Артерияны саусақпен басу.
Мейлінше қарапайым және қосымша құрал-сайман қажет етпейтін әдіс. Бұл әдістің артықшылығы – тез арада қолдануға болатындығында, ал кемшілігі оны 10-15 минут ішінде ғана, яғни қысқа мерзім ішінде қолдануға болатындығы. Артерияны саусақпен басуға (қысуға) негізгі көрсеткіш сол тиісті артерия бассейнінен массивті артериялық қан кету. Саусақпен артерияны басу шұғыл жағдайда, қан тоқтатудың басқа түріне дайындау кезінде уақыт ұту үшін, мысалы, қыл бұрау салуға дайындық кезінде таптырмайтын әдіс. Аталған әдісті тез және ұтымды пайдалану үшін
артериялардың орналасқан жерін, олардың сыртқы нобайларын және оларды қысатын сүйекті түзілістердің нүктесін жақсы білу қажет. Олар топографиялық анатомия мен жедел хирургия әдебиеттерінде жеткілікті дәрежеде келтірілген.
Аяқ-қолды мейлінше бүгу.
Бұл әдіс сенімді емес, дегенмен жарақаттау дәрежесі аз. Бұл әдіс аяқ-қол сегменттерінің ірі буындардан төмен орналасқан жерлерінен қан кеткенде нәтиже береді. Мысалы, ұршық буынын сан артериясынан қан кеткенде, тізе буынын аяқ басы мен балтырдан, иық буынын – қол басы мен білектен қан кеткенде мейлінше бүгу керек.
Аяқ-қолды жоғары ұстау әдісін капиллярдан немесе көктамырдан қан кеткенде қолданады. Әдіс өте қарапайым.
Қысып таңу.
Бұл әдісті қолдану үшін дәке мен таңғыш материалдар қажет. Қысып таңу әдісі көктамырлар мен ұсақ қан тамырларынан, әсіресе аяқтың кеңейген көктамырларынан қан кеткенде таптырмайтын әдіс.
Жараны тығындау (тампонада).
Қуысты жараның ұсақ тамырларынан, капиллярлардан, көктамырдан қан кеткенде, әсіресе операция кезінде жиі қолданылатын шара.
Қанап тұрған тамырға қысқыш салу.
Негізінен операция кезінде қолданылатын әдіс. Бұл әдіс сенімді, қарапайым, нәтижелі, сондықтан кең таралған. Бірақ қысқышты ұқыпты және көзбен бақылап отырып салу керек. Өйткені, қысқыш езулерінің арасына магистралды қан тамыры немесе нерв түсіп кетуі мүмкін.
Тамырды уақытша жалғау.
Бұл әдіс магистралдық қан тамырлары жарақаттанған кезде қолданылады. Аталған тамырларда қан айналысының тоқтауы науқастың өміріне қауіп төндіруі немесе басқаша да қиын жағдайлар тудыруы мүмкін. Бұл әдісті хирург тамыр тігісін білмеген жағдайда, аудандық аурухана жағдайында және науқасты тасымалдау үшін ұзақ уақыт қажет болғанда қолданса әбден дұрыс болады. Магистралдық қан айналысын сақтау және ишемияны болдырмау үшін хирург жарақаттанған тамырларға түтік (полиэтилен, әйнек) қойып бекітеді. Науқасты тасымалдаған кезде аяқ – қолды бекітіп, антикоагулянттар тағайындау қажет.
Достарыңызбен бөлісу: |