70.Қазақ тіліндегі альтернация құбылысы.
Алмасулар: ы/0, і/0 (нөл): ойын-ойна, қырық-қырқыншы, ерік-еркім, көрік-көркім [3, 174]. Орыс тілінің дауысты дыбыстар жүйесінде морфонологиялық алмасулардың түлері көп. Альтернация мүшелері ретінде дауысты мен нөл дыбыс та, дауысты мен дауыссыз дыбыс та алмасуда қатынасады екен:
Алмасулар:о/0, е/0: сонь -сна, денъ- дня, пенъ -пня т.б. [4.175].
Альтернациялық алмасуға қатынасатын дауысты дыбыстардың саны екеу, үшеу болуы мүмкін, дауысты мен дауыссыз тіркесіп алмасуға қатынасуы мүмкін. Мысалы, Алмасулар:
ы /у/о: засыхатъ – засушитъ – засохнет;
е/о петъ – пой;
и/е битъ – бей;
ев/у ночеватъ – ночую;
ов/у соватъ – сую; т.б. [3, 175].
«Сонымен, егер орыс тілінде дауыстылардың морфонологиялық алмасуы әрі көп, әрі сан түрлі болса, қазақ тілінде морфонологиялық алмасуда тек дауысты [ы, і] және /нөл дыбыс/ қатынасады. Қазақ тілінде екі, үш дауыстыдан тұратын, дауысты мен дауыссыз біріккен морфонологиялық алмасулардың болуы мүмкін емес, ал орыс тілінде мұндай морфонологиялық алмасулар тілдің үлкен ерекшелігі, белгілі қасиеті болып саналады»,- дейді М.Жүсіпұлы [3, 174-175]. Дегенмен, морфонологиялық құбылыстарды тап басып көрсетуге келгенде әлі де әртүрлі көзқарастар бар. Мысалы, қазақ тілінің дәстүрлі зерттеулерінде ойын-ойна, мұрын-мұрны, ерін-ерні деген сөздердегі ы, і қысаң дауыстылардың түсіп қалуын, яғни қысаң дауыстылардың нөл дыбыспен алмасуы «толық редукция» деп аталып, фонологиялық алмасуға жатқызылған [5, 74].
Ал М.Жүсіпұлы мұндай алмасуларды морфонологиялық құбылысқа жатқызады. Оның көрсетуі бойынша, мұрын-мұрным, дарын-дарыным деген сөздердің бірінде қысаң дауысты ноль дыбыспен алмасатын болса, екінші дәл осындай жағдайда өзгеріс болмайды. Сондықтан бірдей жағдайда екі түрлі алмасу болуы фонологиялық құбылысқа жатпайды, оны морфонологиялық құбылыс деп дәлелдейді. Фонологиялық заңдылық бірдей жағдайда екі түрлі болуы мүмкін емес. Демек, фонологиялық алмасуларда заңдылық толық сақталып отырса, ал морфонологиялық құбылыстарда бір сөздерде алмасу болса, дәл осындай жағдайдағы келесі сөздерде алмасу кездеспейді. Мысалы, мұрын-мұрным, сабын-сабыным. Бұрын фонетика заңымен түсіндіріліп жүрген парақ-парағым, жүрек-жүрегім, доп-добым, мектеп-мектебім сияқты сөздердегі қ/ғ, к/г, п/б алмасулары морфонологиялық алмасуға жатқызылуы тиіс екен. Мәселен, Алмасулар:
қ/ғ: парақ-парағым-парақтар;
к/г: терек-терегім-теректер;
п/б: доп-добым-доптар;
п/т: мектеп-мектебім-мектептер
М.Жүсіпұлының көрсетуі бойынша, «Орыс тілінде дәл осындай көзге іліп аларлық морфонологиялық алмасулар кездеспейді. Ал город [т] - города, рог [к] - рога сияқты сөздердегі алмасулар морфонологиялық алмасулар емес, фонологиялық алмасулар екеніне ешқандай дау жоқ. Мұндай сөздерде финалды ұяң дауыссыз дыбыс қатаңдайды, ұяң және қатаң дауыссыз дыбыстар үшін сөздің финалдық позициясы - әлсіз позиция. Себебі, бұл позицияда орыс тілінің ұяң, қатаң дауыссыздары қарама-қарсылық оппозиция, корреляция жасай алмайды: ұяң да, қатаң да болып дыбысталады», - дейді [3, 182]. Бұл туралы Н.Оралбаева мен А.Қалыбаева еңбегінде: «Кері ықпал тұсында түбір соңы к, қ, п қатаң дауыссыздарға біткендерге дауыстыдан басталатын екінші морфеманың басқы дыбысы әсер етіп, көг-і, шоғ-ы, таб-ылды, тау-ып, т.б. құбылулар да морфонологияның еншісіне тиеді», - деп көрсетілді
Достарыңызбен бөлісу: |