Жылпыңдар метонимиясын қолдануда ақын адам бойындағы кездесетін келеңсіз мінезін негіз етіп алған. Ақын қолданған метонимиялық теңеулер экспрессивті-бағалауыштық сипатқа ие болған. С. Мәуленовтің айтар сөзін дәл тауып, айтып қолданудағы поэтикалық метонимиялардың салмағы басым көрінеді. [А.Х.Бекбосынова «С.Мәуленов өлеңдеріндегі теңеу» 13 - бет].
Жазушы Ақан Нұрмановтың «Құланның ажалы» атты шығармасынан терілген теңеулерді Т.Қоңыровтың «Қазақ теңеулері»атты еңбегіндегі классификациясы бойынша топтастырылды.
1.– дай, -дей, -тай, -тей, -дайын, -дейін, -тайын, -тейін жұрнақтарының көмегімен;
Сол жүлге сарғайып піскен жалпақ қоғаны жарып өтіп, арғы бетте сатырлаған нардай қамысқа сіңіп кетеді. (18 –бет)
Қиялай түскен күннің жалқын сәулесі ашық айдындағы су бетін қорытқан күмістей жарқыратады(18 –бет).
Су жағасындағы шым тіпті тың екен, шөбі киіздей ұйысып жатыр.(19 –бет)
Кішкене шегір көзінің қарашығы көк сүңгінің ұшындай өткірленіп алған, еті қашқан жақ сүйегі шодырайып, ұрт еті бұлт –бұлт ойнайды, бар бет терісі көзінің айналасына жиналғандай қатпар –қатпар.(20 –бет)
Иесінің осы белгісімен боз шылбырды созып, тұныққа ұмтылды да мөлдір суды сүзіп іше бастады, мойнын иіп, саптаяқтай төменгі ернінен суды тамшылата, оқта –текте басын көтеріп, пышақпен жонғандай жұп –жұмыр құлағын қайшылап сәл тұрады.(21 –бет)
Қозғалысы да қамыс басын сыбдыр еткізбейтін жолбарыстың жүрісіндей , табанымен сырғи басып, ұрланып кетеді.(22 –бет)
Сол –ақ екен көңіліндегі беймәлім үрей де жел үрген тұмандай сейіліп жүре берді.(23 –бет)
Саусақтары қарғанының тұяғындай. (25 –бет)
Енді қараса сол көз шағар жыландай уытты зәр жиып, ішіп –жеп тесіп барады екен.(25 –бет)