дәл анықтау үшін бояғыш заттар (Эванс көгі) мен радиоизотоптық әдісті пайдаланады. Дегенмен, бұл әдістер клиникада сирек қолданылады. Өйткені қан кетіп жатқан науқасты тексеруге уақыт тапшылық етеді.
Достарыңызбен бөлісу: |