3.2. Халықты жұмыспен қамтудың инновациялық әдістемесі және оның механизмдері
Теориялық талдау негізінде инновацияны түсіндіруде екі көзқарастың қалыптасқаны анықталды:
біріншісі, инновация жаңа идеялар мен үрдістер ретінде қарап, оны қолдану арқылы ең сапалы өнімдер мен технологияны жасауға әкелетін қоғамдық-техникалық-экономикалық үрдіс ретінде қарастырған;
екіншісі, инновацияны тұтыну тауарларының жаңа түрлерін, жаңа өндірістік және тасымал құралдарын, нарықтар мен өнеркәсіптегі ұйымдастыру формаларын енгізу және қолдану мақсатындағы өзгерістер ретінде түсіндіреді. Инновация – бұл тек жаңа енгізулер емес, бұл өндірістің жаңа қызметі. Оның негізі - өнім өндіру технологиясын өзгерту қажеттігі, ұйымдастырушылық, қаржылық, ғылыми-зерттеу және басқа салаларда жаңалықтар енгізу болып табылады. [19, 25]
Әр түрлі сипаттамаларды қорыта келе, инновация - өтімділігі жоғары жаңа өнімді ойлап табу деген ұғым туады. Бұл тұрғыдан алғанда ашылған жаңалықтың барлығы инновацияға жатпайтынын айтқан жөн. Өйткені, іргелі міндеттерді атқаруға негізделген, яғни осыған дейін белгісіз болып келген табиғат құбылыстарын ашу сияқты жаңалықтар ешқандай материалдық игіліктерді тарту етпейтіндіктен де, ол ғылыми ізденістердің жемісі ретінде ғана есептелінеді.
Экономикалық қатынастар жүйесінен инновацияның алатын орны орасан зор. Себебі инновациялық тәжірибені өндіріске қолданбастан, бәсекеге қабілетті өнім алу мүмкін еместігін дамыған елдер ертерек түсініп, бар күшті осы салаға жұмсап келеді. Осыған байланысты нарықтық экономика кезеңіндегі бәсекелестік күресте инновация өнімінің өзіндік құнын азайту, инвестициялар ағынын арттыру, өнім өндірушінің имиджін қалыптастыру және жаңа нарықтарды, оның ішінде сыртқы нарықтарды бағындырудағы аса тиімді таптырмас құралға айналуда деп зерттеулер негізінде тұжырымдауға болады.
Инновацияның дамуына қозғаушы тетік - бірінші кезекте нарықтық бәсекелестік болып табылады. Нарық жағдайында өнім өндірушілер немесе қызмет көрсетушілер әрдайым өндірістік дағдарысты болдырмаудың жолдары мен тауарын өткізетін жаңа нарықтарды іздестірумен болады. Сондықтан, инновацияны бірінші болып тиімді игерген кәсіпорындар өз бәсекелестіктері алдында басымдылыққа иеленеді. Қазіргі кезеңде жаңа тауарлар түрлері өсіп, тұтынушы талғамы артып отырған уақытта, әсіресе шағын кәсіпорындардың икемділік қабілеттерін күшейту аса тиімді саналады. Әлемдік тәжірибе бойынша мұндай «шағын шабақтар» қайрандап қалып қоймаулары үшін түрлі салалардағы жаңа өнімдер мен жаңа технологияларды шығару басымдық негіздегі сұрақтардың деңгейінде жүреді.
Қазіргі уақытта біздің елімізде бәсекеге қабілетті өнімдерді өндіруге негізделген жаңа ақпараттық технологияларды игеру, республикамыздың индустрия және ғылыми техникадағы әлеуетін дамыту басты стратегиялық міндеттердің бірі болып отыр. Соған сәйкес 2003 жылы республикамыздың индустриялық-инновациялық дамуының 2003-2015 жылдарға арналған стратегиясы қабылданды. Стратегияның мақсаты - шикізат бағытынан қол үзуге ықпал ететін экономика салаларын әртараптандыру жолымен елдің тұрақты дамуына қол жеткізу. Мұнда ұзақ мерзімді жоспарда сервистік-технологиялық экономикаға өту үшін жағдай жасау қарастырылған.
ҚР инновациялық қызметті қаржыландырудың көздері ретінде кәсіпорындардың өз қаржысы, республикалық және жергілікті бюджет қаражаттары, инновациялық қорлар қаражаты, мемлекеттік гранттар және заңға қайшы емес қаржыландырудың басқа да түрлері жатады. Қаржыландыру инфрақұрылымы ретінде даму инситуттары, венчурлік қорлар, кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлер, екінші деңгейлі банктер және т.б. жатады.
Қазақстан тәжірибесі көрсетіп отырғандай, көбінесе қарапайым қаржыландыру көздері, яғни банктер немесе басқа да қорлар инновациялық ғылыми-техникалық жобаларды қаржыландырудан бас тартады. Өйткені онда тәуекелділік жоғары болады. Сондықтан бұл жағдайда арнайы осындай көп тәуекелі бар жобаларды қаржыландыру үшін әлемдік тәжірибеде венчурлік қорлар құрылады. [19, 33]
Қазақстан бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына және Халықаралық сауда ұйымына енуді көздеп отыр. Осы мақсатта Қ.Р.-да ішкі және сыртқы нарықтарда бәсекеге қабілетті өндіріс көлемін жақын арада өсіруге мүмкіндік беретін ұлттық инновациялық жүйе қалыптастырылып жатыр. Ұлттық инновациялық жүйені қалыптастыруда 2003-2015 ж.ж. арналған Индустриалды-инновациялық даму стратегиясы елеулі роль атқармақ. Индустриалды-инновациялық саясат жылына 8,8-9,2%-дан кем емес экономикалық өсу қарқынын қамтамасыз етумен қатар Ж.І.Ө. көлемін 2000 жылмен салыстырғанда 2015 жылы 3,5 еседей өсіреді деп күтілуде.
Осы стратегия аясында инновациялық қызметтің инфрақұрылымын дамыту мақсатында технопарктер құру ісі қолға алынуда. Себебі технопарктер инновациялық экономиканың негізгі элементтерінің бірі болып табылады. Технопарк – перспективалы ғылыми және технологиялық идеялар мен жаңалықтарды игерумен айналысатын венчурлі фирмаларға жеңілдіктермен жалға берілетін аумақтық тұтасқан зертханалар жиынтығы. Ғылым мен өндіріс арасындағы байланыстарды дамытудың мұндай формасы ғылыми-техникалық, инновациялық, экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешуді қамтамасыз етеді. Ал Қазақстанда технопарктерді құру мен дамыту: [20, 27]
ең алдымен жоғары технологиялар саласында ғылыми-техникалық жетістіктерді өндіріске жылдам енгізуді;
ғылыми-техникалық идеяларды коммерциализациялауды, нәтижесінде зерттеулер мен құрастыруларға бағытталған ұлттық шығындардың тиімділігін арттыруды;
өнеркәсіпті құрылымдық қайта құруды;
аймақтық диспропорцияларды жұмсартуды;
жұмыссыздық мәселесін бөлшектеп шешуді қамтамасыз етеді деп жоспарлануда.
Бүгінгі таңда Қазақстанда Алматы, Орал және Қарағанды қалаларында технопарктер ресми түрде ашылды. Қазақстан тарихындағы тұңғыш технопарк – Алматы маңындағы «Алатау» технопаркі. Бұл технопарк ақпараттық технологиялар саласында маманданған. Орал мен Қарағандыдағы технопарктер өз аймақтарындағы өндіріс қажеттіліктеріне сай мамандандырылған. Болашақта елімізде әлі бірнеше технопарктер құру ісі қолға алынбақ. [20, 28]
Технопарктер құру арқылы біздің елдің кәсіпорындары батыстың көшбасшы компанияларымен тәжірибе алмасу арқылы және шетелдік инвестициялардың көптеп тартылуы нәтижесінде Қазақстан өз ғылыми-техникалық потенциалын іске асыра алады. Сонымен қатар технопарктер білім беру мәселесінде де үлкен көмек көрсете алады. Және технопарктер инновациялық кәсіпкерлікті дамытуға, жаңа технологияларды, сапалы менеджментті тартуға мүмкіндік тудырып, қазақстандық азаматтардың жаңа тұрмыс сапасын қалыптастыруға септігін тигізбек.
АҚШ, Жапония, Швеция, Тайвань және т.б. елдердегі технологиялық нарықты қалыптастыру тәжірибесі инновациялық орталықтар ретінде техноэкополистік және технопарктік құрылымдарды құру мен тұрақты дамыту бағдарламалары мемлекеттік саясаттың негізгі элементі болып табылатынын көрсетті. Технопарктік түр бойынша экономикалық даму салыстырмалы түрде экономикасы қалыңқы аудандарды өнеркәсіптік және ауылшаруашылық өндірістің, көлік, байланыс салаларында жоғары технологиялармен қамтамасыздандырылған даму қарқыны жоғары аймақтарға айналдырады. Сонымен қатар қосымша жұмыс орындарын ашу, жергілікті кадрларды дайындау, қажет инфрақұрылымды құру сияқты аймақтық әлеуметтік мәселелер шешілетін болады.
Өзінің ұлттық инновациялық жүйесін қалыптастыруды енді қолға алып жатқан Қазақстанға өзінің бәсекге қабілеттілігін арттыру үшін нәтижелі де белсенді бағдарламаларды іске асыруға көшкен жөн. Әсіресе, жоғарыда айтылып кеткендей, технопарктік құрылымдарды дамытып, оларға жағдай жасауға үкіметтің ерекше көңіл бөлуі қажет. Ол үшін:
елге озық шетелдік ірі компаниялар мен инвестициялар көптеп тартылуы;
инновациялық іс-әрекетпен шұғылданушы отандық және шетелдік компаниялар мен фирмалар үшін салықтық жеңілдіктермен қатар басқа да ынталандыру саясаты қарастырылуы;
отандық кәсіпорындар әлемдік стандарттарға сай қайта жарақтандырылуы;
экспортқа бағытталған өндіріс барынша қолдау табуы;
елдің білім беру саласы кәсіби деңгейі жоғары мамандар даяарлауға қабілетті болуы және т.б. шаралар қолға алынуы тиіс. [20, 30]
Сонымен бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына енуді көздеп отырған Қазақстан үшін аталған шараларды жүзеге асырып, өзінің берік инновациялық жүйесін қалыптастыру өте маңызды. Себебі біз болашақта Халықаралық сауда ұйымына енетін болсақ, отандық кәсіпорындарға сапалы шетелдік импортқа қарсы тұруға тура келеді. Ал елде инновациялық бизнесті дамытпай, сапалы шетелдік импортқа төтеп беру мүмкін емес.
Қазіргі ғылыми өндірістер еңбек ресурсына жаңа көзқараспен қарауды талап етуде. Бұл арақатынастар макро деңгейінде ұлттық жұмыс күнін ақы төлеуде кемшіліктерінің сақтау саясатын білдіреді. Аралық деңгейде жұмыс ету жағдайлары шартты, ақысы төмен аймақтарға мамандардың жұмыс ету қызығушылығын арттыру. Микро деңгейде ресурстар сапасын білімді жоғарылату жұмыстарын жүргізу керек. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, еңбек өндіргіштігі мен мамандарының бір жұмыс орнында жұмыс ету ұзақтығымен тығыз байланыста екендігін көрсетеді. Арнайы зерттеулер менеджер–маманның бір орында оптимальды жұмыс ету мерзімі – 4 жыл болатынына ккәгер бола алады. Психология осы уақытта өндірісті дұрыс түсіну және басқару жұмыстарын шешуде қажетті тәжірибеде жинақталатындығын көрсетті, алайда әрі қарай ізденісі кемігендіктен бұл білімдер көрсетілген мерзімнен бастап төмендей бастайды. Сондықтан тігінен (қызметтік өсу, карьерлік ауысу) немесе көлденеңі бойынша (жаңа міндеттер) маманның жұмысқа тұрақты белсенді қатынасын көрсетеді. [21, 57-б]
Достарыңызбен бөлісу: |