9.А.Байтұрсынов - қазақ фонетикасының негізін салушы
Алайда сөз ішінде кездесетін қысаң дауыстыларды жазбау, сөздердің дыбыс, буын құрамын тұмшалап, көп қиындық келтірді. Мысалы: қи (қый), жйин (жиын), қйсқ (қыйсық), алти (алтын), салқн (салқын), сзқ (сызық), алу (алұу), табу (табұу), сөну (сөнүу), жүру (жүрүу).
Осы күні бірде жуан, бірде жіңішке дауысты түрінде танылып жүрген у-дың негізі сол кезде қаланған сияқты.
Кітапта қазақ тіліндегі дыбыстардың таңбасы деп 24 әріпті санамалайды да, оның 5-еуі дауысты, 17-сі дауыссыз деп көрсетеді. Жалпы санда бар й, у бөліс кезінде қалып қойған. Жазуда тоғыз дауыстыға да таңба берілген. Алайда олардың жіңішке сыңарларын (е ден басқаларын) санға қоспаған.
Сонымен әліппеде тоғыз дауысты мен 19 дауыссыз жеке-жеке таңбаға ие болған. Бұл «Оқу құралы» 1925 жылы 7 рет қайта басылды.
А.Байтұрсынұлы еңбектерінің әсіресе елеулісі - «Тіл-құрал» атты оқулықтары.
«Тіл-құрал» деген аты қандай жат көрінсе, ішкі мазмұны да әуелгі кезде сондай жат көрінер, үйткені бұл-қазақта бұрын болмаған жаңа зат,-деп жазды ол алғаш 1914 жылы жарық көрген кітабының алғы сөзінде.
Мұнда ол тұңғыш рет қазақ тілінің фонетикасы мен морфологиясын оқулық түрінде жүйелеп, түсіндірді; тілдік ұғымдарға тыңнан атаулар (терминдер) ойлап тапты, сынау, дағдыландыру деген атпен жаттығулар ұсынды.
Ол бірнеше сөйлемнен тұратын мақал, жыр жолдарын алады да, оларды сөйлеу деп атайды. Әрі қарай сөйлеу сөйлемнен, сөйлем сөзден, сөз буыннан, буын дыбыстардан тұратынын нақты мысалдармен көрсетеді.
«Дыбыс таңбасын харіп деп атаймыз…Дыбыс һәм харіп екеуі екі басқа»,-дейді.
Дыбыстардың санын, мақаласында анықтағандай, 5 дауысты, 17 дауыссыз, 2 жарты дауысты деп алады. Дауыстыларды іштей жіктемейді. Ал дауыссыздарды қатаң, ұяң деп бөледі. Бірақ олар қазіргідей емес, араласып кеткен.
Кітапта жеке әріптердің сөз, қосымшалардың жазылу қағидаларына біраз орын берген. Қ, ғ, к, г дыбыстарын «тоң дыбыстар» деп атайды.
Осы күні дауысты болып жүрген у-дың негізі осында қаланған сияқты. Ол туралы Ахмет былай дейді: «у дыбысының алдында ы дыбысы келсе, у-мен тұтасып, у сияқты айтылады. Мәселен: оқы-оқу, тоқы-тоқу» (Сонда,158-бет).
Алғаш фонетика,морфологияны біріктіріп сарф (грамматика) деп келіп, 1923 жылдан бастап, фонетиканы дыбыс жүйесі, синтаксисті сөйлем жүйесі деп алған.
А.Байтұрсынұлының тілдің дыбыс жүйесіне арналған қорытынды мақаласы 1928 жылы жарық көрді. Қорытынды болатыны, «А.Байтұрсынов еңбектерінің библиографиялық көрсеткіші». Осы мақаламен аяқталады, бұдан әрі бас қайғы болып кеткенін түсіну қиын емес.
Мақала «Дыбыстарды жіктеу туралы» деп аталады. «Қазақ тіліндегі дыбыстарды жаңадан жіктейтін болсақ, әрі айтуына қарай, әрі сөз жүзінде білінетін қасиеттеріне қарай жіктеу керек» (Сонда, 372-бет)-деп, акустикалық, артикуляциялық белгі-қасиеттерді басшылыққа алатынын аңғартады.
Дауыстыларды толық (а, е, о, ү, ы) және шала (р, ң, л, м, и, у, й) деп екіге бөледі. «Толық» дауыстылары кең шығысты, тар шығысты болып, олар да екі айырылады»,-дейді. Бірақ қайсысына қандай дыбыс жататыны айтылмайды, шамасы, ашық, қысаңды мегзеп отырған сияқты.
Шала дауыстылар (қазір үнділер) ауыз шығысты (р, л, у, й), мұрын шығысты (ң, м, и) боп бөлінеді. Бұлар қазір ауыз жолды, мұрын жолды делінеді.
Шала дауыстыларды одан әрі босаң жолды (р, у, й), қысаң жолды (л), босаң бөгеулі (ң), қысаң бөгеулі (н), тұйық бөгеулі (м) деп айырады. Мұнда ауаның шығу жолын ескерген. Босаң, қысаң-қазіргі ызың, шұғыл.
Осылай «дауыссыздарды да қысаң (п, т, с, ш, қ, к ), босаң (б, ж, д, з, г, ғ) жолды» деп екіге бөледі. Мұндағы қысаң, босаңы-қатаң, ұяң. Бұларды әрі қарай ашықтар (с, ш, ж, з), тұйықтар (п, т, қ, б, д) және тұйықтаулар (ғ, г) деп бөледі. Мұндағы ашық деп отырғаны-ызыңдар, ал тұйықтары-шұғылдар екені айқын. Ол тұйықтауларға жататын ғ мен г-нің ерекшеліктерін де дұрыс аңғарған.
Дауыстыларды аңғалы (а, е, ы) және қымқырулысы (о, ұ) деп бөледі. Оған себеп «аңғалдары орын таңдамайды», ал «қымқырындысы бас буыннан басқасында келмейді». Бұлай дегенде, ол оларды жазылуына қарап айтып отыр деуге болады.
Дыбыстарды осылайша қым-қуыт жіктегенде неге сүйенетінін де түсіндіре кетуді ұмытпайды.
Ахметтің айтуынша, дауыстылар мен дауыссыздардың шегін жалғаулар арқылы айыруға болады. Ал, «толық дауыстылар буын ішінде дауыссыз дыбыстардың алдында да, соңында да келетін» болса, шала дауыстылар буын ішінде дауыссыздардан кейін тұра алмайтынын дұрыс аңғарған.
Оның айтуынша босаң р, й, у сөз басында келмейді, қысаң л келеді. Сондай-ақ қысаң л алдындағы дыбысқа әсер етеді (аздырады), ал тұйық м керісінше, әсер етпейді (аздырмайды). Осы соңғы қағида түсініксіздеу.
Дауыссыздар туралы да орынды ойлар айтқан. «Қысаңдармен босаңдарды біріне-бірі жуыспайды; екінші сөзбен айтқанда, бірі қысаң, бірі босаң болып екеуі қатарынан келмейді» (Сонда, 375-бет).
Біз ғой аллауакбар, сұхбат, шахбибі, шахзада, мазхаб түрде жазып, солай айтуда өзге өң алуға тиіс.
Ахмет ұяң дауыссыздар туралы да жақсы ескерткен: з, ж «сөздің басында да, аяғында да келеді», б, д «сөз аяғында келмейді», ғ, г «сөз басында да, аяғында да келмейді».
А.Байтұрсынұлы тілді, оның жүйе-жүйесін жетік біліп қана қоймай, барынша бажайлап, байыппен баяндаған. Орыс тілін үздік біле тұрып, қазіргі халықаралық деп жүрген тіл терминдерін мүлде пайдаланбай, қазақтың өз сөзімен өзінше түсіндірді. Сөйтіп қазақ тілінде тіл терминдерін жасап, қалыптастырды.Оның жазу, емле, терминология жөніндегі пайымдаулары әлі де құнын жойған жоқ.
Достарыңызбен бөлісу: |