Салыстырмалы-педагогикалық зерттеулердің әдіснамалық тұжырымдамалары. Арнайы әдебиеттердегі осы мәселе бойынша жарияланымдарды талдау әдіснамалық тұжырымдамалардың басты үш тобы бар екенін көрсетеді. Бірінші тобына көбінесе 1960 жылдары жасалған тұжырымдамалар кіреді; мүмкіндігінше статистикалық сипаттағы деректерді жинауға ерекше көңіл бөлуді ұсынады. Екінші топқа 1970–1980 жылдарға тән, бірінші топқа толықтай қарама-қарсы тұжырымдамалар жатады. Яғни, алдын ала жасалған ғылыми болжамнан деректерді жинауға және талдауға өту. Үшінші топқа деректер жинау мен ғылыми болжам жасау (немесе мәселені тұжырымдау) арасындағы қарым-қатынас туралы мәселе өткір қойылмайтын тұжырымдар жатады. Салыстырмалы педагогиканың жеке ұстанымдары мен педагогикалық зерттеулердің негізгі әдіснамалық ұстанымдарын қатаң қадағалау керек: дұрыстылығы және кешенділігі; нақты-тарихи тәсіл; педагогикалық жүйелілік; шетелдік педагогикалық тәжірибенің қарама-қайшылығы.
Салыстырмалы педагогикадағы әдіснамалық тәсілдерді ғалымдар былайша жіктейді: тарихи тәсіл жеке елдегі, өңірдегі, сондай-ақ ғаламдық ауқымда қажет білім дамуын тарихи талдауды болжайды; ұлттық-сипаттамалық тәсіл білім ұлттық сипаттағы білдіруші және өнім ретінде қарастырылады; философиялық тәсіл нақты білім жүйесінің философиялық негізін айқындайды және сипаттайды; әлеуметтанушылық тәсіл әлеуметтануды білімнің салыстырмалы зерттеулерінің негізі болып табылады деп есептейді; мәдениеттанымдық тәсіл білім мәселелерін мәдениеттанымдық тұрғыда қарастыруға бағытталған; әлеуметтік-ғылыми тәсіл барлық әлеуметтік ғылымдардан бір тәсілді тұжырымдау қажет деп есептейді; экономикалық тәсіл 1960 жылдардың ортасында пайда болды және «білім экономикасы» деген аралық пәннің қалыптасуына әсер етті; мән мәтіндік тәсіл білім жүйесі мақсатының әлеуметтік, экономикалық әрі саяси мәнмәтінін және қазіргі заманғы жетістіктерін салыстырмалы талдау бағытында құрылған; мәселе шешетін тәсіл негізі болып табылатын «әлеуметтік өзгеріс теориясы» деп аталған теориясын құрды; антропологиялық тәсіл дүние жүзіндегі компаративистер арасындағы кең қолданылатын қазіргі заманғы тәсілдердің бірі болып табылады; этнографиялық тәсіл антропологиялық тәсілден шығады, яғни салыстырмалы зерттеулердің этнографиялық аспектілеріне қатты мән берілетін антропологиялық тәсілдің түрі болып табылады; географиялық тәсілдің мәні білім құбылыстарын, негізінен, елдің географиялық орны мен ерекшеліктерін, климатын, демографиялық жағдайын және т. б. Зерттеу болып табылады; статистикалық тәсілдің мәні – әртүрлі елдегі білім туралы статистикалық деректерді жинау, өңдеу және талдау.
Қазіргі уақыттағы әдіснамасының көптігі (полиметодологизм), тарихи білімді гуманитарландыруға ұмтылу, интеграциялық үдерістің күшеюі тұсында тарихи педагогикалық зерттеудің зерттеу көздері арқылы бағалануы негізінде, тарихи педагогикалық зерттеу көздері де зерттелуде. Сондай-ақ, тарихи-педагогикалық дерекнама, тарихнама, тарихи педагогикалық объектіні сапалық және сандық сипаттау, дәйек, құбылыс, үрдіс, жеке тұлғалардың жігін ажыратып, олардың шындықпен бағалануы ең маңызды әдіснамалық мәселелер болып отыр. Тарихи-педагогикалық зерттеулер жіктемесі де жасалуда: жалпы педагогика тарихы, дидактика тарихы, мектептану тарихы, тәрбиенің әр түрлі салаларының тарихы; орта және арнайы, жоғары, кәсіптік техникалық білім тарихы; әр түрлі педагогикалық мәселелер, ағымдар, бағыттар, білім мекемелері тарихы; жеке тұлғаларының тарихы және т. б. Педагогика тарихында зерттелетін және зерделенетін мәселелер әлі де көп-ақ. Педагогикалық құбылыстың мәніне нақты тарихи көзқарас толық қалыптасып болған жоқ. Өйткені, тарихи-педагогикалық зерттеулердің талдану жүйесі көбінесе мемлекеттік идеологияның талаптарынан асып кете алмайды. Кеңес үкіметі кезінде таптық күрес доктринасы басым болды. Соңғы уақытта тарихи педагогикалық құбылысты ұлттық идея тұрғысынан бағалау, ой елегінен өткізу жолдары ұсынылуда. Ұлттық білім беру жүйесі – әлемдік білім беру жүйесінің бір бөлігі. Көп уақыт педагогика тарихында партиялылық, әлеуметтік-таптық, мәдени-тарихи тұғырлар педагогикалық фактілерді, құбылыстарды, үдерістерді, нәтижелерді талдауда бірден-бір басшылыққа алынған бағдарлар ретінде орын алады. Әрине, мұндай жағдайда тарихи педагогикалық білім мен мәліметтердің бұрмалануы да орын алды. Педагогика тарихы кейде ұлттық мүддеден тыс қарастырылады, негізінен Батыс Еуропа мен Ресей педагогикасының тарихы мысалында зерделенеді. Дегенмен, тарихи педагогикалық үдеріс нағыз ғылыми тұрғыда қарастырылып, зерттелуі қажет-ақ.
Тарихи-педагогикалық әдіснама тұтас тарихи-педагогикалық үдерістің құрылымының сипаты мен құрамдас бөліктерін объективті ғылыми- тарихи зерттеулерді талап етеді. Осы жағдайда ғана тарихи педагогика өз қызметін а) теориялық танымдық, б) әлеуметтік-аксиологиялық, в) дәлелдік-сындық; г) эвристикалық-болжамдық; д) тәрбиелік; е) дәлелденушілік және өлшемдік қызметін атқара алады.
Қазақстан Республикасы көп ұлтты ел болғандықтан, билік пен келісімге құрылған мәдениетті тұлғаны тәрбиелеуде тек жеке тұлғаның іс- әрекетіндегі шығармашылық мәдениетін дамытумен ғана шектелмей, субъектінің қоғамдық құндылағын тәрбиелейтін міндеттер – ізгілік, бұқарашылық ұстанымдарына сай әрекет жасау қабілеттері дамытылуы керек.
Достарыңызбен бөлісу: |