40.Орфографияның принциптері
Орфографиялық принцип бір сөз екі түрлі не одан көп түрде жазылатын жағдайда соның біреуін таңдап алуды айқындайды. Осы принциптердің (лат.principium– негіз, бастау) негізінде жазу жүйесінде дыбыстарды (фонемаларды) әріптермен белгілеу орфографияның өзекті мәселесі болып табылады. Сөздің дыбыстық құрамын белгілеуде көбіне-көп басщшылыққа алынатын принцип жетекші принцип немесе негізгі, басты принцип делінеді.
Қазіргі орфографияларда негізінен морфологиялық, фонетикалық және дәстүрлік принциптер қолданылады. Сондай-ақ дифференциялаушы принцип те болуы мүмкін.
Морфологиялық принцип сөздің морфологиялық құрамын ескеріп, морфемалар (сөз және қосымша) құрамында болатын дыбыс алмасуларын елемей, бастапқы қалпын сақтап жазу. Мысалы: жан, жамбады, жаңғанда түрде айтылатын сөзформаларға ортақ түбір – жан, сондықтан: жан, жанбады, жанғанда деп жазылады. Ал: жаз, жазса, жазшы, айтуда: жаз, жасса, жашшы, алайда түбір (жаз) сақталып жазылады. Морфологиялық принципті фонемалық принцип деп те атайды. Мұнда бір фонема әр түрлі құбылғанына қарамастан үнемі алфавиттегі бір–ақ әріппен белгіленеді. Бұған жоғарыдағы мысалдан көз жеткізуге болады.
Фонетикалық принцип бойынша сөз айтылуындағыдай жазылады, яғни әрбір фонеманы емес, дыбысты білдіреді. Сонда: жаз, жасса, жашшы, жан, жамбады, жаңғанда түрде жазылады да, фонемалық транскрипцияға жуықтайды.
Дәстүрлік принцип сөздің бір кезде жазылып қалыптасқан, дәстүрге айналған түрін сақтап жазу. Бұған қазақ тіліндегі: хат, хабар, халық, қаһар, жаһан сияқты сөздерге х, һ әріптерін пайдалануды жатқызуға болады. Дәстүрлік принцип тілдің қазіргі қалпына қайшы келуі де, келмеуі де мүмкін.
Дифференциялаушы (лат. differentia–айырым) принцип – дыбыстық құрамы бірдей сөздерді бір-бірінен орфографияның көмегімен айыру. Бұл принцип қазақ тіл білімінде ескерілмейді. Дұрысы, дәстүрлік принцип бойынша: хабар, хал, халық, хан, хат, хош түрінде жазып жүргендеріміз, о баста тіліміздегі омонимдерді (қабар, қол, қалық, қат, қош) орфографиялық жақтан айырудың нәтижесі деп түсіну керек. Қазақ тілінде 2,5 мың омоним сөз бар, 10-15 сөзді түрлендіріп жазу арқылы бұл мәселені шешу мүмкін емес.
Дифференциялаушы принципке тілімізде бір сөздің мағыналы жақтан екіге жарылып, соған орай орфограммасының (грек.orthos –дұрыс, gramma –әріп) да өзгеруін айтуға болады: үкімет–өкімет, ауа– әуе, ақырет –ақирет, уақиға –оқиға, балағат –балиғат, ғылым –ілім, дауа– дағуа, дуа–дұға, дуана–диуана, қазір–әзір, жаңқа–жоңқа, қажет –әжет, қаһар –кәр, хал–әл, мәлім –мағлұм, тәлім –тағылым, мән –мағына, уәде – уағда т.б.
Қазақ орфографиясының негізгі принципі– морфологиялық принцип. Орыс орфографиясында да солай.
Достарыңызбен бөлісу: |