НЕГІЗГІ БӨЛІМ
Кіріспеде диссертация тақырыбының өзектілігі, негізгі нысаны, зерттелу деңгейі, мақсаты мен міндеттері, әдіснамалық ұстанымы, ғылыми жаңалығы, мерзімдік, аумақтық шегі, ғылыми-практикалық маңыздылығы және құрылымдары айқындалады.
«1861-1917 жылдар аралығындағы Қазақстандағы кәсіпкерліктің қалыптасуы » деп аталатын бірінші бөлім екі бөлімшеден тұрады.
«Оңтүстік Қазақстанда кәсіпкерліктің қалыптасуының тарихи және саяси алғышарттары» атты бөлімшеде ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы Ресей империясының Қазақстанның оңтүстік өлкесін отарлауын аяқтауы, патша үкіметінің жүргізген реформаларының кәсіпкерліктің қалыптасуына ықпалы қарастырылған.
ХІХ ғасырдың 60-шы жылдарында Ресей империясы қазақ даласында реформалау процесін қолға алды. Қазақстанның отар аймаққа айналуы, оның барлық аймақтарының әлеуметтік-экономикалық және саяси дамуына түбірлі өзгерістер әкелді. Осы кезеңде жүргізілген саяси реформалардың барысында, оңтүстік өлкедегі кәсіпкерліктің дамуына оң ықпал еткен факторлар қалыптасты. Ресей империясы енгізген заңдардың отаршыл сипатына қарамастан, олар қазақ қоғамының өмір салтына жаңа серпілістер алып келді. Натуралды шаруашылыққа бейімделген жергілікті халық, саяси өзгерістердің әсерімен жаңа ізденістер арнасына түсті.
Патшалық үкіметтің салық саясаты отарлаудың басты белгілерінің бірі болды. ХІХ ғ. екінші жарытысында енгізілген салық жүйесі өзінің өсу бағытын ұстанғандығымен ерекшеленеді. Мысалы, 1837 ж. Орынбор әкімшілігі енгізген түтін салығы 1 рубль 50 тиынды құраса, 1867 ж. 2 рубль 75 тиын, ал, 1891 ж. 4 рубльге көтерілді [2; 303 б.]. ХІХ ғ. 90-жж. кейінгі кезеңде барлық салықтар (түтін, жер, әкімшілік, ауыл старшыны және олардың кеңселерін қамтамассыз ету салықтары) әр үйге орта есеппен 8 рубльді құрады, ал, 1910 ж. бұл көрсеткіш 14 рубльге жетті [3; 12 б.]. Салықты өсіру арқылы, патша әкімшілігі одан түскен кірістің негізінде алғашқы кәсіпорындарды ашуға мүмкіндік алды.
Орыс әкімшілігі Орта Азиямен экономикалық қарым-қатынасты кеңейту мақсатында сауда қатынастарын әрі қарай дамытуға қолайлы саясат ұстанып, бірнеше нақты іс-әрекеттер жүргізді. Осыған орай, 1868 ж. бастап сауданың барлық түрлеріне салынатын баж салығы алынып тасталынды [4; 478 б.].
Патша үкіметі жаулап алынған жерлерде саяси тұрақтылыққа қол жеткізу мақсатында, орыстарды қоныстандыру саясатын ұстанды. Жаңа қосылған шет аймақтарды қарқынды отарлау мақсатында патша әкімшілігі алғашында казак әскерлерін, кейінен шаруаларды қоныстандыру шараларын бастады. Қоныс аудару саясаты негізінде өлкенің кәсіпкерлік тарихының бастапқы кезеңі қалыптасты. Әсіресе, кәсіпкерлер қатарының артуына осы бағытта жүргізілген шаралар тікелей әсер етті. Сонымен, ХІХ ғ. екінші жартысында жүргізілген реформалардың нәтижесінде, қазақ даласында кәсіпкерліктің қалыптасуына тарихи-саяси алғышарт жасалды.
«Кәсіпкерліктің қалыптасуының экономикалық базасының құрылуы» деген бөлімшеде орыс отарлауы қарсаңындағы қазақ жерінің дәстүрлі шаруашылығы, қазақ қоғамына капиталистік қатынастардың енуі, кәсіпкерліктің қалыптасуына қолайлы жағдай туғызған инфрақұрылымның дамуы зерттелінген.
Аймақтың ХІХ ғасырдың 60-шы жылдарға дейінгі экономикасы дәстүрлі шаруашылық негізінде дамыды. Сонымен қатар, осы уақытта өлкенің экономикасы орыс және ортаазиялық әскери шабуылдардан әлсіреген болатын. Ал, патша әкімшілігінің тарапынан жүзеге асырылған экономикалық мазмұндағы іс-шаралар, қазақ қоғамының әлемнің экономикалық жүйесінде болып жатқан өзгерістеріне тартылуына әсер етті. Әсіресе, капиталистік қатынастардың негізгі белгілерінің бірі болып табылатын – кәсіпкерлікті қалыптастыруға қажетті экономикалық алғышарттар туындады. Дегенмен, оңтүстік өңірдегі кәсіпкерліктің қалыптасуына тек ресейлік капиталистік қатынастардың енуі ғана емес, сол сияқты аймақтың климаты, құнарлы жер және су ресурстарының ықпалы да зор болды.
ХІХ ғасырдың ІІ жартысында оңтүстік өңірдің шикізат және еңбек ресурстары тек Ресейдің ғана емес, шетелдіктердің де үлкен қызығушылығын тудырды. Шетелдік кәсіпкерлердің жергілікті нарықтағы іс-әрекеті патша әкімшілігінің саясатына үлкен кедергілер келтірілді. Соған сәйкес, орыс тауарларына бәсекелестік тудырмас үшін және отар аймақты игеруді күшейту мақсатында, патша үкіметі бірқатар тиым салу шараларын анықтады. Мысалы, зауыт қожайындарына шетелден темір мен шойынды баж салығынсыз әкелуге 1880 жылы тиым салынды [5; 1 п.]. Осы жылы Түркістан өлкесіне еуропа, парсы (иран) және түрік өнімдерін әкелуге рұқсат берілмеді [6; 15 п.] және т.б.
Кәсіпкерлерді капиталмен қамтамасыз еткен біртұтас банк жүйесінің құрылуы, кәсіперліктің қалыптасуына мүмкіндік берді. Ресейдің шет аймақтарындағы «бос жерлерді» экономикалық игеру, бай шикізат көздерін пайдалану, тауар өткізу нарықтарын кеңейту міндеттері – банк бөлімшелері мен несиелік мекемелердің құрылуымен қатар жүзеге асты. Қазақстанның оңтүстік өңірінде акционерлік, коммерциялық банктердің бөлімшелері, несие қоғамы және қалалық қоғамдық банк, мемлекеттік банк бөлімшелері, несиелік кооперация және басқа да ұсақ несие бөлімшелері құрылды. Қазақтарға несиелердің берілуі, олардың кәсіпкерлік саласында қызмет етуге жағдай жасады. Сол уақыттағы баспасөз материалдарында қазақтардың банктерден несие алу жолын тез меңгеріп, сонымен қатар, несие алушы орыстарға қарағанда, бұл іске жауапкершілікпен қарай бастағандары туралы ризашылық білдірілген мақалалар жарияланды. Дегенмен, өлкеде өнеркәсіптің нашар дамуына байланысты, банктер өз капиталын көбінесе өсімқорлық операцияларды қамтамасыз етуге салды.
Осылайша, өлкеге банк монополиясының енуі, қаржы-банк жүйесінің құрылуы, Қазақстанның оңтүстігіндегі кәсіпкерліктің қалыптасуы мен дамуына қарқынды түрде ықпал етті.
ХІХ ғасырдың екінші жартысында оңтүстік өңірге капиталистік қатынастардың енуін күшейткен, оның ішінде кәсіпкерліктің қалыптасуы мен дамуына ықпал еткен факторлардың бірі – теміржол құрылысы болып табылады.
Теміржолдар салу арқылы, патшалық Ресей Орта Азия мен Шығысқа баратын жолын ашып, сыртқы сауданы дамытуға мүмкіндік алды. Теміржолдар салу ісі ХХ ғасырдың басында Қазақстан территориясын жылдам қарқынмен қамти бастады. Теміржол құрылысының салынуы Қазақстанда тауар-айырбас және ақша-тауар қатынастарының дамуына ықпалын тигізді. Сонымен бірге, қоныс аудару процесінің күшеюіне де әсер етті.
Қорытындылай келе, 1861-1917 жылдар аралығында қазақ жерінде кәсіпкерліктің қалыптасуына негіз болған экономикалық алғышарт жасалды. Осы кезеңде қазақ жерінде кәсіпкерліктің дамуына ықпал етуші факторлар туындады. Оның ішіндегі ең негізгілері - банк-несие жүйесі мен теміржолдардың салынуы болып табылады. Сөйтіп, Қазақстанның оңтүстігі жаңа экономикалық аймаққа айнала бастады.
«Қазақстанның оңтүстік аймағындағы кәсіпкерліктің даму ерекшеліктері» деп аталатын екінші бөлім төрт бөлімшеден тұрады.
«Аймақтағы өнеркәсіп орындарының дамуының кәсіпкерлікке тигізген ықпалы» деп аталатын бөлімшеде, Қазақстанда өнеркәсіп орындарының дамуының кәсіпкерлікке тигізген ықпалы зерттелінеді.
Қазақстанда өнеркәсіп орындарының дамуы, осы салада кәсіпкерліктің қалыптасуына мүмкіндік туғызды. Кәсіпкерлер ең алдымен, тау-кен өндірісі маңына шоғарланды. Ресей мемлекеті үшін қазақ даласының қойнауындағы қазба байлықтар үлкен қызығушылық туғызды. Оларды іздестіру және оны игеру барысында патша әкімшілігі қазақ жерінде біртұтас іс-шаралар жүйесін жүргізді.
Қазақстанның оңтүстік өлкесінде тау-кен ісінің неғұрлым белсенді дамыған уақыты - 1866-1867 жылдар болды. Орынбор генерал-губернаторлығына 1866 жылдың 1 шілде – 1867 жылдың мамыры аралығында өнеркәсіпшілер ашқан алтын және басқа да тау-кен байлықтарын өндіріске қосу туралы барлығы 57 өтініш түскен. Бірақ, одан кейінгі жылдары өтініштер саны төмендеді [3; 14 б.].
Қарастырылып отырған аймақтың ең жоғарғы дәрежеде орын иеленетін минералды қазба байлығы - тұз өндірісі болды. Мемлекет саясаты бойынша халықтың барлық сословиеден шыққан кәсіпкерлеріне минералды қазба байлығын еркін игеру мүмкіндігі берілді. Аймақтағы көмір кендерін өндіру ХІХ ғ. 80-жж. қолға алынды. Кәсіпкерлер өздерінің өндіріс орындарын отынмен қамтамассыз ету мақсатында ғана қолға алған болатын. Себебі, өлкедегі көмір кендерінің сапасы нашар болды.
Қазақстанның оңтүстік өлкесіндегі тау-кен өндірісі саласындағы өнеркәсіптің даму барысында бірқатар кедергілер орын алды: өлкедегі пайдалы қазба байлығының мардымсыздығы (минералды қазбадан басқа); өлкеде тұтас та терең геологиялық зерттеудің жүргізілмеуі; өндіріс капиталының жетіспеуі; барлау жүргізуге рұқсат алуда формальды істердің көптігі; орыс кәсіпкерлері мен жергілікті тұрғындардың бірлесіп әрекет жасамағандағы. Тау-кен ісінде басты орынды орыс капиталы иеленсе, одан кейінгі орында жергілікті кәсіпкерлер тұрды.
Қазақстанның оңтүстік аймағында өңдеуші өнеркәсіптегі фабрика–зауыттық типтегі кәсіпорындардың қалыптасуы көрініс берді. Өлкедегі тері өңдеу зауыттары экономикалық жағдайдың дамуында маңызды орын алды. Қазақтар мал өнімдері: тері және жүн шикізаттарын өңдеу орталықтарына өткізіп, пайда тапты. Дайын шикізаттар Ресейге тасылып, орыс көпестері бұл салада үлкен байлыққа ие болды. Оңтүстік өлкеде егіннің өсірілуі, дәнді дақылдарды өңдеу кәсіпорындарының жұмысын жандандырды. Ұн диірменін ұстау мемлекет тарапынан қадағаланып, міндетті түрде диірмен алымы алынып отырды. Одан мемлекет айтарлықтай кіріс түсірді. Қазақстанның оңтүстік өлкесінде ауылшаруашылығы өнімдерін өсіру және өңдеу фабрикаларының бірі − темекі өндірісі болды. Қарастырып отырған кезеңде бұл сала өзінің алғашқы даму деңгейінде тұрды. Өнеркәсіп орындарының ішінде мақта тазалайтын зауыттар жабдықталуы жағынан айтарлықтай жоғары тұрды. Олар су, бу немесе керосин двигательдерімен жұмыс істеді. Қазақстанның оңтүстік өлкесінде, оның ішінде Сырдария облысына қарасты Шымкент және Түркістан қалаларында мақта зауыттары осы аймақтарда өсірілген өнімді өңдеді.
Аймақтың өңдеуші өнеркәсібі жеке иеліктегі кәсіпорындар сипатында болды. Ресейлік кәсіпкерлер қазақ жерін шикізат көзі ретінде бағалап, өз капиталын тез және артығымен өндіріп алатын шағын, ұсақ және орта кәсіпорындарға салды. Олардың ішінде арақ-шарап, сыра, сабын қайнату, балауыз жасау және т.б. кәсіпорындар болды. Қарастырылып отырған кезеңде, оңтүстікте әлемде сирек кездесетін дәрілік өсімдік өсті. Одан іш ауруларын емдейтін сантонин өндірді. Кәсіпкерлер осы өсімдікті өңдеуге қызығушылық танытты. Соған байланысты, Шымкентте сантонин зауыты ашылды. Бұл өндіріс кәсіпкерлерге мол пайда әкелді.
Аймақтағы кәсіпкерліктің қалыптасуы мен дамуының өзіндік ерекшелігі болды. Себебі, кәсіпкерлер тез пайда табу мақсатында көбінесе өз капиталдарын өндірістің саудамен тығыз байланысты салаларына салды.
ХІХ ғ. екінші жартысы - ХХ ғ. басындағы Қазақстандағы өнеркәсіптің даму қарқынының баяулығын төмендегі себептер арқылы түсіндіруге болады: біріншіден, аймақтың әлеуметтік-экономикалық қатынастары каптиалистік дамуға дайын емес еді. Оған қажетті экономикалық алғышарттар толық қалыптаспағандықтан жергілікті шаруашылықтар тауар айналысына баяу тартылды және ол мұндағы капитализмнің даму қарқынына әсер етті. Екіншіден, Рессейдегі капитализімнің дамуындағы қайшылықтар, ауыл шаруашылығының өнеркәсіптік дамудан артта қалуы, жергілікті дәстүрлі қатынастармен араласа отырып, күрделене түсті. Үшіншіден, Қазақстанның оңтүстігі басқа да метрополияға тәуелді аймақтар сияқты, отар ел сипатында дамыды. Жергілікті өнеркәсіптің негізгі міндеті - метрополия мен шетел кәсіпкерлері үшін шикізатты табу және алғашқы өңдеуден өткізу болды. Жергілікті тұрғындардың өнеркәсіп тауарларына сұранысы негізінен Ресей мен шетел өнеркәсібінің бұйымдары арқылы қамтамасыз етілді. Өнеркәсіптің дамуын тежеген бұл негізгі үш себепке мамандардың жетіспеуі, қолайлы жол қатынастарының болмауы және т.б. жағдайлар қосылды.
«Сауда саласындағы кәсіпкерліктің даму ерекшеліктері» атты бөлімшеде кәсіпкерлерінің басты қызығушылық танытқан саласы –саудаға арналған.
Оңтүстік өлкедегі сауданың дамуы, алғашқы қарапайым айырбас сауда, жәрмеңкелік сауда және сауда үйлерінің құрылуы қарастырылады. Аймақтағы сауда кәсіпкерлігі әр түрлі формада көрінді. Оның ішінде, жеке адамның өзі сататын жеке (разносная торговля) сауда, тасымалдау (развозный) саудасы, керуен саудасы, жәрмеңкелік сауда, тұрғылықты қалалық базарлар, сауда үйлері, дүкен және сауда сәкілері және т.б. бар.
Сауда-саттық саласының алғашқы кезеңінде айырбас-келісім жүйесі басым болды. Айырбас саудасын көбінесе ұсақ саудагерлер мен әр түрлі сауда фирмаларының өкілдері жүргізді. Олар далалы аймаққа өздерінің тауарларын алып келіп, оны мал және оның өнімдеріне айырбастады. Тасымал саудасына тән ерекшелік – онда ақшалай есеп және сауда бәсекесінің болмауы, сауданың тауарды мал басымен немесе оның өнімімен бағалау арқылы жүргізілуі болып табылады. Сауданың бұл түрі жергілікті халықты алдауға көп мүмкіндік берді. Осыған байланысты, қазақ интеллигенттері баспа беттерінде қазақтарды алданудан сақтануға шақырды. Аймақтағы тасымалдаушы айырбас және керуен саудасының эквивалентінің болмауы, олардың сұранысты толық қамтамассыз ете алмауы, тауар сапасының төмендігі және таңдау мүмкіндігінің жоқтығы - аталған сауда түрінің біртіндеп әлсіреуіне алып келді. Осы себептерге байланысты, сауданың тасымалдаушы айырбас түрі баяулап, жергілікті қазақтар үшін жәрмеңке саудасы неғұрлым тиімді болды. Соның негізінде, өлкеде жәрмеңке саудасы белсенді түрде дами бастады. Қазақстанның оңтүстік аймағы бойынша жәрмеңкелік сауда үш дәрежелі болып қалыптасты: далалық, қалалық, уездік. Капиталды ұйымдастырудың аймақта біршама кең тараған түрі - ХХ ғ. басында қалыптасқан сауда үйлері болды. Сауда үйілерінің пайда болуы, сауда кәсіпкерлігінің біршама жоғары деңгейге көтерілгенін көрсетті. Бұл тауар айналымының жоғары дәрежеге көтерілгенін және осы салада кәсіпкерліктің рөлінің артқанын айқындай түседі. Дегенмен, облыстарды салыстырып қарағанда, тауар айналымының арақатынасы тең болмады: тауар айналымы Сырдария облысы бойынша - 72%, Жетісу облысы бойынша - 28%-ға сәйкес келді [7; 103-104 пп.].
Сөйтіп, алғашқы кезеңде сауда саласындағы кәсіпкерлік тауарды тасымалдау, керуен саудасы және жәрмеңкелер арқылы жүзеге асты. Дала жәрмеңкелері қазақ-орыс саудасын дамытуға бағытталды. Жәрмеңкелік сауда орыс сауда капиталын және оның өкілдерінің қазақ даласына енуіне жақсы жағдай жасады. Кейіннен өлкеге сырттан келген көпестер мен кәсіпкерлердің ықпалымен сауда жүргізудің неғұрлым жетілген түрлері - сауда орталықтары мен фирмалар ұйымдастырылды. Ресей өнеркәсіп тауарларына деген үлкен сұранысты қажет ететін аймақты экономикалық жаулап алып, арзан мал шаруашылығы шикізатына қол жеткізді.
«Өңірдегі ауыл шаруашылығы саласында жеке кәсіпкерліктің қалыптасу өзгешеліктері» деп аталатын бөлімшеде Қазақстанның оңтүстік аймағының табиғи мүмкіндігіне байланысты кәсіпкерлердің ауыл шаруашылығы саласын игеру қызметі сараланды.
Қазақ жерін отар аймаққа айналдырған ресейлік үкімет өлкеде жер өңдеуге аса көңіл бөліп, бұл іске кәсіпкерлерді жұмылдырды. Мысалы, осы кезеңде Сырдария облысының территориясының 2,47%-ы, ал Жетісу облысының 2,45%-ы егістік жерлер болды [8; 250-251 бб.].
Қарастырылып отырған кезеңде мақта өсіру кәсібі айтарлықтай дәрежеде дамыды. Кәсіпкерлер ресейлік мақта-мата фабрикаларын шикізатпен қамтамасыз ету мақсатында мақта өсіру кәсіпшілігіне үлкен мән берді. Түркістанда алғашқы мақта өсірумен айналысушылар жақсы пайда тапқандықтан, бұл салада кәсіпкерлік кеңейе түсті. Оған мақта кедені саясаты қолайлы әсер етті.
ХІХ ғ. екінші жартысында Қазақстанда балық кәсіпшілігі дами түсті. Қазақстанның оңтүстік аймағындағы балық кәсіпшілігі теңіздік, көлдік, өзендік балық аулау болып бөлінді. Теңіздік балық аулау Арал теңізінде жүргізілді. Балық пен балық өнімдері Ресейдің Мәскеу, Н-Новгорд, Орынбор, Саратов, Самара, сондай-ақ Түркістан өлкесінің көптеген аймақтарына шығарылды. Мысалы, тек Ташкент теміржолы арқылы 1910 ж. Еуропа мен Ресейге 1 825 750 пұт балық, ал 1912 жылы 1 976 000 пұт мөлшерінде (бағасы 5 млн. рубльге) балық жөнелтілді [9; 144 б.]. 1917 ж. облыста балық кәсіпшілігімен 500 қазақ кәсіпкері айналысты [10; 125-126 пп.]. ХІХ ғ. соңы - ХХ ғ. басында Сырдария және Жетісу облыстарында балық шаруашылығы жедел дамыды. Оған Орынбор – Ташкент теміржолының салынуы, Арал теңізі мен Сырдария өзендерінде, көлдерінде балықтың мол болуы және балық аулаушылардың санының өсуі әсерін тигізді. Теміржол қатынасының пайда болуы, балық кәсіпшілігінің дамуына жақсы жағдай жасап, Ресей мемлекетінің қазынасына түсетін кірісті көбейтті.
ХІХ ғ. соңы мен ХХ ғ. басында оңтүтік аймақта ауыл шаруашылығының бау-бақша, омарта шаруашылығы сияқты салалары кәсіпкерлік дамудың алғашқы кезеңінде тұрды.
Жалпы, Қазақстанның оңтүстік өлкесінің табиғаты, климаттық ерекшелігі ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерліктің жандануына қолайлы жағдай туғызды. Патшалық Ресей өздерін аграрлық өнімдермен қамтамасыз ету мақсатында, бұл салада кәсіпкерліктің дамуына қолдау жасады. Бұл - өлкенің жер үсті байлығын кәсіпкерлік сипатта игерудің алғашқы қадамы болатын. Дегенмен, әлі де болса дамуға тежеуші факторлар жеткілікті еді. Ол ең алдымен өлкедегі халықтың осы саладағы біліктілігінің төмендігі, кәсіпкерлердің белгілі бір салада маманданбауы, аймақтың өнім беру мүмкіндігі жоғары жерлерді анықтай алмауы және т.б. мәселелерге байланысты болды. Сонымен бірге, кәсіпкерлік тәуекелділікті қажет ететін, пайдасы тұрақты емес әрекет болса, ауыл шаруашылығы кәсіпкерлігі оның ішіндегі ең қиыны еді. Оның нәтижелілігі біріншіден табиғатқа, одан кейін ауыр еңбекке және іскерлік қабілетке тікелей тәуелді болды. Егер табиғи қолайсыздық туған жағдайда, кәсіпкер үшін осы іске салған барлық қаржысынан айырылып қалу қаупі басым тұрды. Сондықтан да кәсіпкерлер сауда сияқты неғұрлым жеңіл салаларға көп көңіл бөлді. Соған қарамастан, қарастырып отырған кезеңде ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерліктің алғашқы негізі қаланды. Өлкеде жастарды кәсіпке мамандандыратын оқу орындары, яғни ауыл шаруашылық мектептері ашылды.
«Халыққа қызмет көрсету жүйесінде кәсікерліктің пайда болу үрдісі» деп аталатын бөлімшеде тасымалдау кәсібінің дамуы, қолөнер өндірісі немесе ұсақ және орта кәсіп түрлері және тұрмыстық қызмет саласындағы кәсіпкерліктің қалыптасуы және даму тарихы сарапталған.
ХІХ ғ. екінші жартысындағы қазақ қоғамының жаңаша өзгерістерге бейімделу барысында, халықтың дәстүрлі шаруашылықтары мен кәсіпшілігі жалғасын тауып, кәсіпкерліктің жаңа салалары туындады. Соның бірі - халыққа қызмет көрсету саласында кәсіпкерліктің қалыптасып, дамуы. Бұл мәселе үш түрге бөлініп қарастырылады: тасымалдау кәсібінің дамуының көліктік қызмет саласындағы кәсіпкерліктің қалыптасуына әсері; қолөнер өндірісі немесе ұсақ және орта кәсіп түрлерінің кәсіпкерлік сипаты; тұрмыстық қызмет саласындағы кәсіпкерліктің даму үрдісі.
Тасымалдау кәсібі ХІХ ғ. екінші жартысында барынша ұйымдаспаған түрде жүргізілгенімен, ХХ ғ. басында бір жүйеге түсті. Олардың басқару органы, қаржы есептеу және бөлу жүйесі қалыптасып, арнайы ережелерді сақтау қамтамасыз етілді. Жұмысшылардың және жолаушылардың құқықтарын қорғау дұрыс жолға қойылды. Жасалған шаралардың барлығы көлік қызметі жүйесінде кәсіпкерліктің қалыптасып, дамығандығын байқатты.
Халыққа қызмет көрсету саласында кәсіпкерліктің дамуына, қазақ халқының тұрмыс-тіршілігінде ғасырлар бойы орын алған қолөнер кәсібі әсер етті. Қазақстанда ұсақ және орташа кәсіпкерліктің қалыптасуы екі жолмен жүрді. Біріншісі, капитализімнің енуімен байланысты, жергілікті шеберхана кәсібі мен қолөнердің жаңа жағдайға бейімделе отырып дамуы нәтижесінде, ал екіншісі, қоныс аударушы шаруалардың тіршілік көзі ретінде кәсіпкерлікпен айналысуы барысында туындады. Ертеден келе жатқан және отырықшыландыру барысында қалыптасқан елді-мекендерде сондай-ақ, қалаларға, жәрмеңкелерге, базарларға жақын ауыл тұрғындарының арасынан ақша үшін әр түрлі кәсіппен айналысушы қазақ кәсіпкерлері шыға бастады. Ауылдар мен орыс елді-мекендерінде, қалалардың базарлары мен көшелерінде кәсіпкерліктің әр түрлі салаларындағы шағын шеберханалары көбейді. Қазақ ауылдарындағы жекеленген шеберхана мен қолөнер өнімдері енді арнайы сату үшін өндіріліп, тауарлық сипат алды.
Қолөнер кәсібі өндірісінің дамуына Қазақстан қалаларында құрылған қолөнер комитеттерінің ықпалы жоғары болды. Мысалы, Түркістан аймақтық қолөнер комитетінің белсенді әрекетінің нәтижесінде, 1899 ж. қалалық училище құрамында бір кәсіптік училище және төрт кәсіптік сынып жұмыс істей бастады. Ташкенттегі реальдық училищеде 270 адам, кәсіпкерлік училищеде 83 адам білім алды [11; 2 б. ]. Ондағы кәсіптік білім беретін училище 1896 ж. ашылды. Сол жылы сырттан келгендердің 27,6%-ы, ал 1897 ж. 30%-ы училище жатақханасында тұрды. Осы училищенің пайдасына қолөнер комитеті 2692 сом қаржат бөледі [12; 3 б.].
Халыққа қызмет көрсету саласының үшінші түрі – тұрмыстық қызмет. Бұл саладағы кәсіпкерліктің қалыптасуы мен дамуында өзге ұлт өкілдерінің үлесі жоғары тұрды. Осы саладағы қызмет еткен кәсіпкерлердің ұлттық арақатынасын анықтау барысында, олардың басым бөлігін орыс қоныс аударушылары, одан кейінгі орынды ортаазиялық халықтар иеленсе, ең аз бөлігін жергілікті қазақтар құрағандығын байқауға болады. Тұрмыстық қызметтегі кәсіпшіліктің арақатынасының жоғарыдағыдай бөлінуіне ұлттық ерекшелік пен ұлттық психология ықпал етті. Атап айтсақ, ресейлік кәсіпкерлер ойын-сауық орындарында, ортаазиялық кәсіпкерлер шайханаларда қызмет көрсетті. Ал, жергілікті қазақ халқының қонақжайлық психологиясында жататын жер мен ішетін тамақты сатып, ақша табу жат түсінік еді. Сонымен қатар, қазақтар спирттік ішімдіктерді пайдаланбады және оны кәсіп еткен жоқ.
1861-1917 жж. аралығында халыққа тұрмыстық қызмет көрсету саласында кәсіпкерлік өзінің дамуының алғашқы сатысында тұрды. Аталған кәсіпкерліктің қалыптасуына көп жағдайда, қоныс аударушылардың айтарлықтай ықпалы болды.
«1861-1917 жылдар аралығындағы кәсіпкерлердің әлеуметтік топ ретінде қалыптасуы» деп аталатын үшінші бөлім екі бөлімшеден тұрады.
«Кәсіпкерлердің этникалық құрамы мен әлеуметтік құрылымы» атты бөлімшеде патшалық Ресейдің қоныстандыру саясатының нәтижесінде кәсіпкерлердің әр түрлі ұлттардан құралғандығы мен олардың әлеуметтік шығу тегі сарапталады.
ХІХ ғ. екінші жартысындағы әр түрлі ұлт өкілдерінің оңтүстік аймаққа қоныс аударуы нәтижесінде, бұл өңірде кәсіпкерлік белсенді түрде дами бастады.
Қазақстанда сауда және қолөнер кәсіпкерлігінің қалыптасып, дамуына өзбектер айтарлықтай үлес қосты. Мысалы, Жетісу облысындағы өзбектердің 80%-ы, Сырдария облысының өзбектерінің 41%-ы көпестер және ұсақ саудагерлер ретінде ауыл шаруашылығы өнімдерін алып-сатумен айналысты. Сонымен қатар, олардың көпшілігі, әсіресе Сырдария облысын мекендегендері қолөнер кәсібіне бейімделді [13; 51 б.]. Жетісуда ауыл шаруашылығы саласында кәсіпкерліктің дамуына ХІХ ғ. 70-90 жж. Шығыс Түркістаннан қоныс аударған ұйғырлар мен дүнгендердің әсері жоғары болды. Осы кезеңде Жетісу облысына Қытайдан 55 мыңға жуық ұйғырлар мен дүнгендер қоныс аударды [13; 46 б.]. Орыс және украин ұлттарының Қазақстанға келуі, ХІХ ғ. екінші жартысы - ХХ ғ. басында Ресей империясының отарлау процесін күшейтуімен тікелей байланысты болды. Қазақстандағы қоныс аудару саясатының ерекшелігін Жерге орналастыру және Жер өңдеу басқармасының бастығы Кривошеиннің мына сөзінен анықтауға болады: «Болашақ қоныстанушы орыс поселкелері далалық қыстақтардан кедей емес, әлдеқайда бай болуы керек. Орыс қоныс аударушылары, біріншіден, жергілікті мұсылман тұрғындарына қарсы орыс билігіне сүйеу болса, екіншіден, Ресей үшін көптеп нан өндіруші болу керек» [3; 102 б.]. Қазақстанда сонымен қатар, саудамен айналысатын шетелдіктер де өмір сүрді. Сырдария облысында бірінші бүкілресейлік халық санағы кезінде 2 935 бұхарлық, 515 хиуалық, 47 қытайлық, 34 парсылар (ирандықтар), 65 өзге де азиялық елдердің азаматтары, соған қоса 67 басқа да елдердің азаматтары, барлығы 3663 шетелдіктер тіркелді [14; 9 б.]. Аталған халықтардан басқа, Қазақстанның оңтүстігінде еврейлер, поляктар, қалмақтар, башқұрттар өмір сүрді. Аталған ұлттардың кәсіпкерлік қабілетінің жоғарылығы мен орыс кәсіпкерлеріне үкімет тарапынан қолдаудың білдірілуі, кәсіпкерлер қатарының молайып, дамуына қолайлы жағдай туғызды.
Жоғарыда көрсетілген ұлттардың әлеуметтік шығу-тегіне қарамастан, кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндіктері болды. Қазақстанның оңтүстігіндегі кәсіпкерлер құрамын көпестер, өнеркәсіпшілер, қаржыгер-биржевиктер, помещик-кәсіпкерлер, орта шаруалар, қолөнерші және ұсақ саудагерлер құрады.
Кәсіпкерлердің басым бөлігін қамтыған әлеуметтік топтың бірі −көпестер. Көпестер ауыл шаруашылығы өнімдерін сатып алу және орыс өнеркәсіп тауарларын сатумен айналысты. Келесі ірі кәсіпкерлер тобын өнеркәсіпшілер (зауыт, фабрика және ұсақ кәсіпорын иелері) құрады. ХІХ ғ. соңы –ХХ ғ. басында помещик-кәсіпкерлердің саны өсті. Сол уақытта Қазақстан Ресей империясының отары болғандықтан, аймақтағы қаржы саласындағы кәсіпкерліктің қалыптасуы да ресейлік капитал негізінде іске асты. Себебі, жергілікті кәсіпкерлікті ресейлік қаржы кәсіпкерлері қаржыландырды. Өлкеде Ресейдің көптеген кәсіпкер-қаржыгерлер және биржевиктері қызмет жасады. Сол сияқты, белгілі бір деңгейдегі капиталдары мен жекеменшік иеліктері бар мещандардың да кәсіпкерлікті дамытуда маңызы зор болды. Әлеуметтік топтардың ішінде, мещандардың құрамы күрделі әрі өзгелерге қарағанда көптігімен ерекшеленді. Оған ұсақ саудагерлер, қолөнер шеберханаларының иелері, қолөнершілер, шенеуніктер, тіпті аңшылықпен, тасымалдаумен айналысатын кәсіпкерлер де енді.
«Ұлттық кәсіпкерлердің құрылуы» деген бөлімшеде қазақтың буржуазия өкілдері мен іскер азаматтарының жаңа қоғамдық дамуға бейімделу барысында кәсіпкерлік іскерлігінің шыңдалуы, қазақтың дәстүрлі шаруашылығының кәсіпкерлік сипат алуы сарапталады.
ХІХ ғ. екінші жартысына дейін жергілікті халық дәстүрлі өмір салтын ұстанды. Ал, капиталистік экономикалық жүйенің ең басты категориясы – байлық, жеке меншік жанама бағалылық ретінде қабылданды. Халық байлықтың сыртқы формасын ғана иеленді. Байлық бар болғанымен, ол күнделікті тіршілік көзі ретінде пайдаланылды және экстенсивті түрде дамыды. Оны әрі қарай жетілдіруге көңіл бөлмеді. Мал басын көбейтуге баса назар аударылғанымен, ол және оның өнімі өндіріске негіздеген жоқ. Сол сияқты, ақша қорын жинақтауға, ақша айналымын жасауға мән бермеді. Жеке меншік қазақтарда өте күрделі мәселелердің бірі болды.
Осындай ұлттық мәдениеттің ерекшеліктіріне қарамастан, ХІХ ғ. 60-шы жылдарынан қазақтардың арасынан жаңа өмірге бейімделген кәсіпкерлер шыға бастады. Олар өздерінің іскерлік қабілеттерімен дәстүрлі шаруашылықты жаңа заманғы экономикалық талаптармен ұштастыра бастады. Қазақстанның оңтүстік өлкесінде орта ғасырлардағы кәсіпкерлік, капиталистік қатынастар заманында өзіндік мәнге ие болып, жалғасын тапты.
Қазақ буржуазиясының қалыптасуының әлеуметтік құрылымындағы бірінші орынды жергілікті әкімшілік басшылары мен қазақ байлары құрады. Аймақтағы сауда келісімдері жергілікті билік элитасы өкілдерінің араласуымен жүргізілді. Оңтүстік өңірдегі қазақтардың байлық дәрежесі мал саны (тек жылқы малы) бойынша топтастырылды, кедей шаруашылықтың қатарында 1-3 немесе 3-8 бас жылқысы бар шаруашылықтар енгізілді, олар өлке шаруашылығының 57,6%-ын құрады; екінші топ 8-50 жылқысы бар шаруашылықтармен сипатталып, олардың үлесі 39,2%-ға теңесті; үшінші топқа 50 –ден жоғары жылқысы бар шаруашылықтар жатты, олар барлық шаруашылық санының 32%-ын құрады [15; 206 б.]. Сөйтіп, шамамен халықтың жартысынан астамы орта шаруашылық жүргізді.
Қарастырылып отырған кезеңде, аймақтың жергілікті тұрғындарының арасында кәсіпкерлік қалыптасып, ол үнемі даму үстінде болды. Қазақ кәсіпкерлері ертеден орын алған дәстүрге сәйкес, мал шаруашылығы саласында жұмыс жасады. Олар мал тұқымын асылдандырып, үлкен жәрмеңкелерге шығарумен айналысты. Дегенмен, қазақтардың шаруашылығы түрлі табиғи апаттарға жиі ұшырады, соған қарамастан олар кәсіпкерлікті интенсивті сипатта меңгере бастады. Сонымен қоса, осы уақытта қазақтар кәсіпкерліктің жаңа салаларына (өнеркәсіп, халыққа қызмет көрсету) бейімделуге ұмтылды. Оларға ұлттық интеллигенция өкілдері моральдық тұрғыдан барынша қолдау білдірді. Әсіресе, интеллигенттер кәсіпкерлерді жаңа экономикалық қатынастарды меңгеруге, пайда таба білуге шақырып, алданып қалудан сақтандырды.
Қорытынды
Қорытындыда зерттеу жұмысының негізгі нәтижелері жинақталып, диссертацияның ішкі мазмұнынан туындайтын тұжырымдар жасалынды:
1. ХІХ ғ. соңы −ХХ ғ. басында Қазақстанның оңтүстік аймағында капиталистік даму отарлық-бағынышты түрде қалыптасты. Бұл жергілікті экономиканың көптеген салаларының кең түрде дамуын тежеді. Патша әкімшілігінің қазақ жерін тек шикізат көзі, тауар өткізу нарығы және арзан жұмыс күші ретінде бағалауы, жергілікті кәсіпкерліктің дамуына да отарлық сипат берді.
2. Қарастырып отырған аймақта тау-кен ісінің дамуы төмен, ал өнеркәсіптің өңдеуші саласы жоғары дәрежеде болды. Себебі, бұл саладағы кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу негізінде қалыптасып, дамыды.
3. Өлкенің сауда саласындағы кәсіпкерлігі қазақ-орыс саудасын дамытуға бағытталды. Ол орыс сауда капиталы мен оның өкілдерінің қазақ даласына енуіне мүмкіндік берді. Кейіннен сауда кәсіпкерлігінің неғұрлым жетілген түрлері ұйымдастырыла бастады.
4. Капиталистік тауар-ақша қатынастарының ауыл шаруашылығына енуі, қазақ ауылында жеке кәсіпкерлік бағытының қалыптасуына жағдай жасады. Бұл әсіресе, тауар өндірісімен айналысатын бай шаруашылықтарда айқын байқалды. Ауыл шаруашылығын игерудің пайда табуға негізделуі, осы саладағы кәсіпкерліктің дамуына жаңа сипат берді.
5. Аймақ үшін жаңа болып саналатын кәсіпкерліктің маңызды саласының бірі - халыққа қызмет көрсету жүйесі көлік тасымалы, тұрмыстық және қолөнер-шеберханалық қызмет түрінде қалыптасы. Кәсіпкерлердің бұл салаға көңіл бөлуі жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігін жеңілдетіп, жаңа мәдени дамуға жетеледі. Олар өз мүдделерін заңды түрде қорғау, кәсіптік деңгейді жетілдіру мақсатында кәсіпкерлік одақтарға, артельдерге бірікті. Сонымен бірге, кәсіптік білімдерін арнайы училищелерде жетілдірді.
6. ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы оңтүстік аймаққа түрлі ұлт өкілдерінің қоныс аударуы нәтижесінде, өңір кәсіпкерлерінің әлеуметтік және ұлттық құрамы әр түрлі болды. Олардың ішінде орыстар мен өзбектер, ұйғырлар мен дүнгендер басым тұрды. Әлеуметтік және ұлттық әр түрлілігіне қарамастан, олардың кәсіпкерлікпен айналысуларына үкімет тарапынан кедергілер туындаған жоқ. Дегенмен, орыс кәсіпкерлері ерекше қолдауға ие болды.
7. Қазақтар арасында кәсіпкерлік қалыптасып, ол үнемі даму үстінде болды. Бірақ, қазақ кәсіпкерлігі көбінесе, мал шаруашылығы саласына бейімделді. Ал, кәсіпкерліктің жаңа түрлерін (өнеркәсіп, халыққа қызмет көрсету) баяу меңгерді.
Достарыңызбен бөлісу: |