Қаһарман елдің қарулы күштері



бет3/4
Дата24.04.2016
өлшемі254 Kb.
#78733
1   2   3   4

2-жүргізуші: Бабалар сөзі - кешегі өткен қариялардан, ғұлама ойшылдар мен шешен-билерден, ақын-жыраулар мен сал-серілерден мұра, мирас болып қалған ұлы тәрбие құралы.

Мың жылда бір-ақ көрінетін кометалардай сыры да, сезімі де терең, тұңғиық дана тұлғаларымыз фәни өмірден баз кешіп, бақилық болып жатыр. Әйтсе де, Баубек пен Бауыржан батырлығы, Әлия мен Мәншүк ерлігі, Қаныш пен Әлкей білімі, Мұхтар мен Ғабит, Ғабидендердің үні, Дінмұхаммедтің парасаты – бүгінгі ұрпаққа өнеге. Олардың даналық болжамы, ғибрат аларлық сөздері мен пайымдаулары бүгінде халықпен қайта қауышып, жүрегімізден орын алуда.

Біздің ата-бабаларымыздан бізге жеткен көптеген ұлағатты, ғибрат аларлықтай тамаша тәлім-тәрбие берерліктей өсиет сөздер бар.

Бабалар сөзі – тәрбие көзі” атты сауалнама-әңгімеміз қарт ата мен жас жігіт арасында болған әңгіме түрінде өтеді. Яғни, қарияның жігітке қойған сауалына жігіттің жауап беруі және қарияның ол пікірді толықтырып өз ойын айтып беруін көрсетеміз.



1-бала: - Арман деген не? – депті қария.

- Ата арман дегеніміз ақыл-ойдың шындығы. Құс -ұшсам дейді, бала - өссем дейді, қыз – көрікті болсам дейді, жігіт – бақытты болсам дейді, қарт – жүзге жетсем дейді, ұстаз – шәкіртіне үлгі болсам дейді.

Арманына адаспаған жетеді, адасқан арманына жете алмайды.

Арманына ақылды жетеді, ақымақ бұл өмірден түңіліп өтеді, - депті қарт.


2-бала: - Бақытты болу оңай ма? – депті қарт.

- Ата, жары жақсы болса, бақыты жанында – депті жігіт.

- Жоқ балам, ақыл басында болса, бақыт жанында болады. Ақыл адамды азаптан да, мазақтан да құтқарады. Өмірде шын бақытты боламын десең, ақылдылықты үйрен, не ақылды қызға үйлен.
3-бала: - Дос табу оңай ма? – депті қарт.

- Ата, дос табу ақылдыға оңай, ақымаққа қиын.

- Жоқ балам, өмірде дос табу ақылдыға қиын, ақымаққа оңай. Ақылдының досы аз, қасы көп, ақымақтың досы көп болғанымен жақсылығы жоқ. Жақсылығы жоқ достың қастығы аяқ астында жатады. Есіңде болсын, досың ақылды болса, өзің дана боласың, досың бала болса, өзің шала боласың, - депті қарт.
4-бала: - Өмірде не жетім? – депті қарт.

- Ата-анасы жоқ бала жетім – депті жігіт.

- Дұрыс балам. Өмірде ата-анасы жоқ болса бала тірі жетім. Өмірде тоғыз жетім бар. Халқына сенімсіз болса – хан жетім. Ханы ақылсыз болса – халқы жетім, кеңесшісі ақылсыз болса - әкім жетім, суы жоқ - құдық жетім, ұлы жоқ - әке жетім, қызы жетесіз болса - ана жетім, досы жоқ -жігіт жетім, шәкіртсіз – ұстаз жетім.

Өмірде жетім болсаң есірме. Ақылды жетім кеңесуге құмар; Ақылсыз жетім егесуге құмар. Егескен ел болмайды.


5-бала: - Үйде кім, елде кім қадірлі?

- Ата, үйде ана, елде бастық қадірлі – депті жігіт.

- Жоқ балам, үйде қонақ, қарт, бала қадірлі. Елде хан, әкім, ұстаз қадірлі. Қонақты қадірлеуді бәрі біледі. Бала үйдің патшасы, балалы үй базар, баласыз үй қу мазар, - депті қарт.
6-бала: - Жоқты бар, ашты тоқ ететін кім?

- Ата, жоқты бар, ашты тоқ ететін мейірімді әке, - депті жігіт.

- Жоқ балам, әке қанша мейірімді болса да, ананың жөні бөлек. Жоқты бар, ашты тоқ ететін ол – ана. Анасыз бала ұйықтамайды, қатықсыз айран ұйымайды.

Ана – үйдегі бақ, әке отыратын - тақ. Ана ақылды болса үйдің қуанышы, әкенің жұбанышы – депті қарт.


7-бала: -Елді кім, үйді кім бүлдіреді? – депті қарт.

- Ата, елді өсекші бүлдіреді, үйді ақылсыз бала бүлдіреді.

- Есіңде болсын, ақылсыз басшы елді бүлдіреді, ақылсыз әйел үйді бүлдірер.

Әкім – ақылсыз болса – ел тозады, өсек әкімді өсірмейді. Өсекті тыңдау - әкімге жараспайды, өсиетті тыңдау тақтағы ханға жараспайды, - депті қария.


8-бала: - Үйдегі алтын қазық кім? – депті қарт.

- Ата, үйдегі алтын қазық бала, - депті жігіт.

- Жоқ балам, үйдегі алтын қазық – ана. Ана ақылды болса, бала дана болады. Ана тәрбиесі қызға үлгі, әке тәрбиесі ұлға үлгі. Ана ақылшың, әке қамқоршың, ағаң қорғаушың, інің сүйенішің, қарындасың қанатың екенін ұмытпа. Ананы сыйламағанның ақылы кем, әкені сыйламағанның жақыны кем. Ананың мейірімі көзінде, ықыласы көңілінде, ақылы сөзінде, - депті қарт.
9-бала: - Өмір сүру үшін не қажет? – депті қарт.

- Ата, өмір сүру үшін алтын, ақша, нан, мал қажет, - депті.

- Жоқ балам, адамның өмір сүруі үшін су, от, тұз, қыз, ақыл қажет. Су тіршіліктің нәрін береді, от өмірдің сәнін береді, тұз астың дәмін келтіреді, қыз көңілдің сәнін келтіреді, ақыл өмірдің мәнін береді. Адам ақылмен ағайынды табады, ақылсыз адам ағайыннан безеді, - депті қарт.
10-бала: - Шындықты не бұзады? – депті қарт.

- Ата, шындықты тіл бұзады, - депті жігіт.

- Дұрыс, балам, шындықты тіл бұзса, өкініші көбейеді, не өсек көбейеді. Шындықты білу қиын, айтылған сөзді тоқтату қиын. Адал адам шындықты білсе, өсек қылады. Өсек ерді бұзады. Өсекті көп айтқан шындықты білмейді, шындықты білген өсекшіге ере бермейді. Өмірде шындықты өсек бұзады, - депті қарт.

11-бала: - Адамға ақыл беретін кімдер? – депті қарт.

- Ата, ана тілі ғой ақыл беретін, - депті жігіт.

- Жоқ балам, ана тілі ойды өсіреді. Адамға ақыл беретін ата-ана, ұстаз, досы екенін ұмытпа. Ата-ана ақылын баласы мен қызына айтады, ұстаз шәкіртіне айтады. Жақсы ақыл адамды тез есейтеді. Адамға ақыл беретін адал дос. Адал дос ақылшың, ақылшы дос – жақының. Досы көптің табысы көп, табысы көптің жақыны көп. Достықтың көзі ақылдан басталады, - депті қарт.
12-бала: - Адамның ақылы қайда? – депті қарт.

- Адамның ақылы тілінде, ата, - депті жігіт.

- Жоқ балам, тіл ақылдың айнасы, ақыл істің пайдасы. Есіңде болсын, ханның ақылы тағында, әкімнің ақылы жанында, ғалымның ақылы басында, ананың ақылы жасында, жігіттің ақылы жақсылығында, ақымақтың ақылы кім көрінгеннің қалтасында, - депті қарт.
13-бала: - Достықты нығайтатын не? – депті қарт.

- Ата достық пен жолдастықты ынтымақ, бірлік, теңдік, туыстық, бауырмалдық нығайтады.

- Дұрыс, балам, сенің айтқаның достық пен жолдастықты дамытады. Есіңде болсын, шын достың ақылдыға тән екенін ұмытпа. Өмірде дос болуды ойласаң “Сәлеметсіз бе, кешіріңіз, рахмет, сау болыңыз, сәлем айтыңыз, рұхсат па” дегенді үйрен. Сәлемдесуді білген кешіре де біледі, кешіре білген рахмет те айта біледі. Жөн сөз көңіліңді өсіреді, жөнсіз сөз өміріңді өшіреді – депті қарт.
1-жүргізуші: Міне, балалар, көрдіңдер ме, дос табу үшін, елде кімнің қадірлі екенін, өмір сүру үшін не қажет екенін, шындықты бұзатын, достықты нығайтатын не екенімен таныстық және осындай ғибрат аларлық сөздерді есте сақтау керектігін ұмытпаңдар.
2-жүргізуші: Енді “Ескірмейтін есті сөз” айдары бойынша ойын-жарыс өткізіледі.

Бұл бөлімге дайындалу балалардың өздеріне тапсырылған. Күнделікті өмірде ата-әжелерің, әке-аналарыңның айтып отыратын ырым мен тиым сөздер жарысын өткіземіз. Кім көп біледі екен?


1-бала: Отқа су құйма, түкірме. Себебі кезінде ата-аналарымыз отқа табынған. От өмір, тіршілік көзі саналған.
2-бала: Мал сүйегін отқа жақпа, ақты төкпе.

Себебі тірі малдың сүйегі сырқырап, желіні іседі, малсыз қалып жоқшылыққа ұшырайды деген ұғым бар.


3-бала: Қазақ түнде мал, адам санамайды, себебі басың кемиді деп есептеген.

4-бала: Пышақтың жүзін жалама, пышақты кезенбе. Себебі пышақ ұзарып кетеді.

5-бала: Үйге қарай, үйді айналып жүгірме.

6-бала: Күлді, тұзды баспа, шашпа, аяғың ауырады.

7-бала: Жағыңды, беліңді таянба, тізеңді құшақтама. Тек қаралы адамдар ғана осылай отырады.

8-бала: Бас киіміңді лақтырма, теппе, басың ауырады.

9-бала: Нанды шашпа, баспа, нан - өмір нәрі.

10-бала: Туысыңа ит, пышақ сыйлама, себебі араз болып қалуың мүмкін.

11-бала: Өсек, өтірік айтып, жағымпаз, мақтаншақ болма.

12-бала: Үш күн айтта кір жууға, тырнақ, шаш алуға болмайды.

13-бала: Адамға ажал шақыратын мына ырымдар:

Саусақты тарақтап, қолды көкірекке не желкеге қойып жатпайды. Мойынға бос арқан салмайды. Қамшының өрімінен ұстап сабын жерге сүйретпейді. Жуылған киімді далаға оң қаратып жаймайды.



14-бала: Тәңертең міндетті түрде өз үйіңнен ораза ашып (тамақ ішіп) шық. Себебі “таңғы тамақ тәңірден” деген сөз бар.

15-бала: Дастарханды баспа, аттама.

16-бала: Сыпырғышты көкке көтеріп, баланы ұруға болмайды.

Міне осындай ырымдар мен тиымдарды еске сақтап,

орындап жүруіміз қажет.
(Музыкалық үзіліс)
1-жүргізуші: - Ендігі кезекте біз ненің жақсы, ненің жаман екендігімен, қасиетті ұғымдармен танысуымыз керек. Бұл бөлім сайыс түрінде өтеді. Қонақтар мен оқушылар болып сайысқа түсеміз. Сұрақтарға жауап беру кезегін алдымен қонақтарға береміз, соңынан оқушылар толықтырады.
2-жүргізуші: Жерден ауыр не бар?

Судан терең не бар?

Оттан ыстық не бар?

Көктен биік не бар?


(Қонақтар жауабы тыңдалады)
Оқушы: Жерден ауыр дегенім – ақыл, білім,

Судан терең дегенім – оқу, ғылым.

Оттан ыстық дегенім – адамның өмірі.

Көктен биік дегенім – тәккапардың көңілі


1-жүргізуші: Алты алаш деген не?

Оқушы: - Алты алаш деген – Алаш ханның балалары – Қазақ, Қарақалпақ, Қырғыз, Өзбек, Түркімен, Жайылхан.
2-жүргізуші: Дүниеде не жетім?
Оқушы: Жаңбыр жаумаса – жер жетім,

Басшысы болмаса – ел жетім.

Ұқпасқа айтылған – сөз жетім

1-жүргізуші: Дүниеде не тәтті, не жұмсақ, не қатты?

Оқушы: Ананың сүті тәтті. Ананың қолы жұмсақ. Әкенің жүрегі қатты.
2-жүргізуші: Дүниеде ең жақының кім?

Оқушы: Тату болса – ағайын жақын

Ақылшы болса – апайың жақын

Бауырмал болса – інің жақын.

Инабатты болса – келінің жақын.

Алдыңа тартқан адал асын,

Қимас жақын – қарындасың.


1-жүргізуші: Дүниеде не қымбат?

Оқушы: Алтын ұяң – Отан қымбат,

Құт-береке – атаң қымбат.

Аймалайтын анаң қымбат.

Мейірімді – апаң қымбат.

Бәрінен де ұят пенен ар қымбат.
2-жүргізуші: Дүниеде не қиын?

Оқушы: Арадан шыққан – жау қиын.

Таусылмайтын дау қиын.

Шанышқылаған сөз қиын.

Жазылмаған дерт қиын.

Іске аспаған серт қиын.

Ақылынан адасып,

Өзің түскен өрт қиын.

Не істеріңді біле алмай,

Ашиды сонда бас миың.
(Музыкалық үзіліс)
1-жүргізуші: Енді біз сайысымызды мақал-мәтел айту түрінде жалғастырамыз. Мақалды біз бастаймыз, қонақтар жалғастырып аяқтайды. Егер қонақтар жалғастыра алмаса, кезекті оқушылар алады. Таңдап алынған мақалдар тіл, шешендік, ата-ана, ұл, қыз туралы айтылады.

(Мақалдардың бірінші бөлігін екі бастаушы кезек айтып, жалғасына жауап күтіп тұрады)
1. Таппасаң сөздің жүйесін ... (отына өзің күйесің)

2. Ақылдының сөзі қысқа, ... (көпке болар нұсқа)

3. Шешен сөз бастар, ... (батыр қол бастар)

4. Қылыш жарасы бітеді, ... (сөз жарасы бітпейді)

5. Көп ішінде сөйлеген, ... (ойға салмай сөйлеген)

6. Көсемдіктің белгісі, ... ( шешендіктің белгісі)

7. Көп сөз – күміс, ... (аз сөз – алтын),

8. Жақсы жігіт – аспандағы жұлдыз ... (жақсы қыз – жағадағы құндыз).

9. Ақылың ағаңда болсын... (құндызың жағаңда болсын).

10. Әке көрген оқ жонар ... (шеше көрген тон пішер).

11. Өткір тіл – дарын ,... (ұзын тіл жауың)

12. Тоқсан ауыз сөздің ... (тобықтай түйіні бар)

13. Тіл тас жарады,... (тас жармаса бас жарады).

14. Жігіт болсаң 7 жұрттың тілін біл ... ( немесе 7 түрлі ғылым біл)


Осыдан соң сайыстың қорытындысы шығарылады.
1-жүргізуші: Міне, балалар, сендер тәлім-тәрбие аларлықтай “Бабадан қалған асыл сөздер” өте көп екен. Сондықтан да үлкендердің әр сөзіне зер салып, әр сөзінің астарына үңіле қарай білу керек. Әсіресе үйдегі ата-әжелеріңнің, ата-аналарыңның әр сөзін ұғып, кәрі адамдардың ақылын, өсиетін есте сақтаңдар.
1-оқушы: Атам - кітап, мен - дәптер,

Ақыл толы сөзіне.

Қызығам да әлбетте

Көшіремін өзіме.


2-оқушы: Еш дүкенде сатылмас,

Тегін кітап атамыз.

Қанша оқысаң сарқылмас

Өмір – кітап – атамыз.


3-оқушы: Беттер ашық ұдайы,

Оқылатын кітап ол.

Сырын ашып ұдайы

Тоқылатын кітап ол.


Соңы концерттік бағдарламамен жалғасады

ҚОСЫМША


Қазақ елінің қаһармандық тарихы

(Әдеби қойылым)
Алаш жұрты, жанашыр жақындарым,

Тапталмауға білесің хақың барын.

Ұлт үшін ұрандатып ұрыс салған

Қайда сенің кешегі батырларың?!

Аңсар, 2007. - №5
Сахна төріне Абылай хан, Бөгенбай батыр, Қабанбай батыр, Наурызбай батыр, Райымбек батыр, Сапытай батыр, Исатай батыр, Бауыржан батырдың портреттері ілінеді, ғимарат іші тарихи ерліктерге лайықталып безендіріледі


Тарихшы: (Тарихшы мен жыршы сөзіне сәйкес кинокадрлар көрсетіледі). Қазақ елі - сонау Алтайдан Пиренейге дейін билік еткен Еділ батырдың елі. Қазақ елі – асқан батырлығымен, ақыл-парасаттылығымен Египет еліне билік жүргізген Бейбарыстың, Үндіні билеген Бабырдың елі.
Жыршы: Қазақ жері – қонақжай төрдің жері,

Қазақ елі – Қас сақтай ердің елі.

Елі кедей болмаған – жері байтақ,

Еділ ердей, Бабырбай шерлер елі.

Азат бүгін байлыққа тұнған жерім,

Азат жүгін, ел жауын қуған ері.

Әділет пен бірлікке жанын қиып,

Әділ өткен билердің туған жері.


Қазақ жері көп шеккен қасіретті,

Қазақ ері - өнерлі, өсиетті,

Египетті билеген Бейбарыстың

Елі – текті, киелі, қасиетті.

Қорлаған жау – басқыншы халыққа мұң,

Қорғаған ер – ойлаушы халық қамын.

Қобыланды, Ер Тарғын, Алпамыстар ...

Қорғап қалды ел бағын алыптарым!


Тарихшы: 1793 жыл. Ел жайлауға көшіп жатқан кез. Алтайдан Атырауға дейін тыныштық орнатқан қазақ елі. Қаннен-қаперсіз, шат-шадыман жаз жайлау қызығын көруге бет алғанда, Жоңғар қалмақтары тұтқиылдан шабуыл жасап, қазақ халқын қан жылатты. Дүрліккен ел шұбыра қашып, табаны езіліп, шұбырынды халық “ақ табан” болды. Аңдыздаған жұрт Алқа көлге аялдап, қасиетті Қаратауға бас сауғалады.

(Зарлы әуен “Елім-ай” хоры айтылады)
Зар: Қаратаудың басынан көш келеді,

Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді.

Қарындастан айырылған қиын екен,

Қара көзден мөлтілдеп жас келеді...


Тарихшы: Қаратаудың баурайында қалың қазақ бас қосты. Елдің елдігін, ерлігін соңғы рет сынайтын күн туды. Жауға соққы беріп, жалпы жұртты аман алып қалу үшін, данышпан ата Төле би батырларды батылдыққа, елді бірлікке шақырады.
Жыршы: “Даудан қашық жүріңдер, дүрлікпе тек!

Жаудан қашып, қор болып үрікпе” – деп,

Біріктірді қазақты Төле би:

“Бақыт, жеңіс, азат күн – бірлікте!” – деп.


Тарихшы: “Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді!” Тұрған жерін тұрақтаған тұғыры биік ел едік, іргемізді ірітпей, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, атам қазақтың абыройын сақтайық” – деді Төле би бабамыз.

Кіші жүзден кісілігін танытқан Әйтеке би, орта жүзден ордасын тіккен Қазыбек би ұлы жүздің ақ сақал биінің билігіне бас иіп, елді біріктірді. “Жүзге бөлінгеннің жүзі күйсін”, - деді олар. Кең пейілді, бауырмал халық бір тудың астында “Сабалақ батыр” аталған Абылайды хан көтерді.


Жыршы: “Абылайлап”, Сабалақ қол бастады,

Абылай хан атанып, ел басқарды.

Ерлігінен хандардың басталады

Егемендік, елдіктің сел бастауы.



(Бұқар жыраудың Абылай хан туралы жырларынан үзінді жырланады)
Тарихшы: Ат ауыздығымен су ішкен, ер етігімен су кешкен заман болды.

Қалың елді Қаракерей Қабанбай, Қанжығалы Бөгенбай, шапырашты Наурызбай батырлар бастап, азулы жауды Аңырақайда аңыратып жеңді, Райымбек сияқты киелі батырлар кейін шапқан кесапат жауды қасиетті қазақ жерінен біржола қуып тастады.


Жыршы: Ер елінің Қабанбай тірегі боп,

Өренінің мақтаны, жігері боп.

Ерлік сапта жүр мәңгі өзі бастап,

Әр ұрпаққа күш берер жүрегі от.


Егес етсе Бөгенбай дана батыр

Ту көтерді Наурызбай – дара батыр:

Айбары боп елдіктің – ердің ісі,

Айғағы боп ерліктің дала жатыр.


Райымбек әулие - қасиеттім,

“Құдайым” деп жаулары бас иетін.

Балалары батыр боп орындады

Бабалардың өнеге-өсиетін.


(Батырлық жырлардан үзінділер айтылады)
Тарихшы: Қаралы қалмақ қырғынынан соң, ес жиған елді есеңгіреткен, ердің намысын өртеген тағы бір оқиға – Қоқан хандығының жүгенсіздігі болды. Халық батырлары ел намысын қорғады. Елім деп туған ер Сыпатай халық бірлігін қорғап, достық туын көтерді.


Жыршы: “Мықтымын” деп қоймаған қоқаңдауын,

Ықтырды кеп Сыпатай Қоқан ханын

Ойран етті ниетін басқыншының,

Ойлап өтті бірлікті – Отан қамын.



Тарихшы: ХҮІІІ-ХІХ ғасыр. Қазақ билері мен хандары иек артып, көмек еткен орыс патшалығы бірте-бірте өз мақсатын орындап, қазақ жерін отарлап, қазақ елін аздыра бастады. Ел ішіне ірткі салып, зымияндық саясатпен ел бірлігіне, ұлттық қасиетімізге, тіліміз бен дінімізге, кеңдігіміз бен елдігімізге кесір келтірді. Оған қазақ шаруалары ызаланып, кек көтерді.

Исатай мен Махамбет бастаған ел көтерілісі сәтсіз болса да, ел намысының айғағы еді.


(Құрманғазының “Кішкентай” атты күйі тартылады, ортаға жыршы шығады)
Жыршы: Орнатам, деп Исатай бостандықты,

Ордадан – кек, құптауды достан күтті

Жаңғырған мың-шаруа күресінен

Жәңгір хан мен ақ патша жасқаныпты.


(Махамбеттің “Ереуіл атқа ер салмай”, “Мен, мен едім, мен едім”, т.б.жырлары айтылады)

Тарихшы: 1941-1945 жылдар. Адамзат тарихында болмаған алапат соғыста бірлік, достық жолында жан қиған қазақ батырлары фашизмнен бүкіл адамзаттық азаттықты қорғап, ерекше ерлік көрсетті. Жүзге тарта қазақ қаһармандарына Кеңес Одағының Батыры деген абыройлы атақ берілді. Батырлықты батырлардың батыры Бауыржан Момышұлы бастады.
(«Жас қазақ» әнінің әуенімен жыршының жыры естіледі. Төлегеннің бейнесі көрсетіледі)

Жыршы: Тоқтаровтай батырлар неткен жалын!

Оқтан ықпай, елім деп төккен қанын.

Батырларым жалынын жалаулатып,

Жатыр мәңгі аялап еккен бағын.


Бауыржандай Мәскеуді қорғап қалған,

Бауырмалдар жауға елді қорлатпаған.

Жатыр бүгін жалын боп алыптарым,

Батырлығы бағым боп орнап қалған.


Қорған болған елінің елдігіне,

Батырлардың бас идік ерлігіне!

Ұрпақтары қаһарман бабалардың

Тәуелсіздік қамалын көрді міне!


Тарихшы: 1986 жыл. Желтоқсанда отты оқиға болды. Елдің егемендігін аңсаған жастар алаңға шықты. Желтоқсан желі дауылға айналды. Өрттей қаулаған өжет жастар ұлттық намыс құдіретін әлемге паш етті.
Жыршы: «Қазақ елі хан сайлар зор данасын,

Ғажап елді келімсек қорламасын!»

Деп, Қайраты көтерді намыс туын,

Кек қайнатты өрт толып Орда басын.


(“Желтоқсан желі” әні айтылады. Желтоқсан оқиғасына байланысты кинокадрлар көрсетіледі)
Тарихшы: 1991 жылы қазақ халқының тұңғыш ғарышкері Тоқтар Әубәкіров ғарышта ерлік көрсетті.
Жыршы: Келді, міне, ерлікті бағалар күн,

Аруағы қолдады бабалардың.

Ғарыш шарлап оралды Тоқтар батыр,

Мұратыңа ие бол, бауырларым!


(Шаттық күйі. Ту ұстаушылар әуен әусерінде Республика туын сахна төріне алып шығады. Жұрт орындарынан тұрып, ту астында еліміздің әнұранын айтады)

ҚОСЫМША
Сарғайса да тарихтың ақ парағы,



Ол күндер мәңгі есте сақталады
Елі үшін жанын қиған,

Ерлер есте сақталады.

Жас жүрекке жалын құйған

Ерлік есте сақталады

С.Мәуленов
Қазақстан және ұлы Отан соғысы

Тарихи деректер:
Ц Соғыс жылдары Қазақстан жерінде 12 атқыштар дивизиясы, 4 ұлттық атты әскер дивизиясы, 7 атқыштар бригадасы мен 50-ге жуық әртүрлі полктер, батальондар құрылып, майданға аттанды.

Ц Жауынгерлері жаумен жан аямай шайқасқан қазақстандық бес әскери құрамға «гвардиялық» деген құрметті атақ беріліп, олардың туларына бірнеше ордендер қадалды. Олардың қатарында жауынгерлерінің ерлігі аңызға айналған атақты 8-гвардиялық Панфилов дивизиясы да бар.

Ц Соғыс кезінде 3,5 мыңдай қазақстандықтар партизан отрядтарының құрамында болып, Жеңісті жақындатуға өз үлестерін қосты.

Ц Жанқиярлық ерлігі мен батырлығы үшін 96638 қазақстандық жауынгер бірнеше дүркіннен орден және медальдармен марапатталды. 497 жерлесіміз Кеңес Одағының Батыры атанды. Олардың 97-сі қазақ болатын. 142 жауынгер «Даңқ» орденінің толық иегері болды.

Ц Соғыстың 4 жылы ішінде Қазақстан мемлекетке 482,8 мың тонна астық, 217,6 мың тонна картоп, 143,2 мың тонна көкөніс, 1193,2 мың тонна қант қызылшасын, 155 ,3 мың тонна мақта тапсырды.

Ц Қазақстан еңбекшілері майданға 25 миллион дана жылы киім, Отан қорғау қорына 4 миллиард сомнан астам қаражат берді.

Ц Ұлы Отан соғысына барлығы 35 миллион адам қатынасты, Орта Азия республикаларынан соғысқа 3 миллионға жуық адам қатысса, соның 1 миллион 366 мыңы қазақстандықтар екен.

Ұлы Отан соғысы жылдарында Қарулы Күштерде 4 орталық, 19 майдандық және флоттық, 103 армиялық газет, ұлттар тілінде 50 газет шығып тұрды. Сол сұрапыл ауыр жылдарда қазақ тілінде 10 майдандық, 3 дивизиялық, 1 округтік газет жарық көрген. Олар: «Қызыл әскер ақиқаты», «Қызыл Армия», «Жауға қарсы аттан», «Отан үшін алға», «Дабыл» және т.б.

Уақыт тарих бетін парақтайды. Күн тізіліп, ай алмасып, зымырап жылдар өтеді. Ешбір уақыт ұзақтығы, мерзім межесі көмескіленіп “көзден таса, көңілден ұмыт, қалдыра алмайтын жылдар, оқиғалар болады. Сондықтан халық соғыс әкелген қайғы-қасіретті, миллиондаған адамның өмірін қиып, адам қолымен жасаған ұлы құндылықтарды талқандаған қантөгіс, сұрапыл соғысты ешқашан ұмыта алмайды.

Иә, соғыс өзінің сұмдықтарын бүгінгі күнге дейін ұмыттырар емес. Сол жылдар жаңғырығы адамзат жүрегін әлі сыздатуда. Иә, уақыттың тарих атты өз төрешісі бар. Бүгінгі өміріміз үшін құрбан болған ерлеріміз ешқашан естен шықпайды, ұмытылмайды. Біздер соғыс қайталанбауы үшін, оның сұмдықтарын, сол кезде біздің өміріміз үшін жанын қиған солдатты ұмытуға құқымыз жоқ. Біздер барлығын есте сақтауға міндеттіміз.

Отанын жаудан қорғау үшін көп ұлтты кеңес халқының ішінде қазақ халқы ерекше ерліктерімен, аңыздарымен жауға қарсы тұрды. Халық жадында құрамында 30 ұлттың өкілі бар (бұлардың 3 мыңдайы қазақстандықтар) Брест қорғаушыларының өшпес ерлігі мәңгі сақталмақ. Біраз көркем әдебиеттерден үзінді беруді жөн көрдім;

Орыстың белгілі жазушысы А. Бек 1944 жылы Москва шайқасын суреттеу, көпшілікке көркем әдебиет тілімен насихаттау мақсатымен “Арпалыс” (“Волоколамск тас жолы”) кітабын жазған болатын. Бұл кітаптың бас кейіпкері Б.Момышұлының және 28 панфиловшы батырдың жанқиярлық ерліктерін тамаша суреттеген.

Олар 28 еді! 1941 жылдың 16 қарашасында немістер Москваға Волоколам бағытында ұрысқа шықты. Дубосеково разъезіндегі 1075-атқыштар полкі 4-ротасының 2-взводы тұрған бекініс шебіне жаудың 30 танкісі шабуыл жасады. Ротаның саяси жетекшісі В.Ключков басқарған взвод жауынгерлері – барлығы 28 адам төрт сағатқа созылған ұрыста жаудың 14 танкісін қиратты... Соғыс тарихында асқан ерлікті бейнелейтін бұл ұрыста 28 панфиловшының 23-і қаза тапты. 28-дің 22-сі қазақстандықтар еді.

Қазақстан жерінде жасақталған В.Панфилов атындағы 8-гвардиялық дивизия Москваны қорғауда тарихта болып көрмеген теңдессіз ерліктің үлгісін танытты. Панфиловшылардың ішінде шын мәнінде болаттай беріктік пен ер жүректілік көрсеткен, өз заманында-ақ аты аңызға айналған Бауыржан Момышұлы да бар еді. “Әдетте суретшілер мен қалам шеберлері Шығыс адамдарын ажары сынық, мүләйім, қиялшыл кейіпте суреттейді. Сондай бейнелердің ішінде түрлі-түсті ұстаның қолынан шыққандай, сан алуан пішіндер кездеседі, бірі көз тартарлық көрікті келсе, бірі сүреңсіз де сүйкімсіз. Бауыржанның бет пішіні сол бейнелердің көбінен өзгеше, өнері жетік бір зергер ерінбей, жалықпай мәнерлеп, асыл тастан ба, әлде емен ағаштан ба, әйтеуір, бір өткір аспаппен мінсіз жонып жасалғандай”. Бұл орыстың белгілі жазушысы А.Бектің “Арпалыс” кітабынан үзінді.

Кейін Б.Момышұлының өзі жазған “Москва үшін шайқас” повесі де осы тарихи оқиғаға арналған.

Әди Шәріпов “Партизан қызы” – көркем, әрі әсерлі шығарма. Повесте жауынгерлердің әр сәт сайын ажалмен алысып, өліммен бетпе-бет ұстасып арпалысқандарын артық бояусыз көрсете білген. Олар Отан үшін басын бәйгеге тігіп, көзсіз ерлік жасай білді. Кез келген уақытта кеуделерін оққа тосып, қажет болса жолдастарына қалқан болды.

Кітап қарапайым тілмен жазылған, көпшілікке түсінікті. Солай бола тұра мән-мағынасы өте зор. Әрбір кейіпкер әрекеті, мінез-құлқы патриоттық сезіммен ұштасқан.

Біз “Партизан қызы” повесі сияқты Ұлы Отан соғысының қиын-қыстау, ел басына күн туған ауыр кезеңдерді баяндайтын шығармаларды насихаттай отырып, өз Отанын, жерін қорғайтын азамат болып өсуге тәрбиелейміз.

Қасым Қайсеновтың “Таңдамалылары” және Әзілхан Нұршайықовтың “Ақиқат пен аңыз” кітаптарын оқи отырып, соғыс тауқыметі мен қасіретін, от оранып, қан кешіп қол жеткізген Жеңістің бағасын терең түсінуге болады. Егер қаһармандық танытпаса, бүгінгі заман қандай болар еді, - деген бұлыңғыр ой келеді.

Бұл соғыс кезінде қазақ деген ел бар екендігі, ол елдің жаудан тайсалмайтын ер жүрек ұлдары, Әлия мен Мәншүктей батыр қыздары бар екендігі дүйім елге әйгілі болды. Басқаны былай қойғанда, Бауыржан атаның батырлығы туралы сөз болғанда Сталиннің өзі “Ол қазақ па?” – деп қайран қалғаны көпке мәлім.

“... Табанда қорқыныш пен қобалжудан арылып, бойымда жауға деген ерекше бір өшпенділік сезімі пайда болды. Оның үстіне командирімнің: “Батылдық керек, бауырым. Сескенуге болмайды, сақ бол. Қазір бірден төмен құлдилап барып, бомбалап өтеміз. Сол кезде немістердің күлдері көкке ұшқанын көресің. Тек бір-бірімізден көз жазбайық...”. Бұл Кеңес Одағының екі мәрте Батыры, Ұшқыш Талғат Бигельдинов туралы Сайлаубай Толыбаевтың “Біздің Талғат” кітабынан үзінді.

Қасым Қайсеновтің “Жау тылында” деп аталатын еңбегінде жергілікті халықтың Отанға деген сүйіспеншілігі, жауға қаталдығы, партизан отрядтары мен астыртын ұйымдарға көмегі нақтылы суреттеледі.

Кітаптағы шығармалар біздерді етжандылық рухта тәрбиелейді. Отан алдындағы қасиетті борышымызды сезінуге, жеңістің қандай қиындықпен келгенін түсінуімізге әсер етеді.

Ата-бабаларымыз сыйға тартқан бақытты өмірімізді қорғау әрбір саналы азаматтың борышы. Қан мен тер, мерт еткен өмір арқылы келген бостандық – тарихи шындық. Ата-бабамыз, әже-апаларымыз салып кеткен дәстүрді берік ұстап, ел азаматы болу бүгінгі ұрпақтың қастерлі де бұлжымас абыройлы міндеті.

Әрбір саналы азамат өзінің елі мен жерін қастерлеп, оны шексіз сүюі үшін аянбай еңбек етіп, өзінің бойындағы қасиеттерінің бәрін соған арнайды, қорғайды. Ел-жұртын құрмет еткен азамат – халықтың ұлы, оның нағыз перзенті. Ерді ел тудырса, ер елі үшін туады. Бұрынғыдан келе жатқан нақыл сөз, дәстүр де солай. Елін сүйген ерді халқы сүйіп, оны ардақтайды. Ер болып туған азамат халқының тарихын, мұң-мұқтажын, дәстүрін қастерлейді. Азаматтық борыш адамгершілік, қадір-қасиеттермен ұштасады, оның адамдық тұлғасын бейнелейді.

Азамат болу – ел қамын ойлау. Ел қамын ойлау – Отанымыздың тарихи даму жолындағы қилы күресті басынан кешірген бабалар мен әжелердің жанқиярлық еңбегі мен күресінің өтеуі. Солар қорғап қалған Отанды қорғау, жер планетасының тыныштығын сақтау – Қазақстан Қарулы күштерінің азаматтық борышы.

ҚОСЫМША



Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4




©dereksiz.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет