Біріншісі – қазақ фразеологизмдерін таза тілдік тұрғыдан бір тіл аясында зерттеу. Бұл бағытта қазақ тіл білімінде көптеген зерттеу жұмыстары жүргізілді. Әсіресе фразеологизмдерді лексикографиялық өңдеуден өткізудегі І.Кеңесбаевтың ‟Қазақ тілінің фразеологиялық сөздігі” (Алматы, 1977), Ә.Қайдаровтың ‟Мың әсерлі де бейнелі орамдар” (Астана, 2003) сияқты еңбектерін, фразеологизмдердің сыртқы және ішкі құрылымындағы дыбыстық, мағыналық, семантикалық, әуезділік үйлесімін, т.б. архитектоникасын талдап ашып берудегі С.Сәтенованың ‟Қазақ тіліндегі қостағанды фразеологизмдердің тілдік және поэтикалық табиғаты” (Алматы, 1997) атты зерттеуін, фразеологизмдердің варианттарын көрсету, синонимддік қатарын анықтаудағы Г.Смағұлованың ‟Фразеологизмдердің варианттылығы” (Алматы, 1996), ‟Мағыналас фразеологизмдердің ұлттық – мәдени аспектілері” (Алматы, 1998) тәрізді еңбектерін атап айтуға болады. Р.Сыздықованың ‟Сөздер сөйлейді” (Алматы, 1994), Н.Уәлиевтің ‟Фразеология және тілдік норма” (Алматы, 1998) сияқты еңбектерде көптеген фразеологизмдер этимологиялық тұрғыдан талданып, олардың құрамындағы мағынасы күңгірттенген, тіптен мүлдем белгісізденіп кеткен сөздердің мән – мағынасы ашылды. Қазақ фразеологизмдері фразеологиялық бірлікті жасауға ұйытқы болатын сөздер негізінде соматикалық фразеологизмдер, фитофразеологизмдер, сан – мөлшер фразеологизмдері, зоофразеологизмдер, антропонимдік фразеологизмдер деп семантикалық – мағыналық топтарға, тақырыптарға топтастырып арнайы қарастырылуда.
Қазақ фразеологиясындағы үстем болып отырған екінші бағыт – қазақ тілінің фразеологиялық бірліктерін орыс, ағылшын, неміс сияқты болмыс бітімі, құрылымы бөтен тілдердің фразеологизмдерімен салғастыра зерттеу ісі. М.Х.Абилғалиева, М.А.Сыздықова, М.А.Жақсыбаева, т.б. зерттеулерінде тіларалық фразеологиялық сәйкестіктерді айқындау, интернационалдық фразеологиялық қорды анықтау, салғастырылушы тілдер фразеологиясындағы ұқсас тұстар мен өзіндік ерекшеліктерді саралау және ұқсастықты тудырушы факторларды айқындау мәселелері көрініс тапты. Бұл орайда Г.Сағидолданың қазақ және монғол фразеологизмдерін тіларалық деңгейде салыстырған ‟Поэтикалық фразеологизмдердің этномәдени мазмұны” (Алматы, 2003) атты еңбегін түркі – монғол салыстырмалы фразеологиясын қалыптастырудағы алғашқы бастама ретінде атап айтуға болады.
Қазақ фразеологиясындағы үшінші бағыт – фразеологиялық бірліктерді когнитивтік, этнолингвистикалық, лингвомәдениеттанымдық, психолингвистикалық аспектіде қарастыру бағыты. Бұл бағыт фразеологизмдерді ұлттың дүниетанымдық, мәдени, тарихи, материалдық құндылықтарымен сабақтастыра зерттеуге айрықша мән береді. Академик Ә.Т.Қайдар, Ж.Манкеева, С.Сәтенова, Б.Ақбердиева, Қ.Ғабитханұлы, Ш.Сейітова, С.Жапақов сияқты тілші мамандардың зерттеулері белгілі бір этногенетикалық қауымдастықтың ақиқат турасындағы таным – түсінігін, ментальді әлемін, ғасырлар бойы үзіліссіз жалғасқан ұжымдық тәжірибесін, рухани және материалдық мәдениетін тілі арқылы танып білуде аса маңызды.
Қазақ фразеологизмдерін когнитивтік, лингвомәдениеттанымдық, этнолингвистикалық, этнопсихолингвистикалық аспектіде зерттеуге бағыттылған үшінші бағыт – ХХІ ғасыр ғылымының басты парадигмасы – антропоцентризмнің жемісі, жаңа ғасыр талап етіп отырған ғылыми интеграцияның нәтижесі [Ф.Ш.Оразбаева, Г.Сағидолда, Б.Қасым, А.Қобыланова, Қ.Есенова, Ұ.Исабекова, Қ.Қасабек, Ж.Балтабаева, Қ.Мұхамади, Р.Рахметова, Ж.Көпбаева ‟Қазіргі қазақ тілі”: Оқу құралы. 57 – 60 бет].
Зерттеуші-ғалым Мамаева Мәкен Қасымбайқызының «Фразеологизмді сөз тіркестері» атты кандидаттық диссертациясында былай дейді: «Фразеологизмдер ХХ ғасырдың 40- жылдарынан бастап зерттеліп, оның өзіне ұқсас құбылыстардан ерекшеліктері нақтыланып, қазақ тіліндегі ғылыми айналымда оның әр түрлі варианттары жарыспалы қолданылып келеді. Бұл жөнінде Г.Сұмағұлова фразеологизм сөзінің атаулы төңірегінде: фразеологиялық оралым, тұрақты сөз орамдары, тұрақты тіркестер, тұрақты сөз тіркестері, фразеологиялық тіркестер, фразеологиялық бірліктер терминдерді атап көрсетіп, өз пікірін былайша білдіреді : «біздіңше қазақ тілінде осы аталғандардың ең жиі қолданылатын екі түрі ғана: фразеологизмдер және тұрақты тіркестер қалуы тиіс» деген.
Профессор І.Кеңесбаев «Қазақ тіліндегі фразеологизмдердің бірсыпырасын бір сөз табына жатады деп үзілді – кесілді пікір айту қиын. Бұларды тек сөз таптарының орнына жүреді деп шартты түрде ғана айтуға болады » - деген.
Академик Ә.Қайдаров пен Р.Жайзақовалар қазақ тілі фразеологизмдерін есімді, етістікті, одағай түрі, сөйлеу штампы түріндегі фразеологизмдер деп топтаса, Ә.Болғанбаев етістік мағыналы , сындық мағыналы, заттық мағыналы, үстеу мағыналы фразеологизмдер деп саралайды» [Мамаева М.Қ. Фразеологизмді сөз тіркестері. Филология ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін дайындалған диссертация авторефераты. 8 бет].
Зерттеуші – ғалым Махметова Ақмарал Саркенқызының «М. Жұмабаев поэзиясындағы фразеологизмдер: дәстүр мен жаңашылдық» атты диссертациясында былай көрсетілген:«Фразеологизмдер - тіліміздің бір бөлінбес бөлшегі. Өзінің көнелену жағынан да, тұлға, мағына тұрақтылығы жағынан да, стиль жағынан да оларға тән ерекшеліктер бар.
Тілімізде көкейге қонымды, көркем ,орамды алуан түрлі тұрақты сөз тіркестері кездеседі. Тіл қазынасына жататын қат – қабат тіркес, тізбектерді халық орынды пайдаланады».
Академик М.Серғалиев: «Тұрақты тіркестер - әдеби тілдің ілгері даму барысында қалам қайраткерлерінің әрекеті арқылы жанданған әсем кестелер. Олар – сөз зергерлерінің ой – түйінін ықшамдап аңғаратын жинақылықтың үлгісін көрсететін көркемдік құралы. Тұрақты тіркестерді қай жазушы болса да өз шығармасында қажетіне қарай қолданады», - деген еді. М.Жұмабев та « жанданған әсем кестелерді »ерекше талғаммен, шығармашылықпен қолданған.
Достарыңызбен бөлісу: |