А. Ғ. КӨшім географиялық картографиялау: табиғат карталары оқу құралы Алматы 2014


Карталардың тақырыптық карталардағы рөлі



бет12/32
Дата06.12.2023
өлшемі3.14 Mb.
#485706
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   32
ГЕОГРАФИЯЛЫҚ КАРТОГРАФИЯЛАУ

5.2 Карталардың тақырыптық карталардағы рөлі

Геоморфология (гр. Ge – жер. Тоrрhе – пішін, logos – білу, тану) – бедер құрылысын, пайда болуын, даму тарихын және қазіргі динамикалық жағдайын зерттейтін ғылым. Демек, геоморфология зерттеуінің негізгі нысаны – бедер (француз тілінде reliev – дөңестілік) – құрлық беті және мұхит түбі пішіндерінің жиынтығы. Бедердің пайда болуына ішкі (эндогендік) және сыртқы (экзогендік) үрдістер әсер етеді. Эндогенді үрдістерге таутүзілу, жер сілкіну, жанартау әрекеті, тектоникалық құбылыстар т.б. жатады. Экзогендік үрдістер күн жылуынан қуат алады; оған тау жыныстарының үгілуі, жел, ағынды су, мұздық, су толқыны, адам әрекетінің әсері жатады. Сондықтан, бедер пішіндерін зерттеу үшін оларды құрайтын тау жыныстарының құрамын, қасиетін және оларға әсер ететін үрдістерді анық білу қажет (5-сурет).



5-сурет. Экзогенді үрдістер картасының көрінісі

Геоморфология екіге бөлінеді: жалпы геоморфология және аймақтық геоморфология. Жалпы геоморфология бедердің пайда болуы мен дамуын геоморфологиялық кешен ретінде кең көлемде қарайды. Аймақтық геоморфология құрлық, мұхит, теңіз т.б. бедерінің нақтылы, бір немесе бірнеше бөлігін зерттейді. Геоморфологияның тағы да бірнеше салалары бар: қолданбалы геоморфология – бедерді өндіріс-шаруашылық қажетіне пайдалануын зерттейді; палеогеоморфология - өткен дәуірлердегі бедер пішіндерінің дамуын зерттейді; құрылымдық геоморфология – бедер түрінің морфоқұрылымын анықтайды; климаттық геоморфология – көбінесе сыртқы күштердің әсерінен пайда болған бедер түрлерін, яғни морфомүсінін зерттейді. Геоморфологиялық зерттеу экспедициялары ең алдымен геоморфология картасына түсіру жұмыстарын жүргізіп, соның негізінде жалпы және арнайы геоморфология карталарын құрастырады. Дала жағдайындағы геоморфология жұмыстары геология, геотектоника, гидродинамика, климатология, картография әдістерін қолданумен бірге әуе және ғарыш суреттерін және тағы басқа құралдарды пайдаланады.


Геоморфология Жердің немесе оның жекелеген аймақгарының бедер ерекшеліктерін, пішіндердің қалыптасу тегін, сыртқы бейнесін, даму және таралу заңдылықтарын зерттейтін геологиялық-географиялық ғылым.
Геоморфология біздің планетамызды зерттейтін ғылымдардың бірі болғандықтан, жер бетінің пайда болуын, оның дамуын және құрылымын танып білу барысында өзінің едәуір үлесін қосуда, сондықтан теориялық мәселелелерді шешу жолында, ол геология, физикалық география және палеогеография ғылымдарымен тығыз байланысты. Осы теориялық мәселелердің бірі, жоғарыда айтылғандай, жер жүзін қалыптастыратын эндогендік және экзогендік үрдістердің өзара әрекеттерін зерттеу. Сонымен бірге геоморфология зерттеулерінің едәуір практикалық қолданылуы бар, соның ішінде геологиялық іздестіру жұмыстары, мұнай құбырларын және гидротехникалық кұрылыстарды салу және т.б.
Қазіргі кездегі шөгінділердің түзілу жылдамдығы бұрынғы геологиялық дәуірлермен салыстырғанда едәуір жоғары екендігі дәлелденді. Сондықтан қазіргі кезең тек биік тау түзілу немесе үгілу денудация үрдістерінен басқа сонымен қатар аккумуляциялық тегістеу заманы да болып саналады. Жер бетінің осы кезеңдегі табиғаттың даму жағдайлары мен ерекшеліктерін геоморфологияның алдында тұрған ғылыми және қолданбалы мәселелерін шешу жолында еске aлу қажет.
Жоғарыда айтылған экзогенді бедер түзілу үрдістерінің көбі Қазақстан аумағында кең дамыған. Соңғы кездегі антропогендік үрдістерге байланысты табиғаттың қуаңшылық құбылыстары (сортаңдану, эолдық әрекет, ластану) және т.б. зиянды құбылыстар еліміздің көп аймақтарында кездеседі. Осы үрдістерді ғылыми тұрғыдан зерттеп, оларға қарсы әрекет жүргізу бүгінгі күнде ең басты мәселе болып табылады.
Соңғы кездерде «антропогендік география» және «антропогендік ландшафттану» түсініктері пайда болды. Олар геоморфологиялық ортаға адам әрекетінің әсер етуіне байланысты. Бұл әрекет бедер кұрылысы, оның дамуы және тұрақтылығына әсер етеді. Антропогендік геоморфологияның зерттеу нысаны антропогендік (техногендік және агрогендік) бедер және үрдістер. Антропогендік бедер зерттелуінің маңызы зор, себебі, ол адам әрекетіне байланысты және бедерді өзгеріске әкелген үрдістердің жиынтығын бағалауға мүмкіндік береді. Бұл үрдістер әрекетін барлық жерлерде байқауға болады. Адамның шаруашылық әрекетінің нәтижиесінде жаңа бедер пішіндері және антропогендік шөгінділер пайда болады, табиғи процестердің сипаты өзгереді. Геоморфологиялық процестер дамуында адам әсерінің пайдасы да зияны да бар. Өкінішке орай адам әркетінің табиғатқа зиянды жағы да аз емес.
Адам әрекетінен қалыптасатын алуан түрлі антропогендік бедер пішіндері қазіргі экзогендік үрдістердің дамуына өзгерістер әкеліп, оның бағыттылығы мен қарқындылығына әсер етеді. Сондықтан да табиғи үрдістердің жағымсыз көрініс беруімен күресуге жоспарланған шараларда міндетті түрде табиғи құбылыстардың дамуындағы антропогендік бедер пішіндерінің рөлі ескерілуі қажет.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   32




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет