4. Заман емі
«Ғылым таппай мақтанба,
Орын таппай баптанба,
Бес нәрсеге асық бол,
Адам болам десеңіз».
Абай өлеңдері мен қарасөздерінде өз заманын сынап, кемшілігін ашып қана қойған жоқ.
Түзетпек едім заманды,
Өзімді тым-ақ зор тұтып,-
Деп, өзінің алдына зор мақсат қойған ақын заманды түзетудің жолын, жамандықтан арылудың емін айтқан Абай заманында қазақ халқы Ресейдің бодауына толық айналып, тұйыққа тіреледі. Ресейдің бодауынан құтылар жол әзірге жоқ екні айқын еді.Ендігі жол «Қалың ел қазағын» жағымсыз қылықтардан арылтып, рухани жағын іштей түлету, іргелі ел ету деп білді.Абайға ендігі дүниенің кілті ғылымда екнені айдан анық болды, халқының арыстанға жем болмай, табанына тапталмай ел болуының бірден бір жолы білім, ағарту жолы деп білді. Сондықтан халқына 10-сөзінде «Сол малды сарып қылып ғылым табу керек. Өзің таба алмасаң балаң тапсын. Ғылымсыз оқыған намаө, тұтқан ораза, қылған қажылық, ешбір ғибрат орнына бармайды»,- деп дүниені де, дінді де ғылымсызтүкке алғысыз дәрменсіз етеді.
Ал ол ғылымды қайдан табамыз дегенде: «Орысша оқу керек, хикметте, мал да, өнер де, ғылым да, бәрі орыста зор»,- дейді 25- сөзінде.
Мұнда Абай жалған намыс қуып отырған жоқ. Халқына ғылымды игерудің тура жолын сілтейді. Оқудағы түпкі мақсат: «Қазаққа күзетші болайын деп, бізде ел болып, жұрт білгенді біліп, халық қатарына қосылудың қамын жейік деп ниеттеніп үйрену керек»,-дейді . Осы түпкі мақсатқа жету үшін Абай оқуды, білімді, ғылымды барлық жағынан үлгі етіп, надандыққа қарсы майдан ашты. Өйткені адамзаттың ендігі болашақтағы дамуы ғалымның жасампаздық күшінде екені Абайға айқын болды. Ал өз халқының білімнен, ғылымнан мақұрым қалғаны ойшыл ақынның жанына аяздай батты. «Күллі адам баласын қор қылатын үш нәрсе бар.
Сонда қашпақ керек,-дейді 38-сөзінде,-әуелі-надандық, екінші-еріншектік, үшінші-залымдық деп білемін»,-деп, бұл үшеуімен аяусыз күресті де, олардың жоюдың емі-ғылымды, адал еңбекті, адамгершілікті атап, өзінің шығармаларында осы үшеуін дәріптеп, өсиет етті және бұл үшеуінің жасампаздық күшіне сенді.
Абайдың ағартушылық идеясы «Ғылым таппай мақтанба» өлеңінде айтылған «Адам болу» қағидасымен ұштасып жатыр. Адамның ғылымға деген махаббатының оянып ғылым білімге берілуін, ғылым табуын адам болудың негізгі шарты деп біліп, ғылым табумен адам болуды бір-бірімен байланысты дамитын бір деңгейдегі процесс деп білген Абай: «Қашан бір бала ғылым білімді махаббатпен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады»,- дейді 38-сөзінде. Балның ғылымға махаббатын оятатын-жақсы ата-ана, жақсы ұстаз, жақсы құрбыңның- ықпалымен болатынын атап айтқан. Абай айтқан бала тәрбиесіндегі бұл үшеуінің рөлін ешқандай педагогика жоққа шығармайды. Абайда «ғылым табу» мен «адам болу» бір-бірімен ұштасып:
Ғылым таппай мақтанба...
Адам болам десеңіз,-
Болып келеді де, ғылым тауып, адам болу үшін не істеу керек дегенде, Абай «Адам болу» қағидасын ұсынады.
Адам болам десеңіз.
Бес нәрсеге асық бол: Бес асыл іс.
Талап
Еңбек
Терең ой
Қанағат
Рахым
Бес нәрседен қашық бол: Бес дұшпан.
Өсек
Өтірік
Мақтаншақ
Еріншек
Бекер мал шашпақ.
«Бес дұшпанға» бой алдырған өз замандастарының қылықтарын, «Дос жылатып айтады» дегендей, жеріне жеткізіп, сүйегінен өткізіп айтып, олардың «ұятын, арын оятып», адам болғысы келген адамның асық болар «Бес асыл ісін» өсиет етеді.
«Ғылым таппай мақтанба» өлеңіндегі «Адам болам десеңіз» қағидасы бір ғана сәттегі ақындық шабыттан туа салмаған, Абайдың көптеген толғанған терең танымынан шыққан ой қорытындысы екенін байқаймыз. Бұдан кейінгі жылдарда жазған өлеңдері мен қарасөздерінде «Бес асыл істі» одан әрі дамытып, тереңдетіп, әрбіреуінің атқаратын қызметін сипаттап берген.
«Бес асыл істің» бірінші бастаушысы- талап, «Талап әрбір салада бар, оған талас қылуға болмайды»,- дейді 43-сөзінде. Білуге, көруге, үйренуге деген талап жан құмарынан туатын іс. Жан құмары жас балада мол болады. Алайда жақсы ұстаз алдын көрмегендіктен, ата ана мен өскен ортасының надандығынан баланың білуге, көруге деген талабы өспей, тасқа ұрылып, жан құмары өшіп, бірте-бірте адам жанынан хайуан жанына айналып кететіндігін адамның өзі де сезбей қалады екен. Сондықтан Абай: «Адам баласының ең жаманы – талапсыз»-дейді 44-сөзінде.
Кімде бар болса талап,
Отырмас ол бойын балап.
Жүрер, әрқайдан ізденер,
Алар өз сүйгенін қалап,-
Деп талапты-адамы ойлаған мақсатына жеткенше тыныш жатқызбайтын жетекші, бастаушы іс деп білген.
«Бес асыл істің» екіншісі-еңбек. Талап еңбектің нәтижесінде іске асады, еңбексіз талап тұл қалады.
Тәуеклсіз, талапсыз мал табылмас,
Еңбек қылмас еріншек адам болмас,-
Деп, адамболудың негізгі шарты ерінбей еңбек етуде дейді. 42-сөзінде: «Қазақтың жаманшылыққа үйір бола беретұғынының бір себебі – жұмысының жоқтығы»,-деп, адамды аздырар, жаманшылықтың өсіп-өнер мекені жалқаулық екенін шығармаларында әр қырынан айтқан. Сондықтан Абай халқына 4-сөзінде: «Әуелі құдайға сиынып, екінші өз қайратыңа сүйеніп,еңбегіңді сау, еңбек қылсаң, қара жерде береді,құр тастамайды»,- дейді.
Абай еңбектегі тек дене дене еңбегі деп бір жақты қарамаған. Өмірінің соңғы шағында жазған мына бір шумақ өлеңінде:
Түбінде баянды еңбек- егін салған,
Жасына оқу оқып, білім алған.
Би болған, болыс болған өнер емес,
Еңбектің бұдан өзге бәрі жалған,-
Дейді. Мұнда Абай халқына еңбектің екі түрін үлгі етеді: біріншісі-егін салу, екіншісі- оқып білім алу. Абай дене еңбегінен ой еңбегімен табылатын білім, ғылымды жоғары қояды. Дене еңбегімен тапқан малыңды, дүниеңді білім алуға жұмса, өзің оқи алмасаң балаңды оқыт, еңбек етудегі басты мақсатың ғылым табуда болсын дейді де, «Адам болам десеңіз» қағидасындағы «Бес асыл істің» бірі еңбектің құяр арнасы, жұмсалар жері ғылым табуға келіп саяды.
«Бес асыл істің» үшіншісі-терең ой. Талаптың бастауымен, еңбектің нәтижесінде істеген іс, оқыған оқу тек терең ойдың арқасында ғана жемісті болмақ. «Ісің өнсін десең ретін тап» дейді, ретін табу үшін ойлап істеу керек емес пе?
Абай шығармаларында ой, терең ой жайы: «Басында ми жоқ, өзінде ой жоқ, терең ойсыз, қулық ой, ұйықтаған ой, ойланып, ой тап, ой туар, ой жібер, батыр ой, ауыр ой, ойға тойма, ой көзімен, көңілдегі көрікті ой, ой өлкесі, ойланып ойға кету, ақылмен ойлап, ой артынан ой туар» тәрізді әр қырынан сипатталып, сан алуан сырлары ашылған. Өз замандастарына:
Басында ми жоқ,
Өзінде ой жоқ,-
Деп, енді бірде:
Көзінен басқа ойы жоқ,
Адамның надан әуресі.
Сонда да көңілі тым-ақ тоқ,
Жайқаң-қайқаң әрнесі,-
Деп, ойсыз санасыз надан адамның образын жасайды. Сансыз, ойсыз адамның бір белгісі-сөз ұқпайды екен. Абай оларға:
Ұқпайсың өз сөзіңнен басқа сөзді,
Аузыман орақ орған өңкей қыртың,
Деп кейиді. Халқымыз «Су анасы-бұлақ, сөз анасы-құлақ» деп бекер айтпаған ғой. Сөзді ұғар, тыңдар құлақ болса, ойдан ой туады, сөзден сөз туып, ойлы сөз дебұлақша ағады емес пе? Абай сондай тыңдаушысының аз болғанына ренжіп:
Тыңдаушымды ұғымсыз
Қылып тәңірім берген-ді,-
Деп, оларға ой сала сөзін ұқтырмақ болады. Жұрттың бәрі сөзді ұғып, оның мәніне терең ой жіберуі қиын. Сондықтан Абай:
Не пайда бар-мың надан
Сыртын естіп тыңдасын.
Онан дағы бір есті,
Ішкі сырын аңғарсын,-
Деп, болашақта бір естінің өз сөзін түсініп ішкі сырын ашатынына сенім білдіреді. Адам санасына саңлау қайдан түседі, ұйықтаған ойды кім оятады дегенде:
Ғылым оқып ой таппай,-
Деп ой оқумен, ғылыммен табылатынын ескертіп:
Оқыған білер әр сөзді
Надандай болмас ақ сөзді,-
Деп, оқыған адам сөзді ұғарлық ойлы болатынын аңғартады. Табиғаттың сырларын ашып, адамзаттың пайдасын ойлайтын ғалымдар мен хакимдерді нағыз ой адамдары деп Абай оларға аса құрмет көрсетіп, «біздің оларға міндеткерлігімізге дауа жоқ» дейді. Енді бір білетін нәрсе оймен байланысты болатын қиял, қайғы, Абай бұларды да ажыратып берген. Өмірінің соңғы шағында туған:
Жапырағы қураған ескі үмітпен,
Қиял қып, өмір сүріп, бос жүріппін
Деп басталған өлеңінде ойшыл ақын заманды, оның адамын түзету жайлы көп ойлары орындалмай, қиял болып қалғанына өкінеді. Сонда орындалмаған, іске асуы мүмкін емес ой қиял болып қала береді екен. Кейінгі жастарға ұлы ойшыл:
Ойға тойма, қызықты қиялдан құс,-
Деп ой мен қиял екі бөлек, бос қиялға салынба, адам өмірдегі қиыншылықтардан, сәтсіздіктерден, ауыр қазадан ойға шомып, қиялға бой алдыуы мүмкін деп, адамда болатын ой жағдайды:
Қараңғы, саңырау қайғы бойды жеңген,-
Деп сипаттайды да:
Қайғы келсе қарсы тұр құлай бермей,-
Деп, адамды жігерлендіреді.
Ойдың бір түрі-уайым. Абай: «Уайым- ер қорғаны, есі барлық»- деп, уайымды жағымды сипаттайды. Жастық шақта ойын күлкіге салынып, ешнәрсені уайымдамай өткізген өмірді Абай мағынасыз деп білген. Осы жүрісім қалай, ертең кім болам, ол үшін не іслеуім керек деп, өзінің болашағын ойлау, адам болудыңі қамын жеу есі бар жастың ісі екені,31-сөзінде, «Ой кеселдері: уайымсыз, салғырттық, ойыншы күлкішілдік, я бір қайғыға салыну, я бір нәрсеге құмарлық пайда болу секілді»,-деп, уайымсыздықты кеселді нәрсе ретінде бірінші атайды. «Бұл төрт нәрсе-күллі ақыл мен ғылымды тоздыратын нәрселер», соларға берілме, сақтан дейді.
«Бес асыл істің» төртіншісі-қанағат. Қанағат-халық ұғымында аса ілтипатпен айтылатын өнегелі сөз. Абай да оны адам болар адамның асыл ісінің бірі деп атаған.
Сабырсыз, арсыз, еріншек.
Көрсеқызар, жалмауыз,-
Деп, қанағаттан, айырылған, ашкөзь замандастарының аса жағымсыз, ұяттан да, адамшылықтан шығып қалған бейнесін береді.
Талаптың бастауымен еңбектеніп тапқан дүниеңді оймен орнына келтіресің, алайда кей адам дүниеқорлыққа, салынып ашкөзденіп кетеді де, адамшылықтан айырылады. Дүниеге, мансапқа қанағат қылуды естен шығарып, адамшылық тізгінен қанағат қылуды естен шығарып, адамшылық тізгенен ажырап қалады. Бұл жайында Абай:
Көп адам дүниеге бой алдырған,
Бой алдырып, аяғын көп шалдырған,-
Дейді.
Абайдың «Ескендір» дастанының өзекті ойы-қанағат, Қанағат-адам арының тазалығының, парасатттылығының белгісі.
«Адам болам десеңіз» қағидасындағы «Бес асыл істің» бесіншісі-рахым, яғни адамның сейірім шапағаты, адамға істеген қамқорлық-жақсылығы, 38- сөзінде: «һәр кісі де мархабатты, шапағатты болмақты айтып бұйырды, бұл рахым болса керек»,-дейді. Рахым-Абай шығармаларында кейіннен үлкен өзекті тақырып болған гуманизмнің алғашқы көрінісі. Талап, еңбек терең оймен табылған дүние, меңгерілген білім адамның өзі үшін ғана болса, адамшылдықтың орны болмайды екен. Абай адамның адам болуын адамға істеген жақсылығымен, мейір шапағатымен бағалайды. «Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың. Адамшылдықтың қарызына еңбек қылсаң, алланың сүйген құлының бірі боласың»,-дейді 37-сөзінде. Сонда «Адам болу» қағидасындағы «Бес асыл істің» алғашқы төртеуінің құйылар арнасы-рахым екен.
Абай заманды, «қалың елі қазағын» білім нұрымен, ағарту жолымен түзетуді мақсат етті және ғылымның жасампаздық күшіне сенді. Заманды түзету оның адамын, жастарды қайта тәрбиелеу деп біліп, дам болудың жолын көрсетті. Абай үлгі еткен адам болудың жолы- қай заманда, қай қоғамда болсын өзінің мән мағынасын маңызын жоймайтын адамзаттың бәріне бірдей өнеге болар қағида. Алғаш «Ғылым тапапй мақтанба» өлеңінде берілген «Адам болу» қағидасы одан кейінгі шығармаларында үлкен өзекті арна болып дамып, терең пәлсапалық- гуманистік мәні бар «Толық адам» мәселесіне ұласады.
Бастауыш мектепте іс-тәжірибеде болған кезде 4 сыныпта өткен ашық тәрбие сағаты.
Достарыңызбен бөлісу: |